Баба даланың тарихы тек жер бетіндегі көне қалалар мен қорғандарда, кесенелер мен қорымдарда ғана сақталмаған. Оның көлемді бір бөлігі жер астында жатыр. Бір кезде елдің шөлін қандырып, малға өріс, көшке бағыт болған құдықтардың көбі бүгінде құм астында қалған. Бірақ олардың атауы, соларға қатысты аңыз-әңгімелер мен естеліктер әлі ұмытыла қойған жоқ. Әсіресе Нарын құмындағы ескі құдықтардың тарихы – көшпелі тіршіліктің біз толық танып үлгермеген бір парағы.
Қазақтың жүгірген аңның тұяғы тозып, ұшқан құстың қанаты талатын сайын даласында құдықтың орны қашанда бөлек болған. Өзен-көлі сирек, жауын-шашыны тапшы өңірлерде бір құдықтың өзі тұтас бір ауылдың тіршілік кепілі еді. Құдық қазылған жерге ел қоныстанған, мал өрістеген, көш аялдаған. Кейін сол маңда қыстау салынып, құдық атауы жер-су атына айналған. Жады мықты жұрттың дала картасы сөмкесінде емес, санасында жүретіні де содан шығар... Бүгінгі тілмен айтқанда, құдықтар көшпелі даланың өзіндік инфрақұрылымы еді. Бір-бірінен шалғай жатқан қоныстарды жалғап, көш жолдарының бағытын айқындаған. Шөбі шүйгін болғанымен, суы жоқ жердің қадірі шамалы. Ал құдық қазылған соң бұрын игерілмеген жайылымның өзі ел игілігіне жараған.
Сондықтан да құдық қазу қара күштің ғана емес, білім мен тәжірибенің ісі болған. Кәнігі құдықшы жердің қабатын тап басып танып, топырақтың мінезін ажырата білген. Қай тұста су таяз, қай жерде терең, қай қабаттың суы тұщы, қайсысы ащы екенін шамалаған. Оның үстіне құдықтың қабырғасын опырылмайтындай етіп шегендеу де үлкен шеберлікті талап еткен.
Атыраулық өлкетанушы Мұрат Бектенов «Құмаршық» кітабында Нарын құмындағы құдықшылыққа қатысты қызықты деректер келтірген. Қаламгердің жазуынша бұрынғы адамдар жел үрлеп, астыңғы дымқыл қабаты ашылған жердің топырағын алақанына салып сығып көрген. Тіпті топырақтың дәмін татып, жер астындағы судың тұщы-тұздылығын болжаған. Кітапта кейбір құдықтардың суы төрт күрек бойындай тереңдіктен шыққаны айтылады. Шегенделмеген, аумағы кең, суы мол таяз құдықтарды «Ақшелек құдық» деп атаған. Мұндай су көздері әсіресе мал суаруға қолайлы болған.
Қазіргі гидрогеология жер асты суын ғылыми әдістермен зерттейді. Ал бұрынғы құдықшылардың сүйенгені – табиғатты ұзақ бақылаудан туған тәжірибе. Оның бәрін бірдей ғылыми дәлелденген тәсіл деуге келмес. Дегенмен, бұл – ғасырлар бойы далада тіршілік еткен халықтың табиғатпен тіл табысуға ұмтылған өзіндік танымының көрінісі.
Кейде бағзы күндердің ескірмес естелігін, тау мен тастың, өзен-көлдің атауын арқау еткен жыр-дастандар әлдебір жиһангездің артында қалған ескі карта секілді әсер қалдырады. Зар заманның сөз сүлейі Мұрат Мөңкеұлының толғауларын оқығанда осы ойға еріксіз келесің. Ақын жырларында Еділ-Жайықтың, жалпы батыс аймақтың өзен-көлі, жайлауы мен қыстауы, құдықтары мен қоныстары тұтас бір географиялық кеңістік болып көрінеді.
Ақынның «Сарыарқа» толғауында Базарбай, Қабыршақты, Кенен, Құрмас, Адыра құдықтарының атаулары кездеседі. Ақын мұрасында Нарғозы құдығы да аталады. Бұлардың бәрі Нарын құмында орналасқан деуге негіз жоқ. Алайда сол дәуірдегі Батыс өңірінің қоныстану тарихын танытатын атаулар екені анық. Мұрат үшін жер атауы жай мекеннің белгісі емес. Ол – елдің өткен дәурені, салған сайраны, атақоныстың қадірі, көшкен жұрттың ізі. Ақынның жер-су атауларын тізбектеуі құрғақ географиялық сипаттамаға ұқсамайды. Әр атаудың ар жағынан сол жерді мекендеген елдің тіршілігі, бір кезде дәурені жүрген қоныстың елесі сезіледі. Бір қызығы, уақыт өте қоныстар жоғалады, құдықтар көміледі, тіпті жер бедері өзгеруі мүмкін. Ал солардың аты жырда қала береді. Сөйтіп, әдебиет кейде тарихтың өзі жоғалтып алған деректі сақтап қалады.
Құдықшы еңбегінің қаншалықты ауыр, қатерлі кәсіп болғанын Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» повесінен терең сезінеміз. Шығарманың бас кейіпкері Еңсеп – жер астынан су шығарып, елдің қажетіне жараған шебер. Құдық қазу оның күнкөріс кәсібі ғана емес, бүкіл ғұмырының мәніне айналады. Ол жердің тереңіне бойлаған сайын өз шеберлігінің де шегін сынай түседі.
Алайда жазушының айтпағы тек құдықшылықтың азабы емес. Еңсептің бойындағы кәсіби мақтаныш бірте-бірте өзгеден озуға деген құштарлыққа ұласады. Өз ісінің шебері болу мен өзгеден артық көрінуге ұмтылудың арасындағы нәзік шекара жоғалады. Ақырында Еңсептің қазған шыңырауы ел есінде «Еңсеп өлген» деген атпен қалады. Осы бір атаудың өзінде адам тағдырының тұтас трагедиясы бар. Жұртқа тіршілік сыйлайтын су іздеген адам сол тереңдіктен ажал табады. Ал оның еңбегі өзінен кейін де елге қызмет ете береді.
Әрине, Еңсеп – көркем шығарма кейіпкері. Бірақ қазақ даласында осындай кәсіптің ауыртпалығын көтерген, құдық қазып, елді сумен қамтамасыз еткен шынайы шеберлер аз болмаған. Олардың көпшілігі тарихқа есімін қалдырған жоқ. Кейбірінің аты өзі қазған құдықпен бірге ғана сақталды. Біздің қасиетті кең Нарында қанша Еңсеп өткен екен деген ой келеді осындайда...
Нарын құмында бір кезде қанша құдық болғанын, олардың қаншасы бүгінге жеткенін нақты айту қиын. Көнекөз қариялардың жадында сақталған атаулардың біразы кейінгі ұрпаққа беймәлім. Кейбір құдықтардың орны ғана белгілі, енді біреулері құмға біржола жұтылған.
Ата қонысты жайлаған «Айтан» шаруа қожалығының жетекшісі Ерлан Өтепқалиұлы осы өңірдегі ескі су көздері туралы ел аузында сақталған әңгімелерді жеткізді.
– Нарын құмында ескі құдықтар көп болған. Ғасырлар өте олардың көбі көміліп, жойылып кетті. Сақталғандары өте сирек. Құрманғазы мен Балқұдық жолында Ойық атанып кеткен құдық бар деп естігенмін. Жазық жерде орналасқан, қабырғасы көк тастан өрілген деседі. Ел арасында оның тарихына қатысты әртүрлі әңгіме айтылады. Бір нұсқада Шыңғыс ханның атты әскеріне су керек болып, құдықшылар қазған кезде мол су көзіне тап болған екен дейді. Бірақ оның анығын кім білсін, – дейді ол.
Әрине, Ойық құдығын Шыңғыс хан дәуірімен байланыстыратын әңгіме тарихи дәлелденген дерек емес. Дегенмен мұндай аңыздардың өзі елдің ескі құдықтарға қаншалықты мән бергенін аңғартады.
Ерлан Өтепқалиұлы айтқан тағы бір қызықты мекен – Жүн құдық. Индердегі Шолантаудың батыс бетінде орналасқан бұл құдықтың атауына қатысты ел ішінде ерекше әңгіме сақталған.
– Жүн құдықтың суы бір кезде атқылап, тоқтамаған деседі. Сонда адамдар оған жабағы қойдың жүнін салып, суын баяулатқан екен. Атауы содан қалған дейді. Ол жерде әлі күнге ел отыр, құдық пайдаланылып келеді, – дейді шаруашылық жетекшісі. Ал Тұщықұдық маңындағы Түсіп құдығының тарихы өзгеше. Ерлан Өтепқалиұлының айтуынша, бұрын «жиырма төрт жолы» аталған жерде көлемі шағын, бірақ суы аса мол құдық болған. Қой қырқымы кезінде алты отар, яғни алты мың қойды суаруға жеткені айтылады. Бүгінде ол маңда ел де жоқ, құдық та көміліп қалған. Бір кезде мыңдаған малдың шөлін қандырған құдықтың орнында қазір құм жатыр. Тіршілік тоқтаған соң байырғы қоныстың да ізі көмескіленген.
Осындай әңгімелерді тыңдағанда құдықтардың жоғалуы тек бір су көзінің жойылуы емес екенін түсінесің. Онымен бірге бір кездегі шаруашылықтың, көш жолының, көне тарихтың ізі де жоғалатыны қандай өкінішті?..
Ескі құдықтардың тағдыры өткен шақпен ғана шектелмейді. Нарын құмында мал бағып отырған бүгінгі шаруалар үшін су мәселесі әлі де өзекті. Ерлан Өтепқалиұлы құдықтардың топырақ ерекшелігіне қарай бірнеше түрге бөлінгенін айтады.
– Аталарымыз құдықтарды саз құдық, құм құдық, қайыршақ құдық деп атаған. Құм құдықтың суы тез жиналғанымен, көзі де тез бітеледі. Саз құдық бір сарқылса, үш күнге дейін қалпына келмейді, негізінен түнде су жиналады. Ал қайыршақ құдықты қазғанда қиыршық тас неғұрлым көп шықса, суы да мол болады деп есептеген, – дейді ол.
Мұндай айырмашылықтарды ажырата білу малшы үшін жай танымдық мәлімет емес, күнделікті тіршіліктің қажеттілігі болған. Бұрын құдықты малшылар өздері қолмен қазып, шегендеген. Қазір ақ таспен бекітетіндер де, құм толтырылған қап пайдаланатындар да бар. Техника өзгергенімен, суға деген тәуелділік жойылған жоқ.
Шаруашылық жетекшісінің байқауынша, соңғы жылдары Нарын құмындағы су көздерінің жағдайы өзгеріп барады.
– Бұрын құдықтардың суы өте тұщы болатын. Кей жерлерде су 50 сантиметрден бір жарым метрге дейінгі тереңдіктен шыға беретін. Қазір су тереңдеп, кей тұстарда ащыланып барады. Қыста қар, жазда жаңбыр аз түсті. Жайықтың тасуы да бұрынғыдай емес. Басқа су көздері де азайды. Мұның бәрі Нарынның суына әсер етіп жатқан болуы мүмкін, – дейді Ерлан Өтепқалиұлы.
Бұл өзгерістердің нақты себептерін ғылыми зерттеулер арқылы анықтау қажет. Алайда қырда мал өсіріп, су көздерін күнделікті пайдаланып жүрген адамның байқауын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені Нарынның бүгінгі тіршілігі де, ертеңгі шаруашылығы да суға тәуелді.
Біз тарихи мұра дегенде көбіне көзге көрінетін, еңселі ескерткіштерді елестетеміз. Көне қала, кесене, қорған, ескі ғимарат... Ал жер астына қарай қазылған қарапайым құдықты тарихи мұра ретінде қабылдай бермейміз. Бірақ кейде сол бір елеусіз құдықтың тарихы тұтас бір қоныстың шежіресін ашуы мүмкін. Оның атауы кімнің мекендегенін, қай әулеттің қонысы болғанын, қандай көш жолы өткенін аңғартады. Құрылысы сол дәуірдегі шеберлердің білімін танытады. Ал суының ерекшелігі өңірдің табиғи жағдайы туралы мәлімет береді.
Нарын құмындағы құдықтардың бәрін бірдей тарихи ескерткіш деп жариялау шарт емес. Бірақ олардың атауын, орналасқан жерін, ел аузындағы әңгімелерін жинап, жүйелеудің маңызы зор. Әсіресе ескі қоныстарды білетін адамдардың естеліктерін бүгін жазып алмасақ, ертең кеш болуы мүмкін.
Бір кезде қыр қазағы құмды қазып, жер астынан су іздеді. Сол судың арқасында қоныс көбейді, мал өрісі кеңейді, тіршілік жалғасты. Ал бүгін құм астында қалған құдықтардың тарихын іздеу – біздің еншімізде. Өйткені көкшен уақыт пен ескен құм су көзін көмуі мүмкін. Бірақ сол құдықтардың басында қайнаған бабалар баянын ұмыттыруға тиіс емес.
Лия БЕКЕЖАН





