Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы –сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы: «Өнердің өрісі кеңейген орда»

Күні кеше Атыраудағы Сұлтан Бейбарыс алаңында 8000 –ға жуық халық жинаған ауқымды да әсерлі үлкен фестиваль өтті. «ШеберFEST 2026» депаталатын бұл фестиваль аясында өткен этнокөрмеге төртмыңға жуық қолөнер бұйымдары қойылып, қала тұрғындарының көзайымына айналды. Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен мағыналы іс-шараға жауапты өңірдегі бас мәдени нысандардың бірі Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы –сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлын сөзге тарттық.


    «Өнерлі ел – өрісті ел» дейді халқымыз. Шынында да, өнер – халықтың рухани байлығы мен тарихи жадын сақтайтын ұлы құндылық. Атырау қаласының төрінде, Жайық жағасында орналасқан Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі осы асыл мұраны жинақтап, сақтап, көпшілікке насихаттап келе жатқан өңірдегі бірегей мәдени мекемелердің бірі.
    Өңірдегі көркемсурет музейінің басты ерекшелігі – жергілікті өнер мектебінің қалыптасу тарихын, өңір суретшілері мен қолөнер шеберлерінің шығармашылығын жан-жақты танытуында. Орталық музейлер жалпыұлттық деңгейдегі ірі коллекцияларды жинақтаса, біздің музей Атырау өңірінің мәдени болмысын, тарихи жадысын және ұлттық өнердегі өзіндік қолтаңбасын сақтауға басымдық береді. Сонымен қатар жергілікті суретшілермен тығыз байланыс орнатып, олардың шығармашылық жобаларын тұрақты түрде қолдау арқылы өңір өнерінің дамуына тікелей ықпал етіп келеді.
Біздің музейдің басты мақсаты – қазақ халқының және өңір тұрғындарының бейнелеу және қолданбалы өнер саласындағы тарихи-мәдени мұраларын сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу. Сонымен қатар ұлттық өнерді дәріптеп, мәдени құндылықтарды қоғам санасына сіңіру де музей қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.


Тарихы мен тағылымы тоғысқан өнер ордасы
   Атырау облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі 1992 жылдың 2 сәуірінде ашылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған бұл мәдени мекеме бүгінде өңірдің рухани өміріндегі маңызды орталықтардың біріне айналып отыр. 1999 жылы Қазақстан Республикасы мұнай өнеркәсібінің 100 жылдығына орай «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясының демеушілігімен ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңа тыныс алды.
    2005 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес музейге көрнекті суретші, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, жерлесіміз Шаймардан Сариевтің есімі берілді. Бұл өнер қайраткерінің қазақ бейнелеу өнеріне қосқан үлесін ұлықтау жолындағы маңызды шешім болды.
    Бүгінде музей қорында кескіндеме, графика, мүсін, зергерлік өнер, қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер бағытындағы екі мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Қор жыл сайын жаңа туындылармен толығып келеді. Экспонаттар жеке көрмелерден, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқаулардан, симпозиумдар мен пленэрлерден қабылданады. Сонымен қатар музейде тұрақты түрде ұйымдастырылатын «Музейге сый» акциясы арқылы да тарихи әрі көркемдік құндылығы жоғары туындылар қор құрамына енгізіліп отырады.
     Музейдің тоғыз экспозициялық залында Қазақстан бейнелеу өнерінің көрнекті өкілдерінің және жергілікті суретшілердің еңбектері қойылған. Шаймардан Сариев залы, Сарайшық залы, Махамбет залы, Зергерлік өнер залы, Асыл мұра залы, Қолөнер залдары мен көрме кеңістіктері өңір мәдениетінің сан қырын танытады.


Бүгінгі музей: мәдениет, шығармашылық және заманауи даму
    Қазіргі таңда музей жұмысы бірнеше бағытта қарқынды дамып келеді. Ең алдымен, қордағы жәдігерлерді сақтау, ғылыми зерттеу және көрерменге кеңінен таныстыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Сонымен қатар музей цифрландыру үдерісіне ерекше көңіл бөліп отыр.
    Бүгінде музей залдарын виртуалды форматта аралауға мүмкіндік бар. Арнайы цифрлық жобалар арқылы көрермендер 3D форматтағы экскурсияларға қатысып, өнер туындыларын 360 градустық форматта тамашалай алады. Бұл мәдени мұраны заманауи технологиялар көмегімен кең аудиторияға жеткізуге жол ашып отыр.
    Музей өңір суретшілерімен және қолөнер шеберлерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Авторлық көрмелер, шығармашылық кездесулер, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстелдер мен пленэрлер тұрақты ұйымдастырылады. Біз жергілікті өнер иелерін қолдап қана қоймай, олардың шығармашылығын республика көлемінде танытуға күш саламыз.
    Соңғы жылдары жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – «ШеберFEST» қолөнер шеберлерінің фестивалі. 2024 және 2025 жылдары республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл жоба 2026 жылы халықаралық дәрежеге көтерілді. Фестивальге Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы мен Қазақстанның әр өңірінен жүзге жуық шебер қатысып, төрт мыңға жуық авторлық бұйымды көпшілік назарына ұсынды. Киіз өнері, зергерлік бұйымдар, ағаш ою, ұлттық аспап жасау, тоқыма және этнодизайн бағытындағы туындылар көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Бұл жоба ұлттық өнерді дәріптеумен қатар халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға үлкен үлес қосты.
    Жыл басынан бері музейде көптеген мәдени шаралар ұйымдастырылды. Көрісу күніне арналған «Бір жасыңмен» көрмесі, суретші Талғат Қисметовтің мерейтойлық көрмесі, көрнекті қаламгер әрі сазгер Илья Жақановтың 90 жылдығына арналған «Жақанов әлемі: фотошежіре» көрмесі, «Музейге саяхат – 2026» мәдени акциясы және басқа да жобалар атыраулықтардың рухани өміріне серпін берді.


Өңір руханиятының алтын діңгегі
Музейдің басты ерекшелігі – өңірлік өнер мектебінің қалыптасуы мен дамуына ықпал етуінде. Атырау суретшілерінің шығармаларынан туған жер табиғаты, ұлттық болмыс, дала философиясы мен тарихи таным анық көрінеді. Бұл – өңірлік өнердің өзіндік мектебі қалыптасқанын көрсетеді.
Жастармен жұмыс та біздің басты назарымызда. Экскурсиялар, дәріс сағаттары, интерактивті сабақтар, арт-кездесулер, байқаулар мен музей түні секілді мәдени-ағартушылық жобалар жас буынның өнерге қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жас суретшілерге өз жұмыстарын музей кеңістігінде көрсетуге мүмкіндік беріледі.
    Бүгінде музейге балалар мен студенттерден бастап, өнер зерттеушілері, қала тұрғындары, шетелдік туристер мен қонақтар жиі келеді. Әсіресе шетелдік меймандар қазақ халқының мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін танытатын туындыларға ерекше қызығушылық танытады. Олар музей қорындағы алғашқы жәдігерлерді, өткен ғасырдың 50-60 жылдарындағы графикалық жұмыстарды қызыға тамашалайды.
    Алдағы мақсатымыз – музей қорын толықтыру, цифрлық технологияларды жетілдіру, халықаралық мәдени байланыстарды кеңейту және музейді шығармашылық пен рухани дамудың заманауи орталығына айналдыру. Өйткені музей – жай ғана жәдігер сақтайтын мекеме емес. Ол – халықтың тарихи жады мен рухани болмысын сақтайтын қасиетті шаңырақ.
    Біз үшін музейдегі әрбір туынды – ұлт тарихының үнсіз шежіресі. Сол асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу – ең үлкен міндетіміз. Сондықтан да музейдің болашағына сеніміміз мол. Өнерге деген құрмет пен қызығушылық бар жерде музей де, руханият та өміршең бола береді.