Бүгін әлемде Халықаралық аударма күні аталып өтеді. 2017 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы арнайы қарар қабылдап, 30 қыркүйекті аудармашылардың кәсіби мерекесі ретінде ресми бекітті.
Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес. 420 жылдың дәл осы күні Інжілді латын тіліне аударған әйгілі ғалым, теолог Иероним дүниеден өткен. Ол аудармашылардың қамқоршысы саналады. Бір қызығы, әлемдегі ең көп тілге аударылған құжаттардың бірі – Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы. Ол 500-ден астам тілге тәржімаланған. Аударма – бір тілдегі сөзді екінші тілге көшіру ғана емес, тұтас халықтың ойлау жүйесін, дүниетанымы мен мәдениетін өзге жұртқа таныстыру өнері. Адамзаттың ортақ рухани қазынасы да ғасырлар бойы аударманың арқасында толығып келеді.





