1987 жылдың 16 қыркүйегінде әлем елдері Жерді қорғау жолындағы ең маңызды келісімдердің біріне келді. Монреальда озон қабатын бұзатын заттар жөніндегі Монреаль хаттамасы қабылданды.
Оған дейін ғалымдар атмосферадағы озон қабатының жұқарып бара жатқанын анықтаған еді. Әсіресе Антарктида үстіндегі алып «озон тесігі» үлкен алаңдаушылық туғызды. Оның негізгі себептерінің бірі тоңазытқыштарда, кондиционерлерде және аэрозольдерде кең қолданылған хлорфторкөміртектер болатын. Озон қабаты — Жердің көзге көрінбейтін қорғаныш қалқаны. Ол Күннен келетін зиянды ультракүлгін сәулелердің едәуір бөлігін ұстап қалады.
Монреаль хаттамасынан кейін әлем елдері озонды бұзатын химиялық заттарды қолданыстан біртіндеп шығара бастады. БҰҰ дерегінше, бүгінде бақыланатын озонды бұзатын заттардың 99 пайыздан астамы кезең-кезеңімен тоқтатылған. Егер қазіргі саясат сақталса, озон қабаты әлемнің көп бөлігінде шамамен 2040 жылға қарай, Арктикада 2045 жылға, Антарктидада 2066 жылға қарай 1980 жылғы деңгейіне оралуы мүмкін.
Сондықтан 16 қыркүйек — Озон қабатын қорғаудың халықаралық күні.
Бір кездері адам әрекетінен әлсіреген Жердің қорғаныш қабаты бүгінде біртіндеп қалпына келіп келеді. Бұл — адамзат ортақ қауіптің алдында келісіп әрекет етсе, ғаламдық экологиялық мәселені де өзгерте алатынын көрсеткен сирек мысалдардың бірі.





