Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ерасыл ЖОЛАМАН: «Айдағы ханшайым» Әңгіме

Жоламанұлы Ерасыл, 2007 жылғы 14 наурызда Атырау облысы Жылыой ауданы Шоқпартоғай ауылында дүниеге келген. Аталған ауылдағы орта мектепті бітірді. Қазіргі таңда Халел Досмұхамедұлы атындағы университеттің 2-курс студенті. «Саф» әуесқой театрының әртісі.

Ол кезде мен бес жастағы қара домалақ бала едім. Атамның бар кезі, ақыл-кеңесін тыңдап, жанында еркелеп жүрген шағым. Көктемнің бел ортасы. Атырау қаласының «Новостройка» ықшамауданы. Кешкі уақыт, шамамен сегіздер шамасы. Күн жылы, ауада Атырауға тән дымқыл леп бар.
Үйдегі ойыншықтарымнан жалығып, әрі үйдің кенжесі, еркесі болған соң, мазам қаша бастады. Сөйлей беріп, теледидардан «Келін» сериалын көріп отырған үйдегілерге кедергі келтіргенім үшін анам:
— Атаңа баршы, — деп мені сыртқа шығарып жіберді.

Аулада ескі диван тұратын. Атам сол диванда өзіне тән сабырмен темекісін баяу тартып отыр екен. Қасына барып, әдеттегідей аңыз айтып беруін өтіндім.
Атам аз-кем үнсіз отырып, темекісінен бір-екі рет тартып алды да:
— Анау аспандағы жарқыраған айды көріп тұрсың ба? — деп сөз бастады.
— Сол айда баяғы замандардан бері Айдың ханшайымы тұрады деседі.
— Ханшайым болса, неге айда тұрады екен? — дедім аң-таң болып.
Атам жымиып қойды.
— Бар пәле оның сұлулығында еді. Ерте-ерте, тіпті менің атамның атасы да дүниеге келмей тұрып, жер бетінде теңдесі жоқ бір сұлу қыз өмір сүрген екен. Көзі — түпсіз терең, жүзі — айдай жарық дейді үлкендер. Бірақ адамдардың іштарлығы оған жер бетінде орын қалдырмапты. Сөйтіп, қызғаныштан қажыған ол айға қоныс аударып, үш жүз жыл сонда мекендепті.
— Сонда ол әжеден де сұлу болды ма? — дедім шын қызығып.
— Иә, одан асқан сұлу болмаған. Бірақ әжеңе айтып жүрме, — деді атам күліп.
— Айда жалғыз өзі жалықпай ма екен?
Атам күрсініп алды.
— Не істесін? Адамдардың қызғанышы себеп болып, амалсыз сондай тағдырды таңдады.
— Ол жерге қайта түспей ме? Мен болсам, айда жалғыз қалудан қорқар едім…
— Ол сен ғой, ақымақ. Сен тіпті үйде жалғыз қалуға қорқасың, — деп атам қарқ-қарқ күлді.
— Аңызға сенсек, оның жерге түсетін күні әлі алда, — деді де, темекісін қайта тұтатып, екеуміз үйге кірдік.
Арада жиырма жыл өтті. Атам мен он жасымда өмірден озды. Бірақ оның сол кешкі темекі иісі аралас әңгімелері әлі күнге жадымда.
Кейде түн ортасында далаға шығып, айға ұзақ қараймын. Сондай сәттерде атамның үні құлағыма келгендей болады.
— Түсетін уақытың келген шығар, ханшайым… — деп айға сыбырлаймын….


Әрине, мен есейдім. Ол аңызға енді сене бермеймін. Бірақ кейде жүрегім қажып, атамды сағынғанда, сол әңгіме ең алдымен есіме түседі. Атамды сағынып, іштегі мұңымды басқым келгенде, ойға шомып темекімді тұтатып, айға қараймын.

Күндердің бір күнінде жұмыстан шығып бара жатып, әдеттегідей аспанға көз салдым. Айдан жарқырап бірдеңе үзіліп түскендей көрінді. Бірақ мән бермедім. Бәлкім көзіме елестеген болар. Әлде шынымен айдағы ханшайымның жерге түсетін уақыты келгені ме? Осы ой санамның бір түкпірінен қылаң беріп өтті.
Келесі күні жұмыстан тағы кеш шықтым. Айға қарадым — бірақ ай көрінбейді. «Әлі тумаған шығар…» деп өзімді жұбаттым. Жағажаймен үйге қарай баяу келе жатқанымда, қарсы алдымнан бір сұлу қыз келіп, иығымнан жеңіл ғана соғып өтті. Сол сәтте жүрегім шым ете қалды. Тура бала күнімде елестеткен айдың ханшайымы — дәл өзі сияқты.Өз көзіме сенбей артыма бұрылдым. Бірақ қыз жоқ. Ізім-ғайым жоғалған.«Шаршағаннан шығар…» деп қоямын өз-өзіме. Әйтсе де, қиялымдағы бейне көз алдымнан кетпей қойды.
Үйге жеткен соң да ұйқым қашты. Түні бойы сол бейнені ойладым.« Шынымен сол болса ше? Сонда атам айтқан аңыз рас болғаны ма?»Бірақ артынша ақылым жеңіп: «Жоқ, шаршағаннан елестеген болар», — деп көзімді жұмдым.

Келесі күні жұмысқа келдім. Айта кету керек, негізі мамандығым — мұғалім. Әупірімдеп жүріп көк диплом алғаныммен, жұмыс таба алмадым. Әскерге кеттім, бір жыл өтеп келдім. Қайта оралғанда дипломым жарамсыз болып шықты. Тағдырдың жазғаны шығар — қазір кофе мәзірлеуші, яғни бариста болып жұмыс істеп жүрмін.Сол күні жұмыс орнымда тұрғанымда, есік ашылып, кеше жағажайда көрген сол қыз кіріп келді. Жүрегім атқақтап кетті. Бұл рас па? Әлде тағы да елес пе?Аңтарылып тұрып қалдым.
— Сәлеметсіз бе… — дедім даусым сенімсіз шығып.
Қыз үн қатпады. Мүмкін естімеген шығар. Әлде сенімсіз амандасқаным ұнамады ма — білмедім.
Бір сәттен соң өзі сөз бастады:
— Маған латте бересіз бе?
Даусы жұмсақ, баяу. Тыныш түндегі ай сәулесіндей.
— Иә… әрине… латте ғой? — дедім абдырап.
— Иә, карамель сиропымен.
— Жарайды. Тағы ештеңе алмайсыз ба?
— Жоқ, болды.
— Сізден 1200 теңге. Картамен бе, әлде қолма-қол?
— Карта.
Ол картасын ұсынғанда, саусақтары саусағыма жеңіл тиіп өтті. Сол сәтте жүрегім тағы да әлденеге сенгісі келгендей дүрсілдеді. «Шынымен, тағдырдың маған жазғаны — қиялымдағы аруды кездестіру ме?» Осы ой санамда жылт ете қалғанда, есік ашылып, қыз сыртқа шығып кетті.

Жұмыс уақытым бітіп, жағалаумен үйге қарай бет алдым. Әдеттегідей аспанға көз салдым. Ай туыпты. Бүгін ерекше жарқырап тұр.
«Мұның бәрі жай ғана сәйкестік пе?» — деп іштей күбірледім. Үйге жеткен соң тағы да көзіме ұйқы ілінбеді. Кеше көрген қыз ойымнан кетпей қойды. Өмірімде дәл мұндай сұлу жанды кездестіремін деп ешқашан ойламаппын. Көзі оның түпсіз терең көлдей, қараған жанды өзіне тартып әкететін. Ал көзқарасы болса жүрегіме оқтай қадалды. Шашы түнектей қою, иығына төгіліп тұр. Осы уақытқа дейін адамның бір көргеннен ғашық болатынына сенбейтінмін. Ал қазір өзімнің дәл сондай күй кешіп отырғаныма таңмын. «Ертең тағы келсе екен… Бұл жолы өзімді сенімді ұстаймын», — деп ойладым да, ауыр күрсініспен ұйқыға кеттім.

Ертесі күні ол тағы келді. Бұл жолы латте емес, капучино алды. Кофесін дайындап жатып, еріксіз қайта-қайта жүзіне көз тастай бердім. Сұлулығын сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Бірақ сол сәтте атамның сөзі есіме түсті: «Адамның тек сыртқы келбетіне қарама. Ішкі жан дүниесі сұлу болса — нағыз сұлулық сол».
Капучиносын ұсынып едім, ол жылы жымиып:
— Рақмет, — деді.
Ол есікке қарай беттегенде, ішімдегі батылдықты жинап:
— Қарындас, тоқтай тұрасыз ба? — дедім.
Қыз бұрылып:
— Иә?
— Кешіріңіз… Шынымды айтсам, сізді бір көргеннен ұнатып қалған сияқтымын. Есіміңізді білуге бола ма?
  Ол мұндай сөзді күтпегендей сәл абдырап қалды. Жүзіндегі тосындықты анық байқадым. Шынында, дәл осылай маған біреу сөз бастаса, мен де сасқалақтар едім.
— Есімім — Айым, — деді ақырын ғана.
— Айым дейсіз бе?.. — жүрегім шым ете қалды. Мұны жай сәйкестік деуге келе ме? — Айым, кешіріңіз, ертең боссыз ба? Айтпақшы, менің есімім — Шапағат.
— Жалпы, боспын… Бірақ не үшін? — деді ол күмән мен қызығушылық аралас үнмен.
Мен бір сәтке үнсіз қалдым. Жүрегім дүрсілдеп тұр. Артық сөз айтып, бәрін бүлдіріп алғым келмеді.
— Ертең кешке жағалауда серуендеп қайтсақ деп едім. Жай ғана кофе емес, осы жолы ашық аспан астында сөйлессек… — дедім байыппен.
Ол мені біраз сынай қарады. Көзқарасы баяу, бірақ салмақты.
— Жағалау дейсіз бе? — деді жымиып. — Жақсы. Сағат жетіде.
— Келістік, — дедім ішімнен жеңіл тыныс алып. 
Ол басын изеп, сыртқа шығып кетті. Есік жабылған сәтте ғана өзімнің қаншалық толқып тұрғанымды сездім. Алақаным терлеп кетіпті.

Сол күн ұзаққа созылғандай болды. Уақыт жылжымай қойғандай. Әр клиентке кофе дайындап тұрып, ойым әлдеқашан ертеңгі кеште жүрді. Жұмыс біткен соң, әдеттегідей аспанға қарадым. Ай тағы да көрінді. Бүгін тым жарық емес, бірақ анық.
«Айым…» деп іштей қайталап қойдым. Есімі өзіне жарасымды. Айдың кішірейтілген мейірімді нұсқасындай. Үйге келген соң, шкафтың алдында біраз тұрдым. Қай киімді кисем екен? Бұрын-соңды мұндайға бас қатырмаушы едім. Айнаға қарап, өз-өзіме сын көзбен қарадым.
— Сабырлы бол, — дедім іштей. — Бұл жай ғана кездесу.

Бірақ жүрек оны «жай ғана кездесу» деп қабылдамады. Түнде тағы да ұйқым кеш келді. Терезені ашып, салқын ауаны ішке жібердім. Алыстан өзеннің сәл дыбысы естіледі. Бала күнімдегі аңыздар есіме түсті. Қызық,әлгі бала күнімдегі қиялдағы аруыммен,ертең кездесуге шығамын.
— Егер бұл шынымен бір ишара болса, — дедім сыбырлап, — ертең бәрі өз орнымен болсын.

Келесі күн.
Жұмыста отырмын, бірақ ойым кешкі жетіде. Сағат тілі баяу жылжиды. Әр минут қырсыққандай ұзақ өтуде. Түстен кейін бір сәт телефонға қарадым. Хабарлама жоқ. «Бәлкім ойынан айныған шығар?» деген күдік жылт етті. Бірақ дереу ол ойды қуып шықтым. Кешкі алты жарымда жұмыстан ертерек шығып, жағалауға қарай бет алдым. Күн батуға жақын. Аспан қызғылт-сары реңкке боялған. Өзен үстімен самал жел еседі. Жағалауға жетіп, тоқтадым. Сағат жетіге бес минут қалды.

Сол сәтте балалық шағым көз алдыма келді. Атамның темекі иісі аралас қоңыр дауысы… Айға қарап сыбырлаған түндерім… Бәрі-бәрі жүрегімнің бір түкпірінде әлі тірі екен.

Өмір деген расында да таңғаларлық. Бір күні армандап жүрген аруды дәл өзің күтпеген мезетте жолықтыра салады. Сол сәтте ғана түсінесің: адамның жоспары қанша жерден мұқият болса да, Жаратушының жазғаны одан әлдеқайда терең, әлдеқайда көркем.

Қолымдағы сағатыма қарадым.
19:00. Алыстан бір нәзік бейне көрінді. Жүрегім үнсіз таныды.

— Айым…, — дедім сыбырлап.
Ай әлі көкжиектен көтерілмесе де, ішімде әлдеқашан туып үлгергендей еді.