Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Қорлығайын Дүсіпқызы: «ЖАРЫҚ СӘУЛЕ» Әңгіме

Әсем қаланың көк желекке  малынған керемет ауданында орналасқан көп қабатты үйдің кең пішілген терезесінен көрінген Алатаудың  сұмдық сұлу көрінісі ерте оянған Ардақтың жабырқау жүзіне жан кіргізіп, еңсесін басқан ауырлықтан аршып алғандай әсер қалдырды. Ақша бұлтқа оранып, аппақ қармен көмкерілген алыстағы тау төбесі манаурай мұнартып, қаяу тартқан көңілін аз да болса көтергендей көңіл- күй сыйлады.
-    Әй, қақшиып неғып тұрсың?  Кофең қайда? !
Дәл құлағының түбінен шаңқ ете қалған әйелінің  ащы үнінен тұла бойы түгел тітіркеніп кеткен ол ішімдіктің әсерінен қабарып ісінген Мираның бетіне түңілгендей кейіппен бір  қарады да, күндегідей ас бөлмесіне емес, шығар есікке қарай беттеді.
- Қайда кеттің?  Қазір кетсең, қайтып бұл үйдің есігін ашушы болма!
Адымдай барып, аяқ киімі мен жеңіл күртешесін асығыс киген  Ардақ  атып шығып, үйдің алдында тұрған машинасына жеткенде ғана терең тыныстап, демін бірақ алды.         
...Мирамен шаңырақ құрғанына бесінші жылдың жүзі болыпты. Бір дөкейдің мерейтойын басқарып тұрғанда сол үйдің мүсінді келген сұлу қызы бұны айналшықтап шықпай қойған. Театрда танымал артистердің бірі болса да, азғантай жалақысы бүркуге келмей қалатын болған соң асабалықпен айналысып жүргеніне жеті жылдай уақыт өткен еді. Отыздан енді ғана асқан сымбатына көркі сай келген өнерлі жігітке ынтық қыздардың қатары көп-ақ болатын. Ерке өсіп, өз дегенін жасатып үйренген Мира солардың бәрін ысырып тастап, аз уақыттың ішінде Ардақтың ықыласын өзіне аударып үлгерді. Басында бәрі жақсы болатын: жайлы пәтер, әдемі әйел, қолы ұзын қайынатаның көмегі - жұбайлық өмірінің кем- кетігін байқатпайтын. Бірте- бірте дүкенге барып тамақ әкелу, ыдыс – аяқ жуа салу, ас әзірлеу секілді жұмыстар мұның міндетіне айналып шыға келді.   Қыз кезіндегі құрбы қыз-келіншектерінен қол үзбеген Мира сол  баяғы әдетінше бар мен ресторандарды жағалап, ішімдікке әуестігін үдете берді. Жарытып жұмыс жасамаса да, соңғы үлгідегі сәнді киімдерді киіп, сұлулық салондарынан шықпайтын ол күйеуі берген ақшаны көзіне қарамай шашатын. 
«Байым болдың ба, бар жағдайымды жасап, ақша тап! Қолыңнан келмейтін болса , ондай күйеудің мен үшін бір тиындық құны жоқ,» - деп күн сайын миын шағып, құлақ етін жеп болғалы қашан... «Бала көтермеймін, фигурамды бұзып, денсаулығымды құртып, жаялықпен арпалысып отырар жайым жоқ, өзім үшін өмір сүруім керек, қырық жасқа келген соң көрерміз,» - деп кесіп айтқан көкбеттігін тағы қайда қоярсың.
 Еңсесін басқан ауыр ойдан серпілген ол ендігі жерде өткен жылдар ішінде жұбайлық өмірдің жылылығын сыйлай алмаған шаңырақтың есігі енді бұған қайтып ашылмайтынына көзі жетті де, көптен бері мазалап жүрген ажырасу жөніндегі шешімінің уақыты келгенін сезінді.
Жасыл желек жамылған тал-терегі, құлпырып көздің жауын алған алуан түсті гүлдері жайқалған көшелерді кесіп өтіп, өзі еңбек ететін жұмыс орнына жеткенде бүгін кешке қаладағы мықты бизнесмендердің бірі Ермектің әкесінің мерейтойын басқаруы керектігі есіне түсіп, дайындыққа отырды. Жасы үлкен  «мықтылары» мен орыс тілді жаңа қазақтары аралас шақырылған тойды екі тілде мінсіз жүргізу оңай шаруа емес-ті.
Той басталды. Аспалы хрусталь шамдардың мың құбылған сәулесі сіресе киінген бақуатты әйелдердің гаухар тасты алқа-жүзіктерімен жарыса ойнап, жарқыраған кең залдың салтанатын асыра түскендей әсер қалдырады.  Дастарханда мін жоқ. 
Айтылып жатқан әрбір тілек иесіне ерекше көңіл бөліп , барынша қолпаштап, әрлеп-сәндей білген асаба келесі кезекті тойға қатысушыларға арнады. 
-    Қазір мен сіздерге  ең танымал қазақ әндерінің әуендерін жіберемін.
Қандай ән екенін анықтап, бірер шумағын орындап берген адамға бағалы сыйлығымыз бар. 
Дыбыс үлкейткіштен тараған сазды әуен шалықтап барып тоқтаған сәтте шеткерілеу столдан көтерілген елуді еңсеріп қалған қонақ-әйел: 
- Бұл атақты халық әні «Гаухартас» қой, әнші емеспін, алайда  шамам келгенше орындап көрейін,-деп ортаға беттеді.
 Қарапайым пішіліп-тігілген көк жібек көйлегінің етегі көлбеңдей сусып өзіне қарай баяу басып келе жатқан жанға қарап қалған Ардақ таң-тамаша күйге түсті. Жан-жағына аппақ нұрын шашып, жарқырай  жақындаған әйелдің көздерінен жылылық пен мейірім сәулесі төгіліп тұр екен. Абдырап қалған ол қолындағы микрофонын қонақ әйелге ұстата берді. Қайта ойналған әуенге ілесе баяу басталған әсем дауыс бірте-бірте қалықтай көтерілді. Сыңғырлай күлген сұлудың сылқым күлкісі де, сылдырай аққан мөп-мөлдір бұлақтың  тынысы да  -  бәр-бәрі осы әннен табылып жатты. Қайырмадағы ең жоғары нотаны еркін алып барып ән аяқталған кезде сілтідей тынып тып-тыныш тыңдаған той қонақтары дуылдай қол соқты. 
-    Сіз кімсіз.., ханым?
-    Той иесінің балдызымын, есімім Асыл. Алыстағы Маңғыстау деген 
мекеннен келген қонақпын.
-    Тамаша! Тілім байланып, түк айта алар емеспін. Дәл қазір өзімнің өмірге кеш келгеніме өкініп-ақ тұрғаным. Егер сіз тым құрығанда бір он жасқа жас болсаңыз, өзіңізбен қол ұстасып жердің түбі болса да дәл қазір кетіп қалуға біздей пақырыңыз дап-дайын екендігін өзіңізге жеткізсем болар ма?
Осы сөзді айтқан асаба иіліп келіп Асылдың қолын сүйген сәтте қонақтар тағы да қошемет көрсетіп аямай алақан соқты. Думан дүрілдеп жалғасып жатты. Кезек биге берілген шақта Ардақ ақырын келіп Асылды ортаға алып шықты.
-    Сіз маған қатты әсер еттіңіз. Айып етпесеңіз телефон номеріңізді берсеңіз қайтеді? Хабарлассам деп едім.
Жас жігіттің мұң ұялаған тұнық қара көздерінен жан жарасын байқаған ол бірден келісті. 
           Ертесіне таңғы шәйін тамсана ішіп болып, жалындаған  жастық шағы өткен әсем Алматысының естелік болып есінде жатталып қалған орындарын аралап қайтайын деп жиналып жатқанында қол  телефоны безектей жөнелді. 
-    Алло, қайырлы таң! Сізді ерте мазалағаныма айып етпеңіз. Мен Ардақпын ғой. Ренжімесеңіз орталық саябаққа қарай келе аласыз ба, сізбен кездессем деп едім.
-    Жақсы, айналайын, бір сағатта сол жерде боламын.
         Саябақтың кіреберісінде орналасқан гүлзардың қасындағы отырғышқа жайғасқан сәтінде бір құшақ аппақ раушан гүлдерін құшақтап өзіне қарай келе жатқан Ардақты көрді. Мұның қасына жылдам-ақ жеткен ол гүлдерін ілтипатпен ұсынып, рұқсат сұрап жанына отырды.
      -   Асыл ханым, адамды бір көргеннен ұнатып, оны жанына жақын тартатын кездері болады ғой. Сіз маған үлкен әсер қалдырдыңыз. Қатты күйзеліп, жабырқап, жаным жай таппай тұрған шақта жарық сәуледей боп өзіңіз көріндіңіз. Сізбен сырласып, жүрегімді жаралаған мұңымды айтып ақтарылсам деп едім. Қулығы мен сұмдығы зор мына заманда бордай езіліп, күлдей  шашылып кетуге шақ қалдым. Айналамда жанымды түсінетін бір адам болсашы... 
      Әңгімесін кібіртіктей  бастаған Ардақ бірте -бірте көсіле сөйлеп, басынан өткерген барлық жағдайын түп-түгел баяндап шықты. Отты жанары келісті келбетіне ерекше әр беріп тұрған мынау сымбатты жігіттің жан жарасын жақсы түсінген ол Ардақтың бетіне барлай қарап отырып, баяу үн қатты:
-    Cен сияқты өн бойынан өнері төгілген әрі әр сөздің парқын түсінетін  жанның диірменнің дөңгелегінше  зырылдап айналып тұрған мына дүниенің екпінімен уатылып кеткені жөн болмас. Бір шешімге келген екенсің, дұрыс деп тапсаң, жүзеге асыр. Ер азамат өзін жоғалтса, басын бағалай білмесе, одан не қайыр. Сен жанұя бақытын көретін, бойыңдағы барыңды өзгеге танытатын жастасың, сондықтан дұрыс шешімге келу – сенің міндетің.
       ...Арада үш жыл уақыт өтті. Көктемнің жанға жайлы жаймашуақ  күндерінің бірінде қаладағы қарапайым бес қабатты үйің ортаңғы подьезінен бала арбасын көтеріп сыртқа шыққан Ардақ артынан кішкентай ұлын құшақтап еріп келе жатқан көрікті келіншегіне жылы үн қатты:
    - Аяулым, жұмыстан кешігетін түрім бар, асығыспын. Сендер балаң екеуің қыдырып болған соң хабарласыңдар. Әуежайға барып, Елдостың Асыл апасын қарсы аламыз. 
     Кішкентайының бетінен құшырлана сүйіп, әйелінің маңдайынан мейірлене өпкен ол машинасын жылдам оталдырып, асыға аттанды. Ұлының нәп-нәзік қолдарын бұлғап тұрғанын, Аяулымның бұған ыстық ықыласпен қарап қала бергенін көргенде жүрегі дір етіп, « Жақсы көрем өздеріңді»,- деп күбірледі еріндері. Ол сондай бақытты еді. Қиналып жүрген кездерінде өміріне жарық сәуле болып енген Асылдың тәрбиесінде болған, сол бір жақсы жанның туған ағасының қызы – Аяулымға қол жеткізді. Филармонияда әнші болып еңбек ететін, тал бойында бір міні жоқ, мінезі жібектей жас сұлу бұған шынайы бақыттың қандай болатынын көрсетті. Тағдырына риза Ардақ алдағы өмірінің  жарқын боларына сенімді еді. Тағдыр айдап оның  алдынан жанған сол бір жарық сәуле адастырмай алға жетелеп бара жатты.