Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Өнертану кандидаты, доцент, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Театр және кино өнері» бөлімінің меңгерушісі Амангелді Мұқан: «Қазақ театры қайда бара жатыр...»

-    Амангелді Оразбайұлы, сұхбатымызға келісім бергеніңізге алғыс білдіреміз. Бұл интернет-журналға арналған көлемді сұхбат болғандықтан, әңгімемізді еркін форматта өрбітсек дейміз. Қазіргі қазақ театрларының дағдарыс болатын болса, бастысы неде деп ойлайсыз: драматургия тапшылығы ма, режиссерлік ойдың тоқырауы ма, әлде көрерменмен байланыстың әлсіреуі ме? 
-    Иә, қазақ театры өз тарихында тоқырау кезеңдерін бірнеше рет бастан өткерді. Бұл дағдарыс режиссурада да, драматургияда да, көрермен мәселесінде де көрініс тапты. Оның басты себептерінің бірі – кеңестік кезеңнен қалыптасқан театрлардың мемлекет қаржыландыруына тәуелділігі. Театрдың материалдық жағдайы тікелей қаржыландыруға байланысты. Мемлекет тарапынан қолдау азайса, оның салдары шығармашылық процеске де әсер етеді. Мұны тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан анық байқадық. Тоқсаныншы жылдардағы ауыр экономикалық ахуалда халықтың басты назары күнкөріс қамына ауып, мәдениет екінші кезекке ысырылды. Театрлар да сол қиындықтарды бастан өткерді. Ал 2000 жылдан бастап мәдениет саласына көңіл бөліне бастады. «Мәдениетті қолдау жылы» жарияланып, театр ғимараттары жөнделіп, материалдық-техникалық база нығайды.Сонымен қатар театрдағы дағдарыс тек қаржылық мәселемен шектелмейді. Режиссуралық ізденістің белгілі бір деңгейден аса алмай, жаңа көркемдік биіктерге ұмтылуы да маңызды фактор. Өз уақытында талантты режиссерлер болды, сапалы қойылымдар қойылды, халықаралық фестивальдерде жүлделер алынды. Бірақ өткен ғасыр эстетикасымен жасалған спектакльдер жаңа ғасырдағы көрермен сұранысына толық жауап бере алды ма деген сұрақ туындайды.
      Осы тұрғыдан алғанда, 2017 жылдардан бастап Фархад Молдағали бастаған жаңа толқынның келуі қазақ режиссурасына тың серпін берді. Алматыдағы «Откровение» тәуелсіз театр фестивалінде оның Павлодардан әкелген «86» саунд-драмасы көпшіліктің назарын аударды. Сөзден гөрі пластикалық шешімдерге құрылған бұл қойылым жаңа театр тілінің мүмкіндігін көрсетті. Кейін Ғ.Мүсірепов атындағы театрда қойған «Қарагөз» спектаклі де режиссурадағы жаңашыл ізденістердің айқын көрінісіне айналды. Дина Жұмабай секілді жас режиссерлердің келуі де қазақ театры үшін маңызды құбылыс болды. Бүгінгі жастардың шығармашылық қарқынына қарап, режиссурадағы тоқыраудан біртіндеп өтіп келе жатқанымызды аңғаруға болады.
       Ал драматургия мәселесі театрдың дамуындағы ең маңызды факторлардың бірі болып қала береді. Егер драматург ұсынған материал әлсіз болса, театрдың да мүмкіндігі шектеледі. Ондай жағдайда театрлар аударма пьесаларға немесе инсценировкаларға жүгінеді. Бір кездері Дулат Исабеков, Әкім Тарази, Сәкен Жүнісов, Оралхан Бөкей секілді ірі қаламгерлердің шығармалары репертуарлық саясаттың жүйелі қолдауы мен кәсіби редактураның арқасында сахнаға жол тартты. Режиссер қаншалықты дарынды болғанымен, сапасыз драматургиядан мықты спектакль жасау оңай емес.Қазіргі жас драматургтерге қойылатын талап та өзгеше. Олар жаңа заманның тынысын сезініп, бүгінгі қоғамның мәселелерін жаңа көркемдік тілмен жеткізуі тиіс. Өйткені көрерменнің талғамы өзгерді. Оларға жаңаша үн, жаңаша көзқарас қажет.
      Кезінде сахнадағы актерлер саны залдағы көрерменнен көп болатын қиын кезеңдерді де өткердік. Ал бүгінде театрға жастардың көптеп келуі қуантады. Олардың өзіндік талғамы мен сұранысы бар. Бұл қоғамдағы мәдени өзгерістермен қатар экономикалық жағдайдың жақсаруымен де байланысты.Жалпы, театрдағы кез келген дағдарыстың себептері бір-бірімен тығыз сабақтас. Әсіресе тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтардың салдарынан театрдан алшақ өскен тұтас бір буынды жоғалтып алдық. Сол буын өкілдерінің өздері де өздерін «жоғалған ұрпақ» деп атап жүр. Сондықтан экономика мен мәдениет қатар дамығанда ғана қоғамның рухани кеңістігі де толыға түседі.
-    Соңғы жылдары режиссер театры туралы көп айтылады. Бірақ бізде режиссерлік мектеп қалыптасты деп сенімді түрде айта аламыз ба? Қазақ театрында өзіндік режиссерлік қолтаңба бар ма?
-     Режиссерлік театр дәстүрі бүгін де өзекті мәселе болып қала береді. Қазақ театрында мұндай құбылыстың жарқын мысалы ретінде ұзақ жылдар бойы М. Әуезов атындағы театрды басқарған Әзірбайжан Мәмбетовті айтуға болады. Тіпті қазақ театртануында «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Оның шығармашылық беделі соншалық, сол кезеңде қызмет еткен көптеген талантты режиссерлердің еңбегі тасада қалып қойды. Мысалы, Қадір Жетпісбаев пен Есмұхан Обаев секілді режиссерлердің әрқайсысы өз театрларын қалыптастырып, ұлттық сахна өнеріне үлкен үлес қосты. Әсіресе Есмұхан Обаев жиырма жылға жуық Семей театрын басқарып, бүгінгі Абай театрының шығармашылық деңгейін көтерді. Мұндай мысалдар мықты режиссердің театрға өзіндік эстетика мен бағыт әкелетінін көрсетеді. Дегенмен қазіргі жағдайда бір театрда ұзақ жылдар жұмыс істеу оңай емес. Ұзақ уақыт бір ортада қызмет ету режиссер мен труппаның шығармашылық тұрғыдан шаршауына, түрлі қайшылықтардың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан театр ұжымдарының жаңарып, режиссерлердің ауысып отыруы да шығармашылық дамудың бір шартына айналды.
     Бүгінгі жас режиссерлердің көпшілігі бір театрға байланып қалудан гөрі, жекелеген жобалармен жұмыс істеуді жөн көреді. Бір спектакль қойып, кейін басқа шығармашылық ізденістерге бет бұру — қазіргі заманның айқын тенденциясы. Бұл құбылыс тек Қазақстанда емес, әлемдік театр кеңістігінде де байқалады. Соған қарамастан, елімізде режиссерлік театрдың үлгілері сақталып келеді. Мысалы, Нұрқанат Жақыпбай өз шәкірттерімен бірге құрған театрын әлі күнге дейін дамытып келеді. Сол сияқты Асхат Маемиров та жеке шығармашылық ұжымын қалыптастырып, өз бағытын орнықтыруда. Ал Болат Атабаевтың шәкірттері негізінде құрылған театрлық жоба да кезінде үлкен үміт күттірген құбылыс болды.
    Бүгінде театр кеңістігінде тағы бір жаңа үрдіс байқалады. Егер бұрын театрдың бағытын көркемдік жетекші мен бас режиссер айқындаса, қазір менеджерлер мен директорлардың ықпалы артып келеді. Қаржы мен ұйымдастыру тетіктері олардың қолында болғандықтан, театрдың дамуы көбіне басқарушының кәсіби қабілетіне байланысты. Мықты менеджер талантты режиссерлерді тартып, жаңа драматургияны қолдап, театрдың шығармашылық әлеуетін арттыра алады. Сондықтан қазіргі кезеңде біз режиссерлік театрлардан гөрі менеджерлік театрлардың ықпалы күшейіп келе жатқанын байқап отырмыз. Бұл — бүгінгі қазақ театрының дамуындағы маңызды тенденциялардың бірі. 
-    Қазіргі жас буын режиссерлері мен актерлерінен сізді қуантатын қандай ізденістер байқалады? Ал керісінше, алаңдататын тенденциялар бар ма? 
-    Қазіргі қазақ театрындағы алаңдатарлық тенденциялардың бірі — кейбір жас режиссерлердің шетелдік спектакльдердің сыртқы формасына еліктеп, оның мазмұны мен идеялық негізін терең түсінбей қайталауға ұмтылуы. Интернеттің дамуы әлемдік театр жетістіктеріне қолжетімділікті арттырғанымен, көрген дүниені шығармашылық тұрғыдан қорытып, өзіндік көзқарас ұсыну әрдайым жүзеге аса бермейді. Бұл мәселенің бір себебі — оқу мен зерттеу мәдениетінің әлсіреуі. Бүгінде режиссерлер мен актерлер арасында әдебиет оқып, драматургияны терең талдап, шығарманың астарына үңілетіндер азайып барады. Соның салдарынан кей жағдайда театр сыртқы эффектіге көбірек мән беріп, мазмұндық тереңдіктен алыстап кетуі мүмкін. Әсіресе классикалық шығармаларды сахналауда бұл анық байқалады. Мысалы, Шекспирдің туындылары әлем театрларында сан мәрте түрлі интерпретациямен қойылған. Сондықтан бүгінгі режиссердің міндеті — бұрынғыны қайталау емес, шығарманың жаңа қырын ашып, көрерменге тың ой ұсыну. Ол үшін терең білім, интеллектуалдық дайындық және шығармашылық батылдық қажет.
      Театрдың дамуы режиссерге ғана емес, актердің де білім деңгейіне байланысты. Зерттей білетін, талдай алатын, сахнадағы әр әрекетінің мәнін түсінетін интеллектуал актерлер шығармашылық процестің сапасын арттырады. Мұндай ортада режиссер мен актер арасында нағыз шығармашылық диалог қалыптасады.
Сондықтан бүгінгі қазақ театрындағы басты міндеттердің бірі — режиссерлер мен актерлердің кәсіби әрі интеллектуалдық деңгейін көтеру. Терең білім мен үздіксіз ізденіс қана ұлттық театрдың жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.
-    Қазақ театры ұлттық болмыс пен жаһандық театр тілінің арасында тепе-теңдік сақтай алып отыр ма? Кей қойылымдарда форма қуып, мазмұннан айырылып жатқан жоқпыз ба? 
-    Жаһандану дәуіріндегі қазақ театрының басты міндеті – ұлттық болмысын сақтай отырып, әлемдік театр кеңістігімен қатар даму. Ол үшін ұлттық драматургияны, актерлік өнер мен режиссураны жаңа деңгейге көтеріп, қазақтың төл материалын әлем көрерменіне түсінікті әрі қызықты етіп ұсына білу қажет. Қойылымдар ұлттық негізде жасалғанымен, көтеретін мәселелері жалпыадамзаттық сипатқа ие болуы тиіс. Жаһанданудың театрға ықпалы ең алдымен форма мен сахналық тілден байқалады. Қазіргі театрда сөзден гөрі пластикаға, визуалды шешімдерге, жаңа театрлық формаларға басымдық беріле бастады. Бұрынғыдай оқиғаның басталуы, дамуы, шарықтау шегі мен шешіміне негізделген дәстүрлі драматургиялық құрылым жиі бұзылады. Бұл – постдрамалық театрдың ерекшелігі.
     Бүгінгі қазақ театрында да мұндай үрдістер айқын көрініс тауып отыр. Жас режиссерлер классикалық шығармаларды жаңаша интерпретациялап, қалыптасқан түсініктерді қайта қарастыруға ұмтылады. Мысалы, кей қойылымдарда белгілі шығармалардың дәстүрлі нұсқасы емес, бастапқы мәтіндері немесе бұрын назардан тыс қалған қырлары негізге алынады. Нәтижесінде көрермен үйреншікті сюжеттен бөлек, жаңа көзқараспен ұсынылған спектакльді тамашалайды. Бұл үдерістер кей жағдайда көрерменнің таңданысын немесе қарсылығын туғызуы мүмкін. Дәстүрлі театрға үйренген көрермен үшін жаңа эстетика мен постдрамалық тәсілдерді қабылдау әрдайым оңай емес. Соған қарамастан, мұндай ізденістер театр өнерінің дамуына ықпал етеді және бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін жаңа форма арқылы жеткізуге мүмкіндік береді.
     Жаһанданудың ықпалын біржақты жақсы немесе жаман деп бағалау қиын. Алайда оның қазақ театрына әсері айқын сезіліп отыр. Бүгінгі театр жаңа эстетика мен ұлттық дәстүрдің арасынан өз жолын іздеу кезеңін бастан кешуде. Әрине, жаһандану мен жаңа театрлық формалардың белгілі бір қауіптері бар. Алайда олардан қашып немесе оқшауланып қалу мүмкін емес. Сондықтан басты міндет — жаңа үрдістердің озық тұстарын қабылдап, ұлттық театрдың табиғатын сақтай отырып дамыту. Сонда ғана қазақ театры уақытпен бірге ілгерілей алады. Егер көрші елдермен салыстыратын болсақ, көбіне Ресей театры назарға алынады. Ресей театрының даму тәжірибесі кең әрі Еуропа театрларымен байланысы терең болғандықтан, көптеген бағыттарда алда келеді. Дегенмен Орталық Азия кеңістігінде қазақ театрының заманауи ізденістері мен режиссерлік тәжірибелері айтарлықтай жоғары деңгейде деп айтуға негіз бар.
      Қырғыз театрында да мықты режиссерлер мен драматургтер қалыптасқан. Соған қарамастан, қазақ режиссерлері де халықаралық фестивальдерде табысты өнер көрсетіп, Ресей, Беларусь, Грузия және басқа елдерде жоғары бағаланып жүр. Бұл қазақ театрының тек өз ортасымен шектелмей, халықаралық мәдени кеңістікке белсенді араласып жатқанын көрсетеді. Соңғы жылдары шетелдік режиссерлер мен театр мамандарын шақыру тәжірибесі де күшейді. Әсіресе грузин театр мектебімен байланыс нәтижелі дамып келеді. Сонымен қатар елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік мамандардың тәжірибесі театрлардың шығармашылық ізденістеріне жаңа серпін берді. Бүгінде облыстық театрлардың өзінде қызықты режиссерлік қолтаңбалар қалыптасып келеді. Классикалық шығармаларды заманауи тәсілдермен сахналау арқылы ұлттық әдебиеттің жаңа қырларын ашуға мүмкіндік туып отыр. Мұндай қойылымдар халықаралық ортада да қызығушылық тудыруда. Сондықтан қазіргі қазақ театры посткеңестік кеңістіктегі ең белсенді дамып келе жатқан театрлардың бірі деп айтуға болады. Жаңа эстетикалық ізденістер, халықаралық байланыстар және жас режиссерлердің шығармашылық батылдығы ұлттық театрдың жаңа кезеңге қадам басып жатқанын аңғартады.
-    Сіз театр сыншысы әрі театртанушы ретінде айтып жүрсіз: бізде кәсіби театр сыны әлсіреп кетті. Театр сыны неге ықпалын жоғалтты? Театрлар сыннан қорқа ма, әлде сынның өзі кәсіби деңгейден айырылды ма? 
-    Театр сынының басты міндеті — театр мен көрермен арасындағы алтын көпір болу. Сын дегеніміз спектакльді жоққа шығару немесе кемшілік іздеу ғана емес. Оның мақсаты — театрда жасалған шығармашылық өнімді талдап, түсіндіріп, көрерменге дұрыс жеткізу. Бұл қағиданы қазақ театр сынының көрнекті өкілдері қалыптастырды. Кезінде белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай дүниеден өткеннен кейін «қазақ театр сыны тоқтады» деген пікірлер айтылды. Алайда бұл көзқараспен толық келісуге болмайды. Театр сыны өз жұмысын жалғастырып келеді, өйткені аға буынның ізін басқан театртанушылар мен зерттеушілер қалыптасты.
     Бүгінде театр сынының жағдайы бұрынғы кезеңнен өзгеше. Кеңес дәуірінде немесе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында газетке шыққан сын мақалалар театрларда арнайы талқыланып, оның қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданатын. Қазіргі жағдайда театрлар әртүрлі басқару құрылымдарына қарайтындықтан, сын пікірлердің орындалуын қадағалайтын ортақ жүйе жоқ. Соның салдарынан театр сынының ықпал ету тетіктері өзгерді. Соған қарамастан, театр сыны өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, соңғы жылдары театрлар театртанушыларды өз жұмыстарына белсенді түрде тарта бастады. Бүгінде республикалық және халықаралық фестивальдерге театр сыншылары тұрақты шақырылады, жаңа қойылымдарға сараптамалық пікір беріледі, ал кейбір театрларда театртанушылар кеңесші және консультант ретінде қызмет атқарады.
Қазақстан театр сыншылары бірлестігі жыл сайын театрлардың жұмысына мониторинг жүргізіп, шығармашылық үдерістерді саралап келеді. Театр ұжымдары да өз қойылымдарын кәсіби ортаға ұсынып, сырт көздің пікірін тыңдауға мүдделі екенін көрсетуде. Қазіргі жас буын театр басшылары мен менеджерлері театр сынының қажеттігін жақсы түсінеді. Олар кәсіби пікірді театрдың дамуына ықпал ететін маңызды құрал ретінде қабылдайды. Бұл — қазақ театрындағы оң өзгерістердің бірі. Сондықтан театр сыны бүгін де театр өмірінің ажырамас бөлігі болып қала береді. Оның міндеті — кемшілік іздеу емес, театр өнерінің сапалы дамуына ықпал ету, шығармашылық үдерісті талдау және театр мен көрермен арасындағы байланысты нығайту.
-    Әлемдік тәжірибеде тәуелсіз және эксперименталды театрлар жаңа эстетика мен жаңа көрермен қалыптастырған маңызды құбылысқа айналды. Мәселен, The Living Theatre, Odin Teatret, La MaMa секілді ұжымдар классикалық театр жүйесіне балама бағыт ұсынды. Қазақстанда да соңғы жылдары жеке және тәуелсіз театрлар көбейіп келеді. Бұл құбылыс қазақ театрының тынысын аша ма, әлде ортақ театр кеңістігінің бөлшектенуіне әсер етуі мүмкін бе?
-    Қазақстанда тәуелсіз театрлардың дамуы – ұлттық театр кеңістігіндегі ең маңызды әрі қуанышты құбылыстардың бірі. Бұл әлемдік үрдіске сай қалыптасып келе жатқан бағыт. Тәуелсіз театрлар көбіне өнерге жан-тәнімен берілген шығармашыл тұлғалардың бастамасымен немесе меценаттардың қолдауымен дүниеге келеді. Мұндай театрлардың қалыптасуы елдегі мәдени ортаның дамып келе жатқанын көрсетеді. Өйткені тәуелсіз театрлар көбіне қаржылық пайда үшін емес, жаңа идеялар мен шығармашылық ізденістердің негізінде құрылады. Олар мемлекеттік театрлардың репертуарына ене бермейтін тақырыптарды көтеріп, тың эксперименттер жасауға мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстанда өз көрерменін қалыптастырған бірнеше ірі тәуелсіз театрлар бар. Солардың қатарында «Жас Сахна», ARTиШОК және «Шам» театрларын атауға болады. Бұл ұжымдар классикалық және заманауи драматургияны қатар дамытып, жаңа режиссерлік ізденістерге жол ашып келеді.
      Соңғы жылдары белгілі актерлер мен режиссерлердің бастамасымен құрылған жеке театрлар да көбейді. Олар шығармашылық еркіндікке ұмтылып, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алып отыр. Мұндай театрларда актерлер өздерінің негізгі жұмысынан бөлек, жаңа рөлдер мен тың шығармашылық тәжірибелерге қол жеткізеді. Тәуелсіз театрлардың тағы бір артықшылығы – бәсекелестік ортаны қалыптастыруы. Бұл жалпы театр өнерінің дамуына оң әсер етеді. Көрермен үшін таңдау көбейеді, ал театрлар жаңа ізденістерге ұмтылады. Сондықтан тәуелсіз театрлардың көбеюі қазақ театр өнерінің дамуына серпін беретін маңызды құбылыс деп есептеймін. Олар театр кеңістігін байытып қана қоймай, мемлекеттік және жеке театрлардың бір-бірін толықтыра отырып дамуына мүмкіндік жасап отыр. Бұл – қазіргі қазақ театрындағы ең перспективалы әрі заманауи үдерістердің бірі.
-    Бүгінгі көрермен өзгерді. Әлеуметтік желі дәуіріндегі адамның назарын театр қалай ұстап қала алады? Қазақ театры жаңа аудиториямен сөйлесудің тілін тапты ма? 
-    Қазіргі қоғам өте жылдам өзгеріп жатыр. Егер бұрын бір ұрпақтың ауысуына 20–25 жыл қажет болса, бүгінде бірнеше жыл ішінде жаңа көзқарас пен жаңа талғам қалыптасып үлгереді. Соған сәйкес театр көрермені де өзгерді. Сандық технологиялармен, интернетпен бірге өскен жас буынның мәдени сұранысы мен дүниетанымы бұрынғыдан өзгеше. Осындай жағдайда театр жаңа технологиялармен бәсекелесе ала ма деген сұрақ жиі қойылады. Меніңше, театрдың басты артықшылығы – оның жанды өнер болуы. Кино немесе цифрлық өнім бір рет жасалып, өзгеріссіз сақталса, театр әр қойылым сайын қайта туындайды. Актер мен көрерменнің тікелей байланысы, сахнадағы эмоция мен энергияның залға берілуі – театрды ешбір технология алмастыра алмайтын ерекше құбылыс етеді.
     Театрдың негізгі миссиясы да осында. Көрермен театрға тек уақыт өткізу үшін емес, рухани әсер алу, ойлану, толғану үшін келеді. Ежелгі дәуірден белгілі катарсис ұғымы – адамның өнер арқылы рухани тазаруы – бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Жақсы спектакль көрерменді өзгертіп, жаңа ойға жетелей алады. Соңғы жылдары қазақстандық театрлардың көрерменмен байланысы нығайып келеді. Кейбір қойылымдарға билеттердің бірнеше минут ішінде сатылып кетуі соның дәлелі. Мысалы, жастар аудиториясына бағытталған спектакльдер тұрақты аншлагпен өтіп жүр. Бұл театрлардың заманауи көрерменнің сұранысын дұрыс түсініп, өзекті тақырыптарды көтере бастағанын көрсетеді. Әсіресе жастар мен балалар аудиториясы бүгінгі театрдың негізгі көрермендерінің біріне айналды. Сондықтан театрлар олардың қызығушылығына сай келетін, бірақ көркемдік деңгейі жоғары шығармаларды ұсына білуі қажет. Мұндай жағдайда классикалық туындылар да жаңа мағынаға ие болып, заманауи көрерменмен үндесе алады.
Әрине, барлық тәжірибе бірдей сәтті бола бермейді. Көрермен қабылдай алмайтын немесе өз аудиториясын таппайтын қойылымдар да кездеседі. Алайда ізденіс пен эксперимент театр дамуының табиғи бөлігі. Сондықтан бүгінгі қазақ театрында түрлі үрдістер қатар жүріп жатыр. Солардың арасынан көрерменмен шынайы байланыс орната алған қойылымдар ғана уақыт сынынан өтіп, мәдени құбылысқа айналады.
-    Облыстық театрлар мен республикалық театрлардың арасындағы айырмашылық тек қаржы мен мүмкіндікке байланысты ма, әлде көркемдік деңгейде де алшақтық бар ма? Сіз халықаралық театр фестивальдеріне қазылық етіп жүрсіз. Қазақ театрының қазіргі деңгейін шетелдік театр процестерімен салыстырғанда қалай бағалар едіңіз? Біз қай тұста ұтып отырмыз, қай тұста қалып келеміз? 
-    Облыстық және республикалық театрлардың айырмашылығы тек қаржыландыруда емес, басқару жүйесінде де жатыр. Облыстық театрлардың жағдайы көбіне жергілікті әкімдіктің мәдениетке деген көзқарасына байланысты. Егер өңір басшылығы театрға қолдау көрсетсе, оның материалдық-техникалық базасы да, шығармашылық мүмкіндігі де артады. Ал мәдениетке жеткілікті көңіл бөлінбеген жағдайда театрлардың дамуы тежелуі мүмкін. Соған қарамастан, бүгінгі таңда театрдағы көптеген қызықты шығармашылық ізденістер тек Алматы мен Астанада ғана емес, өңірлерде де пайда болып жатыр. Бұрын жаңалық орталықтан тарайды деген түсінік басым болса, қазір кейбір тың режиссерлік шешімдер мен эксперименттер облыстық театрлардан көрініс табуда. Бұл – қазақ театрындағы маңызды өзгерістердің бірі.
       Өңірлік театрлардың дамуына фестивальдер де ықпал етіп келеді. Олар жас режиссерлерді танытып, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде облыстық театрларда қалыптасқан жаңа есімдер республикалық деңгейде танылып, басқа театрлардан шақырту ала бастады. Алайда соңғы жылдары фестивальдердің шамадан тыс көбеюі де байқалады. Бір қойылымның бірнеше фестивальге қатар қатысуы шығармашылық сарқылуға, қайталануға және сапаның төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Кейде бір мезгілде бірнеше фестивальдің өтуі олардың мазмұндық ерекшелігін әлсіретіп жібереді. Сондықтан фестивальдерді сан жағынан емес, сапа тұрғысынан дамыту маңызды. Әр фестивальдің өзіндік бағыты мен мақсаты болуы керек: бірі режиссураға, бірі актерлік өнерге, бірі эксперименттік театрға немесе драматургияға арналуы мүмкін. Сонда ғана олар театр өнерінің дамуына нақты үлес қосады. Сонымен қатар Қазақстанға театр саласындағы халықаралық мамандарды, продюсерлер мен фестиваль кураторларын тартатын ірі ұлттық театр фестивалі қажет. Мұндай алаңда елдегі үздік спектакльдер көрсетіліп, халықаралық театр қауымдастығына таныстырылса, қазақ театрының әлемдік деңгейде танылуына жол ашылар еді. Бүгінде қазақ театрында әлеует те, қызықты шығармашылық ізденістер де жеткілікті. Сондықтан театр фестивальдерінің басты мақсаты сан қуалау емес, сапалы өнерді қолдау, жаңа есімдерді таныту және ұлттық театрды халықаралық мәдени кеңістікке шығару болуы тиіс.
-    Театртану мен өнертану ғылымының өзі қазір қандай жағдайда? Бізде театр туралы терең теориялық ой қалыптасып жатыр ма, әлде театр практикасының соңынан ғана еріп келе ме? 
-    Қазақстанда театртану өнертану ғылымының маңызды бағыттарының бірі ретінде дамып келеді. Бүгінде театртанушыларды даярлайтын бірнеше жоғары оқу орны жұмыс істейді. Олардың қатарында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті және басқа да мамандандырылған білім беру мекемелері бар. Бұл оқу орындарында бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары арқылы театртанушылар, өнертанушылар мен ғылыми кадрлар даярлануда. Сонымен қатар Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Жыл сайын магистрлік және докторлық диссертациялар қорғалып, театр өнерінің түрлі мәселелері зерттелуде. Хореография мен балет өнеріне қатысты ғылыми жұмыстар да осы бағыттың құрамдас бөлігі болып табылады. Дегенмен театртану ғылымының алдында шешімін күткен мәселелер де бар. Соңғы жылдары ғылыми дәрежеге ие болған актерлер мен режиссерлердің қатары артқанымен, олардың бәрі бірдей ғылымда тұрақтап қалмайды. Көпшілігі шығармашылық немесе педагогикалық қызметке ауысып, ғылыми зерттеумен жүйелі түрде айналыспайды.
        Бүгінде театртану саласында теориялық зерттеулерді күшейту қажеттілігі байқалады. Өйткені ғылым тек тәжірибені сипаттаумен шектелмей, жаңа тұжырымдар ұсынып, теориялық негіз қалыптастыруы тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанда театрдың теориялық мәселелерімен айналысатын арнайы ғылыми орталықтар мен зерттеу институттарының жетіспеушілігі сезіледі. Тағы бір өзекті мәселе – ғылымды қаржыландыру және ғылыми кадрларды қолдау. Ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі жалақының төмендігі мен жобаларды бағалау жүйесіндегі кемшіліктер кейбір маңызды бастамалардың жүзеге асуына кедергі келтіріп отыр. Әсіресе өнертану саласындағы жобаларды бағалауда осы бағыттың ерекшелігін терең түсінетін сарапшылардың жеткіліксіздігі байқалады. Соған қарамастан, театртану ғылымы біртіндеп дамып келеді. Жас зерттеушілердің қатары көбейіп, театрдың теориялық және практикалық мәселелеріне қызығушылық артып отыр. Сондықтан алдағы уақытта ғылыми инфрақұрылымды күшейту арқылы театртану ғылымының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік бар.
-    Сіз «театр – қоғамның айнасы» деген классикалық тұжырыммен келісесіз бе? Егер солай болса, бүгінгі қазақ театры қазіргі қазақ қоғамының қай болмысын дәл көрсете алмай отыр деп ойлайсыз? 
-    Мен «театр – қоғамның айнасы» деген пікірмен толық келісемін. Театрдың басты міндеті – қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде көтеру, адам мен қоғамды толғандырған сұрақтарды сахна тілі арқылы көрсету. Егер театр бүгінгі мәселені ертең айтса, оның әсері әлсірейді. Сондықтан театр көрерменге өзінің өмір сүріп отырған қоғамын көрсететін айна болуы керек.
       Қазақ театрында бұл міндетті сәтті атқарған спектакльдер аз емес. Мысалы, Болат Атабаевтың қойылымдары қоғамдағы күрделі мәселелерді батыл көтере білді. «Мәңгілік бала бейне» Семей полигонының зардабын, ал «Кебенек киген арулар» саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдырын сахнаға шығарып, өз кезеңіндегі қоғамдық ойға үлкен әсер етті. Театр тек көркемдік ләззат сыйлап қана қоймай, қоғамды ойландыруы керек. Болат Атабаевтың өзі театрдың міндетін «қоғамды ояту» деп түсіндіретін. Оның пікірінше, театр көрерменді бейжай қалдырмауы, пікірталас тудыруы, азаматтық ұстанымға жетелеуі тиіс. 
    Бүгінде мұндай үрдістерді жаңа буын режиссерлердің жұмыстарынан да көруге болады. Олар қоғамдағы өткір мәселелерді көтеріп, көрерменді белсенді ойлауға шақырады. Бұл тұрғыда заманауи драматургияның дамуы да маңызды рөл атқарып отыр. Соңғы жылдары жазылып жатқан көптеген пьесалар тарихи тақырыптардан гөрі бүгінгі қоғамның проблемаларына көбірек назар аудара бастады. Сонымен қатар театрдың алдында әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Кейбір өзекті тақырыптар сахнаға толық шыға алмай келеді. Бұған көбіне сыртқы емес, ішкі цензура әсер етеді. Ресми шектеулер болмаса да, кейде театр ұжымдары мен шығармашылық тұлғалардың өз ішінде сақтық пен жасқаншақтық байқалады.
      Бұл тұрғыдан алғанда тәуелсіз театрлардың мүмкіндігі кеңірек. Олар өткір әлеуметтік мәселелерді еркін көтеріп, көрерменмен ашық диалог орнатуға ұмтылады. Сондықтан бүгінгі көрермен де өзін толғандырған мәселелерді батыл қозғайтын спектакльдерге ерекше қызығушылық танытып отыр. Қоғамдағы әділетсіздік, жағымпаздық, тарихи жады, ұлттық сана сияқты мәселелер театр назарынан тыс қалмауы керек. Өйткені театр шынайы мағынасында қоғамның айнасына айналғанда ғана өз миссиясын толық орындай алады. Қоғамды ойландыратын, пікірталас туғызатын, азаматтық жауапкершілікті күшейтетін өнер ғана уақыт талабына жауап береді.
-    Қазақ театрын алдағы он жылда қандай өзгерістер күтіп тұр деп ойлайсыз? Бүгін шешілмесе, ертең үлкен мәселеге айналатын қандай қауіптер бар? Сіз ондаған фестиваль көрдіңіз, жүздеген спектакль талдадыңыз. Кейде театртанушының кәсіби деформациясы болады дейді — ол енді спектакльді көрермен сияқты «сезініп» қарай алмай қалады. Сізде ондай күй болды ма? Әлде әлі күнге  дейін сахна сізді таңғалдыру қабілетін жоғалтқан жоқ па?
-    Заман қарыштап өзгеріп жатыр. Бұрын бір ұрпақтың ауысуына 20–25 жыл керек болса, қазір бес жылдың ішінде жаңа буын қалыптасып үлгереді. Технология да, көрермен де, қоғам да өзгеріп жатыр. Сондықтан он жылдан кейін қазақ театры қандай болады деп нақты болжам жасау қиын. Бірақ бүгіннің өзінде мені алаңдататын екі үлкен мәселе бар.
    Біріншісі – театрды басқаратын кәсіби менеджерлердің тапшылығы. Бізде көбіне театр басшылығына актерлер келіп жатады. Олар тамаша актер болуы мүмкін, халықтың сүйіктісі болуы мүмкін. Бірақ жақсы актер мен жақсы менеджер – екі бөлек мамандық. Театр басшысы қаржыдан бастап маркетингке дейін, шаруашылықтан бастап стратегиялық жоспарлауға дейін бәрін білуі керек. Өкінішке қарай, бізде мұндай кадрлар жүйелі түрде дайындалмайды. Көп адам қызмет барысында қателесіп жүріп үйренеді. Ал театрдың тағдыры эксперименттің алаңына айналмауы керек. Сондықтан болашақта арнайы театр менеджерлерін даярлау мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі қажет деп ойлаймын.
Екінші үлкен мәселе – драматургия. Драматургия болмаса, театрдың да болашағы жоқ. Себебі жаңа спектакль жаңа пьесадан басталады. Бүгінгі күні әр театрдың өз драматургі болуы керек деп есептеймін. Театр мен драматург тұрақты байланыста жұмыс істеп, бүгінгі қоғамды толғандыратын тақырыптарға тапсырыс беріп отыруы қажет. Меніңше, мемлекеттік театрларға қойылатын талаптың бірі ретінде жыл сайынғы репертуарға міндетті түрде заманауи қазақстандық автордың шығармасын енгізу керек. Сонда ғана жаңа драматургия қалыптасады. Әйтпесе жазылған пьесалар тартпада қалып қояды.
     Драматург үшін шығармасының сахнаға шығуы – ең үлкен мотивация. Ал режиссер мен драматург бірге жұмыс істеген кезде ғана шын мәніндегі сапалы дүние туады. Бұған өзіміз талай рет куә болып жүрміз. Сондықтан қазақ театрының болашағы туралы айтқанда, мен ең алдымен осы екі мәселені атар едім: кәсіби басқарушы кадрлар даярлау және жаңа драматургияны жүйелі қолдау. Осы екеуі шешілсе, театрдың ертеңіне алаңдауға негіз азаяр еді.

Сұхбатты жүргізген Әлия Дәулетбаева