Ол жанымнан алғаш өткенде әтірінің иісі мас қылды. Солайша өзіне назар аудартты. Иығыма қондырылған басым көшедегі сергек камерасы секілді оп-оңай бұрылды. Бірақ оның жүзін көре алмадым. Тек еркек біткенді ынтық қылатын мінсіз мүсінін көрдім. Көз ұшынан алыстағанша қалт жіберместен шығарып салдым. Соның өзі маған жеткілікті еді…
Екінші мәрте тағы бетпе-бет кездесудің реті келмеді. Тек ғажайып мұрын жарар әтірінің иісі арқылы ғана сол екенін білдім. Дүкенде тұрған сәт. Нәзік үнді қыз «кешіріңіз мен де бір зат еді. Өтіп кетсем бола ма?» деді. Ойланбастан жол бердім. Ақымақтығым жүзіне қарамаппын. Бірақ сол екенін әтір иісі арқылы таныдым. Тек жігерсіздігім осы жерде тағы да жүзбе-жүз жүздесудің мезетін бұйыртпады… Сол күні түнімен қиялға баттым. Көрер таңды көзіммен атқызып, ұйқы жайына қалды. Қиялымның арасында Ол әртүрлі кейіпте құбылады. Бірде өзім ғашық болған мектептегі ақ жүзді қыз боп елестесе, енді бірде керісінше, көрші қызға ұқсап кетеді.
…Мен қазір аңғарымпаздықты үйрендім. Иә, қандай жағдай болмасын бәрін жіті назарда ұстаймын. Жанымнан өткен әр адамның бәріне, бет-жүзіне бажайлап қараймын. Түр-түсін анықтап қалуға тырысамын. Аялдамадағы барлық пенденің түрін жатқа, кімнің қандай кемшілігі барын айтып бере аламын. Аялдама бұрышында тұрған қыздың сол жақ бетінде меңі бар. Ал орындықта отырған қыз астыңғы ернін бояуды ұмытып кеткен. Үйінен асығыс шыққанын аңғару қиын емес. Міне, мен күткен автобуста келді. Автобусқа мінудің өзі қызық. Жанталасып мінеміз, тура солай түсеміз… Тағы да әтір иісі. Осы жолы да Ол қыздың жүзін көре алмадым. Мен автобусқа мінгенде, Ол түсіп үлгерді. Тек сыртынан ғана көру бұйырды…
Мен әлденеше рет Ол қызды көруге асық болдым. Қандай жағдайда да әрекетім сәтсіздікке тап келетін. Бірақ оған жүрегім алып-ұшып тұратын…
Бүгін қала көңілсіз, маужырап тұр. Неге? Кім білсін? Аялдама мен көшеде сабылысып жататын көлік те, адам да жоқ. Бәрі жым-жырт. Кенет алыстан қалың нөпірдің қарасы көрінді. Думанды тойдан немесе іс-шарадан шыққан сыңайлы. Аяңдай басып жиналған адамдар арасына келдім. Мешіт жанында бір адамның жаназасын оқып жатыр екен. Имам: «Жамағат сапқа жиналайық. Сауап болады. Жас бала ғой» деп жатты. Мен де мұсылман ретінде сапқа тұрдым. Алдыңғы қатардан орын тиді. Үнсіздік… Жаназа оқылды. Мәйіт нәселкесінің бір бұрышын мен ұстадым. Алдыңғы қатар да тұрғасын ба, маған реті келді. Әтір иісі. Иә, сол әтірдің иісі мұрныма тағы келді… Жан-жағыма мән бере қараймын. Жылаған, күңіренген адамдар. Алайда, нөпір арасында Ол қыздың сұлбасы көрінер емес…
Мүрде жер қойнына табысталды. Қалың қауыммен еріп мен де жүрмін. Аң-таң күйде. Тек қонақ асы берілгенде бір адам «Аңқылдаған, ақкөңіл қыз еді. Ешкімге жазығы жоқ. Ауру жасқа қарамайлы деген осы да» деген сөзден денем түршігіп, жүрегім су ете қалды. Сонда білдім. Мені үнемі елітіп, сезімімді оятқан әтір иісінің иесін өз қолыммен апарып тар қабірге салыппын. Өз қолыммен қара жер құшағына табыстаппын… Аласармас арманым, көруге тынтық болған періштем солайша ешкім шықпас қара жерге көмілді…
P. S: Мезгілсіз дүниеден өткен әтір себінген аруға арналады.
Қостанай қаласы




