Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Сезім МЕРГЕНБАЙ: «Мендік күлкі – жүрегімнің көз жасы» Өлеңдер

Сезім МЕРГЕНБАЙ, ақын, 2001 жылы, 2 желтоқсанда Түркістан облысы, Түлкібас ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филология факультетінде білім алған. Халықаралық «Мархабат» журналының бас редакторы.

Күлкі

Жан-жүрегім аласұрып жатқанда,
Жоғалтудың алғаш дәмін татқанда,
Өңешімді өксік керген шақтарда,
Жарты әлемге естілердей күлдім.
Есеңгіреп ес жоғалтқан көп таңда,
Сау ақыл мен ес кірердей күлдім.

Қолым жетпей қалған кезде арманға,
Ыза буып, кеудем от боп жанғанда,
Жанарыма жас тіреле қалғанда,
Жанарымнан жас аққанша күлдім.
Өне-бойым запыранға толғанда,
Жан-дүниемді босатқанша күлдім.

Әлдекімнің сатқындығын көргенде,
Соңғы үмітім өлеусіреп сөнгенде,
Өз-өзімді буындырғым келгенде,
Ішімді ұстап бүгілгенше күлдім.
Соғысынан танған жүрек шерменде,
Қайта соғып, тірілгенше күлдім.

Ең жақыным өзегімнен тепкенде,
Әлдекімдер ойыншығы еткенде,
Ескі азапты есесімен шеккенде,
Иегімді кеңкілдетіп күлдім.
Ауыр ойлар еңсемді езіп кеткенде,
Иығымды селкілдетіп күлдім.

Жалғызсырап, торықсам да күлдім.
Қауіптеніп, қорықсам да күлдім.

Жетер жерге күліп жеттім қарқылдап,
Кетер жерден күліп кеттім жарқылдап.
Күлуші едім әлдекімді аңсасам,
Күлуші едім әлденеден шаршасам,
Күліп жүріп жүректерге жол таптым,
Ішкі шерді күлкімменен тарқаттым.
Күліп келдім талай соңғы шешімге,
Күлкім қалды талай жанның есінде.
Тек...
Жақсы еді ғой күлкі болса сөз басы...
Мендік күлкі – жүрегімнің көз жасы...


Руминация

Мені ешкім міндетті емес ұғуға,
Мені ешкім міндетті емес тыңдауға.
Қазір бәрі су бетіне шығуда...
Қазір ғазиз сезімдерім шырмауда.

Мені ешкім жазғырмайды білемін,
Жазғыруға хақы да жоқ!
Тек өзім...
Білмей жүрген жыларын не күлерін
Жанға айналдым: күлдібадам, көкезу.

Күллі әлемді үнсіздігім арқылы-ақ
«Тасбақадай» қорғап тұрмын деп ойлап...
Көп ішінде сом алтындай жалтырап,
Оңашада «Қап-ай, әттеген-айлап».

(Сыр) көтерер атан түйе секілді,
Жан-тәнімді болдыртыппын әбден-ақ.
Жанды жеген ауыр ойды не түрлі,
Жазған болдым төбесіне «сәлде» орап.

Несіне осы арқаладым сонша жүк?
Несін осы сақтап келдім сонша жыл?
Қанша ойым өз-өзіне қол салып,
Өзін-өзі арулады қанша әзіл?!

Жылдар бойы сыздап келді жүрегім,
Өзегіне жегі түскен азудай.
Күллі әлемді құтқаратын кім едім
Өз жүрегім жатқан кезде жазылмай?!

Тағы қандай «әләуләйім» шертілмек?
Су түбінде жатып несін қарманам?
Өз ішімде бала жатыр еңкілдеп
Уақытында қорғап қала алмаған...

Мені ешкім міндетті емес аяуға.
Міндетті емес.
Міндетті емес...
Шынында,
Шырқыраған жүрегімді қоярға
жер таба алмай, жаным аласұруда...
Бары сол...

***

Кейде әлдебір мазасыздық бойды алып,
Кейде әлдебір жалғыздыққа айналып,
Адамдардан, қоғамдардан алыстап,
Күн, ай, жылдық хабарлардан қалыс қап,
Мезгілдерден бұғауымды үзіп ап,
Көңілімде алуан күй құжынап,
Күллі әлемнің бауырынан безем де,
Түсіп кетіп белдеуі жоқ кезеңге,
Басталады бағытсыз бір сапарым,
Сол сапарда қашып бара жатамын
Бас бұруға бата алмастан артыма
Жанталасып, аласұрып, алқына.
Жаналғыштай жанығып кеп Олар да,
Ала кетер қос қолымен жағамнан.
Түбінде бір қолдарына түсемін,
Қолдарынан у шарабын ішемін.
Ішке жұтқан талай өксік атқылап,
Еңіреймін. Күлем одан қаттырақ.
Күнұзаққа бір нүктеге тесіліп,
Түнұзақта құшынаштай есіріп,
Сәулесіне өртенемін сары Айдың,
Өзімді-өзім төпелеймін, сабаймын.
Өз үнімнен өзім шошып шыңғырып,
Өзім өрген бұрымыма қылғынып,
Жан алқымға келген кезде соңғы дем,
Өзімді-өзім өлмедің деп сендірем.

 

 

Қозғалыссыз материя
(немесе қозғалыс ішіндегі тыныштық)

Ымырт.
Ығы да жығы қозғалыстардың ішінде,
Өз руһынан көз жазып қалған мүсіндей,
Ешкімнен қалмай, ешкімнен және озбастан
сабылған жұртқа ойлы һәм ойсыз көз тастап,
Бағдаршамдардың жанған көзіндей кезекпен
Төбемнен ауып мәнді де, мәнсіз мезеттер
Ажарымды ай аймалап, жел сүйіп,
Жол ортасында тұрам да қоям мелшиіп.
Субұрқақтардан талып жететін әлсін үн,
дер ме екен, сірә: 
«Мен сендік руһтың даусымын»?

Құланиек.
Бояуы бөлек әніне салды ақ таңның құсни құстары.
Ал менің тәнім бәрінен қалып тысқары
Жоғалған руһтың жолына қарап тұр әлі.
Жоғалған руһ па, жоғалтқан мен бе кінәлі?
Байыппен атып бола бергенде бозғыл таң,
Шерменде ойына шырмалған мендей мәжнүн тал
Теңіз түбінен тыныштық тапқан кемедей
мелшиіп тұрған мүсінді мүлде елемей,
Баяулап ескен жел ырғағына ырғалып,
Тынышы қашқан тірлікті сырттан тұр бағып.

Бейуақ.
Өз руһынан көз жазып қалған мүсін – мен,
Содан да болар ішімнен...
Қозғалыстардың біруақ тынған сәтіндей,
Қазаға арналған қатыгез, қара мәтіндей
Қауырсынымды қаныма бояп жазамын
Жоғалулар мен жоғалтулардың азабын.

***

Осы күні өзімді –
Мың жыл бойы ат тұяғы баспаған
Жолдар сынды сезінем,
Мың жыл бойы әлсіз сәуле шашпаған
Шамдал сынды сезінем.
Мың жыл бойы ешкім көксеп көрмеген
Арман сынды сезінем,
Мың жыл бойы шөкім бұлтқа шөлдеген
Орман сынды сезінем.
Мың жыл бойы өз ішінен маздаған
Магма сынды сезінем,
Мың жыл бойы ешбір қабір қазбаған
Қарға сынды сезінем.

Осы күні өзімді –
Мың жыл бұрын суалған
Өзен сынды сезінем,
Мың жыл бұрын жалғыз рет гүл алған
Әжем сынды сезінем.
Мың жыл бұрын қабырғасы құлаған
Қамал сынды сезінем,
Мың жыл бұрын жалғыз рет жылаған
Жанар сынды сезінем.
Мың жыл бұрын иесі өзін өлтірген
Үй секілді сезінем.
Мың жыл бұрын жалғыз рет шертілген
Күй секілді сезінем.

Осы күні өзімді –
Мың жыл бұрын жоғалтқандай сезінем,
Айнадағы кім бірақ?!
Мың жыл бойы түсімде
бір мүрдеге кезігем,
Құлаймын сосын құлдырап...
...Мың жыл бойы осы үрейлі түсімнен
Ояна алмай келемін.
Мың жыл бойы бір дұғаны
қайталаймын ішімнен,
Әлде ол менің мың жыл бұрын жазылған
Жалғыз ғана өлеңім.


Орындалмаған сапар

Кеңсе мен үйдің арасын
Тоздырып жүрмін жылұзақ.
Айналам бәрі жанашыр
бірі жақын да, бірі жат:
«Серігің қайда?» – дейді кеп,
«Сенімім қайда?» – деймін мен.
Жалғыздығымды әйгілеп,
Сыр ашып қойған кей күннен
Өзімді-өзім қызғанып,
Өзіме-өзім тығылам.
Жалғыздығымды күзге алып
бараман дағы тынығам.
Топыраққа да сыр бермей,
Жапыраққа да тіс жармай,
Қанатын қомдап үлгермей,
Сапарға шыққан құстардай,
Туған үйімнің төбесін
Айнала ұшып жеті рет,
Дүниенің қиып мәресін,
Өксікке толып көкірек...
Күндердің күні өзімнен,
Өзімді алып кетем де,
Сағыныш, уайым, сезімнен
ада бір жұмбақ мекенге
Кенеттен қоныс аударып,
Тұрақтап қалам мәңгілік.
Жылдарға жылдар жалғанып,
Жылдарды жылдар қалдырып,
Кеңсе мен үйдің арасын
Тоздырып жүрмін жылұзақ.
Жанымның жамап жарасын
болғанша кетті үні ұзап
аңсарым ауған мекеннің
елшісі болған құстардың.
Қашанғы шыдар екенмін?
Қашанғы мұнда қыстармын?
Менімен кешкен күндердей,
Менсіз де күндер кешілер...
...Мен болсам түкке үлгермей,
Жұмысқа ағы кешігем.

Өзімді қорғау

Қара жамылған түннен, нарттай боп атқан күннен,
Мәуелі қария бақтан, сусырап жатқан гүлден,
Сылдырлап аққан судан, пырақтай ескен желден,
Аппақ сәлделі таудан, кіндігім кескен жерден,
Сүзеген, жыртқыш аңнан, құлашын ашқан құстан,
Қалыпқа құяр саздан, бетін тот басқан мыстан,
Алғашқы салған әннен, баталы соңғы сөзден,
Кіршіксіз, мөлдір жаннан, кілкілдер шерлі көзден,
Мұржасы біткен үйден, майы жоқ сөнген шамнан,
Оң босағадағы қыздан, арманда өлген шалдан,
Сағаттан, сәттен, жолдан, ұсынса алған қолдан,
Ұядан түлеген зорға, қия деп қонған тордан,
Алғашқы ғашық, достан, кенет көз жазған бақтан,
Жаныммен жазған жырдан, қаныммен жазған хаттан,
Көсіліп көшкен бұлттан, жұлдыздан, селеу айдан,
Сорғалап тұрған шықтан, қағаздан, терең ойдан,
Жаңбырдан, бұршақ, қардан, найзағай, судан, оттан,
Жақынға айналған жаннан, бір ана туған жаттан,
Мұхиттан, теңіз, көлден, топырақ, тастан, құмнан,
Қасірет, қайғы, шерден, мөлт еткен жастан, мұңнан,
Бәрінен оны қорғап, бәрін де қорғап одан,
Соқыр көз сыққан жас боп мен едім сорғалаған...
Өзге түгілі өзім ашуға жоқтай хақым,
Айтуға таппай батыл,
Тұншығып кетем, тіпті, қалғандай соңғы демім,
Себебі, жан білмес сырды жалғыз-ақ мен білемін...
Өзімді одан қорғап, өзімнен қорғап оны
жадымды жоғалтсам ба екен?
Қайткенім жөн болады?..

***

Жаным – бағбаны мерт болған бақшадай жетім,
Көңілім – мұнарына бұлт ілінген Шыңғыстаудай сұсты.
Ойым – құйын көшкен елді мекендей ойран.
Сезімім – ат құйрығын тартып көрген баладай үркек.

Шашым – күтімсіз бақты басып алған шырмауықтай қалың,
Құлағым – аузын мәңгі бекіткен зындандай керең.
Көзім – құяр арнасының көзі бітелген теңіздей саяз,
Ерінім – мұражайға қойылған әшекейдей үнсіз.

Күлкім – өңімнен гөрі бақытты түсімдей жалған,
Көз жасым – өзі буланып ұшқан мұхитқа жауған жаңбырдай мәнсіз.
Демім – шілде күнінде жолға төселген шайырдай ыстық.
Дауысым – құмға жұтылған қалалардай күңгірт.

Қаным – ашыған сүттен өздігімен ұйыған айрандай қою,
Тамырым – үздіксіз айран құйылған сүзбе қалтадай жұқа.
Өңім – түс пейішінен қуылған Хауаның жазасындай ауыр,
Сүргенім – қызара бөртіп ұзақ ұйықтаған жанның жадындай бұлдыр.

 


***

Аз қалды...
Аз-ақ қалды...
Сәлден соң келеді ол тағы.
Жетем деп арып-аршиды, асығып желе жортады.
Одан не аман шығары немесе жазым болары
белгісіз жауынгердей бұл жүрегім неге қорқады? 

Қазір-ақ төніп-төндіріп, келеді тұнжырап тағы,
Көрдің бе, көк жиегінен тез басып, Күн жырақтады.
Қазір ол батпандап келіп, басады баяғы әніне,
Бәлкім, ол – тозақтың үні, бәлкім, ол – үн жұмақтағы. 

Желбегей жамылып алып келеді қара шекпенін,
Шекпенді қара ниеттің қорлығы, қарашы, өткенін.
Осылай әр келген сайын мына Түн өзегімді өртеп,
Кетеді күлдіреп жатқан жаныма жара сап менің. 

Балпаңдап Ай да көрінді.
Ол да әбден толып алыпты,
Бетінде қасіретінің білінбес табы қалыпты.
Қарсы үйдің қақ төбесіне жайғасып тізе бүкті де,
Белгісіз әлдебіреуді не мені сарыла күтті. 

«Жеттің бе... Ей, Түн ақыры?
Келдің бе-ей сен де, толған Ай?!
Ақыры келіп қалыпсың, айта отыр, сенде хал қалай?
Кеше де әбден жарамды тырналап кетіп едіңдер,
Қоламта шоқты іштегі үрлеуден жел де танбады-ай... 

Әлі де жаным сірі еді, шуақты шақтан үмітті,
Жүрегім бүгін жыртылған кітаптай ақтарылыпты.
Сендер-ақ әбден көңілімді босатып алып бейуақ,
Сіміріп кетіп жүрсіңдер көзімнен аққан уытты». 

Қара түн. Өлі тыныштық. Мен, тіпті, қалғуға айналғам,
Алайда азат болуы мүмкін бе жанның ойлардан?!
Көзімнің жасы кепкенше, шекпені түннің сөгілді...
Тағы да аман шықтым ба кезекті қанды майданнан.

 

 

Күй

Егер менен
«Жат адамдарды жақындастыратын не?» деп сұраса:
Ортақ қуаныш емес,
Ортақ қасірет екенін айтқан болар едім. 

Өмір бойы шырын деп білген дәмнің,
Шын мәнінде, уыт екенін
Жантәсілім сәтінде ғана түсінгендегі күй бұл...

Сосын,
Ұзақ уақыт жүрген күрестен соң,
Жеңісіңе қуануға қауқарың қалмайтыны секілді,
Жеңілісіңе мұңаюға да дәрменсіздігіңді мойындайтын күй бұл.

Ұзақ уақыт шөлде адасқан дәруіштің,
Арып-аршып жеткен бұлақ басында
бақилық болып кеткеніндей күй бұл.

Өмірінің жартысынан көбін сарп етіп,
Салып біткен үйдің
табалдырығынан аттай алмай, қаза болған жанның
әурешілігіндей күй бұл.

Ұзақ уақыт көңілі құлағанын күткен сүйіктінің 
Сезімі оянған сәтте,
Өз ішіңде бәрі өліп қалғанын ғана сезгеніңдей күй бұл.

Өмір бойы күткен романтикалық кездесудің,
Болар күнінде барғың келмейтінін түсінгеніңдей күй бұл.

Енді ешқашан көрмеймін деген,
Енді ешқашан кірмеймін деген есікке
Бұрын кіргеніңді ұмытып қалғандай күй бұл.

Өз ішіңе өзіңнен басқаның бәрі
кіріп кеткендей күй бұл.

Өз жасыңа тұншығып қалып,
Құрдым тартып бара жатқандай күй бұл.

Өмір бойы қарашаңырақ деп қастерлеген үйдің,
Саған ешқашан үй болмағанын сезген сәттегі күй бұл.

Біз – құдықпыз

Біз бір құдық шығармыз
бәлкім Еңсеп қазған,
бәлкім Ескендірдің мүйізін естіген.
Қасіретін көтере алмай қара бұлт,
Қара кеште өз тамырын кескілеп,
Күрең қанын біздің ішке құяды.
Біздің іште биін күткен бикештердің қиялы.

Біздің іште кімде-кімнің үміті,
Біздің іште кімде-кімнің көз-жасы,
Біздің іште кімде-кімнің кегі бар.
Біз – құдыпыз.
Құдық түбі – жылтыраған мемуар.

Біздің іште мұң жалатқан тиындар,
Біздің іште шер жалатқан тиындар,
Біздің іште ерте жаста
анасынан айырылып, еркелегі тиылған
жетімдердің жасы бар.
Біздің іште ботасынан айырылып,
Омырауын көкке сауған жесірдің
күл жалатқан шашы бар.

Біздің іште қыршын кеткен сүйіктісін сағынар
есі ауысқан кемпірдің,
түк болмаған жады бар.
Біздің іште біреу өзін тауып ап,
Біздің іште біреу өзін өлтірді.

Біздің іште бәрі бар.
Қасіреттен ада, бейғам
балалық та бар онда.
Мың ғасырға жүк болатын,
даналық та бар онда.

Біз – құдықпыз.
Кенезесі кеуіп әбден,
ернін тістеп кезерген,
Дәруіштер мөлдіретіп су ішеді
біздің іштен ежелден.
Әркімді бір суаттатып,
ортасында сайран менен ойранның
Еңсеп құсап ең соңында өзі өлген
Біздің іште сол тазалық қайдан жүр? 
Біздің іште сол мөлдірлік қайдан жүр?..