2001 жылдың 11 қыркүйегінде таңертең АҚШ әуежайларынан әдеттегі бағыттарымен төрт жолаушылар ұшағы көкке көтерілді. Алайда бірнеше сағаттан кейін сол төрт рейс бүкіл әлемнің қауіпсіздік туралы түсінігін өзгертті.
Лаңкестер басып алған екі ұшақ Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының қос мұнарасына соғылды. Үшінші ұшақ АҚШ Қорғаныс министрлігінің ғимараты — Пентагонға бағытталды. Ал төртінші ұшақтағы жолаушылар лаңкестерге қарсылық көрсетіп, әуе кемесі көзделген нысанаға жетпей Пенсильванияда құлады. 11 қыркүйек шабуылдары үш мыңға жуық адамның өмірін қиды. Бірақ оның салдары бір күнмен шектелген жоқ. Осы оқиғадан кейін халықаралық қауіпсіздік саясаты өзгеріп, терроризмге қарсы күрес жаңа кезеңге өтті. Әуежайлардағы тексеру күшейтіліп, жолаушылар ұшағының кабинасына кіру тәртібі қатаңдатылды, әуе тасымалының қауіпсіздік талаптары қайта қаралды.
Бүгінде әуежайда аяқкиімді шешіп тексеру, сұйықтықтарды шектеу, жолаушы мен жүгін мұқият бақылау бізге қалыпты көрінеді. Алайда қазіргі әуе қауіпсіздігі жүйесінің қалыптасуына 11 қыркүйек оқиғасы орасан ықпал етті.
📎 Бір дерек
11 қыркүйектен кейін ұшқыштар кабинасының есіктерін күшейту және ұшу кезінде оларды жабық ұстау талаптары қатаңдатылды. Бір күннің оқиғасы миллиондаған адамның ұшу тәртібін өзгертті.





