ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАН
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Махамбет сыйлығының лауреаты
Махамбет поэзиясы қилы-қилы символдарды бойына жинақтау арқылы өз тереңдiгiн ашып тұр. Ол тiршiлiк әлемiнiң iшiнде, көтерiлiстiң қым-қуыт кезеңiнде өзiн қоршаған ортаның көрiнiстерiнен өлеңiне қуат берерлiк сипаттарды молынан пайдаланған. Әдебиеттегi мифтiк образдар қашан да өмiр шындығын түсiндiруде ең тиiмдi, ең ұғынықты категориялар болып табылады. Солардың бiрi – Махамбет поэзиясындағы қара нар – мифтiк бейнеге көтерiлген алып күш иесi. Ол өзiнiң зор тұлғасымен ақын өлеңдерiндегi батырлықтың, қайсарлықтың, төзiмдiлiктiң, қайтпастықтың, табандылықтың символы деңгейiне көтерiлген. Қара нар - солардың барлығын бiр-ақ сөзбен жеткiзу үшiн ақын таңдап алған белгi. Яғни, қара нар семиотикалық қызметке жұмсалып, оқырманның сана-сезiмiне көп сөздiң жүгiн арқалатпай-ақ, бiр-ақ сөзбен көп мағынаны ұсынады. Бұл белгi әр өлеңдегi контексте өзiнiң бұрынғы бояуын қалыңдата, экспрессивтi-эмоционалдық қызметiн байыта түседi. Өйткенi кез келген көркемдiк белгi шексiз мәнге ие бола алады.
Ақын күнделiктi өмiрде өздерiне жақын түйе малын поэзиядағы осындай символдық деңгейге көтеру арқылы халықты көтерiлiске бастаудың жолын тапқан. Егер де ақынның көркемдiк құралы халықтың ұғымындағы қасиеттi, қадiрлi заттармен, түсiнiктермен астасып жатпаса, ол шығарманы биiк деңгейге көтерiп шыға алмайды.
Ауыз әдебиетiнде тым әрiден келе жатқан түйелердi атайтын болсақ, Қорқыттың желмаясы оның өлiмнен қашқанда астына мiнген көлiгi болса, берiдегi Асан қайғының желмаясы жер жаннатын iздеген ұлы ойшылдың жапанды кезгенде шаршамайтын төзiмдi, желiп кеткенде жер апшысын қуыратын жүрдегi болып суреттелмеушi ме едi?! Ал көне парсылық Заратуштраның есiмi “сары түйе мiнген адам” деген мағына бередi дейдi зерттеушiлер. Заратуштраға бұл есiм жайдан жай берiле салмаған болу керек. Бәлкiм ол да түйенiң қомында өмiрге келген болар. Ол түйесi сары түстi болған шығар. Бәлкiм, көне қыпшақ даласынан көне парсы жерiне барғанда астына мiнген көлiгi түйе болған шығар. Түйесiне қарап иесiнiң есiмi айқындалған болар. Әйтеуiр, оның заманының өн бойында да түйенiң рөлi зор болғанына осы есiмi сiлтеме жасап тұр деп пайымдауымызға болады. Ал қай кезеңнiң ауыз әдебиетiндегi түйелер көшiне құлақ түрсек те, олардың бостан-босқа боздап бара жатпағанын көремiз.
Түйелер ықылым заманнан берi халықтың жақсы тұрмысқа, бақытты да ұзақ өмiрге жету жолындағы ұзақ та бейнеттi сапарын бiрге көтерiсiп келе жатқан жануар. Солай болғандықтан да ауыз әдебиетiндегi түйе культi бақытты да бейбiт өмiрге, ұлы жеңiске жетуге мүмкiндiк беретiн халықтың айнымас көмекшi, тiлекшiсiндей бейнеленедi. Демек, Махамбет жырларындағы қара нар образының түп-төркiнi өзiнiң қалыптасу кезеңiн тым әрiден алып тұр. Бiрақ махамбеттiк қара нардың өзiндiк ерекшелiгi бар. Бұл – тағдырдың ауыр азабын тарту үшiн арнайы жаратылған, жер жаhандағы қара күш атаулының бәрiн бойына жинақтаған образ.
Ендi Махамбеттiң осы “қара нарын” өзiмiзге ескi аңыздардан таныс болып келе жатқан басқа түйелермен салыстырып көрелiк.
Заратуштраның түйесi - сары. Оның есiмi неге жай ғана “түйе мiнген адам” емес? “Сары түйе мiнген адам” деп түйесiнiң сары екендiгi анық айтылып тұрғанының себебi неде? Неге бұлай екенiн ешбiр зерттеушi әлi анықтап айта алған жоқ. Сол себептен де бiз оған ақындық, образдылық тұрғыдан қарап, оның сары түйесi бiздiң көз алдымызға сарғайған көнелiктiң, көн тарихтың түкпiрiндегi елдiң қарабайыр да аңқау тiршiлiгiн елестетедi дей аламыз. Ел-жұртына жаратылысты түсiндiрсем деп “Авестаны” дүниеге келтiрген иесiнiң сарғайған ойы оның астындағы түйесiн де сарғайтып жiбергендей. Жаратылыста түсi сары түйе өте сирек кездеседi. Ең көне дiндi дүниеге келтiрiп, о дүниеге кеткен ең алғашқы бұ дүниелiк адам туралы жазып, өлiмнiң де, өмiрдiң де мәнiн ұғындырмақ болған ғұлама Заратуштра, бәлкiм, өзiнiң iшкi жан дүниесiнiң хабаршысы болсын деп, әдейi осындай сирек түстi түйенi таңдап мiнген болар. Сары түйесi – оның iшкi әлемiнiң белгiсiндей.
Қожа Ахмед Яссауидың түйесiнiң түсi – ақ . “Ол кiсiнiң /Қожа Ахмед Яссауйдiң. О.Т./ Түркiстанға келгенiн ескi қазақ тайпалары /қыпшақ, қоңырат/ аса жақсы көрiп, Арал теңiзiнiң бойындағы ұлыстар оған арнап құстай ұшатын жүйрiк Ақ мая әкелiп тартады. Аңыз бойынша Яссауи таң намазын Түркiстанда оқып, Ақ маясымен ұшып барып, кешкi намазды Меккеде оқитын болған”. Бұл – игiлiктен, мақсат-мiндеттен кешiгуге болмайтындығын меңзейтiн жүйрiктiктiң белгiсi болған түйе.
Асан қайғының мiнген түйесiнiң түсi ашып айтылмаған, демек оның түсi - түйенiң негiзгi, яғни, жер өңдес, ақбоз түрi. Ол жерұйықты iздеп, бәлен ғасырдан берi жер апшысын қуырып, аңыздар елiнде әлi де алыстан ағараңдап көрiнiп, тоқтамастан желiп бара жатқан желгiрлiк пен жүйрiктiктiң белгiсi. Асан қайғы да елдiң қамын жеген, ел-жұрты үшiн жердiң жұмағын iздеп бейнет кешкен образ. Демек оның желмаясының белгiсi ел мен елдi табыстырып, бәрiне ортақ бұ дүниенiң жұмақ жерiн iздеген, отырған жерi жұмақ болса, адамзат та бiр-бiрiмен татулық, бiрлiкте болып, бейбiт те жұмақ тiршiлiк кешер едi деп жаhанды кезiп жүрген ақбоз өңдi елшiлiктiң белгiсiндей.
Ал Махамбеттiң түйесi - қара. Ол өзiнiң осы қаралығы арқылы екi мәнге ие болып тұр. Бiрiншi мәнi – оның қара күшiнiң белгiсi, ал екiншi мәнi – қасiретiнiң белгiсi.
Мiне, осы төрт дәуiрдiң түйелерiне қарап отырып, тiршiлiкте адамға адал мал болған түйелердiң көркем шығармалардағы образдық тауқыметi ауырлай түскенiн көремiз. Алдыңғы үш түйенiң мойнындағы заман жүгi де жеңiл болмағаны белгiлi. Бiрақ олар бiздiң көз алдымызға соншалықты қасiреттi көрiнiс әкелiп тұрған жоқ. Ал Махамбеттiң қара нары - өзiнiң қара түсiмен де, арқалап жүрген ауыр жүгiмен де ең бiр тауқыметi мол кейiпкер. Осындай тұлғасы арқылы ол Махамбет поэзиясындағы ақынның өзiнiң бейнесiн күрделендiрiп тұр. Жоғарыдағы салыстыруларға қарап отырсақ, Махамбеттiң бейнетiн Заратуштраның сары түйесi де, Қожа Ахмед Яссауидiң жүйрiк Ақ маясы да, Асан қайғының жүрдек ақбоз желмаясы да көтере алмас едi. Ақын ап-анық етiп айтып тұр:
- Толарсақтан саз кешiп,
Тоқтамай тартып шығарға,
Қас үлектен туған кәтептi,
Қара нар керек бұл iске .
Ақынның суреттеуiндегi қара нар – замана жүгiн тартатын, сол көтерiлiстiң қара жұмысына жегiлген бейнетқор. Адамзаттың бейнетiн замананың сазды батпағынан сүйреп шығарам деген қара нардың сипаты қандай мұңды. Тау басына ендi жеткiзе бергенде қайтадан төмен домалап кете беретiн алып қара тастың бейнетiн о дүниеде күнi бүгiнге дейiн арқалап жүрген Сизифтi көз алдыңызға елестетедi. Исатай-махамбеттiк дәуiрдi замана батпағынан алып шығу мүмкiн емес едi.
Махамбеттiң “саз кешiп” дейтiнiнiң астарына үңiлiп көрiңiзшi. Топырағы сазды жердiң қандай болатынын бәрiмiз де бiлемiз. Ылғал тиген сазға табаныңды басып қалсаң бiттi, жiбермейдi. Өзiне жолап кеткеннiң бәрiнен ұстап айрылмайды, бейне бiр табиғат оны соның бәрiне құмар етiп қойғандай. Тiптi болмаса соның өзiмен iлесiп кетедi. Сол жабысып айрылмайтын, зiл-батпан болып iлесiп кететiн саз – Махамбетке жабысып, қыр соңынан қалмай қойған қара зiлдей қасiреттiң суретi. Ақын алда тұрған ұлы мақсаттарының қандайлығын көз алдымызға келтiру үшiн өлеңге қара нардың күшiн және ол күшке қарсы әрекет ететiн толарсақтан келiп, iлгерi басқан аяғыңды керi тартып жатып алатын сазды қосқан. Қара нар қанша күштi болғанымен, ол кеудесiнде жаны бар зат. Ал жаны бардың бәрiне шаршау тән. Ал саз деген ол шетсiз-шексiз даланы алып жатқан азап бейнесiнде. Сол шексiз саз-азапты толарсақтан кешiп жүрудiң не екенiн сол қара нар ғана бiлетiн шығар. Бұл жердегi шетсiз-шексiз саз-даламыз – сол кездегi замана. Сол замананы iлгерi сүйреймiн деген қара нар – исатай-махамбеттер мен солардың қасындағы есiмдерi белгiлi-белгiсiз батырлар.
Махамбет бостандық жолындағы күрестiң бүкiл жүгiн өз өлеңдерiндегi қара нарына артады. Сонда өз көкiрегiндегi жүгi жеңiлдейтiн сияқты. Қара нардың сөйлеу тiлi жоқ, ол үшiн адам, дәлiрек айтқанда ақын сөйлейдi. Адам бостандығының сол малға керегi бар ма өзi? Қайдам! Ақын бостандыққа жету үшiн оған жаратылыстағы көзге көрiнiп тұрғанның да, көрiнбей тұрғанның да бәрiнiң күшiн iске қосады, яғни қара нарды да, поэзияны да.
Нардың түсiнiң қаралығын баса айтатыны Махамбеттiң онсыз да күштi нарына тағы да күш қосып тұрғандай. Жалпы «қара» деген сөздiң қазақ тiлiндегi күшейтпелiк мәнi өте зор. Бұл осы күшейтпелiк мәнi арқылы да үлкен симводың iшiндегi кiшi символға айналып тұр. Ол жеткiзiлмекшi ойдың қуат көзi. Бұл сөз Махамбет өлеңдерiн ерекше әсерге бөлейтiнiн осы тұста айта кетейiк. Ол тек қара нарға ғана қатысты емес. Мысалы:
- бiр қасық iшкен қара су,
жұмасына ас қылдым .
Судың түсiнiң қара не ақ дейтiн белгiсi жоқ екенi түсiнiктi, ақын оны күшейту үшiн «қара» сөзiн қосады. Бұл жерде тiптi әңгiме су туралы да емес, әңгiме батырдың аш жүргендiгi туралы, яғни, жалпы аштық туралы. Қара су өзiнiң бастапқы сусындық мәнiнен өзгерiп, бұл жолдарда аштықтың белгiсiне айналып кеткен. Сонда аштықтан көрген азабын айтудың ең шырқау шегiне жеткiзе айтылған түрi болып, оқып отырғандағы бұл жолдардың әсерi бiр ғана «қара» сөзi арқылы оқырманның өзiн аш қалдырғандай ықпал етедi.
- Қамалаған жаудан қайтпаған,
қайнаған қара болаттай,
қарсы бiткен жүрегiм .
Махамбетте жалаңаш, қу сүйектен тұратын теңеу болмайды. Жiгерiнiң мықтылығын дәл жеткiзудiң тәсiлi ретiнде болатты айту үшiн әуелi болаттың қандайлығын айтудың маңызын осы жолдардан көрiп отырмыз. Негiзiнде болаттың түсi қара емес қой. Сол болаттың қайнап шыныққанын, төзiмiнiң кереметтiгiн айту үшiн оған «қара» деген эпитет тiркелiп, жеткiзiлмек негiзгi ой өзiнiң қабат-қабат астары арқылы қоюланып кеткен. Сол арқылы Махамбет айтып тұрған болаттың берiктiгiне өзiмiз қолмен ұстап, көзбен көргендей сенемiз. Ал сол ғажап берiктiк оның жiгерiнiң, төзiмiнiң кескiнi.
Сондай-ақ: - қара шұбар жылансың , - дегендегi жыланның қара шұбарлығына назар аударалықшы. Жылан жер түстес болады. Ал қара шұбар жылан өте сирек кездеседi және бұл жыландардың iшiндегi ең қауiптiсi болып есептеледi. Ақын Жәңгiр ханның сипатын дәл беру үшiн әуелi жыланның қандайлығын айтып алады. Жыланның шұбар болатыны түсiнiктi, ал ендi сол шұбарының қара болып тұрғаны жыланның суық түсiн одан сайын ызғарландырып, бет қаратпастығының айқын белгiсi боп шыға келген. Осы жолдарды оқыған кезде Жәңгiрдiң адамдық кейпi көз алдымызда қара шұбар жыланға айналып жүре бередi.
- қара қазан, сары бала,
қамы үшiн қылыш сермедiк, -
дегендегi «сары бала» деп баласының сарылығын емес, баланы сары ауыз балапан мағынасында алып тұр деп ұғынуымыз керек, сондай-ақ, «қара» сөзi де қазанның түсiнiң қаралығын айтып тұрмағаны белгiлi. Жалпы қазақ ауыз әдебиетiндегi «қазан» сөзiнiң мәнi өте тереңдерде жатыр. Әлкей Марғұлан былай дейдi: «Құла мерген» жырында теңiз астынан қазан iздеу – тайпалар демократиясының бiрлiгiн сипаттайды. Қазан мықты болса – елде мықты. Қазан – шаңырақ сияқты бүтiндiктiң белгiсi, ол құрыса, ел де құриды. Оның үстiне қазанды қасиеттеу – ерте кездегi темiрге табынудың бiр түрi. Тәуке ханның аңызында жолығатын «қара қазан, «қара мылтық» алу – жаудан кек алу белгiсiнiң ескi түрi. Тәукенiң жарғысы бойынша бұрын жауласқанда «шаңырақ», «қазан сындырып» кек алудың орнына ендi оны сындырмай, жәбiр көрген жаққа сол нәрселердiң өзiн берiп тыныштық жасайды». «Жетi жарғыда» кек алуға беретiн символик нәрселер – «қара қазан», «қара мылтық», «қара нар», «қара күң», «қара ат». Ал мифология зерттеушiсi, талантты жас ғалым Серiкбол Қондыбаев «...Махамбеттiң сөзiндегi «қазаннның» ең басты сипаты «ортақтық, жалпылық». ...Көшпелi танымында оның үйi, киiз үйi ғалам моделi болып табылады. ...Мiне осы қазан-центр түсiнiгi мифтiк дүниетанымда бүкiл елдiң, жұрттың жерiнiң орталығының символы болады деген түсiнiктi туғызған», - дейдi. Мiне, бұл пiкiрлер арқылы «қазан» ұғымының заттық атауынан гөрi, салт-дәстүрлiк, тотемдiк мағынасы кеңiрек екенiне көз жеткiземiз. Олай болса қазан ұғымының халықтық, тарихи мәндiк сипатын Махамбет осы жолда тереңнен тартып айтып тұр. Ол ел-жұртының, қарапайым халқының сипатын бiр ауыз сөзбен әсерлi жеткiзу үшiн бұрыннан жаттанды болған «ел», «жұрт», «халық» деген сөздердi алмай «қазан» сөзiн қолданып тұр. Қара халық деп те айтуына болады, бiрақ поэзиядағы көркемдiк шеберлiкке құштарлық және табиғи дарын қашан да жаттанды сөздердi аттап өтiп, оза шабуға ұмтылады ғой. Ә.Марғұланның қазан туралы «ол құрыса, елде құриды» деген сөзiнiң фонында қарасақ, Махамбеттiң «қара қазан» үшiн бекер отқа түспегенiн көз алдымызға елестетiп, тебiренемiз. Халқының өзiне қаншалықты қымбаттығын шегелеп тұрып айту үшiн, айтылуының өзi ап-айқын көрiнiп тұруы үшiн ақын «қазан» сөзiн жетiм қыздың тойындай жалаң-жеңiл айта салмайды, қара сөзiнiң күшейтпелiк мәнiне күш салып, қара қазан деп қазып тұрып айтқан. Махамбет поэзиясының терең тамырының бiр көрiнiсi, мiне, осы «қара қазан».
Тәуке ханның жарғысында айтылатын «қара» заттың түсiнiң анықтамасы болып тұрған сияқты. Және заттың түсi арқылы да үлкен мағыналарға сiлтеме жасалатыны белгiлi. Ә.Марғұлан «Қара нардың» мәнiсi: өлген кiсiнiң сүйегiн қара нарға артып, көп қоныстаған қыстаудың төңiрегiне апарып қоюдан шыққан», - дейдi. Бiрақ бiз бұл зерттеуiмiзде «қара» сөзiнiң заттың түсiне қарай және басқа да мағыналарда айтылатын мысалы, «қара ниет», «қара жамылған» т.б. түрлерiне тереңдегенiмiз жоқ, өйткенi бiздiң зерттеуiмiзге керегi «қара» сөзiнiң Махамбет қолданған, яғни, күшейтпелiк мәндегi мағынасы. Осы мағынаның өте ертеден келе жатқан тарихы бар екенiне де көз жеткiзуге болады.
Көрнектi түркiтанушы, тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлының қытай жылнамаларынан жинақтап, құрастырып шығарған «Таным тармақтары» атты еңбекте Гың Шымин деген автордың қара сөзiне байланысты: «Қарахандар әулетi» деген ат «қара» деген сөзден шыққан. Бұл сөз осы әулеттiң «ұлы хан» деген атағынан көрiнедi, мысалы: Қара хан, Қара қаған, Арслан қара қаған, Табғаш Боғра қара қаған секiлдiлер. Зерттеушiлер кейiнгi кезде: «қара» деген сөз байырғы түркi тiлiнде «солтүстiк жақ» деген мағынаны бiлдiретiн, кейiн «басқыш», «ең жоғарғы» деген пiкiрдi көбiрек айтып, соған қорыған тәрiздi,» - деп баяндаған . Сондай-ақ осы жинақта Вэй Ляңтао деген автор Қараханның есiмi қытай тiлiне Хэйхан деп, яғни, «қара» сөзiнiң «ұлы», «ең жоғары» деген күшейтпелiк мәндегi ұғымын аудармашылардың бiлмегендiгiнен «Қара түстi хан» деп қате аударылып, оған түркi ғалымдарының қатты ренiш бiлдiргенi жөнiнде жазады . Демек, о баста «солтүстiк жақ» деген ұғымды берiп, кейiн «басқыш», «ең жоғарғы» деген мағынаға қарай ауысқан, ал ендi бiздiң заманымызда да сол «ең жоғарғы» деген, яғни, «күштi» деген ұғымның бұрынғыдан да дәлiрек тура мағынасына ауысқан «қара» сөзiн Махамбет өлеңдерi жарқырата көрсетiп тұр. Жоғарыдағы аталған еңбекте Арыстан қара қаған, Боғра, яғни Бура қара қаған деген хан аттарына байланысты: «Арыстан мен Бура деген жануарлардың аттары. Олар қарлықтың негiзгi екi тайпасының: Арыстан – Чуюэнiң, Бура – Яңмоның тотемдерi едi» деп келтiрiлген. Яғни, күшiнiң қандайлығын көрсету үшiн осындай күштi аңдардың, хайуанаттардың атауларын өз есiмдерi етiп алып, оған күшейтпелi мәндегi «қара» деген сөздi тiркеу дәстүрi болған екен. Дұрыс! Арыстан – аңның iшiндегi ең күштiсi, Бура – үй жануарының iшiндегi ең күштiсi, ал сол екi есiмге тiркесiп келiп тұрған қара деген сөз – сөздiң iшiндегi ең күштiсi. Ханның дәрежесiн асқақтату үшiн Арыстан мен Бураның күштiлiгiне қара сөзiнiң де күшiн қосып, ханның теңдессiз екендiгiн берiп тұрған ұғымдар бұлар. Мiне, осы “қара” сөзi Махамбет поэзиясында ұстамақ ойды дәл көздеу үшiн, айтылған ой тыңдарманға шашырамай, болбырамай нық күйiнде жету үшiн ақынның өлеңге қосатын болат қоспасы тәрiздi. “Қара” символының қуаты Махамбеттiң нарына құдыреттiң күшiн құйып тұр. Ақын поэзиясының от-жiгерi, алмастан өткiрлiгi, құм болған жiгерiңдi тiк көтерiп берер қасиетiнiң түп негiзi осындай сөздерде жатыр.
- Алайда, бiр шендессем,
Ауыр жүкке кездессем,
қара нардай-ақ,
саздауға қарсы жұлқармын!
Бұл – ендi тұрмастай болып тұралап қалған феодалистiк қоғамнан дәуiрдi алып шығудың көрiнiсi. Жай тартуға келмейдi, оған бойдағы бар қуатты сарқып, бар амал-айла тәсiлмен жұлқа тарту керек. «Жұлқа тарту» деген сөз тiркесiнiң күшi қара нарға жегiлгенде ғана алапат қуатқа ие болады екен. Махамбеттiң iшiнде қайнап жатқан кек жай сөздердi жапырып өтiп, қазақ тiлiнiң осындай қан қақсатып кетер сөздерiмен жетуi арқылы елдi оятқан ғой. Бұл, сайып келгенде, қара нар кейпiне енген ақын поэзиясының күшi. Қара нар өр өлеңдердiң шумақтары iшiнде өзiнiң асқақ кескiнiн бiр сәтке де ортайтпайды.
Жалпы Махамбет өлеңдерiндегi түйе малының бейнесi философияға малынып тұрады:
- Қалы кiлем, қара нар,
жарасады қатарға .
Қара нардың келiстi көркi қалы кiлем жауып әспеттеуге лайықтығын айту арқылы ақын ұлттық салт-дәстүрдегi әдемi көрiнiстiң де түйе арқылы көрiнiс табатынын баяндайды. Осы өлеңде»:
- Аруана жисаң жарасар,
Ұлы күнде сапарға...
Аруанадан туған мая бар,
Асылын айуан десе нанғысыз, -
дейдi. Мая түйенiң бойындағы бар қасиетiн баяндауда сөз таппай қиналып, «асылын айуан десе нанғысыз» деген сөзiнiң түп-төркiнiн көрiп тұрсыз ба? Аруанадан туған маяны адамның деңгейiне жеткiзе жаздаған. Түйе малы сырт қарағанда да төзiмдiлiктiң, бейнетқорлықтың, тектiлiктiң, кербездiктiң, салмақтылықтың, орнықтылықтың, табандылықтың, қуаттылықтың белгiсiндей. Еруге жарамаса, ботасын шайнап өлтiрiп, туған жерiне қашатын қасиет тек түйеде ғана бар. Ботасын неге өлтiредi? Себебi тастап кетейiн десе, басқадан қызғанады, кетпейiн десе, туған жерi сол ботасынан да қымбат, туған жерiне деген сағыныштан өзi өлiп бара жатыр. Мәрттiкке не айта аласыз.
- Қабырғасын сөксе де,
Қанын судай төксе де,
Қайыспас қара нар-ды де, -
дейтiнiнен төзiмдiлiктiң сипатындағы қара нарды көремiз.
- Қатарланған қара нар,
Арқанын қиып алған күн.
Бұл – олжа еткен мол байлықтың сипатындағы қара нар.
- Маң-маң басқан сары атан,
маңғыстап шығар өрiске.
Бұл жерде түйе берекелi де мамыражай жатқан елдiң сипатын берiп тұр.
-Аруана мая күңiренер,
Бауырынан өлсе баласы.
Бұл – жаугершiлiк заманда боздағынан айрылған қайғылы елдiң кескiнi.
- Мұнар да мұнар, мұнар күн,
бұлттан шыққан шұбар күн.
Буыршын мұзға тайған күн, –
деп дүниенiң астаң-кестең болған, елдiң адасқан шағын суреттеудегi нағыз дала ақыны ғана айта алатын сөздер. Осы шумақ туралы Қ.Жұмалиевтiң пiкiрiн келтiрейiк: “Дұрысын алғанда, буыршын, жалпы жас түйе, мұзға таймайды, оның қарақұсы өткiр, табаны бедерлi болады. Махамбет мұны бiлмей отырған жоқ, бiле тұра қолданып отыр. Сол шалыс келген образдар арқылы ел басындағы ауыр күндердi жайшылықтағы күндерден жекелеп көрсетiп, оқушыларын өз көзiмен көргендей, өз жүрегiмен сезiнгендей дәрежеге жеткiзу үшiн қолданып отыр” .
Мiне, осылайша Махамбет поэзиясындағы түйелер әлемiнiң келелi көшi тарихтың сағымына батып-шығып, өз жүгiн әлi де тартып келедi. Замана жүгi, поэзия жүгi.
Ақынның арқасында оны қоршаған орта да тарихта қалады, ақын тарих көшiнiң iшiндегi өзi өмiр сүрген кезеңдi тұтасымен ғасырдан ғасырға өзiмен бiрге көшiрiп жүредi. Махамбеттiң өлеңдерi болмаса Нарын құм мен Бекетай құм осынша даңқа ие болмас едi. Ақынның туған жерге деген шексiз махаббаты оларды поэзиядағы туған жер символы деңгейiне көтерген.
Ақынның өлеңдерi арқылы кескiнделген жер шарының осы кiшкентай ғана бөлшегi тарихи уақыт пен бүгiнгi уақыттың iшiнде өзiнiң адамзат алдындағы қызметiн атқарудағы көрген сойқанымен әйгiлi. Табиғат бiреулер үшiн өзiн қоршап тұрған өлi сурет қана. Махамбет үшiн сол жердiң әрбiр бөлшегiнiң өлi тұсы жоқ. Туған жерiн:
- Аңқау өскен ер едiм,
Бұла болып жасымда.
Бұл қонысқа қондырған,
Ата-бабам оңбасын,
Таңда Сират басында! –
дейдi ақын. Бұл сонда не дегенi?
Осы жолдардан туған жерге деген теңдесi жоқ шексiз махаббатты көрiп тұрмыз дегесек, ол қапелiмде сенiмсiздеу көрiнуi мүмкiн. Бiр қарағанда, қайдағы махаббат, “бұл қонысқа қондырған, ата-бабам оңбасын” деп тұрған жоқ па деп те ойлап қалуға болады. Ал егер де мәрт ақын Махамбеттi осылай дегiзуге себеп болып тұрған нәрсенiң түп шыңырауына батып кетсек, сол шыңыраудан қолымызға үлкен махаббатты ұстап шығар едiк. Бұл қонысты соншалықты жек көрiп тұрса, жайлы мекен қайдасың деп қопарыла көше жөнелуге Махамбеттiң жағдайы келетiн адам. Бiрақ көше алмайды. Неге?
Махамбеттiң туған өлкесi аптапты, желдi, құм дауылы үй шайқайтын шөлдi дала. Сырт қараған адамға “ит байласа, тұрғысыз” жер. Бiрақ, былайғы жұртқа солай көрiнетiн жер – Махамбеттiң кiндiк қаны тамған жер. Ал кiм өзiнiң кiндiк қаны тамған жерден жер жәннаты болмадың деп сырт айналады. Рас, кеткiсi келедi, бiрақ кетейiн десе, қимайды, ол оған рухымен байлаулы, ал рух деген арқан емес, тiспен болса да қиып жiберiп, кете беретiн. Кетпейiн десе, жердiң күйi, құм боранының өтiнде отырған бала-шағаның күйi, елдiң күйi анау. Қуғынға түскен басы тағы бар. Мiне, сол “кетемiн” мен “кетпеймiннiң” ортасында дал болған ақынды көз алдыңызға елестетiңiзшi. Егер оны бiреу осы жерге қамап қойса, онда ол бұлай азаптанбас едi. Басы бос болып тұрып, байланып отырғанның азабына төзу оңай ма? Оңай болса, ақын мұндай жолдарды айтпас едi. Бас сауғалап басқа өлкеге қашпай, өз жерiнде
- Ата-бабам оңбасын,
Таңда Сират басында, -
дегiзердей, яғни, ана дүниедегi Сират көпiрiнен өтудiң азабын еске алардай бейнет арқалауға бас тiкпесе, Махамбеттiң басы кесiлер ме едi? Туған жердiң адамды аяғынан емес, жүрегiнен байлап жiбермейтiн сыйқырының пәрменiн ақын қандай сөзбен айтуға мәжбүр болған! Иә, мәжбүр болған! Шынында да, басқа не айта алады?! Қиналған жан не дегiзбейдi. Бұл – ақынның iшкi әлемiнiң оқырманды таңқалдыратын шындығы, тiптi түсiнiксiз шындығы. Шындықтың ылғи әдемi сөзбен айтылып немесе ылғи түсiнiктi болып тұруы мiндет пе екен?!
Тiптi басқа ерлiк жасамай-ақ, осындай бораған құмның арасында өмiр сүрудiң өзi ерлiк. Небiр қырғынды көрсе де сол жерден тiстесiп айырылмаған халық түптеп келгенде қазақ деген елдiң шекарасын қалыптастырды. Табиғат құмды да ойлап тапты, Жетiсудай жер жәннатын да ойлап тапты. Жаратылыстың құпияларын зерттеген натуралист ақын Гетенiң мынадай сөзi бар: “Қалыпты климат болып тұру үшiн тропикалық аймақтар шаңдатып, ал Лапландия мұз жамылып жатуы керек”. Жаратылыстанушылардың осы теориясы тұрғысынан қарасақ, Нарын мен Бекетай, Сам мен Сенек құмдарының табиғатқа не үшiн керек болғандығын, Жетiсудың иран бақ болып тұрғанына қарап түсiнуге болады. Ал осы арқылы адамдар тағдырының әртүрлiлiгi де болмыстың бiр тепе-теңдiгiне қажет шығар, бәлкiм, деген ойға тiрелемiз. Махамбет сынды ойшылдарымыз бен батырларымыздың тағдыры “шөлдi, дауылды” болды, соның арқасында бiздiң тағдырымыз қазiргi “қалыпты климатты” бастан кешiруде.
- Әдiра қалған Нарында,
Бас пайданың бәрi бар , -
дейдi. Былай қарағанда ақынның бiр сөзi бiр сөзiне қайшы келiп тұрған сияқты. Бас пайданың бәрi бар болса, ол неге “әдiра қалған” болады? Себебi ол жерде Махамбетке қажеттi дүние байлығының бәрi бар, тек бостандық қана жоқ, ал бостандық жоқ болғаннан кейiн, бас пайданың керегi не деп тұр ақын. Әдiра қалған Нарын мен онда бас пайданың бәрiнiң де барлығын айтқандағы қарама-қарсы мән арқылы ақын өз iшiндегi қайшылықты жеткiзген. Жұрттың пайда деп жүргенiнiң бұл үшiн ешқандай құны жоқтығын суреттеуi де Махамбеттiң көрiктеу әдiстерiнiң бiрi.
Қара жер адам баспаған өлi күйiнде жатпауы тиiс, бұлай жатқан жердiң қасиетi адамға түсiнiксiз күйiнде қалмақ. “Едiлдiң бойы ен тоғай” дейдi ақын, “Ел қондырсам деп едiм” дейдi. Әрине, Едiлдiң бойы елсiз емес, бiрақ жердiң ең шұрайлы жерлерiн тек қана хан мен соның айналасындағы азғантай жұрттың иемденiп, қара халыққа жұтаң жер бұйырып, малы да жұтап, өздерi де жүдеп отырғаны батырдың көңiлiн жай таптырмайды.
- Едiл үшiн егестiк,
Жайық үшiн жандастық.
Қиғаш үшiн қырылдық,
Тептер үшiн тебiстік, -
дегенiндегi “егесу”, “жандасу”, “қырылу”, “тебiсу” күрестiң әртүрлi әдiстерiнiң шумақтың әр жолында тұрған жиынтық көрiнiстерi. Бұлар жинақтық қызмет атқарып, Едiл, Жайық, Қиғаш, Тептер деген жерлердiң образын ашып тұр. Күрескерлердiң сол жерлердi алып қалуы үшiн қандай қимыл жасағанынан бiз ол жерлердiң жан-жақты кескiнiн көре аламыз. Образ ашудың махамбеттiк түрiнiң бұл тағы бiр жаңаша көрiнiсi. Күрестiң осы әртүрлi әдiстерi ақынның айтпақ ойын жеткiзудiң де әдiстерi болып, күрес үстiндегi iс-қимыл өлең iшiндегi сөздердiң ойды жеткiзудегi iс-қимылына айналған. Ақын аз сөзге көп мағына сыйғызудың шеберi. Жер шары үшiн кiшкене ноқаттай ғана жердiң арпалысы осы төрт жол өлеңге сыйып тұр.





