Қоғамда кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасы Қостанай өңірінде кеңінен қолдау тауып келеді. Қысқа уақыт ішінде мыңдаған оқырманды біріктірген бастаманың мақсат-міндеттері, бүгінгі нәтижесі мен болашақ жоспарлары жайында «Кітап оқитын ұлт» жобасының Қостанай облысы бойынша фронт-кеңсе жетекшісі Надежда Сражатовамен әңгімелескен едік.

— Надежда Даниярбекқызы, аталған жоба Қостанай облысында қашан бастау алды және қостанайлықтар қалай қабылдады?
— «Кітап оқитын ұлт» жобасы біздің Қостанай облысында өткен жылдың қыркүйек айында ресми түрде өз жұмысын бастады. Өңіріміздегі бастаманың алғашқы қадамдарынан-ақ, халық тарапынан өте жоғары қызығушылықты байқадық. Айта кету керек, қостанайлықтар аталған жобаны жылы қабылдап қана қоймай, оған үлкен жауапкершілікпен қарады. Әрине, жаңа жоба болғандықтан, алғашында қатысушылар тарапынан нақтылайтын және қызықтыратын сұрақтардың көп болғаны рас. Бұл заңды құбылыс. Себебі қатысушылар 6 бағыт бойынша жобаның тетіктерін, оның берер пайдасы мен қатысу шарттарын тереңірек түсінгісі келді. Біз әрбір сұраққа ашық жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы бүгінде Қостанай облысында үлкен оқырман ортасын қалыптастыра алдық. Қазіргі таңда бұл сұрақтардың көптігі қостанайлықтардың рухани дамуға, кітап оқу мәдениетіне деген бейжай қарамайтындығының айқын дәлелі деп білемін. Яғни қостанайлық оқырмандардың саны күннен-күнге артуда десек қате айтқанымыз емес.

— Негізгі бағыттары қандай?
— Біздің жоба қоғамның барлық буынын қамтуды мақсат тұтады. Сол себепті жұмысымызды негізгі алты бағыт бойынша жүйеледік. Бұл бағыттардың әрқайсысының өз ерекшелігі мен жас айырмашылығына сәйкес, аудиториясы бар:
1. «Оқитын мектеп»: Бұл бағытта біз негізінен 6-10 сынып оқушыларына басымдық береміз. Бұл — баланың тұлға ретінде қалыптасып, талғамы айқындалатын кезеңі, сондықтан мектеп қабырғасында кітапқа деген махаббатты ояту өте маңызды.
2. «Оқитын педагог»: Шәкіртке үлгі болатын — ұстаз. Мұғалімдердің кәсіби және тұлғалық дамуы үшін оқу мәдениетін қолдау — басты назарымызда.
3-4 «Оқитын колледж» және «Оқитын университет». Студент жастар — еліміздің болашақ зияткерлік капиталы. Олардың арасында сауатты оқу трендін қалыптастыруды көздейміз. Әрі олардың білімді болуы ашық ойлы жас буынның қалыптасуына жағдай жасары анық.
5. «Оқитын мемлекеттік қызметші». Мемлекеттік сектор өкілдерінің ой-өрісі кең, білімді болуы — басқару сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыт та өте өзекті.
6. «Оқитын әулет». Әрине, ең маңыздысы — отбасылық оқу дәстүрі. «Кітап оқу үйдегі тәрбиеден басталады» деген қағидамен, ата-ана мен баланың бірге кітап оқуын насихаттаймыз.

— Бүгінгі таңда жоба аясында облыс бойынша қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
— Біз ай сайын қалалар мен аудандардағы қатысушыларымен онлайн және офлайн форматта кездесулер өткізіп, жобаның мақсатын жүйелі түрде түсіндіріп келеміз. Облысымыздағы әрбір мектепте оқушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы кітап бұрыштары ашылып, тұрақты жұмыс істеуде. Кітап оқуға деген құштарлықты ояту мақсатында әлеуметтік желілерде жаңа форматтағы видео-пікірлер мен түрлі шығармашылық конкурстарды қолға алдық. Жобаға қатысушы педагогтарды қолдау үшін олардың осы бағыттағы еңбегін аттестациядан өту кезінде жарамды ету мәселесін жан-жақты қарастырылып білім басқрамасының көмегімен мақұлданды.

— Сөз барысында жоба басталғалы бері нәтиженің жақсы екенін тілге тиек етіп қалдыңыз. Кеңінен тоқталсаңыз…
— Жобамыздың нәтижесі күткенімізден де асып түсті: бүгінгі таңда ресми сайтқа тіркелген оқырмандардың саны 50 300-ден асып жығылды. Бұл тек құрғақ сан емес, себебі оқырмандар тарапынан жазылған сапалы пікірлер мен рецензиялардың саны 200 мыңнан асты, бұл халықтың кітапқа деген шынайы қызығушылығын көрсетеді. Мұндай жоғары көрсеткіштер біздің өңірде кітап оқу мәдениетінің жаңа деңгейге көтерілгенін және жобаның қоғамда үлкен сұранысқа ие екендігін дәлелдейді. Сандармен қатар, сапалық өзгерістер де қуантады. Әлеуметтік желілерде кітап туралы мыңдаған видео-рецензиялар жарияланып, әр бағыт бойынша нағыз зияткерлік бәсеке қалыптасты. Бұл жетістіктер біздің алты бағытымыздың да үйлесімді жұмыс істеп жатқанының және облыс халқының рухани дамуға деген ұмтылысының айқын айғағы.
— Ортақ мақсат — санаттарына сай таңдалған 15 кітапты межелі мерзімде оқып тауысу туралы жуырда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовпен өткен кездесуде баяндалған еді…
— Иә, Бақытжан Хаберұлымен өткен кездесуде біз жобаның алғашқы стратегиялық нәтижелерін сараладық. Біздің ортақ мақсатымыз — әр санатқа шақтап, арнайы таңдалған 15 кітапты бекітілген мерзімде оқып тауысу. Бүгінгі таңда статистикалық көрсеткіштеріміз өте жоғары. Облыс бойынша ресми сайтқа тіркелгендер саны 50 300-ден асты. Ең басты жетістігіміз — оқырмандар тарапынан жазылған пікірлер мен рецензиялардың саны 200 мыңнан асып жығылғандығы. Иә, бұл статистиканы біз әрдайым қуанышпен айтамыз. Бұл сандар — Қостанай облысы тұрғындарының кітап оқуға деген шынайы құлшынысы мен жобаның қоғамдық маңызын бедерлейді. Осындай жоғары белсенділік біздің өңірдегі рухани дамудың жаңа серпінін көрсетеді.

— Алдағы уақытта жоба аясында қандай жаңа бастамалар жоспарланып отыр?
— Қазір біз ең жауапты әрі маңызды кезеңге аяқ басып отырмыз. Алдағы жоспарымыз айқын. 17 наурыздан бастап жобаның әрбір бағыты бойынша конкурстың іріктеу кезеңдері басталады. Бұл кезеңде біз ең белсенді оқырмандарды анықтайтын боламыз. Ал 23 сәуір күні, Халықаралық кітап күніне орай, біз жоба жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттаймыз. Жеңімпаздарды ынталандыру мақсатында өте қомақты жүлде қоры қарастырылған:
1-орын — 1 000 000 теңге;
2-орын — 600 000 теңге;
3-орын — 400 000 теңге.
Бұл тек материалдық қолдау ғана емес, бұл — білім мен кітапқа деген құрметтің көрінісі. Сондықтан барлық қатысушыларды осы шешуші кезеңде белсенді болуға шақырамын.

— Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бейбіт МЕЙРАМҰЛЫ,
Қостанай қаласы




