Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ: «Бабалар аманатын арқалаған...»

Кез келген пенде - еңбек майданының майталманы да, ел аузына ілінген ақиық азамат та ата-ана, ауыл-аймақ, жолдас-жора ықпалымен қалыптасып, азамат ретінде бұғанасын бекітіп, бойын тіктейді ғой. «Адамды Заман билейді» деп Абай атамыз айтқандай, әркім өз Заманының, Уақытының перзенті. Осы Уақыт туралы ой өрбіткенде  көбіне ағайындарымыздың өмір жолын кезеңге бөліп, қайнаған тірлікке араласқан сәттерін бейнелеуден әрі аспай жатамыз. Ал, ақиқатына жүгініп, болар ұлдың алмастай өткірлігі мен өжеттігінің, алымды-шалымдылығының немесе қарапайым, біртоға баланың қақ-соққа жоқтығы мен момындығының түп-төркіні тал бесік пен жер бесік аралығындағы Уақыт ықпалында ғана емес, Замана билігінде жатқандығына мән бере қоймаймыз.  «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай бір қоймас тегіне» дегендей, кісінің жан жомарттығы мен батыр-бағландығын немесе тақуалық тағылымдылығын ауыл-үй арасынан емес, сонау тарих қойнауынан, Заман белестерінен іздеуіміз керектігі, міне, сондықтан.  

        Осынау тұғырлы тұжырым Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, елімізге белгілі көсемсөзші Светлана Қайырғалиеваның бұдан оншақты жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінде  жарияланған «Дала шежіресі» атты танымдық мақаласымен үндесіп жатқанын айту керек.  Осы орайда сәл шегініс жасап, әңгімеге арқау болып отырған қалам қайраткерімен Алматыда студенттік жылдарымды бірге өткізгенімді, арада сағым жылдар жылжып өтсе де, достық, әріптестік байланыстар жібі босаңсымағанын айтқым келеді. Жас кезімізде қалыптасқан әдетпен оны біз бүгін де Света деп атаймыз. Енді жарты ғасырдан астам уақыт бойы шығармашылық тыныс-тіршілігінен хабардар болып, қоғамдық қызметіне құлақ түріп жүрген Света досымның өзіме белгілі кейбір қырларын тілге тиек етсем деймін. 
    Оқырман қауым жоғары оқу орнындағы ұстаздық жұмыстың ерекшеліктерінен хабардар деп ойлаймын. Білікті маман даярлау дәстүрлі дәрістермен қатар түрлі ғылыми басқосулар өткізуді де талап етеді. Бұл ретте Светаның дос-жолдас ретіндегі  мәрттігін айтқалы отырмын. Менеджердің қауырт тірлігіне қарамай, ол университетіміздің шақыруын қабыл алып, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның мерейтойына арнап өткізілген конференцияға сонау Атыраудан, әйгілі кәсіпшіліктен арнайы келіп, болашақ журналистер алдында әсерлі әңгіме айтқан-ды. Көзден кетсе де көңілден өшпейтін бұл кездесу бұдан 15 жыл бұрын болып еді. Ал, жуырда «Теңізшевройл» компаниясының  Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің сол кездегі бас менеджері Рзабек Артығалиевпен және басқа әріптестерімен бірге журналистика факультетінің студенттерімен, магистранттарымен және докторанттарымен кездесіп, кәсіби шеберлік сағатын өткізген-тін.  Сынаптай сырғыған уақыт, оған да биыл бес жылдың жүзі болады екен.
   Қарымды қалам қайраткері Светлана Қайырғалиева екеуміздің өмір жолымыз студенттік аудиторияда бірге басталды дедім ғой, кейін ол журналистика және қоғаммен байланыс -  PR салаларындағы қызмет арқылы әріптестікке ұласты. Ол бір бөлек әңгіме.  Иә, әр адамның өмірі асу мен белестен тұрады десек, халық әнінде айтылатынындай, сол «белеске жүгіріп шыққан» Света  кезіндегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік, бүгінгі әл-Фараби университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң айдынды Атырауға оралды. Облыстық газетте тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі болды, бірде баспаханадағы линотип машиналары терген гранкаларды қарап, бірде алыс ауылдарға іссапарға шығып, журналистік өмір белестерінен  өтті. Кейін білімін ұштап, 1990-1992 жылдары Қазақстан экономика, менеджмент институты – КИМЭП-ті (бұрынғы Алматы Жоғарғы партия мектебі) саясаттанушы мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдады. Сөйтіп, мемлекеттік билік мекемелерінде жауапты қызметтер атқарды, 1992-1996  жылдары Атырау облысы әкімі  баспасөз қызметінің баспасөз хатшысы-консультанты, ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып еселі еңбек етті. Ал,  1996 жылдан бастап  2025 жылдың  соңына дейін отыз жылдай табан аудармай «Теңізшевройл» компаниясының Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің үйлестірушісі, кеңесшісі, кеңесші - «ТШО жаңалықтары» газетінің Бас редакторы қызметінде абыроймен жұмыс істеп, осы мекемеден құрметті еңбек демалысына шықты.  Еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасы Мұнай-газ  өнеркәсібіне  еңбек сіңірген қызметкер атанды. Былтыр журналистердің кәсіби мерекесі аясында «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен марапатталды. 
    Шетелдік кәсіпорынның темірдей тәртібі мен қаламгер шабыты қатар қонбаса да, сүйекті туындыларды өмірге әкеліп, өндірте жазған Светаны Қазақстан жазушылары өздерінің шығармашылық Одағына қабылдады. Сонымен, ол жазушы, мен оқырман ретінде жолдарымыз қайтадан түйісті. Светаның  «Теңіз-телегей байлық», «Мәңгілік сағыныш», «Қазына», «Тұғыры биік тұлға», «Парасат пен биіктік», «Жарқырап өткен бір жұлдыз», «Бақыт тыныштықты сүйеді» сияқты кітаптары оқырман жүрегінен мекен тауып,  сөрелерден орын тепті. 
   Енді аяңдап қаламгердің  «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Дала шежіресі» атты мақаласына келейік. Қаламгер туындысының мазмұны Кіші жүздің биі Бөкен мен Орта жүздің батыры Өтейдің достығы, рухани бірлігі хақында. Деректерге сүйенсек, Бөкен би елге Әз-Тәукенің «Жеті жарғы» заңы бойынша билік айтып, оның халық арасындағы сенімді жаршысы, белсенді насихатшысы болған екен. Қазақтың дарабоз батыры, ділмәр шешені Сырым Датұлы жас кезінде Бөкен биден бата алған. «Арқаң қара нардай жауыр болсын, Мінезің қара жердей ауыр болсын, Өкпең жоқ-бауыр болсын» деген Бөкен би батасын білмейтін қазақ баласы кемде-кем. «Жұртты руға, жікке бөлмейтін, жігітті күндемейтін, сынамайтын, мінемейтін Алаштың азаматы» деген сөз осы Бөкен биден қалыпты. Светлана Қайырғалиева былай деп жазады: «Аттың желі болады» деп, өмір бойы атқа мінбей, өгізге мініп күн кешкен ол өмірден өгіз мінген Бөкен би болып өтеді. 93 жыл ғұмырында алыс-жақын жердегі талай дауға барып, билік айтқан. Билікті сөз қуып айтпай, жол қуып айтқан оның бар ойлайтыны жарлы-жақыбай мен жоқ-жітіктің қамы. Өзім тарығып қалам демей, қолындағының бәрін маңындағыларға бөліп беретін жомарттығымен ел есінде қалыпты. Бөкен би шешуін күткен даудың бәріне де жанына атқосшысын ертіп, қолына жуан ақ тұсауын ұстап, жалғыз баратын көрінеді. Бөкен барған жерде қандай ма дау болмасын, ұрыс-керіссіз, барымта-қарымтасыз, қан төгіссіз, тек бейбітшілікпен аяқталып отырыпты. Мылтықтарын кезеніп, атысып-шабысқалы отырған дауласушы жақ Бөкен барғаннан кейін бар қаруларын тастап, оның мойнына тұсау салып тұрып айтқан билігіне көніп, өзара бітімге келіп, тарасады екен. «Бөкен барған жерде даудың түйіні қылышпен кесілмей, тұсаумен кесіледі» деген сөз содан қалса керек».
     Бөкен би бұ дүниеден өтер алдында елдің жайсандары мен жақсыларын шақырып алып: «Біздің Қосалдың қорымы Сәдір ғой, бірақ Сәдірде Қосалдың месқарын, пеш көмей жалмауыздары жатыр. Оларға тірлігімде жақындаған жоқ едім, өлгенде де жолағым келмейді, Өтейге жерленген жетім-жесірлермен бірге жатайын, мені Өтейге қойыңдар» деп, өсиет айтыпты, деп сабақтайды сөзін қаламгер. «Мен өлгенде ат шаптырып, ас бермеңдер, асқақтата там салмаңдар, тас қоймаңдар, оның бәрі мақтаншылық, маған белуардан келетін лай қорған соқсаңдар, сол жарайды. Мен сендерге ғана Бөкенмін, құдайға Бөкен емеспін ғой», - депті. Қасында отырған Есентемірдің бір ақсақалы «Би, заман бір қалыпта тұрмайды, күндердің күнінде атыңыз жойылып кетпей ме, бір өшпес белгі қойсақ қайтеді?» - дегенде Бөкен тағы да: «Тау да құлайды, тас та мүжіледі, мұхит та сарқылады, құламайтын, сарқылмайтын халық, менің атым таста қалмай, халықтың есінде қалса болды» деген екен. 
  Жазушы «тірлігінде адалдықтың, тазалықтың жаршысы болған Бөкен бидің ақырет алдындағы таңдауы болған қорым аты берілген Өтей кім еді?» деп сауал тастап, оған «ең алдымен, Өтей жердің аты емес, кісінің аты» деп жауап береді. «Он жетінші ғасырдың басында Еділ бойы қалмақтары қазаққа шабуыл жасап, Ойыл өзеніне дейінгі жерді алғанда Орта жүзден Кіші жүзге келген әскербасы осы Өтей болатын. Соғыс Қарабау өңірінде өтеді. Небәрі отыз бес жаста қалмақтардың қолынан қаза тапқан батырды сарбаздары Қарабауға жерлеп кетеді. Айдаладағы жалғыз бейітті мұндағылар кейін Өтей бейіті деп үлкен құрметпен атайды» деп толымды жауап береді. 
   Өтей батырдың осынау ерлік жолын ізбасар інілері түрлі тарихи оқиғаларда жалғастырып отырыпты. Он екі ата байұлының Бөкен, Малайсары секілді беделді билерінің, әлімұлы елінен шыққан Ақсуат би және жетірудың басшысы қарт батыр тама Есет Көкеұлының өтініші бойынша Орта жүз көсемдері Кіші жүзге  Бөгенбай батыр Қожекеұлы, Бармақ батыр, Қолшыман батыр сынды атақты үш батыр жібергенін тарихи деректер дәлелдейді. Бұлар қол бастап, қаптаған жауға қарсы шығып, соғыста ерен ерлік көрсетеді. Қазақтың тастүйін бірлігінің, бауырмалдығының белгісіндей бұл баһадүрлердің даңқты дәстүрлері тар жол, тайғақ кешулі алмағайып сәттерде ұрпақтары тарапынан бедерлі көрініс тауып отырды. Шәкір, Иман, Сары Қошқар батырлардың, Төлек ер Жәукенің, кешегі Кейкі батырдың қаһармандығы тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалды. Сондай-ақ жаңа дәуір болмысына бейімделуге үндеген Ыбырай Алтынсариннің, ұлттық идеология мен ғылымның негізін қалаған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың, Мұхамеджан Сералиннің қазақ өркениетіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Осынау ұлы тұлғалар Бөкен би мен Өтей батыр, Сырым мен Исатай, Махамбет баһадүрлер аманат етіп кеткен қазақ мемлекеттілігі идеясына адалдық танытып, туған елдің тағдыр-талайы үшін ғұмырларын қиғаны бүгінгі отаншыл жастарға үлгі-өнеге.
  Өтей батыр Тобыл-Торғай өңірінің перзенті. Алғашқы қазақ романдарының бірі - «Қалың малдың» авторы, ағартушы Спандияр Көбеев, еліміздің тұңғыш вице-президенті Ерік Асанбаев Өтей батырдың ұрпақтары. Сондай-ақ Светаның курстасы, белгілі журналист, мемлекет қайраткері марқұм Жүнісбек Сұлтанмұратов ұлы бабаның абыройлы мұрагері бола білді. Жүнісбек Алаш азаматы, халқымыздың біртуар көшелі перзенті Иманғали Тасмағамбетовтің үзеңгілес серігі болды. Жүкең Светамен арадағы рухани, достық байланысын өмірінің соңғы сәтіне дейін үзген жоқ. Осылайша Света мен Жүнісбек Бөкен би мен Өтей батырдың бауырластығы мен бірлігін  Заманымызға ұластырды. 
   Тоқсан ауыз сөзді түйіндей отырып, ұлттық ақпарат кеңістігінің, журналистикамыздың көрнекті өкілі Светлана Қайырғалиеваның шығармашылығы Замана қойнауынан бастау алатынын, мұның өзі әріптесіміздің Алыптар аманатына адалдығының жарқын көрінісі болып табылатынын атап өткім келеді. Орайы келген сәтті пайдаланып,  шадыман шабыт,  шығармашылық табыс тілеген риясыз достық пейілімді  қаһарманыма жеткізгелі отырмын.