Шілденің ортасы. Ол кезде мен сегіздемін. Қасымда менен екі жас үлкен ағам бар. Біздің шағын ғана отбасымызда үш адам тұратынбыз: мен, ағам және әжем. Ата-анамыздан ерте айырылған соң, бізді бағып-қағып, өсірген де, тәрбиелеген де – сол әжеміз. Жасы ұлғайып, денсаулығы сыр беріп жүргендіктен, әжем ауыр жұмыс істей алмайтын. Сондықтан күнкөрісіміз көбіне қорадағы жалғыз сиырымызға қарап қалатын. Әжем сиыр сауып, сүтін ауылдағы көршілерге сатып, сол арқылы бізді асырап отырған еді.
Сол күні күн ерекше ыстық болатын. Әдеттегідей ағам екеуміз қораны тазалап, малдың астын ауыстырып, біраз жұмыс істеп шықтық. Күннің аптабынан үсті-басымыз терлеп, шаршап кеткен соң, ағам екеуміз бір-бірімізге қарап:
-Шомылып келейікші, -деп келістік.
Бірақ әжеміз бізге өзенге шомылуға рұқсат бере бермейтін.
-Су қауіпті, өзеннің мінезі жаман болады,-деп қайта-қайта ескертіп отыратын.
Сол күні де рұқсат сұрасақ, әжем қарсы болатынын білетінбіз. Сондықтан түскі астан кейін әжеміз ұйқыға кеткен сәтті пайдаланып, білдіртпей үйден шығып кетуді ұйғардық.
Біздің ауылдың маңында теміржолға арналған ескі көпір бар еді. Көктемде Жем өзені тасып, сол көпірдің астындағы су толып жататын. Ал жаз ортасына қарай су аздап тартылғанымен, әлі де тереңдеу болатын. Біз көбіне сол жерге барып шомылатынбыз.
Сөйтіп, көп ойланбастан ескі велосипедімізге мініп алып, Жем өзенінің бойына қарай тарттық. Бала болған соң, үйдегілердің неге бізді шомылуға жібермейтінін толық түсіне бермейтінбіз. Біздің ойымызда тек суға түсіп, шомылып, салқындау ғана болатын.
Ақыры көпірдің астына жеттік. Суды көргенде-ақ киімдерімізді асығыс шешіп, өзенге секіріп түстік. Салқын су денемізді сергітіп, бойымыздағы шаршауды бірден басқандай болды.
Жарты сағаттай шомылған соң ағам:
-Осы жетеді, енді үйге қайтайық,-деді.
Мен болсам судан шыққым келмей:
-Тағы жарты сағат шомылайықшы, - дедім.
-Жоқ. Жарты сағаттан кейін әже ұйқыдан тұрады. Бізді төсекте көрмесе, біттік дей бер!
-Ой, жарты сағатта тұра қоймас.
-Мен саған шық деген соң, сөз қайтармай шық!
-Жоқ. Сен өзің бара бер. Мен тағы біраз шомыла тұрамын.
Ағам ашуланып:
-Өй, білгеніңді істе! Тек әже сенің шомылғаныңды біліп қойса, мен апарды деп айтып қойма, -деді.
-Иә-иә, айтпаймын, — дедім.
Ағам велосипедіне мініп, ауылға қарай кетіп қалды. Ал мен болсам өзеннің салқын суында әлі біраз жүзіп жүре бердім. Шынын айтсам, менің өзенге шомылуды ерекше жақсы көретінім бар еді. Неге екенін өзім де білмеймін, бірақ суға түскен сайын жаным біртүрлі тынышталып кететін.
Арада он бес минуттай уақыт өтті. Енді судан шығайын деп жағаға қарай жүзе бергенімде, аяқ астынан аяғым кенеттен тартылып кетті. Денем еркімнен тыс ауырлап, су мені төмен қарай тартып жатқандай болды.
Қолымды сермеуге тырыссам да, қорыққанымнан олар тыңдамай қалғандай. Дем жетпей, ауаны ашкөздене жұтқым келеді, бірақ аузыма су кіріп кетеді. Жүрегім кеудемді жарып шыққандай қатты соғып, құлағымда тек судың гуілі ғана естіледі.
Денем біресе жоғары қалқып, біресе қайтадан төмен тартылады. Қолымды жан-жаққа сермеп, суды ұра бастаймын, бірақ қозғалыстарым ретсіз, әлсіреп бара жатқандай. Көзіме су кіріп, айналам бұлдырап кетті.
Сол сәтте уақыт баяулап кеткендей сезілді. Санамда тек бір ғана ой жаңғырып тұрды:
«Аман қалсам екен…»
Дәл сол кезде су астынан әлдебір бейне көрінді. Ұзын шашы суда толқынмен бірге баяу тербеліп, жүзінен біртүрлі мейірім байқалғандай ма, әлде маған солай елестеді ме? Ол маған жақындап келіп, қолымнан ұстап алды.
Қимылы жеңіл, су ішінде еркін жүзіп, мені өзімен бірге жоғары қарай алып шықты. Әлсіреп қалған мен тек оның жетегіне ергендей болдым.
Сөйтіп, ол мені жағаға дейін жеткізіп, құмның үстіне жайлап жатқызды. Мен жөтеліп, әрең дем ала бастадым. Көзімді ашып қарасам, жаңа ғана қасымда тұрған бейне жоқ.
Не болғанын түсінбей, өзімнің өмір мен өлімнің арасында қалғанымды енді ғана сезгендей болдым. Көзімнен еріксіз жас шығып, сол жерде еңіреп жылай бастадым.
Үйге қайтар жолда болған жайтты қайта-қайта ойладым. Сол белгісіз тіршілік иесінің арқасында аман қалғанымды ұқтым. Кім болса да, оның адамдарға зияны жоқ тәрізді еді.
Үйге жетсем, әжем ұйқысынан тұрып, аулада мені іздеп жүр екен. Менің дүкеннен келе жатырмын деген сылтауыма сенбей, оқтауымен бір-екі тартып алды.
Сосын:
-Көлдің иісі жүз шақырымнан шығып тұр,-деп мені қайта шомылдырып алып, төсегіме жатқызды.
Болған жайтты айтсам сенбейтін шығар деп, ұзақ ойландым. Айтсам - тағы да ұрыс естимін, әрі енді өзенге мүлде жібермей қоюы мүмкін. Айтпасам - ішіме сыймайды.
Осы ойлармен арпалысып жатып, ақыры өзім де байқамай ұйықтап кетіппін.
Арада қанша жыл өтсе де, сол оқиға әлі күнге дейін жадымда. Кейін ауыл ақсақалдарының әңгімелерінен сол жерде кейде су перісі көрінеді дегенді естігенде, бала кезімде мені құтқарған да сол болуы мүмкін екенін түсіндім.
Содан бері талай рет сол өзенге бардым. Бірақ қанша қарасам да, мені бір кезде ажалдан арашалап қалған сол жұмбақ тіршілік иесін қайта кездестіру бұйырмапты…




