Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

ФАРИЗА АПАМ

  Рашила Мурсалиева
Атырау облысының Құрметті азаматы


Биік бәйтеректің саясы да
да мол болатыны сияқты, 
үлкен таланттың да өз 
тұсындағыларға әсері мен 
өзінен кейінгілерге бергені
зор болса керек-ті.
                  Әбіш Кекілбаев

     Фариза апа! Сіз туралы толғанып, естелік жазу оңай болмас. Өзіңіз жырлағандай, күн өткен сайын сағынышымыз артып, орныңызды ешкім де баса алмай жүр. 

Сені ойлаймын,
көзім түскенде аласармайтын шыңдарға,
биіктер алда тұрғанда.
Мәуелеп өскен бәйтеректерді көрсем мен – 
аяулы бейнең тұрды алда...
    Өлеңдеріңізді бар қазақтың қыздарындай оңаша сәттерде бас алмай оқып, ұйқыға кететінбіз. Әдемі кештерде жарыса жатқа оқитынбыз. Ата аңызға айналған ақынды көреміз, бірге жүреміз дегенді қиялдай да алмайтын едік. Жетпісінші жылдардың аяғында Гурьевке келін болуды тағдыр бұйыртты. Алматыда жоғары партия мектебіне Торғай облысының жолдамасымен оқуға келіп, Гурьев облысының қызған тіршілігінің ортасынан бір-ақ шықтым. «Гурьев» десе Фариза апа естен кетпей жүрді. Ал, таныстығымыз қызық басталды. Мен жұмыс істейтін облыстық партия комитетінде идеология саласына басшылық жасаған қазақтың біртуар азаматы Маркен Жақияұлы Шайжүнісов еді. Өте сауатты шешімдер қабылдап, жан-жақты пікір таласты ұнататын талантты басшы болды.    Маркен ағамыз Фариза апай «елге келді» деп естіп, барып, сәлемдесіңдер деп, Балықшы ауданының бірінші хатшысы Кеңес Қосыбаев екеумізді жұмсады. Фариза апаның бас тіреп тоқтайтын үйі-марқұм ағасы Мағиздың үйі екен. Жеңгесі Айбарша және бауырлары «Қызыл балық» колхозында ескі жер үйде тұрады екен. Күн ыстық, келсек, Фариза апа түпкі бөлмеде, төрде, жұқа ақ жамылғы жабылған күйі, кітап оқып жатыр екен. Біз кірген соң, басын көтеріп, түрегеп отырды. Хатшыны таниды екен, жәй амандасты да, маған қарап: «төрге шық, көйлегің бүлінбесе» деді. Мен де іле-шала: «Апа, о не дегеніңіз, осындай үйде туып-өстік қой, көзіме оттай басылып, өз үйімді сағынып кеттім» дедім. Апай күліп жіберді. Жайбарақат әңгімеге көшіп, шаруамызды айттық. Жылы қоштастық.
Сөйтсем, Гурьевтің белгілі журналист қызы, марқұм Сара Досниязова Алматыдағы біздің үйлену тойымызда болған, кейін араласып тұрдық. Әрі, Ғибадаттың үйі (мен келін болып түскен) Жұмыскер ауылында Сараның шешесі Қоңыр апамен көрші тұрған еді. Сол Сара марқұм, менің мақтауымды жеткізіпті. Кейін апайдың өзі де айтатын: «Сарадан естіп, сені көргім келіп жүрген, мақтаған адамнан кемшілік іздейтін әдетім ғой, бірақ сен ойымнан шықтың» дейтін. Бұл сексенінші жылдардың ортасы болатын. Міне, сол уақыттан бастап, Фариза апаның маңайынан алыстаған емеспін. 
Жалғыз ағасы Мағиздың балалары – Фариза апаның қамқорлығында болды. Осындай бауырға деген елжіреген қамқорлықты өте сирек кездестірдім. Шығармашылық өмірінің бастауы да, қайнар көзі де туған жері мен осы бауырлары екеніне күман жоқ. Өзінің естелігінде: «Мен балажанмын. Кішкентай немерем Анитаны өте жақсы көремін. Ол мені Шах-мама деп атайды. Анита ертегіні ұнатады. Мен қолым тиіп кетсе, екеуміз ертек кітаптар оқимыз, үйде қуыршақ ойнаймыз, қыста далада шанамен сырғанап, қар лақтырысамыз, коньки тебеміз, Мен балалардың бәрі менің Анитөгімдей ерке де бақытты болса екен деп тілеймін» деген естелігіндегі жолдар Фариза апаның нағыз анаға тән нәзік сезімнің иесі екенін танытқан.
    Фариза апамен бірге жүріп, ғажайып өмір жолының талай сырларын тыңдап, қызықты сәттер мен кездесулерде бірге болғанымды сағынышпен еске аламын. Талай оқиғалар еске түседі.  
Фариза апаның туған жеріне деген махаббатының, сүйіспеншілігінің шегі жоқтай көрінетін. Сыртқа қатаң көрінгенімен, ел дегенде еміреніп, жақсы істерді көрсе балаша қуанатын, келеңсіздіктерге қатты қынжылып, амалсыз кейіпке түсетін. Иманғали Нұрғалиұлы әкім болып тұрғанда 60-жылдық мерейтойын қазақтың небір майталман, марқасқаларын ерте келіп, тойлағаны есте. Шерхан аға Мұртаза, Алтынбек Сәрсенбаев, Заманбек Нұрқадылов, Мақпалымен, ақын іні-сіңілілерін ертіп, ғажап кездесулер өткізген. Сол мерейтойда біртуар тұлға, апамыздың әрдайым құрмет тұтатын, ақыл қосып жүретін, аяулы азамат Нұрлан Балғынбаев өзі бас болып қонақ күтуге қатысты талай шаруаларды атқарып еді. Апайдың мінезі қызық еді. Иманғалимен жаймашуақ әңгімелесіп отырып, Фариза апа аяқ астынан өзгеріп, кейбір мәселелерге байланысты келіспей қалатын. Имекең: «апайдың көңіл - күйін келе жатқан туфлиінің тықылынан сеземін» деп әзілдейтін. Иманғали мен Нұрланды туған бауырындай жақсы көріп, көп жерде айтқандарына тоқтайтын. «Осы інілерімнің мінезі өзімнен асып барады» деп күліп отыратын. Қазақтың осындай біртуар азаматтарымен кім де болса қызыға да, қызғана қарайтын достық қарым-қатынасы ерекше-тін. Фариза апа өмірден өткенде Имекеңнің қаншалықты қиналғанын көзіміз көрді. Өмірден өткен жанға бұрын-соңды өнер саңлағына болмаған құрмет көрсетіліп, мыңдаған жиналған халықты риза етіп еді. 
Туған жерім деп соққан жүрегі Атырауын, халқын құшағына сыйғыза алмай арпалысатын. 
      О, туған жер, кеңпейіл, құшағың кең,
      Саған көңіл бұлқынар күш - ағынмен.
      Сағынышымды қанат қып саған қарай,
      Балапандай талпынып ұшамын мен.

      Сенде тас та қастерлі, аспан да алау,
      Сенде жанды тербетер дастан бар - ау.
      Менің мынау өмірге құштарлығым,
      Сені жақсы көруден басталған-ау! – деп толғанған ғой. Туған жерінің қатты қадірлеп, құрмет тұтатын азаматтары туралы айтудан, сүйсінуден жалықпайтын. Бір әңгімесінде, мемлекет және қоғам қайраткері Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев туралы сүйсіне әңгімеледі. «Равилді жас кезінен білемін, қазақ мықтыларына тән бар қасиетті бойына жиған, нағыз текті әулеттің ұрпағы. Тектілік - бар жақсылықтың бастауы» дейтін. «Үйінде қонақта болдым, – деп сөзін сабақтайтын. Ер азаматтың жақсылығын айшықтайтын әйелінің көрегендігі ғой. Әйелі Сәуленің қонақ күтісінде ерекше әдеп байқадым. Салмақты қалпымен, көмектесуге келген әулеттің келіндерін жылы жүзімен, көзқарасымен ғана басқарып, көп жерде көріп жүргеніміздей әбігерленбей, байсалды қалпын бір өзгертпеді» деді. Осы әңгімесін естіп, шын мәнінде, кісіліктің өлшемінде біз мән бермейтін, қарапайым отбасылық тәрбиенің де маңызы зор екеніне көзім жетті.
Атырау өңірінің ел сыйлаған азаматы, белгілі меценат Төкен Танаұлының жары Дина апамызды қатты жақсы көріп, аузынан тастамай мақтап жүретін. «Дина-Төкеннің бағы ғой» деп  қайталайтын. Амангелді аға Селбаевтың азаматтығын жоғары бағалап, елдік мәселелерді ақылдаса жүретін.
Фариза апамен Маңғыстау сапарында көп болдым. Сол елге барғанда апамыз ерекше көңіл - күйге бөленіп, өзін өте еркін сезінетін. Бір жолы Маңғыстаудың белгілі азаматтарының бірі Киікбай ағаның үйінде, апамыздың сол өңірдегі құрдастары Тергеу аға, атақты Күріш әнші бас қосып, әңгіме дүкен құрғаны бар. Осынша жарасымды кешті, ең бастысы апайдың асып - тасыған, шалқыған сәті керемет еді. Светқали мен Сабыр Адайды іздететін, барғанда. «Осылар мен келсем, қашып жүре ме?» деп ұрысып қоятын.
Маңғыстау!
Мұнараларың шаншыла аспанды ұрып,
Тайталаса алмай қалады асқарлар бұғып.
Жанартаулардай лапылдап отты алауларың,
Жанары жасық жандарды жасқандырып.
Фариза апаның Маңғыстауға деген шынайы сағынышын, сол топырақтағы асыл азаматтарға деген құрметін көріп, киелі Маңғыстауды мен де сағынып, азаматтарын қатты құрметтеймін.
Фариза апа киелі Торғай өңіріне деген ыстық ықыласын айтып та, көрсетіп те жүрді. Бірде Алматыда демалуға келсем, апай телефон соғады. «Жинал, самолетке билет алып қойдым. Торғайға барамыз» дейді. Мен: «апа, мен жақында ғана келдім ғой десем, қайтып келіп жалғастырасың, бас дәрігермен келістім» деді. Торғай облысының бар кезі, сол кездегі облыс әкімі, марқұм Жақан Қосабаев күтіп алып, керемет кездесулер өткізді. АН-2 самолетімен Арқалық-Аққұм-Ақкөл-Торғай маршрутымен Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) туған жерін көремін деген Фариза апаның басты мақсаты орындалған естен кетпес сол сапар көз алдымда. Апай Ахаңның «Аққұм» әнін жақсы көретін, домбыраға қосып, әдемі, нәзік дауысымен айтатын, көңілі көтеріңкі кездерінде. Ақкөлде жерден топырақ уыстап алып: «қайран Ахаң...» деп көзінен жас парлап, үнсіз қалғанын көрдік. Осы сапарда Фариза апаның қасында облыс әкімінің орынбасары Рысты Сариева, мәдениет басқармасының бастығы Нұрикамал («Нұрикамал» әнінің кейіпкері), белгілі журналист Ләззат Қапышева сияқты қыз-келіншектер болды. Арқалықта Торғай өңірінің айтулы әншісі Ғазиза Жұмекенованың кешіне қатынасып, өнердің мәртебесін асқақтатты. 
Фариза апа әйел затына ерекше жылылықпен қарап, үнемі қамқорлық танытып, қай салада жүргені болмасын, әйелдерге ұдайы қолдау көрсететін. Әсіресе, шығармашылықпен айналысатын әдебиет, мәдениет саласында жүрген жастарға қамқорлығы ерекше еді. Фариза апа өмірден өткеннен кейінгі жылдарда апаны сағынған, жоқтаған қанша естеліктердің куәсі болдық. Бір сапарында, Шамша Көпбайқызымен елге бірге келіп, Атырау, Ақтау өңірін аралады. Шамша апамен бірге, Атыраудың бірталай азаматтарымен біздің үйде қонақта болды. Сол жолы апай екі жас қызды ерте келді. «Бұлар менің жақсы көретін сіңлілерім, өлең жазады, жақсы жазады, Сіздің үйге әдейі ертіп келдім. Қамқор болып жүр», – деді. Олар бүгінгі қазаққа танымал, ақындар – Әлия Дәулетбаева мен Бақытгүл Бабаш еді. Апайды сағынғанда, Әлия мен Бақытгүлді іздеймін. Қазақтың қай өңірінде де Фариза апай қамқорлаған талай ақын сағыныштарын өлеңмен басып жүрген шығар. Қайран, Фариза апа!   
Фариза апамның қонақ күткенін, жайған дастарханын, дәмді ас дайындайтынының өзі ерекше еді. Дастарханға асып–төгіп, берекесіз көп тағам қойғанды ұнатпайтын. Қызық оқиға ойыма түседі. Туған күніме (Атырауша) дайындап қойған дастарханға Фариза апам самолеттен түсісімен, біздің үйге келе қалды. Қуанып жүрмін, дастарханда бәрі бар деп. Апам көп тамаққа қол созбай отырды. Бір кезде «сары май бар ма?» деп сұрады. Жүгіріп мұздатқышты ашсам, сары май жоқ. Кейін, толған тағам тұрғанда сары май сұрағанын айтып, сол оқиға көпке тарап кетті. Апай үйге келетін болса, жолдасым Ғибадат «сары май алып қойдың ба?» деп сұрайтын болды. Күліп еске алғанмен, ас-суды ысырап қылмау керек екеннің де тәрбие екенін түсінетін болдық.
Отбасымызға, Ғибадатқа ерекше ілтипатпен қарайтын, жақсы көретін. Алғашқы немереміз Айзерені қырқынан шығарып, батасын берді. Балам Англияда жұмыс істеп жүргенде, мен де жиі баратынмын. Фариза апа Айзеренің туған күнін ұмытпай, Лондонға телефон соғып тұр. Сонша халықпен араласып жүріп, кішкентай сәбидің туған күнін ұмытпағанына қалай риза болмайсың?!  Ұлылық деген - пейілдің кеңдігі, кісілік пен кішіліктің тұтасқан ғажайып қосындысы екен ғой. 
Фариза апамен бірге болған жылдарым – тек қана қымбат шақтар ғана емес, өмірімнің мән-мағынасын арттырған сәулелі сәттерім болып қалмақ. Бүгінде Сіздің орныңызды басар жан жоқ! Қалған ғұмырды Сізді сағынып өтерміз, Фариза апа!

 

 

 

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді