Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Қорлығайын ДҮСІПҚЫЗЫ: «ДӨҢГЕЛЕНГЕН ДҮНИЕ» Әңгіме

Күні бойы бар әлемді бойына сіңіріп, шуағы мен шапағатын аямай төккен көктемнің жарқыраған күні әбден шаршағанын сездіргендей қысыла қызарып көкжиектің шетінен көз ұшында жоғалып бара жатты. Жылжи аққан өзен суының бетінде ойнақ салған қызғылт сәулелер бірде көшіп, бірде өшіп, бұл фәнидің тағы бір тәулігінің  қайрылмастай кетіп бара жатқанының куәсіндей құбыла қылмыңдайды. Абаттандырылған әдемі жағалауда орнатылған ағаш отырғыштың үстінде суға қарап қаққан қазықтай қозғалмай отырған жігіт ағасының шаршаңқы жүзіндегі шарасыздықтың нышаны сырт көзге бірден көрініп-ақ тұрды. Өзеннен соққан өкпек желдің өтіне өзегін өртеп бара жатқан өкініш пен өксікке тола кеудесін қанша тосқанымен, жылдар бойы тірнектеп жинаған төзімділігі мен сабырлылығының, өзгеге бой бермейтін өркөкіректігінің дәл осы жолы жанына жалау бола  алмағанына сене алар емес. 
   ... Бүгін әдеттегісіндей кешкі серуенге шыққанда күтпеген жерден қарсы жолыққан ОНЫҢ сыбырлай айтқан салмақты сөзі токпен ұрғандай құлағының түбінен соққылады да тұрды. Бұрылыстан шыға бергенде тап алдынан өзіне қарай баяу аяңдап келе жатқан Айханымды көргенде бұл жалма-жан жасанды жылылығы мен жаттанды жып-жылы күлкісін көрсете қасына тез-ақ жетіп барған. Әзір тұратын арзан әзілдерінің бірін айта көптен көрмесе де, түк болмағандай өзіне ұмтылған бұны «жалғандағы жалғызым» деп еркелете атап, үзіле қарап тұратын сүйіктісі, бұл жолы  қос алақанымен итере өзіне жақындатпады. Осыдан бірер ай бұрын ғана махаббатқа толы көздерімен мөлдірей қарайтын қос жанардан қазіргі сәтте  жеркеніштің оты лапылдап жанып тұрды. «Мен сізді барыма балап, адал да айбарлы Көкжалым  деп қабылдасам, ал сіз бар болғаны қай ыдыста тояттайтын тамағы бар деп, үнемі аш жүретін ауыл арасының ашкөзі ғана екенсіз ғой, қандай өкінішті» ,- деп кілт бұрылып, қарайламастан өз жолымен кете барды. 
Қақ басынан біреу аямастан таяқпен салып қалғандай күй кешкен Санат есін жия алмай есеңгіреп, жақын жердегі орындықтың біріне әзер жеткен.
    -  Ассалаумағалейкүм, ағасы!  Рұқсат болса, қасыңызға отырсам қайтеді? Салмақты бейнеңіз, ойға батқан салиқалы жүзіңіз сіздің тегін адам емес екеніңізді байқатып-ақ тұрғандай. Ой бөліссем деп едім. 
Қасына келіп тұрған ашаң жүзді жас жігіттің жүзіне барлай қараған бұл:
     -  Кел, отыра ғой, - деп, шетке қарай ысырылды.
      - Сіз біраз уақыттан бері қозғалмай отырсыз. Жаныңызды жегідей жеген бір  жай бар сияқты. Ал мен бір сағаттан бері өзімді қоярға жер таппай, сандалып жүргенім осы. Білесіз бе, мені жанындай жақсы көретін сүйген қызым бар. Қашан, қайда шақырмайын, уақытында, тіпті кейде менен бұрын келіп тұратын. Бір күн хабарласпай қалсам, тызылдап іздейді де жатады. Апталап жоқ болып кетсем, айтқан сылтауыма нанып, кешіре салатын. Алайда бүгін уәделі жерге келмеді, тіпті телефонға да жауап бермейді. Ерегескенде ана отырған екі қыздың біреуін сындырып, бірге кетсем бе екен?
- Ай, қарағым-ай, саған не деуге болады. Егер құлағыма құйып, санама тоқып аламын десең, мына мені қинаған, жер  ғып жастандырып кеткен жағдайды естіп, өзіңе сабақ аларсың, тыңда. 
Біз де жас болдық, қыз-қырқынға қырғидай тиіп, «Сырдың суы сирағымыздан келіп жүрген» күндердің қарайламай қыр асып кеткені өткен жылдардың елесіндей есіңе өкінте оралады. Ал жастық шақта жасаған әрекетіңнің кейіннен әдетке айналуы - соңынан ешқандай жақсылық әкелмейтінін уақытында түсіне қоймайды екенсің. Мен осы ғұмырымда  әйел жынысы құлағымен жақсы көреді деген қағиданы ертерек түсініп, бұл олардың жүрегін жаулап алудың бірден-бір жолы екенін жақсы меңгеріп, оны жүйелі түрде жүзеге асырудың шебері бола білдім десем, артық айтқандық болмас. Оның үстіне сыртқы кескін-келбетімнің де келісті келгені әрі көптің қолы жете бермейтін жақсы қызметте болуым - қыз-келіншектердің оп-оңай қармағыма түсулеріне жол ашып отырды. Олардың маған деген сезімдері, ықылас-пейілдері мені көп ойландыра қоймайтын. Бері тартып, әрі итеріп, ал олар мінез көрсете бастағанда өздерін кінәлі етіп, тайқып шыға беретінмін. Сөйтіп жүріп, әйел психологиясын жақсы меңгерген манипулятор болып қалыптасқанымды байқамай да қалыппын.  Осылайша жылдар өте берді. Гүлден гүлге қонған көбелекше біреуінен екіншісіне секіріп, қайсысы мені артығырақ жақсы көреді, қайсысы көбірек айтқаныма көніп, айдағаныма жүреді деп жүргенімде ОНЫ жолықтырдым. Сол бір таныс-бейтаныс жан алғаш кездескен кезде көзіме сондай ыстық болып көрінді. Ол - менің жылдар бойы іздеп,  кездеспей жүрген адамымның  дәл өзі секілді еді. « Таптым-ау, іздегенімді»,- деп, қанша талпынсам да, біраз уақытқа дейін мойнын бұрғыза алмадым. Соңында кеудемді кернеген сезім сырлары жыр жолдары болып жазылып, жолданып жатты. Көңіл білдірген көп адамға назар аудармайтын тәкаппарлау Айханымның жаны сондай нәзік, қазақтың қара өлеңін түйсігімен түсінетін сезімтал жан екендігі оның маған деген ықыласының құлауына себеп болды-ау деймін. Екеуіміз кездесе бастадық. Осы заманда сезімі шынайы, қуанса, шын күлетін; қамықса, шын жылайтын; ойындағысын жасырмай айтып, өзін де, өзгені де бағалай білетін адамды кездестіруім - алғашқы рет. Ол менің ойымнан шықпай-ақ қойды. Әрбір айтқан сөзі, қарапайымдылығы, терең ойы, еркелей де, еркелете де білетін тәтті қылықтары мені өзіне баурай берді, жақындата түсті. Енді мен қорқа бастадым. Бұған дейінгі қарым-қатынастарымда бар жағдайды бақылауымда ұстап, өз дегенімді ғана жүргізетін, өз ойлағанымды ғана жүзеге асыратын маған енді басқаның сезімімен де санасу қажеттігі туындағанын байқадым. Сондықтан бұрынғы әдетімше үнсіз хабарласпай кетіп, бағамды асырып, сағын сындыруға тырыстым. Алғашында ол да өзгелердей мені жанұшыра іздегенімен, артынан үнсіз қалатын болды. Ал мен болсам, мойынды кеңге салып, баяғы әдетімше нәпсінің жетегіне еріп, басқаларға көз сала бастадым. Алайда Айханымның орнын ешкім баса алмады: оның асқан сүйіспеншілікпен қарайтын ойлы жанары, сыңғыр үні мен сұлу күлкісі көзалдымнан кетпей, сағындыра түсті. Қырық сылтау айтып, алдына бардым, ол кешірді.
- Шын сүйген адам ешқашан сүйгенінің жүрегін ауыртып, жанына жара салмайды. Барын бағалайды, қашан, қайда болса да іздеп тұрады. Ал оған көрсетілген ең қатыгез әрекет - еш жауапсыз, түсініксіз түрде үнсіз жоқ болып кету не басқаға көңіл бөлу. Сенің жаның менің жүрегіме ораулы, оны махаббатыммен әлдилеп, сақтаймын. Алайда ол жүрек қанша жұмсақ болғанымен, тастай қатып қатайса, қайтіп жібімейді, - деген еді ол сол жолы мені құшып тұрып.
Айханымның маған деген махаббатының шексіздігіне көз жеткізген соң : «Жақсы көретін адам ешқайда кетпейді, бәріне көнеді», - деген сеніммен біраз уақыттан кейін бұрынғы әніме қайта бастым ғой мен... Ал бүгін сыбағамды алдым, оқсатып тұрып одан.
Балам,  дәл қазір өрескел қателігімнің нәтижесінде  мені  өзінен де артық жақсы көрген жаннан айырылып қалып тұрмын. Ол - өзімшілдігімнің, нәпсіқұмарлығымның нәтижесі. Есіңде болсын, еш уақытта сені шын сүйген жанды жылата көрме. Оны аялап, адал болсаң, қамқорлай білсең, өзің үшін де, өзге үшін де кім екендігіңді таныта алсаң, нағыз бақыт, міне, осында. Барлығы қызығып қарайтын , бірақ ешқайсысы бағындыра алмайтын биігіңді бағала, ал бәрінің қолы жете беретін жайдақ судың құны көк тиынға татымайтынын жадыңнан шығармағайсың.
Орнынан жайлап көтеріліп, асықпай алға қарай аяңдаған Санаттың қаңырап бос қалған кеуде қуысындағы жұдырықтай жүрегі жанын ауырта сыздап, дүниенің дөңгелек екенін, жасаған әрекетіңнің айналып келіп, өзіңе қайтатынын білдіргендей баяулай соқты.
Артынан айтылған:
- Аға, бәрін түсіндім, сүйіктімнің үйіне барып, кешірім сұраймын. Айтқаныңызды ешқашан есімнен шығармаймын, - деген бозбаланың үні құлағына күңгірлей естілді.