Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Әділеттілік, құқық және болашақ: Атырауда - жаңа Конституцияны талқылау

 Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында 15 наурыздағы республикалық референдумда талқыланатын жаңа Конституция жобасы қаралды, қоғам өкілдері елдің болашағына қатысты маңызды өзгерістерді талқылады. Облыс басшысы қазіргі кезеңнің тарихи маңызына тоқталып, ел дамуының бағытын айқындайтын маңызды сәттің куәсі болып отырғанын атап өтті. Ол Конституциялық реформалардың маңыздылығын, халықтың ұсыныстары негізінде құрылып жатқан жаңа құжатты түсіндірді. Облыс әкімінің айтуынша, Конституциялық комиссияның жұмысы қоғам пікірін жинауға және саралауға бағытталған. 130 адамнан тұратын комиссия еліміздің әр өңірінен білікті мамандар мен қоғам қайраткерлерін қамтиды. Азаматтардан мемлекеттік комиссияға цифрлық платформалар арқылы 10 мыңнан астам ұсыныс түскен, ал комиссияның 12 отырысында әр ұсыныс жан-жақты талқыланған. Жеке түзетулер жеткіліксіз деп бағаланып, мүлде жаңа Конституция қабылдау шешімі қабылданған. Қаңтар айында жарияланған алғашқы нұсқа қоғам талқысына ұсынылып, жұртшылықтың ерекше назарын аударған.

     Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Қосыбаев жаңа Конституция жобасын әділетті және прогрессивті Қазақстан құрудың заңды жалғасы деп сипаттады. Ол атап өткендей, Конституция -азаматтардың құқықтарын қорғауды, адал еңбек пен қоғам дамуын қамтамасыз ететін басты құжат. Сонымен қатар, ол цифрлық алаяқтық пен жеке деректерді қорғау мәселесінің маңыздылығын да еске салды. Кеңес Темірұлының пікірінше, әлемдегі геосаяси жағдай күрделі болғандықтан, ел бірлігін сақтау және халық ынтымағын нығайту баршаның ортақ міндеті болып отыр. Саясаттанушы Сайполла Сапанов жаңа Конституцияның стратегиялық мәнін бірнеше бағытта көрсетті. Оның айтуынша, құжат демократиялық институттарды нығайтуға, партиялық бәсекелестікті арттыруға, азаматтық қоғамды дамытуға және әлеуметтік мемлекет қағидаттарын сақтауына бағытталған. Сонымен қатар, мемлекеттік билік жүйесінің трансформациясы, құрылтайдың өкілеттілігін күшейту, үкіметтің жауапкершілігін арттыру және билік тармақтарының теңдігін сақтау жаңа Конституциядағы маңызды шаралар ретінде қарастырылған. Сайполла Жұмабайұлы білім, ғылым және инновацияны стратегиялық басымдыққа шығару елдің даму бағытын айқындайтынын атап өтті.

Композитор Болат Қохаманов мәдениет пен өнер саласына жаңа Конституцияның әсерін бағалады. Оның пікірінше, құжат шығармашылық адамдар үшін үлкен сенім мен құқықтық қорғау береді. Шығармашылық еңбектер мен ұлттық тілде жасалған шығармалар заң арқылы қорғалатын болады. «Бұл жаңа қадам ұлттық құндылықтарды, мәдени мұраны қорғаумен қатар, елдің болашағының әр азаматтың терең идеясына, шығармашылық әлеуетіне негізделетінін көрсетеді», — деді ол. «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Гүлнұр Саясатқызы қоғамдағы өзгерістердің жылдамдығына назар аударды. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы технологиялық мүмкіндіктер мен қазіргі цифрлық дәуірді салыстыра отырып, балалардың құқықтары, отбасы институтын сақтау және ұлттық құндылықтарды қорғау мәселелерінің Конституцияда нақты көрсетілуін маңызды деп санайтынын айтты. Айтыскер ақын Саадат Нұрманов қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мәселелеріне ерекше мән берді. Ол жаңа Конституция жастарды патриоттыққа тәрбиелеудің айқын құралы болатынын атап өтті.


    Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жаңа Конституцияның басты қағидаттары әділеттілік, заң үстемдігі және азаматтардың құқықтарын қорғау екенін атап өтті. Ол дамыған мемлекет болу үшін ең алдымен әділеттілікті алдыңғы орынға қою керегін айтты. Сонымен бірге жаңа Конституция білімді, ғылымды дамыту, ұлттық құндылықтарды сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау бағыттарын қамтиды.
    Облыстағы кездесу барысында қатысушылар референдум алдындағы жаңа    Конституция жобасына қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Бұл кездесу қоғам мен биліктің арасындағы ашық диалогтың айқын көрінісі болды. Жалпы мұндай кездесулер – ел мен қоғам арасындағы сенім көпірі іспеттес. Әрбір қатысушы өз ойын ортаға салып, ел болашағына атсалысу мүмкіндігіне ие болады. Қоғам талқылауы арқылы жаңа бастамалар тек қағаз бетінде қалмай, халықтың өміріне еніп, нақты мәнге ие болады. Әсіресе конституциялық реформалар сынды маңызды мәселелерді бірлесіп қарастыру – демократиялық рухты нығайтып, референдум алдындағы жауапкершілікті сезінуге жетелейді.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА