Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын: «Халық жауы», біздерді кешіріңдер!»

31 желтоқсан-саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

 «1920-1950 жылдары аралығында Қазақстан бойынша шамамен 100 мыңнан астам адам саяси себептермен сотталған. 
Оның ішінде 25 мыңға жуық адам атылған.
Қазақстан аумағына күштеп қоныс аударылғандар саны 1,5 миллионнан астам адамды құрайды.» 

                                                                                                                                                                               Архив деректерінен.

                    Тізгінқағар
Жақсыларын сиғызбай түртпектеген,
Тойға балап көргенін жұрт көппенен.
Қайда барса Қорқыт көрі алдан шығып
Бұл қазақтың басынан бұлт кетпеген.

Жымысқы жау азуын саған қайрап,
Жыртқысы кеп жабысса жағаңды ойрат.
Еркін өскен тағыдай ер қазақты
Қиқулап қақпайлады аранға айдап.

Көңіл айдын бұрқанды, лайланды,
Асырсам деп дұшпаннан бір айламды.
Үпір-шүпір балықтай ауға түскен
Қыл үстінде тағдыры шыр айналды.

Бұлбұл безді сайраған бауларынан,
Күрсінді қапаланып тауда қыран.
Күнгейге бағыт алған ұлы көштің
Орта жолда жүктері аударылған.

Тілесе де болсын деп халқым аман,
Сүреңсіз бұл заманның арты жаман.
Тозақ оты секілді жымыңдайды
Аспандағы жұлдыздар қалтыраған.

Тізгін қақсақ, өткен шақ оралады,
Жазықсыз қанша жанды қаралады.
Бір-бірін саусақ ұшы ұстап берген
Өздеріне дейміз бе өз обалы.

Соғып өткен өліара-отамалы,
Ойға түсіп, жанарым боталады.
Бастан өтті зұлмат жыл, зобалаңдар
Қойдай қырған қазақты топалаңы...

Алауыздық халқымды өсірмейді,
Көлікті болсын әркез көшің деймін.
Бәрі-бәрі жарыққа шығады әлі
Тарлан тарих қиянатты кешірмейді.

        Тәлкекке түскен тағдыр

Кеудеде үміт-шырақ маздағанда от,
Ауылдастар іш тартқан «өз балам» деп.
Жанбай жатып сөнетіндей «халық жауы»
Кім еді, сол Мастеков Тәжмағамбет?!..

Жарасып тал бойына байсалдылық, 
Жүретін өзгелерге ой салдырып.
Жасындайын жарқ еткен текті ұлан
Жайық бойын жайлаған жайсаң жігіт.

Қараша үйді долы дауыл жұлмалаған,
Шаруадан қол босамай қырдағы адам.
Күзінде мың сегіз жүз тоқсан бірдің
Шыр етті сәби даусы іңгәлаған.

Жар сап келді өмірге салып «әнін»,
Дегендей: «бір бақытқа жолығамын.»
Сезбеді бесігінде бұлқынған ұл
Боларын маңдайының соры қалың.

Шартарапқа самғады көңіл дөнен,
Көршілер-еншілері бөлінбеген.
Шілдехана-той болды кішігірім
Қараша үйде жыртығынан жел үрлеген.

Ұлды болған әкеде ес қалмады,
Қуанғаннан жанардан жас парлады.
Сол бір күннің елесі кетпес естен
Кілең себек жайлаған Есболдағы.

Таусыла ма тірліктің жыры күйбің,
Атқарарсың міндетін түбі бидің.
Орысша сауат ашты, тіл сындырып
Орыс-қазақ мектебінде «Қызыл үйдің».

Бүршік жарып, жас қайың көктеді ме,
Күтіп тұрды өмірдің өткелі де...
Білімін одан әрі жетілдірді
Үйшіктегі қазақ-орыс мектебінде.

Жауапты жұмыстар көп бір басында,
Уақыт жоқ, құрбылармен сырласуға.
Үйшіктегі азулы бір болыстың
Өзі болды хатшысы, тілмашы да.

Жас жігіттің жүзінде нұр ойнады,
Елінің болашағын мың ойлады.
Хатшысы боп ауысты Тәжмағамбет
Уезінде болыстың Жылойдағы.

Сену қиын жалған деген алдамшыға,
Көкті тілген қанатты сол қаршыға.
Жылойға ауыстыру жас кадрды
Қазіргіше баспалдақ болған сірә?

Басайық бір мұңдылау сыр пернені,
Рух сілкініп, кеудені жыр кернеді.
Гурьев болысының сайлауына
Жазылған кандидат боп тіркелгені.

Бейнебір түнде жанған даладағы от,
Жайық беттен соққандай самала леп.
Жүріп жатты Құмшығанақ ауылында
Кеңестің хатшысы боп, төраға боп.

Гурьевтің Бақсай деген бар ауданы,
Жастық жалын от болып алаулады.
Дүр сілкінтіп Октябрь келіп жетті.
Желбіреген қып-қызыл жалаулары.

Жүрегіңді жылатып, жатса қайғың,
Сырларыңды іштегі досқа жайдың.
Іс-қағазды сауатты жүргізетін
Міндетін атқарды ол поштабайдың.

Қалай ғана көрісер бүгін елмен,
Некен-саяқ соғыстан тірі келген.
Қара қағаз қолында... жылап үнсіз
Қаралы үйге кіреді күңіренген.

Тағдырына бас иіп, көндіккен көп,
Шығарып салған жарын «сендікпін» деп
Үзіп-жұлып айтады: «қайтыс болды»
Сталинград түбінде ерлікпен деп...

Жабысты бір ауыз сөз бәлелі боп,
Шырмады тергеу ісі, әлегі көп.
Сөз арасы ауылдасқа айта салған:
«Қызыл әскер шегініп келеді» деп.

Ауырлау ар алдында жазаң бұдан,
Өзгешелеу өлімің ажалдыдан.
Тоқылдақтар түбіне жетті ердің
Тіміскілеп ел ішінде сөз аңдыған.

Бүлдірген солар ауыл тұнық кешін,
Басар біреу оған қару шүріппесін.
Үрейменен жер басып жүр тірі өліктер
Сатқындар сүйретіп ит сілікпесін.

Басқан ізі аяздай сықырлайды,
Бит шаққандай білінбес үкім-қайғы.
Түптің түбі қорқаулар қара ниет
Құдайдың жазасынан құтылмайды.

Архив дерегі: "Мастеков Тәжмағамбет Есенғараұлы Есбол (11 ауыл) ауылдық почта меңгерушісі болып, қызметін атқарған кезінде 11.10.1941 жылы ҚК-нің 58 бабы, 10 тармағы, 11 бөліммен үгіттеу кінәсі бойынша қамауға алынған. Гурьев облыстық сотының 1942 жылы 9 қаңтардағы үкімімен 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған. ҚССР Жоғары Сотының ұйғарымымен 18.08.1960 жылы қылмыстық құрамы болмауына байланысты қысқартылып, 08.10.1960 жылы есептен алынған..."
         

 Соңғы сапар

Бастан өтті сұрқия талай заман,
Тамырында қазақтың қаны ойнаған.
Екі кештің арасында кете барды
Есіл ер алыс жақтың дәмі айдаған.

Итжеккен бе, Магадан Колыма ма,
Қош ,-деді де Мақта аруға-дариғаға.
Жат жерде үзілді ме, қайран сапар
Тілін де келтірместен кәлимаға.

Алға ұмтылып, сүрініп, сан құлаған,
Қырын қарап, қатыгез тағдыр оған.
Күрсінгенде көкірегі қарс айырылды
Мақта ханым жүрегі қан жылаған.

Бас көтертпей ауыр ой, қайғы нала,
Ұлдарына пана болған айбын ана.
Жол-жөнекей боздақтардың сүйектері
Шашылып қалды ма екен сай жырада.

Көрінгеннен қымсынып, тасаланды,
Жуытпай маңайына еселеңды.
Хабарсыз кеткен жарын күтуменен
Мақта ананың қудай боп шашы ағарды.

Қайтсін енді, өмірден түңіле ме,
Бұраң белі қайғыдан бүгіле ме?
Он жыл күтті жан-жарын күтуменен
Қоса алмай өліге де, тіріге де.

Адыра қалып ананың ақ арманы,
Сілкіп тастап тамшыны жанардағы.
Анда-санда жүргенмен түсіне еніп
Бәрібір ол туған үйге оралмады.

Қайып әнін шырқады-«Ақ бөбекті»,
Дей алмайды: «өмірім текке өтті».
Төрт ұлдың арасында бір тал гүлі
Әлдилеп отырады Ақмәнеттті.

Тыңдайды табиғаттың тылсым үнін,
Көргенде бүр жарғанын бүршігінің.
Түніменен жүн түтіп, жіп иіріп
Майданға жөнелтеді жүн шұлығын.

Үміт үзбей боздағын жүрді күтіп,
Қайғыны да көтеріп, бірде ұмытып.
Жыңғылдай жаны сірі Мақта ананы
Ауылдастар сыйлады үлгі тұтып.

Қиындықтан қаймығып, тайсала ма,
Бәрін жеңді, салмақ салып ой санаға.
Ұйтқи соққан дауылға қарсы жүрді
Емендей илікпеген қайсар ана.

Төккен жоқ тірлік үшін текке терін,
Ұсынды меймандосқа, көпке төрін.
Алмағайып заманда тістелеумен
Жеткізді ұрпақтарын текті әкенің.

Лаулады шаңырақта маздаған от,
Ешкім сірә, жазмыштан озбаған деп.
Шүйкедей кемпір өтті бұл фәниден
Жары еді ол-халық жауы Тәжмағамбет.

Қанат қақты ұядағы балапан да,
Аялап аналарын алақанда.
«Халық жауы» сүйекке сіңіп қалған
Өшпей қойды қарғыс атқыр қара таңба.

         Бердіқожа-бел баласы 

Жазылмас дертке айналған жан жарасы,
Таусылмайды тірліктің қарбаласы.
Халық жауы атанған ел ішінде
Бердіқожа-Тәжмағамбет бел баласы

Тыныстады құйрығын қысып қоғам,
Сақтанып: «торға бір күн түсіп қалам.»
Алыстан аңдып жүрді арыстарды
Жезтырнақ жымысқы жау мысықтабан.

Ақылдың керегі жоқ түсінуге,
Көк тиын құны болмай кісінің де.
Білді олар сырттандардың сағы сынса
Таланған ит түлкі алмайды күшігінде.

Қан құсты небір жампоз қаһармандар,
Үстемдік құрған кезде «қатал заңдар».
Әкесі халық жауы, ал баласы
Тізімінде саяси шаталғандар.

Шапқан аттай бауырын енді жаза,
Қиқу салмай жүйріктер қан қыза ма.
Аяқасты соғысқа кете барды
Тәжмағамбет-бел баласы Бердіқожа.

Көз алдында соғыстың ойрандары,
Біреулердің басынан тайған бағы.
Қара тізім. Тағдырластар тізе қосты
Алғы шепте далалық майдандағы.

Сақтайды ажалсызды Хақ тағалам,
Шығарады мақтаны оттан аман.
1942-қаһарлы жыл
Сталинград түбінде оқ бораған.

Көзге түсті ерекше дараланып,
Жатпаса да ерлігі бағаланып.
Қызыл қанға боялып, жатты үнсіз
Жас жауынгер жамбастан жараланып.

Ерлігіне батырдың сүйінесің,
Тағдырына қатігез күйінесің.
Соғысқа сұранады Бердіқожа
Госпитальда көзді ашып, жиып есін.

Есінде жүрегінің жиі ұрғаны,
Жат жерді балдақпенен шиырлады
Кеуделерге тізілген орден, медаль
Ал бұған «Алғыс хат» та бұйырмады.

Заңсыздық па, қысастық демей қара,
Не деп жауап бересің, сен ойлана.
Халық жауы баласы-қайда барса
Қоғамнан шеттетілген өгей бала.

Жауса да туған жерде гүл төбеден,
Тілді тістеп, айтарымды ірке берем.
Соғыстың бірінші топ мүгедегін
Военкомат есепке ап, тіркемеген.

Тағдыр оны аяусыз сілкіледі,
Жан жарасы-табылар бір күн емі.
Өкініші өзегін өртеп өткен
Құдайдың да сұраусыз бір құлы еді.

        Архив деректері: "Бердіқожа Тәжмағамбетұлы соғыста 57-армия құрамындағы 303 атқыштар дивизиясының, 64- атқыштар корпусындағы 849-атқыштар атқыштар полкінде пулеиетші қызметін атқарған. Анықтама: Дала фронты (Степной фронт). Ресей Федерациясының Москва облысы, Подольск қаласының орталық архивінен 21 ақпан, 2024 жылы келген. 1943 жылы үйге жазған хаттарындаадресі: Полевая почта в/ч 78132.8 «Д». Бұл құжат Махамбет аудандық музейінде сақталған..." 

Ұлы бар жарап қалған қолғанатқа,
Ол да бейіл Отанын қорғамаққа.
Соғысқа барғандардың бәрі ардагер
Тек бұл жоқ боп шығады сол санатта.

Алдан тосты өмірдің көп өткелі,
Аз болғандай бір мүшесін кем еткені.
Тіпті анау тылдағылар тегін алған
Әлеуметтік пакеттен дәметпеді.

Жүріп жатты бір жадырап, бір түйіліп,
Сәулеленген санаға нұр құйылып.
Бас есепші колхозда орны бөлек
Түгендеген есепті шырқ үйіріп.

Ей, өмір аз ба сенің құрбандығың,
Садақаға шалса да бір жандығын.
Бақытты боп көрінгенмен сезбеді ол
Тасада ажал күтіп тұрғандығын.

Жайық тасып сол жылы арнасынан,
Қызу қанды қазақта бар ма шыдам.
Осы жолы ағыстың беті қатты
Атқа қонды,-деді де жолға шығам.

Асау толқын жатты сонда салып ойнақ,
Жас жігіттің жүзінде жалын ойнап.
Арғы бетке аман-сау өткізбекші
Колхоздың ірі қара малын айдап.

Төңкерілген толқынның қайқы белі,
Қоғамдық малды қорғау-ой тілегі.
Ашулы, асу бермес ақ Жайықтың
Жарды соққан қуаты жойқын еді.

Бұл жалғанда мәңгілік жоқ па тұрақ,
Біреу өлер абайсыз отқа құлап.
«Халық жауы» баласын ат-матымен
Ағыс алып барады қақпақылдап.

Арпалысты, намысты қолдан берді,
Күтіп тұрған ажалын алдан көрді.
Суырылмай сыр берді үзеңгіден
Жаралы аяқ-соғыстан қалған белгі.

Айтамыз біз Жайықты киелі деп,
Ей, ұрпақ, Ұлы суға иелік ет!
Жүрмейін деп текті жан кетті аттанып
Қоғамның көзге шыққан сүйелі боп.

Еске аламыз жанкешті әз ағаны,
Дүркін-дүркін тарих сөз алады.
Арса-арса сүйегін сүйген құлдың
Жайық-Ана арулап тазалады.

Аз ба елде, боздақтар ұмыт қалған,
Шен-шекпен ауыспайды ұлықтардан.
Аршылды ма білмеймін бағзыдағы
Қара таңба сүйекке сіңіп қалған.

Жау дегенді санадан өшіріңдер,
Рухтарың тербелсін бесігінде ел.
Адасқан ұрпақ едік қарғыбаулы
«Халық жауы!» біздерді кешіріңдер!..