1846 жылдың 23 қыркүйегінде адамзат Күн жүйесіндегі сегізінші планета — Нептунды алғаш рет телескоп арқылы көрді.
Бұл жаңалықтың өзгелерден бір ерекшелігі бар: Нептунды ғалымдар әуелі аспаннан емес, математикалық есептен тапқан.
Астрономдар Уран планетасының қозғалысында түсініксіз ауытқулар барын байқаған еді. Француз математигі Урбен Леверье оған әлі белгісіз бір планетаның тартылыс күші әсер етуі мүмкін деп болжап, оның аспандағы орнын есептеп шығарды.Леверьенің есебіне сүйенген неміс астрономы Иоганн Галле 1846 жылғы 23 қыркүйекте Берлин обсерваториясынан аспанға телескоп бағыттайды. Нәтижесінде болжанған нүктеге өте жақын жерден жаңа планета табылады.
Кейін оған ежелгі Римнің теңіз құдайының құрметіне Нептун деген атау берілді.
Бұл — ғылым тарихындағы ең әсерлі оқиғалардың бірі: адамзат алыстағы планетаны көзбен көрместен бұрын, оның бар екенін есеп арқылы болжаған еді.





