Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Жоғалған кәсіптер музейі

     Бір сәт көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Сәби шағымда нағашым әжем енесінің жасауына ере келген көне тас диірменді айналдырып тұз тартатын. Алдына үлкен алжапқышын іліп ап, диірменнің ағаш тұтқасын мықтап ұстайтын да, бүкіл денесімен ырғатыла жөнелетін. Ауыл тұрғындары шолан тұздары мен тарысын әжеме тартқызатын. Ақысына грузин шайын немесе орамал , матасын тастап кетуші еді. Сол шеті жемірілген тас диірмен қаңтарылғалы қашан?.. Әжем де келместің кемесіне мінген. Ал енді өткен өміріміздің өзге де беттерін парақтайық... Қайыстай қатқан денесінен қара тері сорғалап, басына шыт орамалды төрт бұрыштап тағып ап, күрегімен құлаш-құлаш топырақ лақтырған бейнетқор құдықшы... Пошта арбасын тізгіндеген арбакеш... Телефон стансасында жүздеген сымды қолмен жалғап отырған оператор... Ауыл клубында кинопленканы аппаратқа салып, кешкі сеансты бастап жатқан кішкентай балалар үшін шексіз абырой иесі киномеханик... Немесе үйдің алдында тері илеп, ер-тұрман жасап отырған ерші... Бүгінгі ұрпақ үшін бұл көріністер тарихи фильмнің эпизоды секілді әсер қалдырады.

Ал бір ғасыр бұрын бұл адамдар қоғамның ең қажетті мамандары еді. Оларсыз қаланың тіршілігі тоқтап, ауылдың тұрмысы тұралап қалатын.
      Тарихқа көз жүгіртсек, адамзаттың дамуы тек мемлекеттердің немесе өркениеттердің тарихымен өлшенбейді. Әр дәуірді сол заманның кәсіптері де айқындайды. Өйткені кез келген мамандық – қоғамның белгілі бір қажеттілігінен туған құбылыс. Қажеттілік өзгерген сайын кәсіп те өзгереді. Кейбірі жаңарып, жаңа сипат алады. Кейбірі біржола жоғалады. Яғни, кәсіптің де өз тағдыры, өз жолы бар. Бүгінде жасанды интеллект, роботтандыру және цифрлық технологиялар көптеген мамандықтың болашағын қайта қарауға мәжбүрлеп отыр. Сарапшылар алдағы онжылдықтарда қазіргі жүздеген кәсіптің бір бөлігі автоматтандырылатынын айтады. Бұл үрдіс бізге тосын көрінгенімен, адамзат тарихында мұндай өзгерістер талай рет болған.
     Бір кезде қазақ даласында ерші, жүгенші, арбакеш, диірменші немесе құдық қазушы сияқты кәсіптерсіз өмірді елестету мүмкін емес еді. Кеңес дәуірінде телеграфшы, телефонист, киномеханик, әріп теруші, бейнекассаны жөндеуші секілді мамандықтар сұранысқа ие болды. Ал бүгін олардың көбі мұражай жәдігеріндей ғана еске түседі. Бұл – өркениеттің табиғи заңдылығы. Өйткені қоғам ешқашан бір орында тұрмайды.Алайда жоғалған кәсіптерді «керексіз болған мамандықтар» деп қабылдау қате болар еді. Олар – белгілі бір дәуірдің тұрмысын, технологиялық деңгейін, экономикалық қатынасын және адамдардың күнделікті өмірін бейнелейтін тірі куәліктер. Егер тарихты сарайлар мен соғыстар ғана жазбай, қарапайым адамдардың еңбегі де қалыптастырса, онда жоғалған кәсіптер – сол тарихтың үнсіз сөйлейтін беттері.
      Мәселен, бүгін «құдық қазушы» деген мамандықтың қажеті шамалы болуы мүмкін. Бірақ оның жоғалуы адамдардың суды қалай пайдаланғанын, ауылдың қалай орналасқанын, тіршіліктің қалай ұйымдастырылғанын көрсетеді. Алайда, кез келген техникатоқтап қалса, аам ақыры өзінің екі қолына жүгінетіні де, алыс мекендерде әлі де құдық қазушылардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сол сияқты киномеханиктің жоғалуы – киноның жоғалғанын емес, технологияның өзгергенін білдіреді. Ал қолмен әріп терушінің тарих сахнасынан кетуі – кітаптың емес, баспа ісінің жаңа кезеңге өткенінің белгісі.
      Біз көбіне тарихты батырлар мен билеушілер арқылы танимыз. Ал күнделікті өмірдің тарихы қарапайым еңбек адамдарының қолымен жазылды. Сондықтан жоғалған мамандықтарды зерттеу – өткенге деген сағыныш емес. Бұл – қоғамның қалай өзгергенін түсінудің бір жолы. Ең қызығы, дәл қазір біз өзіміз де осындай тарихи кезеңнің куәсіміз. Бұрынғы буын үшін таңсық болған бағдарламашы, SMM маманы немесе дрон операторы бүгін қалыпты кәсіпке айналды. Ал ертең олардың орнын мүлде басқа мамандықтар басуы әбден мүмкін. Бәлкім, елу жылдан кейін бүгінгі кеңсе қызметкері немесе банк операторы туралы да «бұрын осындай кәсіп болған» деп еске алмауымызға кім кепіл?.. Демек, әр заман өз кәсібін тудырып, өз кәсібін тарих қойнауына аттандырады. Біз сол өзгерісті тоқтата алмаймыз. Бірақ оны түсіне аламыз. Өйткені жоғалған кәсіптердің тарихы – адамзаттың жоғалтқаны емес, оның қалай дамығанының шежіресі.
Қазақ даласында жоғалған кәсіптер
    Кәсіп жоғалғанда біз тек бір мамандықтан айырылмаймыз. Біз сол кәсіппен бірге қалыптасқан өмір салтының, еңбек мәдениетінің, сөздік қордың, тәжірибенің және дүниетанымның бір бөлігін жоғалтамыз. Қазақ қоғамындағы кәсіптердің басым көпшілігі табиғатпен, көшпелі өмір салтымен және қол еңбегімен астасып жатты. Әр кәсіп белгілі бір тұрмыс қажеттілігін өтеп қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтының ажырамас бөлшегіне айналды. Әр шебердің өз орны, мызғымас беделі болды. Олар жасаған бұйымдар күнделікті тіршілікті қамтамасыз етсе, олардың білімі мен тәжірибесі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырды. Бүгінгі көзқараспен қарағанда бұл кәсіптердің кейбірі тым қарапайым көрінуі мүмкін. Алайда өз дәуірінде оларсыз өмірді елестету мүмкін емес еді.
      Мәселен, қазақтың атқа міну мәдениетін ершісіз көзге елестету қиын. Ат – көшпелі өмірдің тірегі, сенімді серігі әрі көлік құралы болса, ерші – сол мәдениеттің көрінбей қалған шебері еді. Ол ер-тоқым, үзеңгі, айыл, өмілдірік сияқты ат әбзелдерін жасап қана қоймай, әр адамның жасына, жынысына,  дене бітіміне, мініс ерекшелігіне қарай бейімдеп әзірлейтін. Ердің сапасы жолаушының жайлылығына да, жауынгердің қауіпсіздігіне де тікелей әсер ететін. Бүгінде зауытта өндірілген дайын бұйымдар бұл кәсіптің орнын басты. Ауыл тіршілігінің тағы бір маңызды тірегі диірменші болды. Су немесе жел күшімен жұмыс істейтін диірмендер бір ғана отбасының емес, тұтас ауылдың азық-түлік қажеттілігін өтейтін. Астықты ұнға айналдыру – қарапайым жұмыс емес, ауылдың күнделікті өмірін қамтамасыз ететін маңызды қызмет еді. Электр қуаты мен өнеркәсіптік диірмендер кең тараған сайын ғасырлар бойы қалыптасқан бұл кәсіп те біртіндеп тарих қойнауына кетті.
    Қазақстанның шөлейт және жартылай шөлейт өңірлерінде ерекше қадірленген кәсіптің бірі  құдықшылық еді. Жердің құрылымын, су көздерінің бағытын дәл болжай білетін құдық қазушылардың еңбегі кейде бүтін бір ауылдың тағдырын шешетін. Олар ондаған метр тереңдікке дейін құдық қазып, елдің де, малдың да тіршілігіне нәр беретін су көзін ашатын. Қазіргі заманда бұл істі арнайы техника атқарғанымен, табиғаттың тілін түсінетін құдықшылардың тәжірибесі халық даналығының бір бөлігі болып қалды. Өзен-көлге бай өңірлерде қамыс тоқу да үлкен кәсіп саналды. Сырдария, Іле, Жайық бойында қамыстан үйдің қабырғасы өріліп, қора-қопсы салынды. Жеңіл, жылы әрі қолжетімді бұл материал ғасырлар бойы халыққа қызмет етті. Құрылыс технологиялары дамып, жаңа материалдар пайда болған соң қамыс шеберлеріне деген сұраныс азайды.
     Ал теміржол мен автомобиль дәуірі басталғанға дейін ел ішіндегі қатынастың негізгі күші арбакештердің мойнына жүктелген. Олар жолаушы тасып, сауда керуендерін жеткізіп, елді мекендерді бір-бірімен байланыстырды. Бүгінгі тілмен айтсақ, олар өз заманының такси жүргізушілері әрі логистика мамандары еді. Қазақтың дәстүрлі тұрмысында тұрмыстық бұйымдардың бәрі қолдан жасалатын. Малдың терісі иленіп, одан аяқкиім, киім, ыдыс-аяқ әзірленді. Табиғи шикізаттан сабын қайнату да күнделікті тіршіліктің қалыпты кәсібі болатын. Уақыт өте келе бұл жұмыстардың барлығын өнеркәсіптік өндіріс алмастырды. Қол еңбегі біртіндеп зауыттық өнімге жол берді.
      Технологиялық өзгерістер тек дәстүрлі қазақ кәсіптерін ғана емес, ХХ ғасырдың ең беделді мамандықтарын да айналып өткен жоқ. Бүгінгі жастардың көбі газет пен кітаптың бір кезде әріптерді қолмен теру арқылы басылғанын біле бермейді. Бір ғана кітапты баспаға әзірлеу үшін мыңдаған қорғасын әріпті бір-бірлеп орналастыратын мамандар болды. Компьютерлік беттеу жүйелері пайда болған соң ғасырларға созылған бұл кәсіп санаулы жылдың ішінде жоғалып кетті. Байланыс саласында да сондай өзгеріс орын алды. Кезінде телеграфшылар мен телефон стансасының операторлары аса жауапты қызмет атқарды. Телеграмма қабылдап, телефон желілерін қолмен қосатын бұл мамандар тәулік бойы жұмыс істейтін. Ал бүгінде олардың міндетін цифрлық технологиялар көзге көрінбей-ақ атқарып келеді. Сол сияқты ауыл клубындағы киномеханик те бір дәуірдің символы болатын. Кино көрсетілетін кеш ауыл тұрғындары үшін үлкен оқиға саналды. Пленканы аппаратқа мұқият орнатып, әр сеанстың мінсіз өтуіне жауап беретін киномеханикті балалар да, үлкендер де ерекше құрметтейтін. Цифрлық кино технологиясы келген соң бұл мамандық та өткеннің еншісінде қалды.
     Осындай мысалдарды әлі де көптеп келтіруге болады. Бірақ мәселе жоғалған кәсіптердің санында емес. Ең маңыздысы – олардың әрқайсысы өз дәуірінің нақты қажеттілігінен туған. Қоғам өзгерген сайын сол қажеттілік те өзгерді, ал қажеттілікпен бірге кәсіптер де тарих қойнауына аттанды. Бір қызығы, олардың ешқайсысы бір күнде жоғалып кеткен жоқ. Көптеген кәсіп жаңа технологиялармен ондаған жыл қатар өмір сүрді. Біртіндеп сұранысы азайды, кейін олардың орнын жаңа мамандықтар басты. Сондықтан жоғалған кәсіптерді «керексіз болған мамандықтар» деп емес, өз тарихи миссиясын абыроймен атқарып, дәуір эстафетасын келесі буынға тапсырған кәсіптер деп қабылдаған дұрыс.
Тарих қайталанбайды, бірақ ұқсайды...
     Жоғалған кәсіптер туралы сөз болғанда, мұны қазақ қоғамына ғана тән құбылыс деп қабылдауға болмайды. Керісінше, бұл – адамзат өркениетінің ортақ заңдылығы. Әрбір технологиялық серпіліс жүздеген жаңа мамандықты дүниеге әкелсе, дәл сонша кәсіптің тарих сахнасынан кетуіне себеп болды. Мәселен, ХІХ ғасырдың соңына дейін Еуропаның көптеген қалаларында шам жағушылар жұмыс істеді. Олар кеш түсе көшелерді аралап, газ шамдарын біртіндеп жағып шығатын, таң ата қайта өшіретін. Бұл аса жауапты қызмет саналды. Өйткені қаланың қауіпсіздігі мен түнгі қозғалысы солардың еңбегіне байланысты еді. Алайда электр жарығы кең тараған соң бұл кәсіп бірнеше жылдың ішінде-ақ жоғалып кетті. Сол сияқты бір кездері Солтүстік Америкада мұз кесушілер үлкен сұранысқа ие болды. Қыс мезгілінде көлдердің қалың мұзын кесіп алып, арнайы қоймаларда сақтайтын. Жаз бойы сол мұз қонақүйлерге, мейрамханаларға, ауруханаларға, ауқатты отбасыларға сатылатын. Тоңазытқыш пайда болғаннан кейін бұл кәсіптің де қажеті қалмады.
       ХХ ғасырдың алғашқы жартысында лифт жүргізушісі деген мамандық болғанын бүгінгі жастардың көбі білмейді. Алғашқы лифтілер автоматты емес еді. Қызметкер кабинаны қажетті қабатқа дәл тоқтатып, есігін қолмен ашып-жабатын. Қазіргі автоматтандырылған жүйелер бұл мамандықты тарих бетіне қалдырды. Сол сияқты телефон байланысы дамыған кезеңде мыңдаған әйел телефон коммутаторының операторы болып жұмыс істеді. Қоңырау шалған адам өздігінен байланыса алмайтын. Арнайы оператор қажетті сымды екінші абоненттің желісіне қолмен қосатын. Цифрлық байланыс жүйелері енгізілгеннен кейін бұл мамандық та біртіндеп жойылды. Баспахана тарихында да осындай өзгеріс болды. Ғасырлар бойы кітап пен газет қолмен терілген қорғасын әріптер арқылы басылып келді. Әріп терушілер мәтінді әр таңбаны жеке орналастырып жинақтайтын. Компьютерлік беттеу технологиясы бұл еңбекті бірнеше есе жеңілдетіп, бұрынғы мамандықтың орнын жаңа кәсіптерге берді.
     Тарихшылар мен еңбек нарығын зерттеушілер мұндай өзгерістерді қалыпты құбылыс деп есептейді. Себебі кез келген кәсіп қоғамның белгілі бір қажеттілігін өтеу үшін пайда болады. Қажеттілік өзгерсе, кәсіп те өзгереді. Бір қызығы, кәсіптердің жоғалуы көбіне экономикалық немесе технологиялық себептермен түсіндірілгенімен, оның артында мәдени өзгерістер де жатады. Мәселен, арбакештің жоғалуы тек автомобильдің шығуымен байланысты емес. Ол адамдардың қашықтық туралы түсінігінің, сауда жасау тәсілінің, қала құрылысының өзгергенін де білдіреді. Ал ауыл киномеханигінің жоғалуы – кино өнерінің құлдырауы емес, көрерменнің фильм көру мәдениетінің өзгеруі. Демек, әрбір жоғалған кәсіп – өткеннің сарқыншағы емес. Ол адамзаттың жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсететін үнсіз белгі.
Ертең музейге қай кәсіп қойылады?
     Тарих бізге бір нәрсені анық көрсетті: ешбір кәсіп мәңгілік емес. Бір кездері қоғам үшін ауадай қажет болған мамандықтар бүгінде музей экспонатына айналды. Олардың орнын жаңа технологиялар мен жаңа өмір салты басты. Бүгін де дәл сондай тарихи кезеңнің куәсі болып отырмыз. Жасанды интеллект, автоматтандыру және цифрлық технологиялар еңбек нарығын бұрын-соңды болмаған қарқынмен өзгертуде. Күнделікті қайталанатын жұмыстарды алгоритмдер мен машиналар атқара бастады. Банктегі қарапайым операциялар, билет сату, анықтамалық қызметтер, аударма, мәтін өңдеу, тіпті шығармашылықтың кейбір түрлері де жаңа технологиялардың ықпалына түсті.
     Бұл өзгеріс көптеген адамды алаңдатады. «Жасанды интеллект адамдардың орнын баса ма?» деген сұрақ жиі қойылады. Алайда тарих басқа нәрсені аңғартады. Әрбір технологиялық төңкеріс бір мамандықтарды тарихқа айналдырғанымен, сонымен бірге бұрын болмаған жаңа кәсіптерді өмірге әкеліп отырған. Кеше ғана ешкім «мобильді қосымша әзірлеуші», «дрон операторы» немесе «SMM маманы» деген кәсіптерді білмейтін. Бүгінде олар еңбек нарығының қалыпты бөлігіне айналды.
     Дегенмен жасанды интеллекттің айырмашылығы – оның тек дене еңбегін емес, ой еңбегінің бір бөлігін де атқара алатындығында. Сондықтан болашақта кейбір мамандықтардың мазмұны түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бірақ бұл адамның қажет болмай қалатынын білдірмейді. Керісінше, адамның шығармашылық ойлауы, сыни талдауы, моральдық жауапкершілігі, күрделі шешім қабылдау қабілеті бұрынғыдан да жоғары бағалануы ықтимал. Бәлкім, бірнеше онжылдықтан кейін бүгінгі кейбір кәсіптердің атауын балалар музейден көріп таңырқайтын шығар. Олар «кассир», «жолақы тексеруші», «диспетчер» немесе «қарапайым оператор» деген мамандықтардың болғанына сенбеуі де мүмкін. Ал біздің заманымыздың цифрлық кәсіптерінің бір бөлігі де тарихтың еншісіне айналар. Сонда «Жоғалған кәсіптер музейі» тағы да жаңа экспонаттармен толығады.
    Бірақ музейдің басты міндеті – жоғалған дүниеге жоқтау айту емес. Оның міндеті – уақыттың қалай өзгергенін көрсету. Өйткені кәсіп жоғалады. Қажеттілік өзгереді. Технология жаңарады. Ал адамзаттың ең басты кәсібі – өзгеріске бейімделу – ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Мүмкін, бір күні жасанды интеллект расында да көптеген мамандықты музей сөресіне шығарар. Бірақ сол музейдің есігін ашып, өткенді түсіндіріп, жаңа дәуірдің мәнін ұғындыратын тағы да адам болады. Өйткені кез келген технологияны жасайтын да, оған мағына беретін де – адам.

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді