Нағымұлы Ш., Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры,
Абылай хан атындағы Алматы шет тілдер университетінің Құрметті профессоры,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.
1970-жылдар. Алаш қайраткерлерінің есімі әлі ақталмаған, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы туралы оң пікір айтудың өзі тәуекел саналатын кезең.
Дәл сол уақытта Гурьев педагогикалық институтының аудиториясында бір оқытушы студенттеріне Алаш қозғалысы мен Алашорда туралы әңгімелеп жүрді. Ол тарихты ресми оқулықтағы дайын тұжырымдармен ғана шектемейтін. Александр Керенскийдің кейінгі тағдыры туралы да, қазақ тарихының жабық қалған беттері туралы да еркін сөз қозғайтын. Ал Алаш қайраткерлері ресми идеологияда әлі «халық жауы» саналып тұрған кезде олардың қазақ халқының тағдыры үшін қызмет еткенін шәкірттеріне тұспалдап болса да жеткізетін. Ол оқытушы – кейін тарих ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы атанған Хисмет Бозанұлы Табылдиев еді. Бүгін, арада жарты ғасырдан астам уақыт өткенде, сол дәрістердің мәні тіпті басқаша көрінеді. Қазір еркін айтылатын тарихи шындықты сол кезеңде аудиторияда айту үшін білім ғана емес, азаматтық батылдық та қажет болатын.
Хисмет Табылдиевтің тұлғасын ғылыми атақтары мен атқарған қызметтерінің тізімі арқылы ғана танып-білу мүмкін емес. Оның өмір жолында ғалымның табандылығы, ұстаздың жауапкершілігі, басшының іскерлігі және адамға деген қарапайым ізгілік қатар өрілді.
Ұстазды шәкіртінің жады сақтайды
Хисмет Бозанұлының дәрісін тыңдаған шәкірттерінің көбі оны арада қанша жыл өтсе де ерекше ілтипатпен еске алатын.
Гурьев педагогикалық институтының түлектері Еспусинова Светлана Бағытқызы, Сүлейменова Татьяна Алексеевна, Бурова Валентина Николаевна, Блохина Валентина Ильинична, Гордиенко Надежда, Хан Анна және басқа да тәжірибелі тарих мұғалімдері ұстаздарының дәрістерін сүйсіне әңгімелейтін. Олардың айтуынша, Хисмет Бозанұлы студентке өлкетануды жеке бір пән ретінде ғана емес, туған жерді үлкен тарихтың бір бөлшегі ретінде тануды үйреткен. Ақтау қаласында ұзақ жыл тарих пәнінен сабақ берген, Гурьев педагогикалық институтының 1971 жылғы түлегі Злиха Шәмкелованың естелігінде де ұстазының ерекше болмысы сақталған. Оның айтуынша, Хисмет Бозанұлы қатал әрі талапшыл, сонымен бірге білімі терең оқытушы болған. Студенттер оның әр дәрісін асыға күтетін. Дәріс пе, семинар ма, коллоквиум ба – қай сабағы да тарихи дерекпен ғана шектелмей, қызықты әңгімелермен астасып жататын.
Нағыз ұстаздың ең үлкен еңбегі, бәлкім, оқулықта емес, шәкіртінің жадында қалатын шығар. Хисмет Бозанұлы сондай ұстаздардың бірі еді.
Бір емтиханның тарихы
Менің де Хисмет Бозанұлымен байланысты жадымда қалған бір оқиға бар.
1967 жылы Кеңес Армиясы қатарындағы үш жылдық қызметімді аяқтап, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша екінші курстағы оқуымды жалғастыру үшін Гурьевке келдім. Бірақ келген кезде бұл мамандықтың жабылып қалғанын білдім. Институттың сол кездегі ректоры С.Т. Қожабаевтың ұсынысымен «Тарих» мамандығының бірінші курсына қабылдандым. Арада небәрі он күн өткенде «Ежелгі дүние тарихы» пәнінен емтихан тапсыратын болдым. Он күн ішінде тұтас пәнді меңгеріп шығу мүмкін емес екені түсінікті. Емтиханды оқытушы Күләш Қайырбекова қабылдап отырды.
Бір кезде аудиторияға шашын тегіс тараған, ұзын бойлы, келбетті кісі кірді. Студенттерге көз жүгіртіп шығып:
– Күләш, үшінші қатарда отырған мына бала кім? Тамыздағы қабылдау емтиханында көрмеген сияқтымын, – деді.
Күләш Қайырбекқызы менің әскерден жақында келгенімді, ректордың бұйрығымен оқуға қабылданғанымды түсіндірді.
Сонда әлгі кісі:
– Үш жыл әскер қатарында болып, бізді қорғап келген жас жігіттен сұрап не керек? Жақсы бағалардың бірін қойып жібермейсіз бе, – деді. Кейін білдім: ол Хисмет Табылдиев екен.
Бәлкім, сырттай қарағанда шағын ғана оқиға шығар. Бірақ студент үшін кейде бір адамның дер кезінде айтқан бір ауыз сөзі үлкен демеу болады. Сол жолы Хисмет Бозанұлы менің жағдайымды түсініп, шәкіртақы алуыма мүмкіндік беретін бағаға қол жеткізуіме септігін тигізді. Кейін өмір жолымыз бірнеше рет тоғысты. Екеуміз де халық ағарту саласында еңбек еттік. Сонда оның үлкен қызмет атқарып жүрген кезінде де қарапайым қалпынан айнымағанын көрдім.
1999 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан менің «Атырау – білім өлкесі» атты алғашқы кітабым жарық көргенде, алғашқылардың бірі болып телефон шалып құттықтаған да Хисмет Бозанұлы еді. Адамның үлкендігі кейде осындай кішкентай көрінетін әрекеттерінен танылады.
Мұғалімнен ректорға дейін
Хисмет Бозанұлы Табылдиев 1957 жылы Атыраудағы Орджоникидзе атындағы орта мектепті бітіріп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетіне оқуға түседі. 1962 жылы тарих, тіл және әдебиет мамандығы бойынша оқуын тәмамдайды. Еңбек жолын Атырауда қарапайым тарих мұғалімі болып бастайды. Көп ұзамай зерттеуге бейімі байқалған жас маман педагогикалық институтқа шақырылады. Мұнда Л. Файн, К. Темірғалиев, С. Қожабаев секілді ғалымдармен бірге еңбек етіп, Гурьев қаласының тарихын зерттеуге кіріседі. Жетпісінші жылдардың басында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих институтының аспирантурасына түскен кезде бұл тақырыпты едәуір игеріп үлгерген еді. Соның нәтижесінде 1973 жылы «Социалистік Гурьев тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғайды.
Оның кейінгі ғұмыры Атыраудағы жоғары білімнің қалыптасу тарихымен біте қайнасты. Он төрт жыл институт проректоры қызметін атқарып, 1991 жылы ректор болып тағайындалды. Бұл – ел өміріндегі күрделі кезең болатын. Кеңес Одағы ыдырап, экономикалық және қоғамдық жүйе өзгеріп жатқан шақта жоғары оқу орындарының да жаңа жағдайға бейімделуіне тура келді.
Хисмет Табылдиев басқарған кезеңде институттың материалдық-техникалық базасы нығайып, ғылыми әлеуеті артты. 1990 жылы оқу орнында бірде-бір ғылым докторы болмаса, тоқсаныншы жылдардың соңына қарай олардың саны оннан асып, ғылым кандидаттарының саны жүз отыздан асты. Университеттің сегіз факультетінде 34 мамандық бойынша мамандар даярланды. 1994 жылы оқу орны университет мәртебесіне ие болды. Бірақ Хисмет Табылдиев үшін университеттің өсуі ғимарат пен мамандық санын көбейтумен ғана өлшенбейтін. Оқу орнының тарихи жадын қалыптастыру да маңызды еді.
Халел есімін қайтарған кезең
Хисмет Бозанұлының ұсынысы және тікелей қатысуымен Атырау педагогикалық институтына қазақтың көрнекті ғалымы, ағартушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Халел Досмұхамедовтің есімін беру мәселесі көтерілді. 1994 жылғы 23 мамырдағы Үкімет қаулысымен институтқа Халел Досмұхамедовтің есімі берілді. Ал сол жылдың 2 маусымында оқу орны Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті болып қайта құрылды. Бұл жай ғана оқу орнының атауын өзгерту емес еді. Бір кездері тарихтан шеттетілген ұлттық тұлғалардың есімі қоғамға қайта оралып жатқан кезеңде университетке Халел Досмұхамедовтің есімін беру – тарихи жадты қалпына келтірудің бір көрінісі болатын. Хисмет Табылдиев осы істің бел ортасында жүрді.
Ғалымның басты тақырыбы
Басшылық қызметтің ауыртпалығына қарамастан, Хисмет Бозанұлы ғылыми ізденісін тоқтатпады. 1996 жылы «Ғылым» баспасынан Қазақстандағы сауатсыздықты жою тарихына арналған монографиялық еңбектері жарық көрді. 1997 жылы «Өлке» баспасынан «Сауатсыздықтан білім шыңына» зерттеуі шықты. Сол жылы «Қазақстандағы сауатсыздықты жою: тарихи тәжірибе және практика» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Оның зерттеулерінің ерекшелігі – кеңестік кезеңдегі ағарту ісінің жетістіктерін мойындай отырып, оның қайшылықты тұстарын да айналып өтпеуінде еді.
Ғалым араб графикасынан латын әліпбиіне, одан кириллицаға науқандық сипатта көшудің салдарын, оқу-тәрбие үдерісінің шамадан тыс саясаттандырылуын зерттеді. Алаш зиялылары жазған оқулықтардың тағдырын қарастырып, олардың еңбектерін оқыту мен оқуға тыйым салуға қатысты деректерді ғылыми айналымға енгізді. Бұл оның ұстаздық қызметіндегі ұстанымымен де үндесіп жатты: тарихтың ыңғайлы бетін ғана емес, күрделі және даулы тұстарын да тануға ұмтылу.
Атыраудың тарихын түгендеген ғалым
Хисмет Табылдиевтің ғылыми мұрасында туған өлке тарихы ерекше орын алады. Ол Гурьев қаласының негізі қаланған жылын анықтауға байланысты зерттеу жүргізіп, қаланың тарихын жүйелеуге еңбек сіңірді. Гурьев атауының Атырау болып өзгеруіне де белсенді атсалысты. Ғалымның еңбектері «Үлкен Қазақ Совет Энциклопедиясында», үш томдық «Боздақтарда», Атырау облысының энциклопедиясында пайдаланылды. Оның қаламынан «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Құрманғазы», «Кіші жүз руларының тарихы мен шежіресі», «Сауатсыздықтан білім шыңына», «Сарайшық», «Қазақстандағы сауатсыздықты жоюдың қиындықтары» және басқа да зерттеулер туды.
Ғалым өмірден өткеннен кейін профессор Ж.Т. Таңатарованың күш-жігерімен «Атырау қаласының тарихы» және «Атырау облысының тарихы» атты монографиялары жарық көрді. Хисмет Бозанұлы 200-ден астам ғылыми еңбек пен мақаланың авторы болды. Бірақ өлкетанушы ғалым үшін ең үлкен нәтиже кітаптарының санымен ғана өлшенбесе керек. Оның зерттеулерінің арқасында Атыраудың өткеніне қатысты талай дерек ғылыми айналымға еніп, туған өлкенің тарихы кейінгі ұрпаққа жүйеленіп жетті.
Бір ғалымнан қалған ғылыми орта
Үлкен ұстаздың артында кітаптарымен бірге шәкірттері де қалады. Хисмет Табылдиевтің жетекшілігімен Атырау университетінде кейін республикаға танылған тарихшы ғалымдардың тұтас ортасы қалыптасты. Ол Жеңісбек Мұстафин, Әділбек Тұрдалиев, Әния Ермағамбетова секілді зерттеушілерге ғылыми жетекшілік етті. Университет қабырғасында оның шәкірттері мен әріптестері Алдар Сәрсенов, Гүлжамал Каленова, Әбілсейіт Мұхтар, Сатқан Есенғалиев, Аққали Ахмет, Жамиға Таңатарова, Ұлжан Ахметова, Жұмазия Жұмабаева, Лесқали Бердіғожин, Серік Қуаныш, Гүлфайруз Қайырғалиева, Сайфулла Сапанов, Нағима Сармурзина, Көпжасар Меңдіреев және басқа да ғалымдар еңбек етті. Бұл – бір адамның қызметтік өмірбаянынан әлдеқайда үлкен мұра.
Өйткені ғалымның еңбегі өзі жазған кітаппен аяқталуы мүмкін, ал ұстаздың еңбегі шәкірттері арқылы жалғасады.
Қызметтен биік қасиет
Хисмет Бозанұлы 2000 жылғы 3 наурызда облыстық мәслихаттың хатшысы болып сайланды. Үш мерзім қатарынан облыстық мәслихат депутаты болды. 2003 жылдан 2008 жылдың қыркүйегіне дейін облыстық «Атырау» газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. Еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. «Парасат» орденімен, «Еңбек ардагері», «Ерен еңбегі үшін», Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығына, Қазақстан Парламентінің 10 жылдығына арналған және басқа да медальдармен марапатталды. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атақтарына ие болды. Алайда оны жақыннан таныған адамдар үшін атақ пен марапаттан бұрын басқа Хисмет Табылдиев бар еді.
Қарапайым Хисмет аға. Адамды қызметіне қарап бөлмейтін, студентпен де, әріптеспен де әдеппен сөйлесетін, біреуге қол ұшын созғанын міндет етпейтін адам. Оның жанында орынсыз дау мен даңғазаға орын болмайтын. Терең білім мен үлкен қызмет оның табиғи қарапайымдылығын өзгерте алмады. Сүйікті жары Майра Ғилайқызымен бірге Бейбіт пен Ерлан есімді екі ұл тәрбиелеп өсірді. Балалары да елге танылған азаматтар болды. Ерлан Хисметұлы қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, облыс тұрғындарына әлеуметтік көмек көрсеткені үшін «Құрмет» орденімен марапатталды.
Адам кетеді. Ізі қалады
Хисмет Табылдиев қатардағы ауыл мұғалімінен Батыс Қазақстандағы іргелі жоғары оқу орнының ректорына дейінгі жолдан өтті. Бірақ бұл жолдың мәні қызмет сатыларында емес. Ол студенттеріне тарихтың жабық беттерін танытуға тырысты. Алаш туралы айту қиын кезде Алашты айтты. Туған қаласының тарихын зерттеді. Атыраудың тарихи атауын қайтаруға атсалысты. Университеттің ғылыми әлеуетін көтерді. Халел Досмұхамедовтің есімін оқу орнына әкелуге еңбек сіңірді. Өлке тарихын зерттейтін ғалымдардың тұтас буынын тәрбиелеуге үлес қосты. Бүгінде профессор Хисмет Табылдиевтің есімі университет құрамындағы ғылыми-зерттеу институтына берілген. Бұл – ғалымға көрсетілген құрмет. Дегенмен тұлғаны есте сақтау бір мекеменің маңдайшасындағы есіммен ғана шектелмеуі керек. Өйткені қала дегеніміз – көшелер мен ғимараттар ғана емес. Қаланың да жады болады. Ал сол жадты қалыптастыратындар – оның тарихын жазған, білімін көтерген, кейінгі буынға ұстаздық еткен адамдар.
Хисмет Табылдиев – Атыраудың сондай тұлғаларының бірі. Сондықтан саналы ғұмырын туған өлкенің тарихын зерттеуге, білім мен ғылымды дамытуға арнаған тарих ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының Құрметті азаматы Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің есімін Атырау қаласындағы мектептердің біріне беру – бір ғалымға көрсетілген құрмет қана емес, кейінгі ұрпаққа кімдерді және не үшін қадірлеу керектігін көрсететін тарихи жадының белгісі болар еді. Өйткені тарихты зерттеген адам тарихта қалмауы мүмкін. Ал өзгелерге тарихты тануды үйреткен ұстаздың ізі ұзағырақ өмір сүреді.





