Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Лотос бізге қайдан келді немесе үнді мифтерінен Атырау алқабына дейін...

Адамзат мыңдаған жыл бойы лотосқа қарап тазалықты, жаңаруды, мәңгілікті көрді. Үнді құдайларының тағы болған, буддалық өнердің қасиетті нышанына айналған бұл гүлдің Қазақстандағы табиғи мекені – Атырау өңірінің Қиғаш өзенінің сағасы. Әлемдік мәдениет тарихын аралап келген лотос бізге қалай жетті? Оның Қиғаштағы ғұмыры неге ерекше? Ал бүгін гүлденген алқап неге тұтас фестивальдің өзегіне айналды?

  Таңғы Қиғаштың көрінісін көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Су бетінде жалпақ жасыл жапырақтар қалқып тұр. Солардың арасынан алқызыл гүлдер бой көтерген. Бір қарағанда, бұл Атыраудың табиғаты емес, Үндістанның, Қытайдың немесе Оңтүстік-Шығыс Азияның бір түкпірі секілді. Бірақ бұл – Атырау. Нақтырақ айтқанда, Құрманғазы ауданының Қиғаш өзені мен оның арналары.
      Лотос табиғатта әдетте жылы және ылғалды өңірлермен байланыстырылады. Ботаниктер қасиетті лотос деп атайтын Nelumbo nucifera өсімдігінің табиғи таралу аймағы Украинадан Солтүстік Иранға, Ресейдің Қиыр Шығысынан тропикалық Азия мен Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Австралияға дейін созылады. Ол тайыз көлдерде, өзен жайылмаларында, батпақты алқаптарда, лагуналарда өседі. Сол алып географиялық кеңістіктің ішінде Каспий маңының Қиғаш сағасы да бар. Ал бұл гүлдің адамзат жадындағы тарихы табиғи таралу картасынан әлдеқайда терең.
Лай судан шыққан, бірақ лайға былғанбаған гүл
    Лотостың адамзат мәдениетінде соншалықты жоғары орынға көтерілуінің бір себебі оның табиғи болмысында жатқандай. Оның тамырсабақтары су түбіндегі лайға бекінеді. Ал гүлі су бетінен жоғары көтеріледі. Жапырағы да судың үстінде қалқып қана тұрмай, жоғары көтеріліп тұрады. Ең қызығы – жапырақ бетіне су жұқпайды. Тамшы оның бетінде домалап, өзімен бірге шаң-тозаңды алып кетеді. Ғылымда бұл құбылыс «лотос эффектісі» деп аталады. Ол жапырақ бетінің ерекше микроскопиялық құрылымына байланысты. Адамзат мұндай қасиетті ғылыми терминдермен түсіндірмей тұрып-ақ байқаған.
     Лайдың ішінен шыққан гүл – таза. Сондықтан лотос мыңдаған жылдар бойы тазалықтың, рухани жаңарудың және ішкі кемелдіктің символына айналды. Оның тағы бір ерекшелігі – тұқымының таңғаларлық төзімділігі. Кью дерегінде Қытайдың солтүстік-шығысындағы құрғаған көл табанынан табылған лотос тұқымының жасы шамамен 1288 жыл екені және оның өніп шыққаны айтылады. Мың жылдан астам уақыт үнсіз жатқан тұқымның қайтадан өсуі – лотостың адам санасындағы «қайта туу» ұғымымен астасуы бекер емес екенін аңғартатындай.
Құдайлар төріндегі гүл
     Лотостың ең терең мәдени тарихы Үндістаннан басталады. Индуизмде лотос құдайлықпен, сұлулықпен, тазалықпен және құнарлылықпен байланысты. Кью оны индуизмде күннің және ана құдайлардың символы ретінде сипаттайды. Үнді мифологиясында Брахма лотос гүлімен тығыз байланысты. Үндістанның Ұлттық музейіндегі көне кескіндемелерде Брахма лотос үстінде бейнеленеді. Ал басқа дәстүрлі сюжеттерде Вишну мен Лакшми де лотоспен қатар көрінеді. Яғни лотос Үнді мәдениетінде жай ғана өсімдік емес. Ол – әлемнің жаратылуы, құдайлық күш, молшылық пен жаңарудың көркем бейнесі.
      Буддизмде де оның орны ерекше. Лотос адамның қараңғылықтан жарыққа қарай ұмтылысын бейнелейді. Өйткені гүлдің жолы да ерекше: оның тамыры қара лайда жатады, сабағы суды жарып өтеді, ал гүлі жарыққа қарай ашылады. Сондықтан лотосқа қарап ежелгі адамдар табиғаттың өзінен адамның рухани жолын көрген. Үндістандағы Будда бейнелерінің лотос үстінде отырғаны да кездейсоқ емес. Метрополитен музейі сақтаған біздің дәуірімізге дейінгі І ғасырдағы Бхарут ступасының рельефтерінде лотос Будданың ағаруымен байланысты қасиетті нышан ретінде көрсетілген. Лотос осылайша гүлден символға айналды.
Бір гүлдегі үш уақыт
      Лотос Қытай мәдениетінде де мыңдаған жылдық тарихқа ие. Кью мәліметіне қарағанда, бұл өсімдік Қытайда 3000 жылдан астам уақыттан бері өсіріліп келеді. Оның сәндік қана емес, тағамдық және дәрілік маңызы да болған. Тамырсабағы мен тұқымы тағамға пайдаланылған. Қытай мәдениетіндегі лотостың тағы бір қызық мағынасы – уақыт. Бір өсімдіктің бойынан бүршікті, толық ашылған гүлді және тұқым қауашағын қатар көруге болады. Осы себепті лотос кей түсініктерде өткенді, бүгінді және келешекті байланыстыратын бейнеге айналған. Бір гүлдің бойына үш уақыттың сыйып кетуі – поэзияға сұранып тұрған метафора. Өткен – тамырда. Бүгін – гүлде. Болашақ – тұқымда.
Лотос па, әлде су лалагүлі ме?
      Лотос туралы айтқанда тағы бір тарихи шатасуды ажыратып алған жөн. Әлемнің көне өнерінде су бетінде ашылған гүлдердің бәрі лотос деп қабылдана бермейді. Мысалы, ежелгі Египет өнеріндегі әйгілі көгілдір «лотос» шын мәнінде Nymphaea туысына жататын су лалагүлі. Ал Атыраудың Қиғашындағы гүл – басқа тұқымдасқа жататын қасиетті лотос, Nelumbo nucifera. Ботаникалық тұрғыдан олардың айырмашылығы айқын: лотостың жапырақтары мен гүлдері судан жоғары көтеріліп тұрады, ал су лалагүлдерінің жапырақтары мен гүлдері көбіне су бетінде қалқиды. Демек, Атыраудағы лотостың тарихын айтқанда біз нақты бір өсімдік туралы айтып отырмыз.
Әлем картасындағы Қиғаш
       Лотостың табиғи таралу картасына қарасақ, Атыраудың Құрманғазы ауданы бірден назар аудартады. Қиғаш өзені Каспийге жақындаған сайын көптеген тармақтарға бөлініп, жайылма мен сулы-батпақты орта қалыптастырады. Дәл осы табиғи орта лотостың тіршілігіне қолайлы жағдай жасайды. Қиғаш пен Шарон өзендерінің арналары бойында шілде мен тамыз айларында лотос гүлдейді. «Visit Atyrau» туристік орталығы бұл аумақты лотостың таралу аймағының солтүстік шегіндегі ерекше табиғи нүктелердің бірі ретінде сипаттайды. Қазақстанның ресми туристік материалдарында Құрманғазы ауданы лотос табиғи жағдайда өсетін елдегі жалғыз өңір ретінде көрсетіледі. Гүлдеу маусымы әдетте шілденің ортасынан тамыздың соңына дейін созылады. Осы жерде Атыраудың табиғи бейнесіне қатысты бір қызық парадокс пайда болады. Атырау көбіне мұнаймен, өндіріс¬пен, Каспиймен байланыстырылады. Ал оның Құрманғазысы – лотостың мекені. Бір өңірдің табиғатында қара алтын мен қызғылт гүл қатар өмір сүріп жатыр.


      Ал лотос Қиғашқа қалай келді? Бұл – әлі де қызығушылық тудыратын сұрақ. Лотостың Қиғаш бойында нақты қашан және қалай пайда болғаны туралы әртүрлі болжамдар айтылып келеді. Мұндай жерде аңызды тарихи фактіден ажырата білу маңызды. Ғылыми тұрғыдан өсімдіктің табиғи таралу аймағы өте кең: ол Ираннан Қытайға, Үндістаннан Ресейдің оңтүстік өңірлеріне, әрі қарай Шығыс Азия мен Австралияға дейін жетеді. Сондықтан Қиғаштағы популяцияны осы үлкен табиғи ареалдың бір бөлігі ретінде қарастыруға негіз бар. Ал жергілікті жұрт арасында гүлдің пайда болуына қатысты түрлі әңгімелер айтылуы мүмкін. Мүмкін, оның тұқымы су жолымен келген шығар... Мүмкін, су құстары арқылы таралған шығар... Мүмкін, адам қолының да қатысы болған шығар. Бірақ бұл сұрақтың нақты жауабын аңыздан емес, ботаникалық зерттеуден іздеу керек. Ал аңыздың міндеті басқа. Ол табиғаттағы құбылысқа адамның берген мағынасын сақтайды. Сондықтан Қиғаш лотосының тарихында ғылым мен аңыздың қатар жүруі – оның әлсіздігі емес, қайта қызықтылығы.
Қиғаштағы гүл – табиғаттан туризмге дейін
     Бір кездері Қиғаш бойындағы лотос жергілікті табиғаттың бір бөлігі ғана болса, бүгінде ол өңірдің туристік нышандарының біріне айналып келеді. Ресми мәлімет бойынша, лотос алқабының аумағы мыңдаған гектарға созылады. Гүлдеу кезеңінде мұнда туристер арнайы қайықтармен жетеді. Жол бойында лотостан бөлек аққу, аққұтан және басқа да су құстарын кездестіруге болады. Яғни мұнда турист бір ғана гүлді көру үшін емес, тұтас өзендік экожүйеге куә болу үшін келеді. Бұл өте маңызды. Өйткені лотосты жеке нысан ретінде ғана емес, оны қоршаған табиғи әлеммен бірге қабылдау қажет.


Гүлден фестивальге дейін
     2025 жылы Қиғаш лотосының тарихында жаңа кезең басталды. Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында Қазақстанда тұңғыш рет LOTUS FEST – 2025 халықаралық мәдени-туристік фестивалі ұйымдастырылды. Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен және шетелден 10 мыңнан астам турист қатысты. Теңіз ауылында 20 киіз үйден тұратын этноауыл құрылып, ұлттық ойындар, қолөнер жәрмеңкесі, театрландырылған қойылымдар, атпен серуендеу, қайықпен саяхат, гастрономиялық және фото байқаулар ұйымдастырылды. Фестивальдің алғашқы күнінің өзінде лотос гүлінің сұлулығын көруге 3000-нан астам турист келгені хабарланған. Қонақтардың арасында Қазақстанның батыс өңірлерінен бөлек, Ресейден келгендер де болған. Осылайша лотос біртіндеп табиғи құбылыстан мәдени брендке айнала бастады.
    Лотос алқабының танымалдығы биылғы жазда бұрынғыдан да арта түсті. Бұған табиғаттың ғажайыбын тамашалауға келген туристердің көбеюімен қатар, осы бірегей мекенде ұйымдастырылған Lotus Fest-2026 фестивалі де айрықша серпін берді. Екі күнге созылған мәдени-сауықтық шараға 40 мыңнан астам адам қатысып, лотос алқабы өңірдің туристік нысаны ғана емес, көпшілік бас қосатын мәдени кеңістікке де айнала алатынын көрсетті. Фестиваль аясында 50 кәсіпкер жәрмеңке, суретке түсу аймақтарын, фудкорт пен ойын алаңдарын ұйымдастырды. Ал сахнада облыс әншілері мен ауданның жас өнерпаздарынан бөлек, Bytanat, Alham, Melomen тобы, Turar, Ғаділбек Жанай, Zaman тобы, Нұрлан мен Мұрат және Еркебұлан Құмар сынды эстрада өкілдері өнер көрсетті. Осылайша табиғат аясындағы мереке музыка, өнер, кәсіпкерлік пен туризмді тоғыстырған ауқымды мәдени оқиғаға ұласты. Фестивальдің әсері келушілер санынан да байқалады. Шілде айынан бері алқызыл лотос алқабына 10 мыңға жуық турист пен қонақ келген. Бұл – лотостың өңірдің туристік брендіне айналып келе жатқанының бір белгісі. Ал табиғаттың бұл ерекше сыйын тамашалау маусымы қыркүйек айының алғашқы аптасына дейін жалғасады.
      Бұл жерде фестивальдің атауындағы «Lotus» сөзі ғана емес, оның мазмұны да маңызды. Лотосқа келген адам қазақтың киіз үйін көреді. Ұлттық тағамнан дәм татады. Домбыра үнін естиді. Қазақтың салт-дәстүрімен танысады. Яғни Қиғаштағы бір гүл әлемдік табиғи мұраны жергілікті мәдениетпен байланыстыратын көпірге айналады. Бірақ гүлді көруге келген адам оны қорғауды да үйренуі керек
     Лотостың танымал болуының екінші жағы бар. Турист көбейген сайын табиғи аумаққа түсетін салмақ та артады. 2022 жылы Құрманғазы аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің өкілі лотос алқабының қорғалатын табиғи аумақ екенін айтып, кейбір туристердің гүлдерді жұлып кеткен жағдайлары болғанын мәлімдеген. Ал 2026 жылы табиғаттың өзі ескерту жасағандай. 17 шілдеде Қиғашта лотос гүлдеу маусымы басталғанымен, биыл гүлдердің саны өткен жылдармен салыстырғанда аз екені хабарланды. Су бетінің көп бөлігін гүлден гөрі жапырақтар алып жатқан. Оның нақты себебін бір ғана маусымдық бақылауға сүйеніп айтуға болмайды. Бірақ бұл – табиғи мекенді жүйелі түрде бақылаудың қаншалықты маңызды екенін көрсететін белгі.
      Бір қызығы, дәл осы 2026 жылдың шілдесінде Атырау маңында лотостың жаңа табиғи мекені де анықталды. Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының мамандары Тасқала ауылы маңындағы Перетаска каналы бойынан табиғи жағдайда өсіп тұрған жаңа лотос популяциясын тапқан. Зерттеу кезінде өсімдіктердің гүлдеу кезеңінде екені расталған. Демек, Атырау жеріндегі лотос туралы әңгіме әлі аяқталған жоқ. Керісінше, оның картасы кеңейіп келе жатқан болуы мүмкін.
Мың жылдық гүлдің Атыраудағы жаңа тағдыры
    Лотостың тарихына қарасақ, оның адамзатпен байланысы мыңдаған жылға созылады. Үндістанда ол құдайлардың гүлі болды. Буддизмде – рухани тазарудың белгісі. Қытайда – мәдениет пен тұрмыстың бір бөлігі. Ғылымда – өзін-өзі тазартатын ерекше жапырақтың үлгісі. Ал Атырауда ол – Қиғаштың табиғи ғажайыбы. Бүгінде осы гүлдің атымен фестиваль өтіп, мыңдаған адам Құрманғазыға сапар шегіп жатыр. Бірақ лотостың ең үлкен құндылығы оның турист тартуында емес шығар. Оның ең үлкен құндылығы – бізге табиғаттың кейбір ғажайыптарының өте нәзік екенін еске салуында.


     Лотос лайдың ішінде өседі. Бірақ лайға айналмайды. Мүмкін, адамзаттың бұл гүлге мыңдаған жыл бойы қайта-қайта оралуының сыры да осында шығар. Өмірдің ең таза нәрселері кейде ең таза жерден емес, лайдың арасынан туады. Ал Қиғаштың қызғылт гүлі бізге бүгін тағы бір нәрсені айтып тұрғандай: табиғаттың ғажайыбын тамашалау – бір бөлек, оны келесі ұрпаққа аман жеткізу – одан да үлкен міндет.
Лия БЕКЕЖАН

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді