Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

ПАССИВ ТАБЫС: ЕРКІНДІК ПЕ, ЕЛЕС ПЕ?

Жұмыс істемей өмір сүру қанша тұрады?


      Сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамда жұмыс істемей-ақ жайбарақат өмір сүру үшін қанша ақша керек? Бір қарағанда, оғаш сұрақ. Ақша табу үшін жұмыс істеу керек емес пе? Бірақ әлемде бұл қағидаға басқаша қарайтын адамдар бар. Олар жас кезінен табысының едәуір бөлігін жинап, инвестицияға салады. Түпкі мақсат - жалақыға телмірмей, жинаған капиталының есебінен күн көру. 
     Мұндай өмірдің ғажайыбы өзінен-өзі түсінікті. Құла таңмен көзіңді тырнап ашып, жұмысқа тұра шаппайсыз. Айдың соңында сарылып жалақы күтпейсіз. Қаласаңыз, басқа кәсіппен айналысасыз, қаламасаңыз, бірнеше ай мұңсыз демаласыз. Қысқасы, уақытыңызға өзіңіз иелік етесіз. Бұл арманды «сатушылардың» ұраны тіпті қарапайым: «Ақша сіз үшін жұмыс істесін!» Әдемі естіледі. Тек ақша сіз үшін жұмыс істеуі үшін әуелі оның өзі болуы керек қой. Қанша ақша? Мәселен, Атырауда тұратын адамға ай сайын 300 мың теңге қажет делік. Жылына — 3,6 млн теңге. Осы шығынды жалақысыз өтеу үшін оның қолында қанша капитал болуы тиіс? 10 миллион ба, 20 миллион ба, әлде 100 миллион теңге ме?
      Осы сұрақтың жауабын іздеп, қаржылық тәуелсіздік туралы шетелдік тәжірибені Қазақстандағы табыс пен жинақтау мүмкіндіктерімен салыстырып көрдік.


Америкада пайда болған арман
     АҚШ-та FIRE деген қозғалыс бар. Ағылшын тіліндегі Financial Independence, Retire Early тіркесінің қысқартылған түрі. Қазақша мағынасы — қаржылық тәуелсіздікке жетіп, жұмыстан ерте кету. Оның жақтастары табысының бір бөлігін тұрақты жинап, инвестицияға бағыттайды. Жинағы жеткілікті деңгейге жеткенде күнделікті шығынын сол капиталдың есебінен өтеуді көздейді. Бұл міндетті түрде өмір бойы жұмыс істемеу деген сөз емес. Кейбіреулер үшін жүйкені жегідей жеген қызметінен кету немесе уақытын өз қалауынша өткізу мүмкіндігі.
     АҚШ-та қаржылық тәуелсіздікке жетуді жоспарлайтындар арасында «4 пайыз ережесі» кеңінен белгілі.Оның мәні мынадай: адам инвестициялық капиталының бастапқы мөлшерінің 4 пайызын бірінші жылы жұмсап, кейінгі жылдары сол соманы инфляцияға қарай түзетіп отырса, қаражаты ұзақ уақытқа жетуі мүмкін. Бұл — АҚШ қор нарығының өткен кезеңдердегі көрсеткіштеріне сүйенген есеп, демек, жалпы жұртқа жарайтын дайын формула емес. Дегенмен қаржылық тәуелсіздіктің бағасын шамалап көруге белгілі бір мөлшерде мүмкіндік береді.
      Енді осы ережеге сүйеніп, өз жағдайымызды есептеп көрейік. Ай сайын 300 мың теңге жұмсайтын адамның жылдық шығыны — 3,6 млн теңге. «4 пайыз ережесі» бойынша оған жылдық шығынынан 25 есе көп капитал қажет. Сонда жұмыс істемей өмір сүру арманының құны 90 млн теңгеге шығады. Жұртшылықтың басым бөлігі үшін бұл — жинау түгілі, қолына ұстап көрмеген қомақты ақша. Ал әлеуметтік желіде желдей ескен жарнамаға сенсең, қаржылық еркіндікке жету әлдеқайда оңай көрінеді. Оның үстіне «4 пайыз ережесінің» өзі мінсіз емес. АҚШ-тағы Morningstar зерттеу ұйымының 2025 жылғы талдауында капиталды 30 жылға жеткізудің 90 пайыздық ықтималдығына негізделген бастапқы алу мөлшерлемесі 3,9 пайыз деп бағаланған. Кейінгі жылдары жұмсалатын сома инфляцияға қарай түзетіледі. Мұнда да кепілдік жоқ.
     Қазақстанда депозиттер бұдан әлдеқайда жоғары пайыз ұсынуы мүмкін. Онда 90 миллионның не керегі бар? Айталық, 24 млн теңге жылына шартты түрде 15 пайыз кіріс әкелді. Бір жылдық табыс — 3,6 млн теңге, айына орта есеппен 300 мың теңге. Сырттай қарағанда, мәселе шешілген сияқты. Бірақ осы кірістің бәрін жұмсап отырған адамның негізгі 24 миллионы өзгеріссіз қалады. Ал баға өсе береді. Бүгін 24 миллионға сатып алуға болатын дүниенің бәрін он жылдан кейін сол ақшаға ала алмауы мүмкін. Келесі жылы банктің дәл сондай пайыз ұсынатыны да белгісіз. Сөйтіп, бір жылдық табысты есептеу мен сол ақшаның есебінен ондаған жыл өмір сүрудің екі бөлек мәселе екені белгілі боп қалды.
      Америкалықтардың қаржылық тәуелсіздікке ұмтылысы Еуропада да өз жақтастарын тапқан. Көпшілігіміз халқын үнемшіл, тәртіпке берік деп білетін Германияда мұндай адамдарды фругалистер деп атайды. Олардың ұстанымы қарапайым: бүгін азырақ жұмсап, көбірек жинау арқылы ертең жұмысқа тәуелді болмау. Германияның ARD қоғамдық телерадиокомпаниясы 2024 жылы осындай өмір салтын ұстанатын инженер Флориан  Вагнер туралы материал жариялаған. Ондағы мәлімет бойынша, сол кезде 37 жаста болған инженер айына 6 мың еуро таза табыс тауып, оның 4,5 мың еуросын жинаған. Сөйтіп табысының төрттен үшін келешегінің кепіліндей сақтап келген. Мұнда таңғалдыратын нәрсе үнемшілдік қана емес. Айына алты мың еуро табатын адамның 4,5 мың еуроны жинауға мүмкіндігі бар. Ал екі мың еуро табатын адам қанша жерден үнемшіл болса да, дәл сондай қаржыны жинай алмайды. Демек, қаржылық еркіндікке жету тек адамның ерік-жігеріне де байланысты емес. Түптеп келгенде үнемшілдіктің де экономикалық шегі бар.

Мұнайлы өңірдегі қаржылық еркіндіктің есебі
     Енді әңгіменің ауанын алыс жұрттан Атырауға бұрайық. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Атырау облысындағы орташа айлық атаулы жалақы 631 555 теңге болған. Еліміздегі жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұнайдың үстінде отырған өңірде ақшаның да мол болуы заңды сияқты. Бірақ мұнайдан түсетін табыс пен қарапайым тұрғынның қалтасына түсетін ақша — екі бөлек әңгіме. Орташа жалақы ұғымы әр атыраулықтың айлығы жарты миллионнан асып жығылады деген сөз емес.
     Айына 600 мың теңге табатын адамды мысалға алайық. Егер барлық шығынынан кейін 100 мың теңге жинай алса, 90 млн теңгеге жету үшін, инвестициялық кірісті қоспаған қарапайым есеппен, 75 жыл қажет. Ай сайын 200 мың теңге жинаса — 37,5 жыл. Әрине, инвестиция табыс әкелсе, мерзім қысқаруы мүмкін. Бірақ оның көлемі де, тұрақтылығы да алдын ала белгілі емес. Оның үстіне біреу ипотека төлейді, екіншісі балаларының оқуына ақша жұмсайды, үшіншісі баспанаға жинайды. Осындай жағдайда бәріне бірдей «табысыңыздың жартысын инвестицияға салыңыз» деу қаншалық орынды?
    Бұл сауалды экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтының директоры Ақмарал Жалғасбаеваға қойдық.
— Пассив табыс табу мен сол табыстың есебінен толық өмір сүру — екі бөлек нәрсе. Біріншісіне белгілі бір жинағы бар адам қол жеткізе алады. Ал екіншісі үшін қомақты капитал қажет. Қазақстанда халықтың табыс деңгейі мен инфляцияны ескеру маңызды. Орташа жалақының жоғары болуы тұрғындардың бәрінде жинақ жасау мүмкіндігі бар деген сөз емес. Оның үстіне депозиттен түсетін пайызды түгелдей таза пайда деп қарастыруға болмайды. Баға өскен сайын ақшаның сатып алу қабілеті төмендейді. Сондықтан инвестициядан түсетін табыстың инфляциядан кейінгі нақты құнын есептеу қажет. Пассив табыс ең алдымен негізгі табысты толықтыратын құрал. Ал қаржылық еркіндікке жету үшін тұрақты табыс, жүйелі жинақ және ұзақ мерзімді жоспар керек, — дейді экономист.
      Қазақстандықтар үшін пассив табыстың ең таныс түрі — банк депозиті. Ақшаңызды банкке саласыз, келісілген шарттарға сәйкес пайыз аласыз. Бәрі қарапайым сияқты. Бірақ келісімшарттың ұсақ әріптермен жазылған тұстарын да ескеруге тура келеді. Жоғары пайыз ұзақ жыл бойы өзгермей сақтала бермейді. Депозиттің кейбір түрінен ақшаны мерзімінен бұрын алсаңыз, сыйақының бір бөлігінен айырылуыңыз мүмкін. Ал салымның қауіпсіздігі туралы сөз болғанда, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің шегін ұмытпаған жөн.
        Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, бір банктегі бір салымшыға теңгедегі жинақ депозиті бойынша 20 млн теңгеге дейін, өзге теңгелік депозиттер бойынша 10 млн теңгеге дейін, шетел валютасындағы салымдар бойынша 5 млн теңге баламасына дейін кепілдік беріледі. Бір банкте бірнеше салымы бар адамға жиынтық кепілдік шегі де қолданылады. Мысалы, 30 млн теңгені бір банктегі жинақ депозитіне салған адамның қаражаты түгелдей кепілдікпен қамтылмайды. Бұған әлсін-әлсін төнетін инфляцияны қосыңыз.
     2026 жылғы қыркүйекте Қазақстандағы жылдық инфляция 9,3 пайыз, Атырау облысында 9,8 пайыз болған. Айталық, 10 млн теңге жылына 15 пайыз табыс әкелсе, номиналды кіріс 1,5 млн теңге болады. Ал инфляция 9,3 пайыз болған жағдайда бастапқы капиталдың сатып алу қабілетін сақтағаннан кейінгі нақты өсім шамамен 522 мың теңгені құрайды. Банк шотындағы ақша көбейгенімен, сол ақшаға сатып алатын дүниеңіз азайып жатса, мұны баю деп айту қиын.
     Пассив табыстың тағы бір танымал түрі — пәтерді жалға беру. Бір қарағанда, қолыңда баспанаң болса, ай сайын жалдау ақысын алып отырудан оңай не бар? Бірақ жұмыс істемей табыс табу үшін сатып алынған пәтердің өзі кейде екінші жұмысқа айналады. Жалға алушы іздеу, келісімшарт жасау, төлемді қадағалау, бұзылған дүниені жөндету әжептәуір уақыт алады. Оның үстіне Атырау туристік қала емес. Мұндағы жалдамалы баспанаға сұраныс көбіне мұнай-газ саласындағы жұмысқа, іссапарға және тұрғындардың баспана қажеттілігіне байланысты.Сондықтан пәтерді тәуліктеп жалға беруден жыл бойы тұрақты кіріс түседі деп есептеу қисынсыз. Сұраныс бар, бірақ оның сипаты туристік қалалардағыдай емес.
      Ал мұндай жағдайда пәтер сатып алу қаншалықты тиімді инвестиция? Салынған қаражат қанша уақытта қайтады? Осы сауалдарды «Пантера Групп» жылжымайтын мүлік агенттігінің риелторы Әсемгүл Ақтілесоваға қойдық.
— Атырауда пәтерді жалға беру арқылы қосымша табыс табатындар аз емес. Бірақ пәтер сатып алған адамның бәрі бірдей жоғары пайда табады деуге болмайды. Кіріс мүліктің орналасқан жеріне, жағдайына, сатып алу бағасына және жалға алушылардың тұрақтылығына байланысты. Мысалы, 30 млн теңгеге алынған пәтер айына 200 мың теңгеге жалға берілсе, жылдық түсім 2,4 млн теңгені құрайды. Бұл — салынған қаражаттың 8 пайызы. Қарапайым есеппен пәтердің құны 12,5 жылда қайтатын сияқты. Бірақ оған жөндеу, салық, пәтердің бос тұратын мерзімі және өзге шығындар кірмеген. Сондықтан нақты өтелу мерзімі ұзағырақ болуы мүмкін. Бұл сомалар — есепті түсіндіру үшін алынған шартты көрсеткіштер.
    Жылжымайтын мүлікке инвестиция салғанда ай сайын түсетін жалдау ақысына ғана қарау жеткіліксіз. Пәтердің нарықтық құны өзгеруі мүмкін, ал жалға алушылар тұрақты бола бермейді. Сондықтан оның табыстылығын бағалағанда жалпы түсім мен барлық шығын шегерілгеннен кейінгі кірістің айырмасын ескеру қажет, — дейді риелтор.


Еркіндіктің де жарнамасы бар
     Пассив табыс туралы әңгіме неліктен соншалық танымал? Өйткені ол адамға ақша ғана емес, уақытты да уәде етеді. Жұмысқа бармайсыз, әлемді аралайсыз, отбасыңызға көбірек көңіл бөлесіз, сүйікті ісіңізбен айналысасыз. Мұндай өмірді кім қаламайды? Осы арманның айналасында тұтас нарық қалыптасты. Қаржылық тәуелсіздік курстары, инвестициялық марафондар, ақылы кеңестер, жабық клубтар. Біреулер инвестиция жасап табыс табады, енді біреулер инвестиция жасауды үйретіп табыс табады. Екеуі де кәсіп. Бірақ айырмашылығы бар. «Маған пассив табыс табуды үйретіп отырған адам өзі ақшаны неден тауып отыр?»
    Әрине, қаржылық білім беру көздерінің бәрін бірдей күмәнді кәсіпке жатқызуға болмайды. Алайда тәуекелсіз жоғары кіріс уәде етілсе, оның экономикалық негізі қандай екені түсініксіз болса, жарнаманың тартымдылығы табыстың шынайылығын дәлелдемейді. Біз әңгімені «Жұмыс істемей өмір сүру үшін қанша ақша керек?» деген сұрақтан бастадық. Бірақ осы тұста басқа бір сұрақ туындайды: адам неге жұмыс істемеуді армандайды? Еңбек етуді жек көргендіктен бе? Әлде өз уақытына өзі қожа болғысы келгендіктен бе?  Қаржылық тәуелсіздік идеясының тартымдылығы да осында. Ол түпсіз байлықтан бұрын таңдау мүмкіндігін ұсынады. Ұнамайтын қызметтен кету, басқа кәсіпте бағыңды сынап көру, шығармашылықпен айналысу немесе отбасыңа көбірек уақыт бөлу. Бірақ мұның бәрі үшін міндетті түрде 90 млн теңге жинау қажет пе? Қарызы аз, тұрақты жинағы бар, бірнеше ай табыссыз қалса да күн көре алатын адамның таңдау мүмкіндігі көбірек болуы ықтимал. Ал қомақты капиталы бар, бірақ шығынын үнемі ұлғайтып отыратын адамның ақшаға тәуелділігі сақтала береді.
      Сонымен, пассив табысқа сенуге бола ма? Әрине, депозит те, инвестиция да, жылжымайтын мүлік те кіріс әкеле алады. Ал үлкен иллюзия - сол кірісті оңай, қауіпсіз әрі бәріне бірдей қолжетімді өмір салтына балау. Ақшаның адам үшін жұмыс істей алатыны — шын сөз. Бірақ одан да үлкен ақиқат бар: әуелі адам сол ақшаны табуы керек. Бәлкім, қаржылық еркіндіктің ең үлкен қайшылығы да осында шығар...

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді