- Сахнаға келген Нұргүл мен бүгінгі Нұргүлдің арасында қандай айырмашылық бар? Өнер сіздің мінезіңізді, дүниетанымыңызды қалай өзгертті?
- Сахнаға келген Нұргүл (негізі менің толық есімім-Нұрлыгүл. Бірақ Нұргүл болып кеттім ғой) мен қазіргі Нұргүлдің арасында, әрине, өзгеріс көп.
Қазіргі Нұргүл - әр рөлге жабыса бермейтін, сөздің астарын зерттейтін, әр образды жете меңгеретін және сол обрпзын- мейлі ол жағымсыз кейіпкер болса да - жақсы көретін, соның адвокаты, сол кейіпкердің күйін кешіп жүретін Нұргүл. Бірақ, анау алғаш сахнаға келген Нұргүлдей фанат емес-ау. Ол Нұргүл фанат болғаннан жанып кететін. Шамасы, жастық өз дегенін көп жасатқызады- ау...
- Актрисалық жолда көзге көрінбейтін құрбандық көп болады. Сіздің өнер үшін үнсіз бас тартқан дүниелеріңіз болды ма?
- Жоқ. Ондай жағдай бола қоймапты. Болмай-ақ та қойсын. Өтірік оқиға ойлап таба алмаймын енді...
- Осы күнге дейін сомдаған рөлдеріңіздің ішінде жаныңызға ең жақын кейіпкер қайсысы? Неліктен дәл сол образ жүрегіңізде қалып қойды?
- Жаныма жақын рольдерім баршылық. Олардың бірі - Еврипидтің Андромахасы. Жан Ануйдың Медеясы, Дулат Исабековтың Әпкесі.
Бұлардың бәрі менің қоржынымдағы, маған ыстық рөлдерім. Әлі де сахнада жанғым келетін образдар. Актрисаның көптеген психологиялық трюктарын сыртқа шығаратын, көрерменнің жүрегіне жол табатын кейіпкерлерім. Және әрқайсысында да бір-бір Нұргүл бар. Қанша рет ойнасам да, шаршамас едім.
- Ал, әлі күнге дейін «осы рөлді ойнасам» деп армандайтын, бірақ тағдыр бұйыртпай жүрген кейіпкер бар ма? Мүмкін, классикадан немесе қазақ драматургиясынан?
- Менің қызым да - актриса.
Сол айтады:
-Мама, сіздің спектакльдерден бос болған кезіңіз менің есімде жоқ екен. Сонда да, әлі ойнасам деген рөлдеріңіз бар ма?- дейді.
Ойланып қалдым. Бар ғой дедім ішімнен. Сосын іздедім... Дәлірек айтсам, ойландым. Ол Шекспирдің Катаринасы еді.
Катаринаның еркіндігі, паңдығы, тентектігі, тектілігі – бәрі-бәрі актрисаның сахнада ішкі-сыртқы темпераментін жарқыратуға арналған образ ғой. Мен осы рөлді армандадым. Өкінішке қарай, ол қойылым бізде қойылмады. Бір әттеген-айым осы екен.
- Өңірлік театрлардың өзіне тән ерекше рухы болады. Сіздіңше, Орал театрының Алматы мен Астана театрларынан артықшылығы неде? Ал қандай мүмкіндіктер жетіспейді?
- Алматы мен Астананың актерларының бәрі демей-ақ қояйын. Бірақ, біразында атағы ғана рөл ойнайды. Ал оны сахнада он орайтын әртістер өңірлік театрларда бұйығы тірлік кешіп жүргені жасырын емес.
Үлкен театрлардың ортаңқол спектакльдеріне ұсынылатын қаржы, өңірлік театрлардың классикалық қойылымдарына бұйырмайды. Сондықтан, мықты креативті режиссерлерді алдыру, толыққанды жұмыс жасауға мүмкіндік туғызатын уақыт беру дегенде өңірлік театрдың , яғни өз театрымның мүмкіндігі шектеулі. Ішінде мол мүмкіндігі бар актерді біз пайдалана алмай , ол көрсете алмай , маңдайдың соры бес елі болып жүргені де рас.
- Сіз тек сахнада ғана емес, аудиокітаптарды дыбыстау арқылы да көрерменге басқа қырыңызбен танылып жүрсіз. Дауыспен ғана кейіпкердің жанын беру мен сахнадағы актерліктің айырмашылығы қандай?
- Театрда пьеса читкасы деген процес бар. Ол жерде әр кейіпкердің образын дыбыстап келтіресің. Ал сахнаға шыққанда ол мүлдем басқа арнаға бұрылады. Айтылуы, өмір сүруі дегендей.
Аудиокітап оқып отырып, мен тура сол пьеса оқығандай әсерде отырамын. Маған қызықты. Және өзіме ұнайды. Әр кейіпкерге дауыс ырғағын іздеймін. Ол жерде әйел де, ер адамда, бала да бәрі бар. Соны тыңдарманға жеткізу өте қызықты процесс.
- Ән жазатыныңызды көпшілік біле бермеуі мүмкін. Ән сіз үшін ішкі сырды айту тәсілі ме, әлде актерлік болмыстың жалғасы ма? Жалпы, өнердің қай түрінде өзіңізді барынша еркін сезінесіз?
- Екінші курс оқып жүргенімде әкем өмірден өтті. Соны ести сала ауылға аттандым. Ұзақ жолда миыма бір әуен келді. Сөзімен...
Бұл әкеме арналған дүние екен. Біздің жақта жоқтау айтылмайды. Сол әуен менің жоқтауым болған шығар. Сол әуен көпке дейін миымнан шықпай жүріп, жеті күндік садақасында өз ағайындарыма домбырамен айтып бердім. Ауылға барған сайын сол әнімді айтқызатын. Менің ән жазуым осылай басталды ау негізі.
Поэзия оқимын. Ұнатқан өлеңге өзімнен тыс бір әлем ән ұсынады. Меніңше, бұл - ішімдегі бір қанағатым үшін жасалып жатқан дүниелер. Әйтпесе, ән шығарып, оған мәтін іздеп көрмеппін.
Мен - актрисамын. Және өзімді тек спектакль ойнағанда ғана еркін сезінемін.
- Қазіргі көрерменді таңғалдыру қиын деген пікір бар. Сіздіңше, бүгін театр адамға не беруі керек — ой ма, сезім бе, әлде рухани пана ма?
- Театр көрерменнің жетегінде кетіп қалып жатырмыз қазір. Ол жасырын емес. Театр көрерменді жетектеуі керек.
Иә, қазір таңқалу сезімі жоқтың қасы уақытта, яғни рухани құндылықтан гөрі дүниелік құндылыққа ауып кеткен заманда көрерменнің сезім нүктесін басу мен оған рухани пана бола алу үлкен мақсат шығар. - Сахнадағы табыс көбіне шапалақпен өлшенеді. Бірақ актердің шын жеңісі өз ішінде болатын секілді. Сіз үшін өнердегі ең үлкен жеңіс не?
- Спектакль бірнеше жыл, бірнеше қайтара ойналады. Барлық уақытта бірдей ойнау мүмкін емес. Әр қойылым сайын образыңды тереңдете түсесің. Басқа қырлары ашылады. Бұл - бітпейтін процесс.
Менің өнердегі, яғни сахнадағы жеңісім әлі алда. Мен әлі жеңіске жеттім деп айта алмаймын. Ол қашан және қандай боларын білмеймін...
- Егер өміріңіз туралы бір спектакль қойылса, оның басты идеясы қандай болар еді? Көрермен Нұргүл Жұбаттан қандай ой алып шыққанын қалар едіңіз? - Өмірім туралы спектакль болатын болса, көріп отырған адам: «Пенделік дүниелер жасамай, пенделік қателіктерге ұрынбай, тап-таза адам болып өмір сүру мүмкін емес екен ғой...» деген ой түйсе екен.
Өзінің жасаған қателігі үшін өзі кешірім сұрамай, жанымен арпалысу - неткен азап адам баласына... Адамға жақсылық ойлағанда ғана жаның нұрланатынын түсінуге кеш қалмау керек деген ойды сезінсе екен. Және сол спектакльдегі кейіпкер –Нұргүл қайтадан өмір сүру құқығына ие болса, тап сол қателіктерінен де, жақсы істерінен де бас тартпас еді деген оймен шығады- ау көрермен...
Сұхбаттасқан Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА




