(Суретші, «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Т.Мұхтаровпен сұхбат)
- Бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін рахмет, Темірбек аға! Алдымен өнерге келу жолыңыздан бастасақ...
- Өнерге келу жолым – ең алдымен отбасындағы тәрбиеден шығар, одан қалса өскен ортам – мектебім, сондағы ұстаздарымның септігі деп есептеймін. Қазақ ырымшыл халық, іңгәлап дүниеге келгеннен маңдайыма қазақтың біртуар ұлы Жүргеновтің есімін бұйыртса, оны өңірге белгілі данагөй нағашым Қабыш Дәулетов ырымдап қойса – соның нәтижесі менің өнерден алыстамай жүргенім шығар.
Мен үйдің ортаншысымын, бала күнімде үйде қағаз, дәптерлер көп болатын, солардың бітпей қалған ақ беттерінің бәрі менікі еді. Үйдегі шаруадан, сабақтан қолым қалт етсе сурет салуды ұнататынмын. Жер талғамайтынмын, отырып та, жатып алып та сала беретінмін. Оның үстіне, әкемнің мәдени-үгіт жұмыстарына қажетті материалдары: плакат, тущь-перолары, гуашь бояулары үйде толып тұратын..., әрі-беріден кейін қалай қызықпайсың, ашасың, көресің, сызасың, бояйсың..., бүкіл әлемді сиғызасың сол ақ параққа... Бір қызығы, шимайлап сурет сала алмай отырғаным немесе перомен жаза алмай қиналған сәттерім есімде жоқ, құрал -саймандардың бәрі бірден құзырыма көніп, дегенімді жасай жөнелген сияқты көрінеді. Өйткені мен оларды жәй ұнатқан жоқ едім, ғашық едім... міне сол сезім мені сурет әлеміне түбегейлі бет бұрғызып, құшағына тастай қысып, жібермей баурап алған. Біздің үйдегі барлық бауырларымның да сурет салуға икемдері болғанымен, арнайы сол саланың оқуына түсіп, жолын таңдаған менен үш жас үлкен Бибігүл деген апам екеуіміз ғана едік. Бибігүлдің де маған деген апалық қамқорлығы ерекше еді. Өкініштісі, ол өмірден ерте озып кетті. Жиенім Дамир анасының жолын қуып, өнер жолында шығармашылықпен айналасысады.
Сонымен қатар, мені өнерге жетелеуде үйдегі қоңыр домбыраның үні, жие шырқалатын сазды әндер іштей ширығуыма шабыт қосса, ата-ана, бауырларым мен ұстаздарымның сенімі мен қолдауы мені одан әрі бейнелеу өнерінің биігіне қарай көтеріп, жол ашты.
- Ұстаздық тәжірибеңіз қазіргі шығармашылық жұмысыңызға қалай әсер етті? Бұл екі саланың ортақ тұстары бар ма?
- Бейнелеу өнерінде тұтастық заңы (закон целостности) деген бар. Мен үшін мектеп пен театрдың ортақ тұстары көп секілді, оны алғашқы қойылым қойған күні-ақ сезінгенмін. Сол үшінде театрда қалғанмын. Жалпы менің театрға келуімнің өзі де о бастан осы ұғыммен сабақтасып жатырған сияқты көрінеді. Себебі, Кіші өнер академиясында жүріп, білім саласындағы жұмыстарымның 10 жылдық есеп беру көрмесін өткізгеннен кейін, іле-шала театрға шақырту алған болатынмын. Көрме бағдарламасында пәнаралық байланыстар, ашық сабақтар, театрландырылған көріністер болған. Мұғалім тақтаға көрнекілік ілу арқылы, сол бойынша ойын, сабақтың тақырыбын, мазмұнын шәкірттеріне неғұрлым ұғынықты, әрі тез жеткізетін болса, суретші ретінде көрмеге картина қойғанда көрерменге рухани дүниетаным ұсынатын болса, театрда да дәл солай - сахнадағы декорациялық көріністің түп- тамыры көрнекілік құрал іспетті жұмыс атқарады. Тек, театрдың өзіндік әдіс-тәсілдері, формасы, талабы бар – сол көрнекілік сахнада өлі дүние болып қалмауы керек, актермен бірге тіріліп, жан бітіп сахнада ойналуы тиіс, «шамдар болса, жағылып, мылтық болса, атылып» дегендей. «Мектеп – институт, өнер – халықтыкі» деп бекер айтылмаған. Театр – мен үшін халыққа арналған үлкен мектеп, өнер мектебі, өнердің қара шаңырағы. Ондағы күнделікті репертуарға салынып, жүріп тұратын спектакльдер- халықтың тұтынатын рухани азығы. Бұл жерде баса айтқым келетіні, театр жәй мектеп емес, ол әдеби шығармадан драматургия, суреткерден режиссура, сценография, музыка, композиция, хореография тудыратын бірнеше саланың басын біріктіретін – біріккен көркем ой мектебі.
- Театр суретшісі үшін ең маңыздысы не: тарихи дәлдік пе, әлде көрерменнің эмоциясын оятатын көркем қиял ма?
- Кез-келген көркем әдеби шығарманың болсын, көркем суретті кескіндеме болсын олардың белгілі бір тақырыптық сюжеті, композициясы, соған сай тарихи шындығы, астарлап берілетін тұспалды жақтары да көп болатыны белгілі және оған міндетті түрде көркемдеме әдіс-тәсілі, бояуы, орындалу стилі, бағыты, белгілі бір шешімі, формасы қосылып көркем туындыға айналу үшін өнер тіліне салынып көркемделетіні, қиялға да ерік беретін тұстары болып жататыны заңдылық. Қиялсыз тағы болмайды, бәрінің бастауы, шабыт шақырып қанат бітіретін сол қиял. Тек, бір ғана қиялдың жетегінде кетпей оның да басталуын, шарықтау шегін, қонарын бақылай, тізгіндей білу керек. Өнер – міндетті түрде өзінің түріне қарай, мысалға бейнелеу өнері айшықты бояуымен, айтыс өнері шешен сөзімен, жазу өнері тілдің көркем шұрайымен, қаламының ұшқырлығы, қиялының кеңдігімен танылып жатса, осылардың бәрінің басы құралатын театрдағы сахна өнері де тап сол сиқты көрермендерін баурап алатын басты қасиеті – сондағы оқиғаларды көрерменге шынайы жеткізілу шеберлігімен, түсіне, беріле орындалу әсерімен, техникасымен жүректі дір еткізетін сезімімен ерекшеленуі тиіс. Бастысы, бастапқы алынған мазмұннан, жанрынан, стилінен ауытқымай финалына дейін алып барып, жұп-жұмыр қалпында бітіру.
- Махамбет атындағы театрдың сахналық безендіру стилін басқа театрлардан ерекшелейтін басты белгі қандай деп ойлайсыз?
- Әнебір айтарлықтай өзгеріс көп деп айта алмаймын, өйткені театр сахнасында өнер көрсететін сценографияның негізігі заңдылығы бәріне бірдей, ортақ. Десек те, біздің театрда менің байқағаным, өзімнің 10 жылдан аса көптеген ірі қойылымдарымызда қолданып көрген кейбір жәйттәр бар, ол – сахнадағы кең көлемді формат. Мысалға, олардың қатарында кулисаларды көп пайдаланбайтынымызды айтқым келеді. Бастапқыда кейбір қойылымдарда кулисаларды азайтып, алып тастап көрдік. Себебі, кейінгі қойылымдарда массовка көп, олардың сахнаға кіріп-шығулары сахна сыртында тым көп кедергілер тудыратынын байқадық және де сахна тым тарылып қысылып қалғандай әсер тудыратын. Мысалға, 2016 жылы сахналанған Ш.Айтматовтың «Бетпе бет» драмасын кең форматта тіпті кулиса ғана емес оның артындағы клапандарға дейін шешіп тастап сахна сыртындағы алаңдарды, артындағы арьерсценадан бастап, жандарын түгелдей пайдаландық. Өйткені сахнада әрлі-берлі жүретін арбалардың, қайықтардың қозғалысы, үйлер, оларға жалғас шардақ секілді ағаштар композициясын түзейтін детальдар өте көп болды. Шағын фильм түсіру локациялық алаңына да ұқсап кеткен кездері болды. Өйткені бастапқы ойымыз сол болатын, белгілі бір заманның, оқиғаның қалпына (состояние) түсіру. Есесіне, қойылым өте жақсы шықты, ауқымды, сол заманның кейпін көрермен жүрегіне жеткізе білді деп есептеймін. Ол қойылым театр репертуарында біраз жүрді, Жеңіс күндеріне орай Атыраудағы Ретро парк аумағында, ашық аспан астында Жайық жағалауында да сахналанды, Оралда, Алматыда гастрольдік сапарларда болып оң бағасын алды. Түзу кулисалар жоқ, оның орнына теріс қаратып жыртылған шинельдер жоғарырақ көтеріліп ілініп, олардың өзі мазмұнмен сабақтасып жақсы ойналды. Кейінде де біраз қойылымдарда кулисаларды пайдаланбайтын болдық, кейбір шағын дәстүрлі қойылымдарда болмаса. Біздің театрдағы кең көлемдегі форматты 2022 жылы Алматыға барған гастрольдік іс-сапарымызда режиссерлар мен сценограф мамандар, актерлер тарапынан біраз айтылып талқыланды. Бір ғана мысал келтірейін: сыншылар «У.Шекспирдің «Ричард ІІІ» трагедиясындағы айлапат сахна кеңістігі, тереңдігі (глубина), материалға тән сол заманның асқақтық рухы, батыл шешімдерге бара алғансыздар» деп оң баға берген.
- Бір қойылымның сценографиясын жасағанда ең алдымен нені негізге аласыз: режиссердің идеясын ба, пьесаның рухын ба, әлде өз ішкі түйсігіңізді ме?
- Өз басым, бәрін де ескеремін, бәрін де есепке аламын. Бір пьесаны әр режиссер әртүрлі көреді, оның дүниетанымы, өресі, білімі, кәсіби шеберлігі, бәрі соның ішінде, соған сай спектакль қойылады, шығады. Сценограф суретшілерде солай. Сондықтан да мен спектакль толыққанды шығуы үшін алдымен режиссермен тандемде болуды қалаймын, ортақ бір мәмілеге, тоқтамға, шешімге келгенше жұмыс жасаймын. Бұл жерде қоюшы маманның ең негізге алуы керек мәселе – мазмұн. Осы пьеса арқылы нені көрсеткің келеді, көрерменге не айтқың келеді? – сол маңызды, спектакльдің басты кілті де сонда. Сондықтан да бірінші кезекте шығарманың оқиғасына мән беремін. Мазмұнына үңілемін. Бірнеше фор эскиздер сызып көркемдік шешімін іздеймін. Сахнаның бос кеңістігін ойша визуальды түрде толтырумен боласың, ішкі түйсігіңде қойылым шыққанша мігір көрмейді, солай болуы керек те. Жинақталған ой-түйімді сызып режиссерге көрсетіп ақылдасамын, оның сөзіне де құлақ асамын, ортақ бір байламға келгенше бірлесе жұмыс істейміз. Содан келіп барып бір пайымға тоқталамын. Содан нақтылайсың. Қысқаша айтқанда бұл жерде бірлескен жұмыс қана оң нәтиже береді. Режиссердің ойын суретші түсінбесе немесе керісінше суретшінің ойына режиссер құлақ аспаса жақсы спектакль шығады деп айту қиын. Ортақ шешім табу маңызды.
- Қазақ драматургиясындағы классикалық шығармаларды заманауи сахна тілімен бейнелеуде қандай көркемдік қиындықтар кездеседі?
- Өте өзекті сұрақ. Ең алдымен, қазақ драматургиясындағы классикалық шығармалар дегенде, олардың бейнеленуінен бұрын арнайы жазылған драматургиялық пьесалардың жоқтығы, бар деген күнде де олардың саусақпен санардай аздығы, сапасыз жазылғандығы қынжылтады. Қазақ театрларында, әсіресе облыстық театрларда жаңа заманға лайықты қазақтың дүниетанымын толықтырып, мәдени-рухани өрісін өсірер, мән-мағынасы терең, қойылып жатырған классикалық дүниелер жоқтың қасы. Біздің театрдың бұрыңғы репертуарын қарасаңыз, басқа театрларда да солай болуы керек, Тәуелсіздік алғаннан бергі жазылған дүниелерден гөрі, Кеңес дәуірінде қазақтың классикалық туындылары өте көп қойылған екен. Неге? Өйткені, оның екінші қыры бар... ондағы шығармалардың тақырыптары дардай болғанымен, өн-бойындағы ұлттық рухқа қатыстының бәрін жұлынынан суырып алып, жалаң кеңестік үкіметке бағынышты кейіптегі ебелектеген, зар еңіреп жылаған, жеңілген, жорғалаған, тізерлеткен тұстарын көбірек қойдырып, идеологиялық тұрғыда санаға құя беріп халықты уысында ұстаған Кеңестік үкіметтің пәрмені аңқып тұрғанын көресің. Көсемдерінің бәрін өз-өздеріне қынадай қырғызып, қалған момын да бағынышты тобырға сахнада ұлттық киімін кигіздіріп, көңілін жұбаттырып, әнін айтқызып, дымын іштеріне бүккізіп, жұмысын жасап алаңсыз тірлік кешкіздіріп қойған, заман-ай десеңші. Сол ұғымнан әлі де арыла алмай келеміз. Бұл да болса көркемдік деңгейге жете алмай жатқан тұстарымыздың бірі. Классикалық туындыларымыздың кәсіби сахналық нұсқада жазылған материалдардың тапшылығы, жоқтығы. Әйтпесе, бадырайтып ою салмай-ақ та ұлттық, классикалық туындыларымызды заманауи бағытта сахналаудың еш қиындығы жоқ. Біздегі қазақ классиктерінің туындыларының көбі кеңестік қызыл революциядан кейін, сол замандарда жазылған туындылар, ондағы кейіпкерлердің көбінің қоғамдағы орындары, рольдері әлдеқашан ауысқан, соған сай айтылатын сөздері де корректировкалық кәсіби өңдеуді қажет етеді. Ол «оңай шағылатын жаңғақ емес». Бүгінгі театрлардағы классика деп жүргеніміз (кому не лень) ойына келгенін аударып төңкеріп «жоқтан бар жасап» қойып жатырған кілең ізденістегі, айқай-шу, тарсыл-гүрсіл эксперименттік «бірдеңелер». Ал шындығында, «Театр – Ұлттың рухы, халықтың тынысы, намысы, коды», қала берді ұлттық идеологияның күре тамыры. Әр қойылымның өн бойында адами құндылық, ұлтты ұйыстыратын ұстаным болуы керек, оны көрермен көре білуі, сезе білуі тиіс. Міне, қоғамдық сананың өнер арқылы өмірге деген сенімі, құштарлығы сонда ғана артады деп ойлаймын.
Бұған мемлекеттік деңгейде мәдениет министрлігі араласып, оған төменгі жақтан театрға қатысты бірлестіктер, одақтар ұсыныспен шықса, ең алдымен Қазақтың Ұлттық классикалық туындыларына, әр жанрына бөлек-бөлек, бүгінгі заманғы тұрмыстық тіршіліктегі драмалық шығармаларға, комедияға, тарихи ұлттық тақырыптарға, тіпті ұлт болашағы – ұрпақтарға балаларға арналған ұлттық ертегілер тақырыбында т.б. қосып, қомақты қаржы бөлгізіп, драматургтер арасында мемлекеттік конкурспен бәйге ұйымдастырып, әділ бәсеке туғызса, шіркін-ай «Ақ түйенің қарны жарылып» небір туындылар ақтарылар еді-ау, сонда – деп қиялдап қоямын кейде... Осындай қиындықтар кез-келген қазақ театрына қиындық келтіріп тұрғаны рас. Сосын да, өзгенің шығармасын тонын айналдырып қойғаннан басқа лаж қалмай жатады.
- Көркемдік жетекші ретінде Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының бүгінгі бет-бейнесін қалыптастыруда қандай көркемдік ұстанымдарды басты назарда ұстайсыз және бұл театрдың болашақ даму бағытын қалай елестетесіз?
- Ішімдегі жасыл нүктені дөп бастыңыз, өте орынды сұрақ. Бүгінгі театрдың көркемдік потенцалы, ізденісі, қарқыны жақсы. Жұмыс жасаймын деп тұрған интеллектуалды, оқыған өнер адамдары жоқ емес, жетерлік. Көркем туындының ішкі-сыртқы сұлулығы, соған сай салмағы, бағасы болатыны, оның да шынайы жағымен қатар көзбояу алдамшы, жеңіл жақтары болатыны тағы белгілі. Ендігі мәселе, баспадан шыққандай конвейерленіп жатырған итқырғын қойылымдардың саны мен сапасын саралап, ішкі-сыртқы теориясы мен практикасын іс-жүзінде бағамдалып отырса игі. Осы тұрғыда, кім-кімде «шымшық сойса да қасапшы сойсын» қағидасын ұстанғаны жөн. Көркемдік жетекші ретінде батыр бабамыз Махамбет атындағы театрдың бүгінгі бет-бейнесін қалыптастыруда ең алдымен театр реперуарына алынатын көркем туындыларымыз – спектакльдердің көркемдік деңгейін, сапасын назарда ұстауды бірінші орынға қоямын. Сол үшінде алғаш осы қызметті бастаған бойда бірінші премьерадан бастап, Қазақстан театр сыншылары бірлестігімен тығыз қарым-қатынас орнатып, қойылымдарымызды кәсіби театртанушы мамандар шақыртып сараптама жасатуды қолға алып, жолға қойдық. Бұған дейін де, қаншама қойылымдар қойып келеміз, «өз қазанымызда өзіміз қайнап», сын пікірлерді кулиса артында бір-бірімізге айтқаннан өспейміз, еш қымсынбай, жасқанбай ел алдына шығып, сахна алаңында әділ бәсеке тудырып, бойдағы бар шеберлікті сол жерде көрсетіп, кәсіби мамандардың қырағы көзінен, сын-пікірлерінен өтіп қайралса – одан алмастай жарқырап, өткірленіп, тек шеберліктері, кәсіби деңгейі арытпаса, еш кемімесі анық. Көп жағдайда, «Өнер құрбандықты қажет етеді» бұл жерде, өнерде өскісі келген жандар көп нәрседен тыйылуы керек. Ол қағидатты әншілер де, спортшылар да қатаң ұстанады. «Жеңіліссіз жеңіс жоқ» немесе «Өзіңді жеңгеннен артық жеңіс жоқ» деген бар, максималды жинақталу, жұмыс жасау, өз-өзіне мақсатты талап қоя білу кім-кімге де қажет. Бәрі бірден бола қоймайды, бұған да біртіндеп дағдылану, әрнәрсені мойындату, сендіру, дәлелдеу үшін де уақыт керек. Биыл екінші жыл, театрішілік фестиваль ұйымдастырып шығармашылық құрамның ішінен үздіктерді анықтауда кәсіби сарапшылардың біліктілігіне жүгініп жатырмыз. Олда актерлар арасында әділ бәсекелестік тудырып, бірінен-бірі асып түсіп жұмыс жасауға деген ұмтылысты іштей күшейтеді, іштей шынықтырады. Сахнадағы актерлер шыңдалып, шеберліктері артып, біліктілігі көбейсе, ол спектакльдің сапасын көтерері сөзсіз. Театрға да керегі сол!
Екі жылдан кейін 90 жылдығын атап өткелі отырған Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының болашағы зор. Алла қаласа, театр тарихының тереңдігімен, ашылғаннан бергі тарихи репертуарының ұлттық тақырыптардағы салмағымен, кейінгі жетістіктерімен Ұлттық статус алуына да үлкен мүмкіндіктері бар. Лайымда, Махамбет театрының жолы ашық, еңсесі биік болғай!
- Театр суретшісі көрерменге байқалмайтын, бірақ қойылымның тағдырын шешетін қандай детальдарға ерекше мән беруі керек деп ойлайсыз?
- Жақсы сұрақ. Театрда көп нәрсе шарттылықпен құрылып жатады. Соның ішінде тұтастық ұғымы сақталуы керек. Спектакль – ол қашанда тұтас дүние. Бірінші планға шығару үшін әдейі жасалмаса, бөлек-жарақ көзге ұрып тұратын нәрсе көп болмауы керек, бәрі тұтастық заңына, бір түске, ансамбльге бағынуы тиіс. Әйтпесе, ол да көрер көзге кедергі келтіреді, бәрі жапатармағай таласып көзге ұрып тұрса. Көрермен оны сезбеуі, айтып түсіндіре де алмауы мүмкін. Сахнада небір оқиғалар орын алып жатады, кейде екінші, үшінші пландағы кейіпкерлер өз бетімен көзге ұрып тұратын жылтырақ дүниелерге құмар болып жатады. Ол - реквизиттік сумка, қарапайым бижутерия, туфли, болуы мүмкін, сахна этикасын кәсіби маманның бәрі де білуі, сақтауы тиіс, қоюшы суретші соның бәріне мән береді. Мысалға, қайнаған соғыс кезіндегі қойылымдарда беттерін жылтыратып опалап, құлақтарына сырға тағып, еріндерін бояп, көздеріне кірпік жағып шығып кетіп жүргендер болды. «Байтал түгіл бас қайғы» болып шабылып жатқанда, бұл материал мазмұнына, кейіпкер образына мүлде қайшы әрекеттер.
Театр суретшісі үшін, қойылымның тағдырын шешетін, мән беруді қажет ететін тағы бір маңызды кәсіби қағидат ол – ауа кеңістігі (воздушное пространство). Бейнелеу тілінде компоновка деген ұғым бар, яғни салынатын заттарды кеңістікке дұрыс орналастыру, ара-қашықтықтарын (ауа) сақтау, олардың бір-бірімен композициялық байланыстарын, үйлесімін табу. Ол театр тілінде мизансцена деп аталады, яғни сахнадағы актерлердің, декорациялардың орналасу орындары, ойналу барысы, жүрісі. Оны тек кәсіби мамандар ғана аңғарады, ал көрермен оны байқамауы, мән де бермеуі мүмкін. Кейде, біздер ана жерде ауа жоқ, бәрі бір-біріне өте тақалып кеткен деп жатамыз, міне сол. Ондай олқылықтар тек тұтас қарай алғанда ғана байқалады. Біздер, суретшілер сахнаны тек жалаң жазық бетте, алдынан ғана емес, көлемді аксонометриялық проекция күйінде де жанынан, төбесінен ойша тұтастай қарап, көріп, байланыстырып отырамыз.
- Қазіргі таңда сценография мамандығын таңдап, театр өнеріне келіп жатқан жастар туралы ойыңызды білсек: қазіргі таңда бұл мамандықты таңдаушылардың шығармашылық ізденісі мен мотивациясы қалай?
- Бұл мамандыққа барып жатырған жастар аз-ау. Негізі, өте қызықты, шығармашылықпен жұмыс жасауға болатын, болашағы бар мамандық. Бұны көбі білмей жүрген болуы керек, сондықтан да өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз, осы сценография саласы жөнінде көбірек айта түсу, жаза түсу керек сияқты. Қарапайым салыстырмалы мысал келтірсем, кескіндемеші суретші туынды жазу үшін оңаша өзімен өзі жұмыс жасайды. Егер төселген, ортада ысылған суретші болмаса жалғыз адамға сурет салу өте қиын, көп жағдайда шабыты қашып, жұмысы жүрмей тұрып қалуы да мүмкін. Ал театр суретшісінде керісінше, қоюшы командада адамдар көп. Режиссер бар, артистер, қойылым бөлімі, сені еш жалықтырмайды, керісінше жұмыс көжедей қайнап жатады. Біріне-бірі шабыт беріп, ой толықтырып, тандем құрып, үнемі құлшыныста, мотивацияда болады. Сахнадағы жұмыстар да соған сай жанданып, қозғалмалы трансформацияға түсіп ауысып отырады, көтеріледі-түседі, жанады, сырғанайды т.б.
Мен өзім білетін Атырау өңірінен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр суретшілерін дайындайтын «сценография» факультетін бітірген үш жасты білемін. Олардың үшеуі де Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясын бітірген түлектер, сабақ та бергендерім бар. Нұрбақыт Сұлтанова, Тимур Коесов, Аслан Дүйсенғалиев. Солардың ішінде Тимур - жастар театрында және біздің Махамбет театрында өз мамандығымен жұмыс жасаса, Нұрбақыт - Астанада, Аслан - Атырауда, өнер саласында. Алдағы уақытта, өзіміздің өңірлерде де осы оқуға маман дайындайтын факультеттер ашылып қалуы әбден мүмкін. Сценография мамандығына қызыққан адамдар болса, өздері тұрып жатырған аудан-ауыл орталықтарындағы халық театрларымен тығыз байланыс орнатып алғандары жөн. «Ел іші-өнер кеніші» деген бар, алғашқы қадамдарын мәдениет үйлерінде өтетін спектакльдердің безендіруінен бастаса, олда бір үлкен тәжірибе, дайындық іспетті болмақ.
- Қазір қандай кітап оқып жүрсіз?
- Мен көп нәрсені параллельді жасай беремін, соған дағдыланғанмын. Бүгінгі күні, қолым қалт еткенде аталас ұрпақтардың сұрауы бойынша әкемнің жазып кеткен шежіресін толықтырып жазу үстіндемін. Соған байланысты, әкемнің «Ер туар ма бұлардай?!» тарихи шежіресін, Қаржаубай Медихановтың «Жеті баулы Беріш ұрпақтарының шежіресі» энциклопедиясын, Медет Дүйсеновтің «Құлбарақ» кітабын, сонымен қатар американдық жазушы Джон Брэндонның «Меняйся или сдохни» деп аталатын өзін-өзі дамытуға арналған кітабын оқып жүрмін.
Сұхбаттасқан Әлия Дәулетбаева




