Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Абай ОРАЗ: «Жастықтың соңы – нөсер, басы – жалын...»

Абай ОРАЗ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 1994 жылы 16 желтоқсанда Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында туған. Республикалық, облыстық әдеби байқаулардың жүлдегері. «Бебеу», «Сенің атың - Жауқазын» жыр кітаптарының, «Көрген-баққан» прозалық жинақтың авторы. «Шапағат»,  «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған. 


                                Жезқазғанның жаңбыры 
Шөлейттеу жердің шөбі едім...
Ғ. Жайлыбай

Ақ жауын себелесе алқалы аспан, 
Ызғарын орталатып, тартады ақпан.
Ортаңда жаңбыр мінез бір ақын бар, 
Қосылған, беу, Алматы, Арқа жақтан!

Басады аптап ыстық маңдайға отты,
 Қайтейін, жан шыдамай таңдай кепті.
 Алатау жаққа қарай көңіл алаң,
 Жаңбыры Жезқазғанның жаумай кетті.

Шарқ ұрып сағыныштың сазын ала, 
Ұшайын назырқанып жаныңа, аға! 
Кеңгірдің толқынындай толқып жатқан
 Кеудеңді толтырайын базынаға.

Жезқазған жалғыздықты жиі ұқтырды, 
Жыр жазбай кеудеме шер, күйік тұнды. 
Арқадан ауып кетсем деймін кейде, 
Қайрылмай кеткен ұлар, киік сынды.

Жә, аға, бұдан әрі күрсінбелік, 
Бір күні жұбатады бұлтым келіп.
Күбірлеп жол үстінде жүрдім талай, 
Жағамды көтеріп ап су-су болып.

Ұшпаққа шығарады өз биігім,
 Өлең деп өресі кең сөзге ұйыдым.
Жау енді, жезді өлкенің ақ жаңбыры,
 Еске сал Кәкімбектің «Жезкиігін».

Жастықтың соңы – нөсер, басы – жалын. 
Босама, желқанат жыр, атыңа мін!
Алыстың сағынышын жеткіземін
 Қаныштың бауырына аты мәлім.


Жылқыда жүрген жандай мылтық атып, 
Ақ нөсер жырыңды оқы жұртыңа ақық. 
Жауа түс, Жезқазғанның ақ жаңбыры, 
Қалайық азды-кем күн шұрқырасып!

    М.Әуезов. «Көксерек»
    Қыс дегенің – мал-жанға сынақ ауыр, 
Есік алды қар күреп кіл аға жүр.
Ауызғы үйде шошайып екеу қалдық – 
Мен және апам еститін құлағы ауыр.

Апам кітап оқы деп:
– Өмір сенің –
көрер жарық дүниең!
Менің сөзім
іске алғысыз қалады ертең кетсем.
–    Олай неге айтасың, көңілшегім?!

Ұқпасақ та тереңдеп ештеңені,
Қолға алынар Мұхаңның «Көксерегі».
–    Құрмаш бала бөлтірік асырапты!
Не болды екен, – дейді апам, – көксегені?..

Кәріге ермек – қайғыға қайғы жамай 
күн өткізу, көңілден жай құлады-ай. 
Кемсең қағып иегі жылайды апам:
     Сенім бар ма ит-құсқа, әй, құдай-ай!..

Шөл 
Құдық басын кептірген шілде қақтап.
–    Мына келген қай аптап?
–    Күндегі аптап!
Қос басында кепкен мал тырп еткен жоқ, 
Әлдеқашан өретін қырға қаптап.

Қосқа қожа екі адам – шал мен жалшы.
 Екеуінің жайылған әлден даңқы.
–    Тірісің бе?
–    Көміп пе ең? (жалшы есінеп) 
–    Екі қыңыр өреді сөзден қамшы.


Ащы суға лықсиып тойып алып,
 бірде жалшы өрісте қойы қалып,
Өлдім-талдым дегенде қосқа жеткен
Көбігі атып аузынан, шайыры ағып.

Сыбайды кеп шатақ шал, бұрқылдайды,
 Шілде келсе астауда су тұрмайды.
Есін жиып алған соң жалшы:
–    Шалдың шашын алып берем... – деп қутыңдайды.
Әбіштің жазу үстелі
 Сенің жазу үстеліңде – 
Қанша тағдыр бар?
Ойла –
Атбегің мен құсбегің де,
 Жаза тартты сарайда.

Мұнараның зәу басынан 
Көрінгенде таң сайын
 ынтық шебер...
Ауласынан
шықса кіші ханшайым.

Бас шебердің нақақ жасы
 Ұлы шөлді суарды.
Әміршінің сақал-басы 
Әудем жерде қуарды.

Еңсеп шыңнан құдық қазды –
 Бойлай берді түбіне.
Ел-жұрт аң-таң тұрып қалды, 
Өлі ме, әлде тірі ме?

Тақтан тайды тақсыр талай.
 Өкініштен өртеніп.
Алып қорған, соқтың сарай, 
Алтын-күміс көмкеріп.

Махаббат бар езуде әккі – 
Қанша мойын қырқылды? 
Ішін жарып көміп жатты 
Мылқау, мәңгүрт түн сырды.


Дүр Қағанның ажалына – 
тап келді Әйел өңірі.
Дүниенің базарына 
Аңыз болды ең ұлы!

Алмас сапы – бір қателік,
 Кірмес дейсің түске кім?
 Соның бәрін тұр көтеріп 
Сенің жазу үстелің!
Қабырғадағы картина
Көкжиектің үрпісін сағым сорып 
жатқан дөңге қозы-лақ бағушы едік. 
Ыңылына бас қойып ертелі-кеш,
 Ырымына шешенің кәміл сеніп.

Қоймаған соң қыли күн қыршып еппен, 
Тамыз төсін түйе бұлт бүркіп өткен.
Қиғаш алып қыр жақты шұрқырайды, 
Қыз бұрымы секілді жылқылы өткел.

Жел кептіріп сәскеде бетті шақар, 
Күреңітіп күтеді кешкі сапар.
Таң жамылып жетуші ек қойшы ауылға,
 Су сүмектеп дамбалдан ешкі сақал.

Терезенің тұсында үт басылып, 
Қалған еді сілтідей сырт та тынып. 
Бала күшік аптаптан үйге кірді – 
Ала мысық үрпиіп шықты атылып.

Тоқтам бөлек, іштегі ыза бөлек, 
Міз бақпадым төбелес қызады деп.
Жеңгем мені ұршықпен нұқып қалды:
– Жаңа жайған құртымды бұзады, – деп.

Мен сені ертпен өзіммен әуре қылып, 
Бұ көштен қалам десең, қал бөлініп.
Ауыл жатыр үндемей сыртын беріп, 
Сыралғы жеңешемдей паң керіліп.

                 Ұзақбай
                   (Баллада)

Иен дала шегі жоқ ыспа құм-ды, 
Сықпыты сыпсыған жел, үт – жамылғы.
 Қырымқұл қонған ауыл паң көсілген,
 Ару аттап шыққандай тысқа нұрлы.

Қаңсып қалған астаудың әлпетіндей;
жалтақтатпай, жарлы етіп, жалқы өсірмей, 
қайран шеше баланы оннан тапқан,
Қой асықтың алшы, омпа, тәйкесіндей.

Баталы елге – сөз қайғы, мұрат қайғы.
Қазжан шалдан бір тұяқ – Ұзақбай-ды. 
Қияға кең кеткен ой шідерленбей,
Жиі ағекем мінгенін ұзатпайды.

Бүккен қалпы іс тіккен бір ерінбей,
Біздің шөл ақмоншақ қыз білегіндей.
Домбырасын қолға алып сазарады өң,
Шайыры аққан еспе құм үлегіндей.

Сексен саз бар сағада тұрған сыңсып, 
Бір қандырған шөлімді, бір қаңсытып.
Кейде осы шал еріген қорғасындай,
Құяды әкеп кеудеме жыр балқытып.

Содан кейін дүние көшеді кеп, 
Торығамын, құлазып, неше жүдеп. 
Маңдай терім ағады – ол неткені, 
Маңдай сорым секілді бес елі боп.

Бүлкіліндей баяулап Бозінгеннің, 
Ілкі іңірде шалдардың көзін көрдім.
Бозбаладай бүлкекке қайта бастым, 
Жайы осы екен дегем жоқ езілгеннің.

Күйші кеткен, бұл маңнан жыршы кеткен, 
Көлбеңдейді көз жасым ыршып еппен. 
Мен бір әнге басайын – жүйрігің ем, 
Сейілмеді кеудемнің бұлты көптен.

Ұйлықпалы желдей боп үзік сарын,
 Құлағыма келеді – түк ұқпадым.
Ұзақбай шал үйінен ұзағалы, 
Ауыл жатыр ішіне бүгіп бәрін.

Есенғали Раушанов қазасына
Көл болған көз жасыма үйрек жүзді,
Мен бұлай жоқтағам жоқ сүйген қызды.
Мен сүйдім ат көрінбес ақ түтекті,
Сен сүйдің жағал қанат жирен күзді.

Түсімде кісінеп тұр көкмойнақ ат.
Даланы шаңға көміп шаппай қарап.
Ол неге жерді тіліп құйғымайды,
Жалы мен құйрығына шоқ байлап ап.

Біледі ол жердің барын, аспан барын,
Қарашы қара көзден жас парлауын.
Іздеп тұр үрке соқтап үркер ауа
Көкке ұшқан қара өлеңнің қасқалдағын!

Қасқалдақ пыр-пырлады, жырақ кетті,
Ендігі ол аспан жақтан тұрақ тепті.
Жұрттар да Кеңсай жаққа ұзап кетті, 
Бұлттар да бұйраланып шұбап көшті.

Қисайған түн де бөлек іргеме кеп,
Басады солығымды үндеме деп.
Құстарға, періштеге, періге де,
Айту да қандай қиын бірдеңе деп?!

Жұбатып өкінішін шерткен елді,
Біз қалдық қашап-ойып ескі өлеңді.
Тұрқы да тәмам елді таңырқатқан,
Тұқымы қаракөктің, қош бол енді!