Таңертең көзімізді ашқаннан кейін қолымыз ең алдымен неге созылады? Сағатқа ма? Терезе жапқышына ма? Әлде телефонға ма?
Бүгінде телефон тек қоңырау шалатын құрал ғана емес. Ол біздің күнделікті өміріміздің айнымас бір бөлігіне айналғалы қашан.... Қайда барғанымызды, нені іздегенімізді, не нәрсеге ұзақ қадалғанымызды, кіммен сөйлескенімізді, не сатып алғанымызды, тіпті қай уақытта белсендірек болатынымызды цифрлық іздер арқылы тіркеп отыратын құрылғы. Сондықтан кейде қызық сұрақ туады: біз өзіміз туралы қанша нәрсе білеміз және телефонымыз біз туралы қанша нәрсені біледі?
Әлемнің қалтасында – 7,6 миллиард смартфон
Бұл сұрақтың ауқымын түсіну үшін бір ғана сан жеткілікті. 2026 жылғы сәуірдегі дерек бойынша, әлемде шамамен 7,64 миллиард смартфон қолданыста. Ал бірегей мобильді байланыс пайдаланушыларының саны 5,83 миллиардқа жеткен. Яғни смартфон адамзаттың он үшінші мүшесіне айналып отыр. Әлемдегі интернет қолданушыларының 96 пайыздан астамы интернетке ұялы телефон арқылы кіреді.
Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ. DataReportal мәліметінше, 2025 жылдың басында Қазақстанда 19,2 миллион интернет пайдаланушы болған. Бұл – халықтың 92,9 пайызы. Ал әлеуметтік желілерде 15,7 миллион белсенді пайдаланушы идентификаторы тіркелген. Демек, смартфон енді «технология» емес. Ол — біздің өмір сүретін ортамыздың бір бөлігі.
Адамның мінезін түсіну үшін онымен бірнеше сағат сөйлесудің қажеті жоқ шығар. Оның іздеу тарихына қарасаңыз болғаны. Мысалы, бір адам соңғы аптада «ұйқыны қалай жақсартуға болады?», «шотты қалай үнемдеуге болады?», «Шотландияға саяхат қанша тұрады?», «50 жастан кейін жаңа мамандық үйренуге бола ма?», «үйге кітап сөресін қалай жасауға болады?» деп іздеді делік. Ол адамның өзін жақсы білетін досы бұл сұрақтардың бәрін білмеуі мүмкін. Бірақ цифрлық жүйе оның қызығушылықтарының бағытын көре алады. Өйткені алгоритм үшін бір ғана әрекет маңызды емес. Қай нәрсені қанша рет іздедіңіз, қай сілтемені аштыңыз, қай жерде ұзақ тұрдыңыз, қандай тақырыпқа қайта оралдыңыз — осы әрекеттердің жиынтығы маңызды. Осыдан кейін жүйе сіздің қызығушылықтарыңыз туралы болжам жасай бастайды. «Мен бұл туралы іздеген жоқпын ғой...» деген таңданыс сезімі көп адамға таныс жағдай.
Досыңызбен кофе ішіп отырып, саяхат туралы сөйлестіңіз. Кешке Instagram-ды аштыңыз. Алдыңыздан қонақүй жарнамасы шықты. Миыңа «Телефон мені тыңдап отыр ма?» деген ой күдікті ой келеді. Бірақ мұндай жағдайдың түсіндірмесі міндетті түрде микрофон арқылы тыңдау емес. Алгоритм біз туралы басқа да көптеген сигналдарды пайдалана алады: бұрынғы іздеулер, сайттарға кіру, қараған контент, орналасқан жер туралы рұқсаттар, қолданбалардағы әрекет, бізге ұқсас пайдаланушылардың мінез-құлқы. Яғни біздің бір әрекетіміз ғана емес, мыңдаған ұсақ әрекетіңім бірігіп, біздің цифрлық портретімізді қалыптастырады. Бұл жерде мәселе «телефон тыңдап отыр ма?» дегеннен әлдеқайда қызық. Мәселе - телефон сіздің мінез-құлқыңыздан нені болжай алады? Біздің қайда болғанымызды да телефон анықтайды. Google Maps сияқты сервистердегі Timeline функциясы қосылған жағдайда, барған орындар мен жүріп өткен маршруттар тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Google-дың өз түсіндіруінше, пайдаланушы бұл деректерді басқаруға, өшіруге және автоматты жою параметрлерін орнатуға болады.
Енді елестетіп көріңіз... Телефоныңыздағы картаға қарап, сіздің бір айлық өміріңізді қайта құруға болады: Дүйсенбі — жұмыста, сейсенбі — дүкенде, сәрсенбі — емханада, бейсенбі — мейрамханада, жұма — вокзалда, сенбі — ауылда, жексенбі — үйде болуымыз бек мүмкін. Мұның барлығы бір қарағанда жай ғана географиялық нүктелер. Бірақ олардың арасында адамның өмірбаяны жасырын тұр.
Біз интернетте күніне 6 сағаттан астам уақыт өткіземіз. DataReportal мен GWI зерттеулерінің 2025 жылғы есебіне сәйкес, әлемдегі ересек интернет пайдаланушы интернетте тәулігіне орта есеппен 6 сағат 38 минут өткізеді. Әлеуметтік желілердің үлесі де аз емес. Орташа интернет пайдаланушы әлеуметтік желілерге күніне шамамен 2 сағат 21 минут жұмсайды. Екі сағат жиырма бір минут бір күнге бөлінгенде көп көрінбеуі мүмкін. Бірақ бір жылға көбейтсек — бұл шамамен 36 тәулік. Яғни адам бір жыл ішінде бір айдан астам уақытын әлеуметтік желіге жұмсайды. Ал он жылда ше? Бір жылдан астам уақытты алақандай гаджетке үңіліп өткізетін болып шықтық па?... Ал, өмір дегеніңіз зымырып бара жатқан жоқ па?.. Бұл — тек әлеуметтік желі. Оған YouTube, мессенджерлер, жаңалық сайттары, онлайн сауда, навигация, жұмыс пен оқу қосылмайды.
Алгоритм сіздің талғамыңызды қалай үйренеді?
Хоош.. Әлеуметтік желіде бір контентті көрдіңіз. Екіншісін сырғытып өткізіп жібердіңіз. Үшіншісін аяғына дейін көрдіңіз. Төртіншісін қайта аштыңыз. Бесіншісін досыңызға жібердіңіз. Алтыншысына пікір қалдырдыңыз. Сіз мұның бәрін жай ғана «қарап отырмын» деп қабылдайсыз. Ал алгоритм үшін бұл — дерек. Ол «мына адамға мына тақырып қызық болуы мүмкін» деген ықтималдықты есептейді. Сондықтан әлеуметтік желідегі таспа кездейсоқ нәрсе емес. Ол — сіздің бұрынғы әрекеттеріңізге жауап ретінде қалыптасатын ақпараттық орта. Сіз нені көп көрсеңіз, соған ұқсас нәрсенің келу ықтималдығы арта түседі. Осылайша адам кейде өзі таңдаған ақпаратты емес, алгоритм өзі үшін таңдаған ақпараттың ішінде өмір сүре бастайды. Ең қызығы – сіздің «ештеңе істемеуіңіз» де ақпарат екен. Кейде біз цифрлық із тек лайк, пікір немесе іздеу арқылы қалады деп ойлаймыз. Шын мәнінде, біздің мінез-құлқымыздың өзі ақпарат береді. Әлгі контентті қанша уақыт көрдіңіз? Қай жерінде тоқтадыңыз? Қайсысын бірден жаптыңыз? Қай тақырыпқа қайта оралдыңыз? Қандай хабарламаны аштыңыз? Қай жарнамаға назар аудардыңыз? Бұл әрекеттердің барлығы пайдаланушының қызығушылығы мен мінез-құлқын болжауға көмектесетін сигналдарға айналуы мүмкін.
АҚШ Федералдық сауда комиссиясының 2024 жылғы есебінде ірі әлеуметтік желі және бейне сервистерінің тұтынушылар туралы ақпаратты көптеген дереккөздерден жинап, оны талдап, коммерциялық мақсатта пайдаланатыны айтылған. Комиссия мұндай тәжірибені «ауқымды бақылау» деп сипаттады. Демек, бүгінгі цифрлық әлемде ақшадан да құнды нәрсе бар. Оның аты - Дерек.
Телефон сіздің болашағыңызды болжай ала ма? Әрине, телефон адамның ойын оқымайды. Алгоритм де көріпкел емес. Бірақ адамның бұрынғы әрекеттерінен оның келесі әрекетін болжауға болады. Мысалы, сіз соңғы үш айда бірнеше рет саяхат туралы іздедіңіз. Әуе билеттерін қарадыңыз. Қонақүйлерді зерттедіңіз. Туристік видеолар көрдіңіз. Жүйе сіздің саяхатқа қызығатыныңызды болжауы мүмкін. Немесе бірнеше рет жүгіруге қолайлы аяқ киім іздедіңіз. Спорт туралы контенттерді қопардыңыз. Жүгіру клубтарының парақшаларына кірдіңіз. Алгоритм сізді спортқа қызығушылығы бар адам ретінде қабылдауы ықтимал. Яғни ол сіздің кім екеніңізді толық білмейді. Бірақ сіздің цифрлық әрекеттеріңізге қарап, кім болуға бет алғаныңызды болжауға тырысады.
Біз өзіміз туралы деректі тым арзан және өз еркімізбен беріп жатырмыз. Мәселен, қосымшаны жүктейміз. «Allow» батырмасын басамыз. Орналасқан жерге, байланыс нөмірлеріне қолжетімділік береміз. Фотоға рұқсат береміз. Кейін ұзын-сонар шарттарды оқымай, «Қабылдаймын» дей саламыз. Сөйтіп, бірнеше секундтың ішінде өзіміз туралы ақпараттың үлкен бөлігіне қолжетімділік береміз. Бұл жерде мәселе технологияның жақсы немесе жаман екенінде емес. Мәселе — біз оның қалай жұмыс істейтінін қаншалықты түсінеміз? Телефоныңызды бір минутқа тексеріп көріңіз. Қай қолданбалар сіздің орналасқан жеріңізге рұқсат алған? Қай қолданбалар микрофонға қол жеткізе алады? Қайсысы камераны пайдалана алады? Қайсысы хабарлама жібере алады? Қайсысының сіз туралы қажетсіз ақпарат жинауына жол беріп қойғансыз? Бұл жерде қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, бақылауды өз қолыңызға алудың маңызы зор. Қажет емес рұқсаттарды өшіріңіз. Қолданбайтын қосымшаларды жойыңыз. Орналасқан жер тарихын тексеріңіз. Әлеуметтік желілердегі құпиялылық баптауларын қарап шығыңыз. Құпиясөздерді жаңартып, екі сатылы қорғауды қосыңыз.
Pew Research Center зерттеуінде АҚШ смартфон пайдаланушыларының 16 пайызы телефондарын ашу үшін құпиясөз, саусақ ізі немесе бет-әлпетті тану секілді қауіпсіздік әдістерінің ешқайсысын қолданбайтынын айтқан. Сонда телефон бізден көп біле ме? Кейде солай болуы ықтимал. Дәлірек айтсақ, телефон емес, оның артындағы цифрлық жүйелер біздің мінез-құлқымыз туралы біз байқамайтын өте көп сигналды жинақтай алады. Телефон сіздің туған күніңізді білуі мүмкін. Бірақ сіздің неге көңілсіз екеніңізді білмеуі мүмкін. Ол сіздің қайда барғаныңызды тіркеуі мүмкін. Бірақ ол жерге не үшін барғаныңызды білмеуі мүмкін. Ол қандай видеоны көргеніңізді білуі мүмкін. Бірақ оның сіз үшін неге маңызды екенін түсінбеуі мүмкін. Сондықтан технология бізді толық «біліп қойған» жоқ. Адамның ең күрделі құпиясы әлі де алгоритмнен тыс жерде. Бірақ бір нәрсе анық: біз күн сайын өзіміз туралы кішкентай цифрлық із қалдырып келеміз.
Бір із — түк емес. Мың із — әдет. Миллион із — портрет. Ал миллиардтаған іздің арасынан алгоритм сіздің цифрлық бейнеңізді құрастырады. Сіз өзіңіз туралы ұмытып қалған нәрсені ол ұмытпауы мүмкін. Сіз байқамай жасаған әрекетті ол байқайды. Сіз «жай ғана қарап отырмын» деп ойлаған сәттің өзі жүйе үшін тағы бір дерек.Сондықтан келесі жолы телефон экранына қарағанда, бір сәт ойланып көріңіз: «Мен қазір телефонды пайдаланып отырмын ба, әлде телефон мені пайдаланып жатыр ма?»
Мүмкін, қазіргі цифрлық дәуірдің ең маңызды сұрағы осы шығар...
Әлия Дәулетбаева





