Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА
Нарынның нар шөккен төбелері мен наркескен ұлдары туралы талай аңыз-әфсана жазылар... Өлшеп берген ғұмырда өзіне берілген миссияны өзеурмей, арзан атақ дәметпей адал атқарған арыстар туралы әлі талай естелік айтылар... Жаратушы ие шебер ғой... Арғымақ туған ұлдарын көп ішінен көзге де ерек, көңілге де ерек қып беретінін айтсаңшы. Оларды дертті ғып туғызатынын айтсаңшы... Дерт болғанда тәннің дерті емес, тәйірі, кімнің тәні ауырмайды?.. Оларды жан дертіне, өнер дертіне тумай жатып ұшыратып қояды екен ғой. Болды. Бітті. Содан соң ол дерттен жазылып көр! Оның жалғыз емі бар. Ол -жаныңды, жүрегіңді сату. Сату деген- кірлету. Ақшаға, мадаққа, атаққа сатылған қанша дарын иесін біледі тарих?! Сірә, есебіне жету мүмкін болмас. Ал, жалған дүниенің қызығын тәрк етіп, тәңірінің аманат-сәулесі өнеріне адал болғандар туралы жазу өте қиын. Өйткені, олар- өзгеше мінездің, сәл асқақтау, сәл қасіреттілеу тағдырлардың иесі. Өз дертінің, өнер дертінің ерікті тұтқындары...
Мен Асқар ағаны алғаш оқушы кезімде көрген едім. Қайсібір жылы Қарой жазығында үй тігіліп, маңғаз Махамбеттің поэзия күндері өтіп жатты. Ондай жиындарда ауданның бала ақыны деп өлең оқытатын әдеті бар еді біздің елдің. Сол сәттің бірінде тұлғалы, өз ортасында өзгеше көзге түсетін бір қонақ маған бұрылып қарап, «мына балада Табылдың табан тастасы бар екен» демесі бар ма? Ол сөздің мағынасына мән беріп жатпастан бұрын, мен оның Махамбетке ұқсастығын байқадым. Сосын актер шығар деп ойладым... Күндерден күндер керуен созып, ол кісі туралы осы эссені жазып отыратыным да белгісіз еді ол кезде. Жылдардан жылдар озып, қайран ағаның арғымағы алпысыншы асуынан аса бере жазатайым сүрініп кететінін, Қамысқалаға бара жатырған шаңдауыт жолдың оң жағын ала қоңыр төбе басына жатып алатынын да кім білген...
Білетіндер оның тек қана өнер үшін туылған, өзгеге мойын бұрмаған бірбет қайсарлығын айтады. Білетіндер оның өз атына айтылған кез келген мақтау мен қолпашқа шарт сынып, орнынан тұрып жүре беретін тентектігін айтады. Білетіндер оның жасы үлкенге деген шексіз ізетін, кейінгіге деген қайтарымсыз қамқорлығын айтады. Асқар ағаның өз естелігі былай деп сыр шертеді: «Өнер деген киелі дертке ұшырағалы да қырық жылдан асыпты. Балалық кездегі әрнеге әуес көңіл дәл өнер жолына бастайды-ау деп ойламаппын да. «Адамның ойлағаны болмайды, құдайдың қалағаны болады», -деген көнекөз ақылмандардың айтқаны айдай келді. Құдіретті күй өнерінің, күйшілердің құрсағындай Қамысқаладан қанат қағып қалаға келгенімде саз өнерінің алғашқы әліппесін сырнайшылар дайындайтын бір жылдық курстан бастаған маған кәсіби өнердің қарашаңырағы, театрдың актері болу бақыты бұйырды. Ол бір арманның алғашқы белесіне шыққан шақ еді». Осыдан соң екі жыл Алматыда білім алып, Атырауына қайта оралған албырт бозбала азды-кем Маңғыстау мәдениетіне де араласып үлгереді. Ал 1978 жылдан бастап ақырғы демі үзілгенше туған жерінің руханиятына адал қызмет етті.
Ол көркемсөздің хас шебері еді. Тіл тазалығы мен үн әуезділігі, сахна мәдениетіне келгенде аса кірпияздық танытты. Атырау облыстық филармониясында, жеке труппа «Атырау –Жайық» ансамблінде көркемсөз оқушы, жеке әнші, кейін труппа жетекшісі ретінде танылған жылдарынан бастап , аталмыш филармонияны басқарған ондаған жылдар ішінде өнерге салқынқанды қараған бір күн түгілі бір сәті болмағандығын көзкөрген замандастары таңдай қаға еске алады. Өнер деген ұғым қаншалықты биік болса, соншалықты нәзік, қорғансыз екені тағы белгілі. Облыстық филармонияның сәулетті ғимаратында да, оның абыройын асқақтатып тұрған даңқты жерлесіміз Нұрмұхан Жантөрин есімін иеленуінде де осы Асқар Оңғарсынұлының өлшеусіз еңбегі жатырғаны Атыраулық өнерпаздарға жақсы мәлім.
Асқар Харесов қазіргі тілмен айтқанда креативті басшы, талантты менеджер болды. Филармония жанынан ашылған домбыра, «Дарын» балалар хоры үйірмелері, үрмелі аспаптар, шекті аспаптар оркестрлері, әншілер квартеттері мен домбырашылар триолары жоғарыдағы теңеудің- бұлжытпас айғағы. «Бұлбұл домбыра» атты қыз-келіншектер сайысы, «Жадымда тұрар жаңғырып», «Сағым жылдар» ретрофестивалдері, «Топтан озған тарланбоз» атты Махамбет поэзиясына арналған республикалық көркемсөз оқушылар байқауы, «Ақсұңқар құстың сойы едім», «Мәңгі мұра-жауһар жыр» атты жыршы-термешілер сайыстары секілді алуан идеяның авторы ғана емес, жанкешті орындаушысына айналды. Аудан-ауылдардан бастап, аймақ-өңір, алыс-жақын шетелдерге айлап гастрольдік сапар шегетін филармония әртістерінің жол көрсетер басшысы ғана емес, ыстық-суығына бірге шалдыққан жанкүйері де өзі-тұғын. Ал қаланың әрбір мектебін аралап, домбырашылардың лекция концертін қоюы албырт та болса айрықша қадам еді. Осы жолдарды жазып отырғанда да, Асқар ағаның өмір жолын зерттегенде дет менің көз алдыма ер Махамбеттің қызғыш құсы келетіні несі екен?..
Соншалықты адуын, соншалықты тынымсыз Харесовтың жан- дүниесінің нәзіктігі мен тазалығына таңғалдым. Ақын атаулыдан тамаша лирик Тынышбай Рахымды сүйгендігін, өзінің де қағытпа экспромттар жазғанын, көсемсөз жанрында уытты дүниелер жариялағаны да жалпы жұртқа белгілі болмаса керек. «Өнер атаулының өрісі неге тарылды», «Жаназа жиналыс емес», «Ана тілім, ар-намысым», «Құрманғазыға құр сөз құрмет пе?» секілді мақалаларын оқып отырып, оның өткірлігін аңғардым. Асқар аға қазақы рухқа қызмет еткен, оның жаңғырғанын арман еткен екен ғой. Әттең қазіргі Атыраудың ажары мен сәулелі , сәулетті шақтарына куә болғанда ғой деген бір өкініш қылаң берді.
Нағыз дарын иесі үнемі қанағаттанбаушылық күй кешсе керек. Өз-өзіне көңілі толмаушылық үздіксіз ізденіске бастайды емес пе?.. Сол қиын сапарда сағың сынбауы үшін «қарағайға қарсы біткен бұтақтай» қайсарлық, серіппедей ширыққан намыс жолдасың болмаса тұғырымнан тайдым дей бер... Асқар секілді ерлерде жалғыз –ақ арман болған шығар. Өзі сәтті сомдаған Махамбеттің жырындағы
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Қас үлектен туған қатепті
Қара нар керек біздің бұл іске.
Қабырғасын қаусатып,
Бір-біріндеп сөксе де
Қабағын шытпас ер керек
Біздің бүйткен бұл іске, - деген ұлы мақсат, ұлт руханиятына қызмет ету миссиясын ол адал атқарды.
Өнерге келдім дегеннен, өнерге ердім дегенім дұрыс шығар... Бұл –Харесовтың өз сөзі, өмірлік кредосы. Ол алтынқұрсақ Нарында дүние есігін ашты. Алғаш көргені төңкерілген аспан мен жал-жал шағылдар болған шығар... Сезгені жусанның жұпар иісі мен сүт иісі шығар... Жақсы адамдар дүниеге келгенде бір уыс сәуле алып келеді дейді. Сосын сол сәулені өмір бойына аялап ұстап, айналасына таратады екен. Асқар ағаның шуағына бөленгендер мұны жақсы сезеді. Мүмкін айтпайтын шығар... Бірақ, мойындайды. Іштей болса да...
P.S.
Харесовтың «Кескекті ердің сойынан» екенін мына бір естелікпен айта кетуіме рұхсат етіңіздерші... Ілгеріректе осы Асқар аға бар, толағай Табыл бар, бір дастархан басында дәмдес болдық. Атырау туралы, оның аруақты ерлері туралы өткен –кеткен сыр шертіп отырғанда Табыл ағам Асекеңнің атына бір мақтау айтып қалды. Ол сөз шынында інілі-ағалының арасында айтылатын ілтипаттан шыққан болса керек. Сол-ақ екен, Асқар аға орнынан тік көтеріліп, қалпағын киді де, шығып жүре берді. Бәріміз ере шықтық. Жаңбырлы түнге етегі жер сызған қара плащты, қара шляпалы ағамыз сіңіп бара жатты. Артына бұрылып қарамады. Табыл айтты: «Ол сөйтеді! Енді қайрылмайды» деді. Өйткені, ол ағасын жақсы білетін. Өйткені, екеуі де бір мінездің, бөлек жаратылыстың иелері еді. Араға жыл салып, бірі наурыздың ақша қарында, бірі қазанның қара суығында бақи кешті. Ал, біздер, тірілер бір-бірімізді мақтай жүріп, Оларды сағынамыз...





