Серікбол ХАСАН
Көпшілік Рахымжан Отарбаевты жазушы, драматург ретінде жақсы біледі. Алайда оның шығармашылық жолында журналистика мен публицистиканың да орны айрықша. Өйткені 1980 жылдардың соңынан бастап бірқатар басылымдарда қызмет атқарып, өзінің өткір де ойлы мақалаларымен оқырман назарын аударып, қоғамдағы қордаланған мәселелерді батыл түрде көтере білген еді. Солардың ішінде «Аруана» газетінде жарияланған мақалаларының орны бір төбе.
Елдік мүддеге үн қосқан «Аруана»
Иә, Рахымжан Отарбаевтың қалам сермеуіне ықпал еткен бірден бір басылым ретінде 1900 жылдары «Караван» газетінің қазақ тіліндегі арнаулы қосымшасы ретінде жарық көрген «Аруана» газетін атауға болады. Газет 1993 жылғы қазан айынан 1994 жылдың күзіне дейін әр аптаның жұма күні жарыққа шығып тұрды. Осы басылымда журналист Рахымжан Отарбаев сол уақыттағы өзекті түйткілдерге үн қосып, елдік мүдде мен ұлттық мұратты арқау еткен публицистикалық мақалаларын жазып, қоғамдық ойға қозғау салды.
Біз Алматыдағы Ұлттық кітапханаға сұрап салып, «Аруана» газетінің 1993-1994 жылдардағы бірнеше нөмірін алдырдық (осы орайда аталған кітапхана басшысы Ғазиза Құдайбергенқызына алғыс айтамыз). Сөйтіп осы басылымда жарияланған Рахымжан Отарбаевтың бірқатар мақаласына арнаулы тоқталуды жөн көрдік. Газеттің 1993 жылғы сандарында қаламгердің «Ей, жолаушы, тоқтай кет...», «Атырау апаты», ал 1994 жылғы сандарда «Сайлаудың жөні бір басқа», «Теңге құны», «Кезек күту», «Жалған ұранның құрбандары», «Шалабайлар, Сырымдар, Бөкейлер», «Бизнесмен деген кім?», «Мұсасы қайда?», «Халық қаруланып жатыр», «Милиция – қорғаның», «Құмарпаз Доспан» т.б. мақалалары жарық көрген.
Сонымен қатар бірнеше санға жалғасып жарияланған көлемді мақалаларын да бар. Мысалы, «Жәнібектер» мақаласы 1993 жылғы қазан-қараша айларындағы, «Есеттер» мақаласы 1994 жылғы қаңтар айындағы, «Жәңгірлер» мақаласы осы жылдың қараша айындағы бірнеше санға жалғасып жарық көрген. Сол секілді «Бес қасқа беріштің хикаясы» 1994 жылғы ақпандағы нөмірде басталып, соңы сәуірге дейін жалғасып, газеттің бес-алты нөміріне бөлініп басылғанын аңғардық.
«Ей, жолаушы, тоқтай кет...»
Рахымжан Отарбаевтың «Аруана» газетіндегі алғашқы жарияланымдарының бірі ретінде «Ей, жолаушы, тоқтай кет...» мақаласын атауға болады. Мақала газеттің 1993 жылғы 5 қараша күнгі №2 санында жарияланған. Автор тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде жазылған мақаласында тарихи жады, ұлттық мұра, аруаққа құрмет, тарихи ескерткіштерді сақтау, отарлық кезеңнен қалған рухани зардап мәселелерін бір арнаға тоғыстырады. Сол арқылы ұлттың тарихи жадын сақтау керектігін алға тартады.
Ол ескерткіштер мен қорымдарға жай ғана материалдық мұра деп қарамайды. Журналистің пайымынша, мола, мазар, балбал, құлпытас – халықтың өткен өмірінің куәсі, ұлттық жадтың материалдық белгісі. Сондықтан да ол: «...елім деп елеңдеп, жерім деп желбегей жүріп бақи кешкен, бұл күнде бауырынан өрбіген ұрпақтарын төбелерімен көтеріп жатқан ақ кебінді аруақтардың үні...», – дей келіп, бүгінгі ұрпақ өзінің өмір сүріп отырған жерінде бұрынғы буынның ізі жатқанын ұмытпауы керек екенін еске салады.
Отарбаев мақаласында публицистикадағы кейіптеу тәсілін кеңінен қолданады. Яғни балбалдарды, сынтастарды, мазарлар мен молаларды сөйлетіп, өлі ескерткіштерге тіл бітіру арқылы бүгінгі қоғамға өткеннің атынан сұрақ қояды: «Жетпіс жыл дінмен жағаласып, зиратпен төбелесіп едіңдер, имандарыңа қарадыңдар ма?». Сол арқылы ол кеңестік дәуірдегі дінге, дәстүрлі руханиятқа және тарихи мұраға қатысты саясаттың салдарын меңзейді. Сондай-ақ ол мәселені өткенмен ғана шектемей: «Енді қиратқан мен бүлдіргендеріңді бүтіндеймін деп жүргенде тағы бір жетпіс жыл өтесіне кім кепіл?» – деген сауал қою арқылы сөзін тәуелсіздік алған қоғамға бағыттайды. Сөйтіп тәуелсіздік алудың жеткіліксіз екенін, тарихи сананы да тәуелсіз ету керек екенін меңзейді. Яғни мұндағы тарихи ескерткіш – жеке мәдени нысан ғана емес, ұлттық кеңістікті тұтастыратын тарихи жадының символы.
«Мұхамбеттің үмбеті, Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы Арыстан бабтың мазарының ақ жем болған іргетасы, жөндегенінен гөрі дауы басым түскен Айша бибі кесенесі, іргесінен тас кесіп күні-түні селкілдеп жатқан Бекет ата зираты, трактордың табаныңда қалған Абылай ханның мүрдесі, ет комбинатының қан-жынына бөгіп жатқан құс таңдай Кемпірбайдың сүйегі, доңыз бір сүйкенбей кетпейтін Алтынсариннің моласы, полигонның зорлығымен жер бетінен өшіп кеткен М-С.Бабажановтың қорымы, жүзін қай қырқа жасырғаны беймәлім 37-жылғы нәубет құрбандары жіпке тізе берсең ұшығы жеткізер ме?» деп жазады ол мақаласында. Осылайша ұлттың кемшілігін көрсету арқылы ұлтқа қызмет етуге шақырады.
Мақала тақырыбының «Ей, жолаушы, тоқтай кет...» деп аталуы да бекер емес. Мұны мақала соңындағы: «Ей, жолаушы, тоқтай кет, біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боларсың», – деген тірілер мен өлілердің арасын жалғаған дәстүрлі эпитафиялық сарыннан-ақ байқаймыз. Сондай-ақ мақала түйініндегі: «Бұл беймаза тірлікте Елбасың ба, елшің бе, қалталың ба, қайыршың ба, бәрі бірдей жолаушы емес пе?..» – деген сауал да оқырманды ойландырмай қоймайды. Мұндағы автордың айтпағы: билік те, байлық та уақытша. Ал ұрпақтан ұрпаққа қалатын нәрсе – тарихи із бен халық жады.
«Атырау апаты»
Отарбаевтың «Аруана» газетінің 1993 жылғы 12 қарашадағы №3 санында жарық көрген «Атырау апаты» деп аталатын мақаласы да оқырманды бей-жай қалдырмайды. 1993 жылы Ойыл өзені арнасынан шығып, Қызылқоға ауданының орталығы Миялыны су басқан еді. Сондай-ақ осы кезде Құлсары қаласы да тасқыннан зардап шеккен болатын. Рахымжан Отарбаевтың мақаласы сол апаттың ізі суымай тұрған кезде жазылған.
Мақала ел тағдыры, халықтың бірлігі, әлеуметтік әділет, табиғи байлыққа иелік ету және биліктің халық алдындағы жауапкершілігі мәселелері арқылы ашылады. Автор мақаласын: «Атырау апаты деген сөзді айта-айта ауыз шіркіннің де қадірі кетті. Тәңір ием қазақ деген тайқы маңдай, қалқан құлақ пәндесін жаратқанда алдымен сорға аунатып алған ғой деймін. Сол сор алдын кес-кестел бұған «ақ сүйек» жұт боп, атом полигоны боп, көтерілген тың боп, суалған теңіз бол, сілкінген жер боп, ту-уһ түгесіліп бітер емес, қылаяғы тасыған су боп та жолықты-ау...», – деген маңызды композициялық шешімнен бастайды. Одан ары халықтың әрекетін билік әрекетімен салыстырады. Халық жайында: «...Исі қазаққа рахмет, басы артық мүкәмалын бөліп, тістегенім-дөркүмән, жұтқаным өзімдікі деп отырған аузындағы сыбағасын жырып беріп шырқырасып жатты», – десе, биліктің сол кездегі әрекеті жайында «үкіметіміз ежелгі самарқаулығынан ажырар болмады» деп жазады. Автордың жазуынша, Фариза Оңғарсынова, Нұрлан Оразалин, Нұри Мұфтақ секілді қалам иелері мәселе көтергеннен кейін ғана оң қозғалыс болған.
Мақаланың саяси-әлеуметтік астары ең анық байқалатын тұстардың бірі – ауыл ақсақалының: «Е, озбыр Мәскеудің орнын енді өзіміздің Алматы жоқтатайын деген ғой», – деген сөзі. Осы арқылы Рахымжан Отарбаев орталық пен аймақ арасындағы қарым-қатынас мәселесін де көтерген. Сонымен қатар мақаланың ең салмақты идеялық тұстарының бірі мұнай мәселесі деуге болады. Алғашында ақсақал: «Өртенгір, мұнайдан-ақ көрдік-ау, көресіні», – дейді. Автор оны алғаш түсінбейді, кейін ақсақалдың ойын былайша тарқатады: «Алтын қойманың үстінде отырғанымды қайтейін, кілті басқада болған соң». Осы бір сөйлемнің өзі сол уақыттағы тұтас әлеуметтік-экономикалық мәселені бейнелеп тұрғандай. Осылайша мұнайлы өңірдің өзінің табиғи байлығының иесі бола алмай отырғанын дөп басады.
Журналист одан ары: «...Басындағы баспанасы мен үстінен жонып жеп отырған күнкөріс малын тасқынның ұзын өңешіне тастаған ел жан сақтаймын деп сыңар аяқтап қашып шыққан қалпы ағайын-туысын сағалап, алды Атырауға, соңы Индер мен Махамбетке, Калмыковқа сабылды. Аласапыран шақты андитын ажалдың да ауылы алыс болмай шықты. Екі ауданнан қос қолдың саусағын анық түгендейтін жас пен кәрі қапияда көз жұмды. Ауыр қайғы!» – дейді. Тасқынның жанды мақұлық тәрізді халықтың мал-мүлкін «жұтып» жатқанын айта келіп, табиғи апаттың жеке адамның трагедиясына айналғанын алға тартады. Мұндағы Рахымжан Отарбаев публицистикасына тән ерекшелік: ол маңызды қоғамдық мәселені адамның нақты тағдыры арқылы көрсетеді. Автор мақаласында биліктің міндеті тек ақша бөлу, үй салу, материалдық өтем төлеу ғана емес, билік пен халық арасында рухани-моральдық байланыс орнату болу керек екенін де еске салады. Яғни оның жазуынша, мемлекет – халықтан бөлек тұрған әкімшілік аппарат емес, халықтың қасіретіне ортақтасатын құрылым.
«Сайлаудың жөні бір басқа»
Журналист қаламынан туған тағы бір мақала – «Сайлаудың жөні бір басқа». Бұл мақала «Аруана» газетінің 1994 жылғы 14 қаңтардағы №2 санында жарияланған болатын. Рахымжан Отарбаев мақаласында демократиялық сайлау тетігінің олқылықтарын сынайды. Ол сайлауды сырттай бақылаушы ретінде сипаттап қана қоймай, жаңа демократиялық институттардың қазақ қоғамының күнделікті тұрмысымен қалай қабысып жатқанын да ашып көрсетеді.
«...Сіз кандидаттыққа ұсынылдыңыз дейік. Хош. Ендігі жерде кандидаттыққа тіркелу үшін кемінде үш мың қол жинауыңыз керек. Молданың ішірткісіндей қағазға тілектестеріңіздің құжатын тіркеп, қол қойғызамын деп білек сыбанып, балақ түрініп өзіңіз шығасыз ба, әлде әр ауданнан ынталы топ құрап, жалынып, жалпайып кеш түсе әр үйдің есігін, қақтырасыз ба, ерік өзіңізде. Өйткені үш мың қол жинамай сізге кандидаттық жоқ! Ал мынандай қақаған қыс пен нарық қыспағында қорадағы малына шөп әкелуге көлік пен бензин таба алмай тұралап отырған жұрт қанша жерден ағайын, туыс, көңіл жықпас дос болса да бір сыр берер. Марқұм Майлиннің кейіпкері Күлпаштың күйеуі Мақсым құсап боқшасын сүйретіп әр қақпаны бір түртіп, терезе сығалап жүрген кімге абырой дейсіз» деп жазады ол.
Мақсым образы арқылы автор кандидаттың немесе оның жақтастарының мүшкіл жағдайын тайға таңба басқандай ашып көрсетеді. Сонымен қатар автор сайлаудың халыққа қолайлы әрі ақылға қонымды ұйымдастырылу қажет екенін де алға тартады. Ол 3 мың адамның қолын жинау талабын мысалға ала отырып, мұның кандидат пен оның жақтастарын үй-үйді аралауға мәжбүр ететін машақат екенін ашық көрсетеді. Сол себепті мұны сайлаудың өзін емес, сайлау механизміндегі бюрократиялық һәм ұйымдастырушылық кемшілікті дөп басқан мақала деп білген орынды.
Отарбаев мақалаларындағы бір ерекшелік автор монолог түрінде жазып отырып, мәтінді лезде диалогқа айналдырып жібереді. «Қалайша дейсіз ғой?»
«Мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін не істеген абзал?» деген секілді сұрақ қоя отырып, оқырманмен бетпе-бет әңгімелесіп отырғандай өзіне жетелеп әкетеді. Отарбаевтың тағы бір артықшылығы сынап қана қоймайды, балама да ұсынады. «Мұндай келеңсіздіктен құтылудың оңай жолы бар емес пе. Айталық, сол көжеден көп үміткерлердің аты-жөнін, өмірбаянын бір парақ қағазға тізіп, сайлауға түсетін жерінен референдум өткізсе жетіп жатпай ма? Үш мың дауыс жинадың ба, жоқ па тайға таңба басқандай көрініп тұрады» деген секілді өзінің ұсынысын да айтады.
«Кезек күту»
«Аруана» газетінің 1994 жылғы 18 ақпандағы №7 санында жарық көрген «Кезек күту» деген мақаланың да айтары бар. Мұнда да 1990 жылдардың басындағы әлеуметтік мәселе көтеріледі. Журналист мақаласында кезек деген күнделікті құбылыс арқылы тұтас қоғамдық жүйенің дағдарысын ашып көрсетеді. «Оллаһи, халық шаршады. – Неден? – дерсіз бәлкім, көзіңізді мағынасыздау бағжаңдатып. Кәдімгі кезек күтуден. Ой таразысына салсақ, біздің елде дүниеге келген сәби әйелдер босанатын үйден бастап, ақырғы демі бітіп қабіріне жеткенше кезек күтеді екен. Мәселен, дүкендегі ет пен сүт кезегі, киім-кешек кезегі, үй кезегі, машина кезегі, кезек, кезек, тағы да кезек! Қамшы сабындай шіркін ғұмырға аз ба, көп пе? Өйткені біздің халық: – Кто последний? Я за вами! – деген ұранмен өмір сүріп келді. Және сүре де бермек. Қашанға дейін?» деп сұрау салады ол.
Одан ары: «Бұрындары ауылға бір үгітші келіп: – Бір аяғымыз социализмде, екінші аяғымыз коммунизмде түр, – деп желпінгенде бір әжеміз айтты дейді: – Қарағым-ау, қашанғы талтайып тұра береміз? – деп», – деп оқырманды бір серпілтіп алады. Осылайша журналист өз тәсілі бойынша ресми тарих пен тұрмыстық шындықты беттестіреді. Бір жағында – коммунизм, социализм, ұрандар мен уәделер, екінші жағында – ет, сүт, киім, үй үшін кезекте тұрған адам. Сондай-ақ мұнда ресми идеология мен халықтық сананың қақтығысы да бар.
Қаламгер барлық мақаласында дерлік айтпақ болған ең өткір пікірді өз аузымен емес, қарапайым кейіпкер арқылы айтады. Мұнда да солай: әженің бір ауыз сөзі арқылы бүтін бір идеологияның тас-талқанын шығарады. Мақаланың тұздық болар тұсы кейуананың мына сөзі: «Үкімет 70 жыл ішінде соғысқа деп қан сұрады, бердік, еңбекке деп тер сұрады, бердік. Енді қартайғанда қызыл иекке жұмсақ тиер бөлкі нан сұрап едік, бергені мынау». Мұнда да автор кейуананың жеке өкпесін тұтас буынның әлеуметтік наразылығына айналдырып жіберген. Бұл да Рахымжан Отарбаевтың шеберлігі емей немене?!
Мақаланың тұздығы – соңғы сөйлем. «Кезек күтіп сарсылған аш халықты ашындырып алсақ, арғы жағы немен тынатынын қайдан білейін...» деп аяқталады мақала. Осы арқылы автор мұндай тапшылықтың, мұқтаждықтың соңы әлеуметтік наразылыққа ұласуы мүмкін деген ескерту жасайды. Бұл жағынан «Кезек күтуді» тапшылық туралы фельетон деп қана емес, бір дәуірден екінші дәуірге өтіп жатқан қоғамның күлкісі мен күйінішін қатар сақтап қалған әлеуметтік хроника деп бағамдауға болады.
«Фамилиямды қайтарып бер»
«Аруанада» жариялғанған Рахымжан Отарбаевтың тағы бір қызық мақаласы «Фамилиямды қайтарып бер» деп аталады. Газеттің 1994 жылғы 1 сәуіріндегі №13 санда жарияланған мақалада журналист ауылдағы бір күлкілі оқиғаны фельетон түрінде береді. Сырттай қарағанда атасы мен немересінің күлкілі тартысы секілді. Алайда мұнда қазақ аты-жөнінің орыстандырылуы мен адамның өз есімінен жатсынуы көтеріледі.
«Біздің ауылда қызықтар бола береді. Бұл да соның бірі. Әпенділеу шал бар еді. Аты – Дәріжан» деп басталады мақала. Ал немересінің фамилиясы – Даржанов. Яғни шалдың Дәріжан есімі ресми құжатқа түскенде дыбыстық тұрғыдан өзгеріп, Даржан болып кеткен. Кейін оған орыстың фамилия жасау үлгісіндегі -ов жалғауы қосылып, соңында Даржановқа айналған. Шал соған күйінеді. Себебі Дәріжан үшін Даржан – өзі емес, бөтен адам. Сол себепті де ол кемпірін шақырып алып: «Сен осы Дәріжанның кемпірсің бе, әлде Даржанның ба?» – деп күйінеді. Былай қарасаң күлкілі сұрақ секілді. Алайда автор осы бір сұрақ арқылы адамның аты өзгерсе, оның тұлғалық болмысына да қол сұғылатынын астарлы оймен жеткізген.
Тәуелсіздіктен кейінгі уақыт қазақ қоғамында ұлттық атауларды, жер-су аттарын, адам есімдерін қалпына келтіру мәселесі өткір қойыла бастаған кезең еді. Сол себепті де Рахымжан Отарбаев осы бір үлкен мәселені алақандай фельетонға сыйғызып жіберген. Ол «Қазақтың аты-жөнін ұлттық үлгіге көшіру керек» деп жалаң үндеу жасап отырған жоқ. Ауыл қариясының басынан өткен оқиға арқылы түйткілді тақырыпты дөп басады. Мақала соңында шал күнделіктен өз атын таба алмай ашуланып, таяғына жармасады: «Өй, әтеңе нәлет, бүйтіп қор қылғанша фамилиямды өзіме қайтарып бер», – дейді күйініп. Бұл жерде Дәріжан шал өз фамилиясын ғана сұрап отырған жоқ. Журналист Дәріжанның аңғал наразылығы арқылы адамның өз атына, өз тіліне, түптеп келгенде өзінің ұлттық болмысына иелік ету құқығын көтеріп отыр.
Түйін
Рахымжан Отарбаевтың «Аруана» газетінде жарияланған мақалаларын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ қоғамының тынысын, қайшылығын, үміті мен күдігін қалт жібермей хатқа түсірген көркем-публицистикалық шежіре десе де болғандай. Қаламгер тарихи мұраның тағдырын сөз етсе де, сайлаудағы олқылықты сынаса да, халықтың тұрмыс тауқыметін немесе аты-жөннің бұрмалануын көтерсе де, мәселенің түп төркінін ұлт мұратымен сабақтастырады. Мінберден ұран да тастамайды, ақылгөйсіп үкім де айтпайды. Ауыл адамын алға шығару арқылы бірде кейуананы, енді бірде қарияны сөйлетеді. Сөйтіп солар арқылы бірде күйіндіре, тағы бірде күлдіре отырып, қоғамның зарын, елдің мұңын, ұлттың жоғын түгендейді. Яғни қаламгер үшін ұлт тағдыры дегеніміз – сол ұлтты құрайтын адамның тағдыры, оның тілі мен тарихы, тұрмысы мен мұңы, жері мен жады. Олай болса Рахымжан Отарбаев публицистикасындағы ұлт мұраты елдің жоғын жоқтау, барын бағалау, өткенін ұмыттырмау және ертеңіне алаңдау деп түсінуіміз керек. Рахымжан Отарбаев көтерген мәселелердің мәні әлі күнге дейін жоғалған жоқ, жоғалмайды да. Өйткені оның публицистикасының өзегінде белгілі бір кезеңнің ғана мәселесі емес, елдік сана мен ұлттық жауапкершілік жатыр.





