Шолпан Жібекәлиқызы Балманова,
ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
(Ойлар, тұжырымдар, толғамдар)
***
Иленсең, туған топырағыңмен бірге илен.
* * *
Таза су тәніңді тазартса, жақсы сөз жаныңды тазартады.
* * *
Сөз жүректі тербейді, әуен көкіректі кернейді.
* * *
Бала болдық, бәріміз де жас болдық,
Өзімізден-өзіміз бір мас болдық.
Өткенінен сабақ айтса үлкендер,
Неге сонша жауымыздай қас көрдік?.
* * *
Кітапты көп оқығандардың бәрі бірдей жазушы бола бермейді.Бірақ азамат болып қалыптасулары әбден мүмкін.
* * *
Тірі күнінде мақталған адамды көргенім жоқ. Өлгеннен кейін бәрі жақсы.
* * *
Жайнап жарқын өмірің,
Көтерілсін көңілің.
Жетелейтін табысқа,
Түсіне біл, тек білім!
* * *
Намаз - ойыңды да, бойыңды түзейді.
* * *
Өмірдің мәні бала екен, қызыққа жаның тола, кең.
* * *
Жас баланың анасымен жағаласы кезінде, оған бір рет те “бар” деп кеудесінен итерудің қажеті жоқ. Мұндай әрекет оның ми қыртыстарының бірінде қалып қойып, күндердің бір күнінде ытқып шығады да, анасына деген өкпе-ренішінің бір бөлшегінің бары білініп қалады. Одан да өзіңе келемін деп жармасқан баланың қылығына байыппен қарауға тырысыңыздар!
* * *
Бауырды бауыр де шын көңілімен берілгенінде,
Бауырды бауыр деме өтіріктен-өтірік көрінгенінде.
* * *
Барлық өзге дүниеңнің түгел болуы үшін, “Бір дүниеңнің кем” болуы міндетті екен, яғни өмірдің қалыпты жағыдайы осындай екендігін түсіндім!
* * *
Журналист болуды шындықтың шамшырағы, ақиқаттың алдаспаны болу деп білемін.
* * *
Екі дүниеңді де тең ойла. Таразы да теңдікке бағынады.
* * *
Не тілесең ерте тұрып төсектен,
Жас тілегі қабыл деген қашанда.
Таң біліне тілеп тұршы Тәңірден,
Қондыршы деп бақыт құсын басыма!.
* * *
Ағайынның ағайындығы ағайындығында емес, адамшылығында.
* * *
Біреудің қателігінен сабақ алу қиын, өз қателігіңнен сабақ алу оңай.
* * *
Өлгендердің бәрі жақсы,
Тірі жанның бары жақсы.
* * *
Әрбір дүние өз орнын дұрыс тапса, өмірдің реті дұрыс түзіледі.
* * *
«Ертегі» өтірік, «әңгіме» шын. Сондықтан өтірік айтсаң ертегідей көсіл, шындық айтсаң, әңгімедей шешіл.
* * *
Әйел, елуге дейін бетіне қарайды. Елуден кейін етіне қарайды.
* * *
Адам ~ түр-түсімен емес, адал ісімен, көркем мінезімен көрікті бола алады.
* * *
Ақылды тыңдамағанға айтпайды, бәрі бір де өзінікінен қайтпайды. Сол үшін де атам қазақ, «Сана бер, сана бермесең ала бер» деп айтқан.
* * *
Қанша жерден биік болсаң да, ата-анаңның саған деген ықыласынан биік емессің.
* * *
Жанкештілік ~ жеңіске жетелейтін жарқын жол.
* * *
Біреуге еліктеу, өз-өзіңді жоғалту.
* * *
Шындықтың тыңдалымы шыңның шыңырауына шығады да, өтірікті өшіріп қоя салады.
* * *
Адамның жетістікке жетуіне кедергі болатын нәрсе, оның бастар ісіне деген тәуекелсізлігінде тұрады.
* * *
Адамды жетістігі үшін көтергенде, оған дандайсымай көтере алу да көргенділік.
* * *
От жақпа, өшіре алмайсың. Өшіре алмасаң, өршітіп аласың, өршітіп алсаң, өртеніп жанасың.
* * *
Ақылың тілін ақылды бала алады. Ақылдың тілін алған бала, ақылды бола алады.
* * *
Құран сөзі-құны бөлек асыл сөз,
Басқа сөзден жөні бөлек лағыл сөз,
Жаттап күнде жатып алып жастана,
Солай ғана өміріңнің балын сез!
Босағамыздан бақ кетпесін!
* * *
Түйсікпен ойлап білуімше, қазақ зиялылары орыс тілін жақсы меңгеріп кетулері үшін көбіне-көп орыс ұлтының қыздарын әйелдікке алған көрінеді де тұрады маған. Әрине өте өкінішті.
* * *
Кітапхана – өз үйім де, өлеңдетер төсегім,
Ғасырларға жеткізетін, інжу – маржан неше мың.
Кітапхана – рухымды шыңдап тағы өсіріп,
Кешегісін қаттап қойып, тосқан ғажап ертеңін.
* * *
Балалығың жақсы, жастығың желеді,
Қарттығың одан да жақсы, даналығың енеді.
* * *
Сын - мінімізді түзеуші құрал.
* * *
Жан жылулықтан, жылулық сұлулықтан тұрады. Сондықтан жылы сөйлеген адам, ең сұлу адам.
* * *
Кітап оқу ~ өмірге деген құштарлығыңды оятады.
* * *
Ескілікте ~ естілік басым болады.
* * *
Шығармадағы автордың интеллектуалдық меншікті (мәтін, идея, сурет немесе код) ойын біліп, оқып тұрып қайталау плагиат, ал керісінше білмей, оқымай тұрып қайталау плагият емес.
* * *
Кітап - ең асыл сый!
* * *
Ең әуелгі асыл сыйың, бұл кітап,
Өрнекті ойға жетелеген сән-құрақ.
Кітап оқы, кітапты сүй, кітап дос,
Өміріңе ашып берер сан бұлақ,
* * *
Қандайда бір іске жүрек қалауымен келу, сол істің кәсіби маманы болуға жетелейді.
* * *
Өзінің басын билей алмаған адам, біреудің басын билегісі келіп тұрады.
* * *
Өр мінезіңді қайтемін,
Өрге шыға алмасаң.
Кең мінезіңді қайтемін,
Кеңдік қыла алмасаң!
* * *
Адамның аты ақшалылығымен емес,
ақылдылығымен шығады. Сол үшін ақшалы адам емес, ақылды адам бол! Ақшалының бәрі ақылды емес!
* * *
Біреудің көмегімен жеткен жетістіктен, өз күшің арқылы жеткен жетістік мың есе қайырлы!
* * *
Көкорай шалғын, көк майса жерің,
Қан төкпей қазақ жеткізген қолын.
Ғұмырың мәңгі, туған ел сенің!
Тәуелсіз елім – тәуелсіз жерім!
* * *
Атаң, бабаң, анаңның тілі ғой деп,
Құйдым қанша құлаққа ана тілін.
Әредікті әр жерден аулаймын деп,
Көңілім күпті болып, азды жаным.
Таудан құлау мен үшін емес қайғы,
Түзелсе тіл көңілім болар жайлы.
Сенің құның бір теңге тұрса егер,
Міне, осы біз үшін үлкен қайғы!
* * *
Ұрпағы үшін ұлы жолын таңдаған,
Қазақ елі, ерлігіңе таң қалам.
Тура жолдан тартынбаған, танбаған,
Қазақ болып туғаныма мақтанам!
* * *
Қуан қазақ, қуанатын күнің туды көптен бір,
Желдей ескен жібек туды желбіретіп көк зеңгір.
Қолмен ғана қойғандайын Елтаңбаның бедерін,
Шаңырақтан ән қалықтап, үйге толып көктен нұр.
* * *
Мерейің үстем мұғалім – шәкіртке шашқан шуағын!
* * *
Аялайтын аттарын – қадірлісің, қарттарым!
* * *
Мамандығың мақсатың - армандарың асқақ шың!
* * *
Біз жөргекке оранып келген кезде,
Күннің нұрын көрсін деп жүзімді ашқан.
Біз кебінге оранып кеткен кезде,
Қара түнек көрмесін деп жүзді жапқан.
* * *
Қырандар құзды, құзғындар жерді мекендейді. «Барлығы қыран болып кетсе, жерді кім мекендейді екен?» деген ой келмесін. Сол қырандардың өзі жемтігін жерден іздейтіндей, өзіміз де қыран болып, жемтігімізді жерден адал теріп жейік. Себебі қырандар көктен ұшып келіп, құзғындар сияқты өлексені емес, тірі жемтікті іздейді. Адал теріп жеген жемтігіміз бізді қыран болуға, көкке жетелейді. Ал жерден адал теріп жемеген жемтігің сені сол құзғын күйінде қалдырары хақ.
* * *
Драманы оқығаннан гөрі, театрда көріп тамашалағанда жүрекке тезірек жететін сияқты. Оқып әр сөзді өзің елестету – еңбек. Ал сахнада бәрі көз алдыңда – жарық, үн, қимыл. Сондағы түйгенім: театр ұжымының еңбегі – оқырманның 10 жылдық ойын 2 сағатқа сыйғызу. Бұл ересен еңбек екен.
* * *
Тынымсыздық - тығырықтан алып шығатын тамаша қасиет.
* * *
Баға беретін халық, сыйлық беретін билік!
* * *
Қымыз - қазақтың қаны мен жаны!
* * *
Сатып алған татып алуға келмейді.
* * *
Көбіне-көп әйеліне жақсы қараған ердің баласы тәрбиелі болады,
Себебі ерінен мейірім көрген ананың жүрегі еселенеді.
Анадан жылу көрген баланың да махаббаты алғаусыз болады.
Ана мен баланы бірге көрген әкенің де жүрегіне жылу келеді.
Міне, осылай отбасы деген үш арқан бір-біріне айналып тұрады:
Бір жері үзілсе – бәрі түседі.
Бір жері берік болса – бәрі көтеріледі.
Сол үшін айтайық:
Осы үштіктің бір жерінен титтей де үзік кетпесін!
* * *
Не нәрсені де салыстырмалы түрде түсіндіру көбірек есте қалады да, мол нәтиже береді.
* * *
Жерде алтын кені жатыр, оны игере білу керек.
Ойда сөздің көмбесі жатыр, оны зерделей білу керек.
Дүкенде мақта бөзі жатыр, оны сәндеп кие білу керек.
* * *
Тілші бір терлесе, редактор екі терлейді.
* * *
Денеге жаттығу жасаған сияқты миға да жаттығу жасау керек. Қозғалмаған дене семіп қалатын сияқты, ми да семіп қалатынына еш күмән жоқ. Сондықтан мидың жаттығуы үшін кітапты оқи беру керек.
* * *
Ақындарда бір-біріне қызғаныш жоқ, қызығу бар.
* * *
Сынға ілінбей қалмайтын біріміз жоқ, ал оған қанша ілінбейік десек те мініміз көп.





