Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Композитор Қосай МҰҚАШ: «Ана жүрегінің әуені»

Анаға деген сағыныш пен өмірдің терең иірімдерін әуен арқылы жеткізу – кез келген сазгердің қолынан келе бермейді. Атыраулық композитор Қосай Мұқашұлының шығармашылығы дәл осындай шынайы сезімге құрылған. Біз өнер иесімен кездесіп, оның «Ана жүрегі» атты туындысының тарихы, шығармашылық жолы және бүгінгі музыка туралы көзқарасы жайлы әңгімелестік. 
Қосай Мұқашұлының шығармалары — шынайы сезімнің жемісі. Оның әуендері тыңдарман жүрегіне жол табады. 

— Кешіңізді «Ана жүрегі» деп атауыңыздың мәні неде? 
— Әкем – Мұқашұлы Құбаш, анам – Есімханқызы Сәлима. Он бір баланы дүниеге әкеліп, бәрімізді өсірді. «Бес саусақ бірдей емес, сендер де әртүрлісіңдер» деп жиі айтатын. Әрқайсымыз үшін алаңдап, кейде қуанып, кейде үнсіз ойға бататын. Біз «өз жолымызды өзіміз табамыз» десек те, ананың көңілі бәрібір тынышталмайды екен. 
Анаммен арамыз ерекше жақын болды. Көп сыр бөлісетінбіз. Барлығымызды қатарға қосып, шөберелерін көріп кетті. Айтылмай қалған сезімдерді әуенмен жеткізгім келді. Бір күні серуендеп жүргенде ойыма әуен келді. Кейін оны фортепианоға түсіріп, «Ана жүрегі» атты шығарма дүниеге келді. 


— Композиторлық пен күйшілік өнердің айырмашылығы қандай?
 — Алғашқы күйім 1994 жылы Түркістанға зияраттан қайтып келе жатқанда туды. Атауы – «Ақкеруен». Күйдің табиғаты бөлек. Әнді шабыт келген сәтте бірден жазып үлгермесең, ой жоғалып кетуі мүмкін. Ал, күй уақыт өте келе жетіліп, толықтырылады. 
Маған ән жазу жақынырақ. Себебі бұл бағытта еңбектерім көбірек. Күй көбіне белгілі бір әсерден немесе нақты оқиғадан туындайды.

— Өнерге деген қызығушылығыңыз қалай басталды? 
— Бала кезден басталды. Бастауышта домбыра шертіп, мандолинада ойнадым. Сол кезде сынып жетекшім Жәміш Зүлмұханова қабілетімді байқап, бағыт берді. Кейін интернатта оқып, баян аспабын меңгердім. Арманым Алматыдағы консерваторияға түсу еді. Алайда отбасы жағдайына байланысты Атыраудағы музыкалық училищені таңдадым. 
Бір жылдан кейін әскерге шақырылып, борышымды өтеп келдім. 
Оралған соң жоғары оқу орнына ауыстым. Ұстазым Иван Васильевич Хабенский тәжірибеге негізделген оқыту әдісін қолданды. Соның нәтижесінде оқу аяқтағанда толық дайын маман болдық. 
Алғашқы мақсатым – ауыл балаларына музыка үйрету еді. 1981 жылы ауылда музыка мектебінің филиалы ашылып, маған жетекшілік ету тапсырылды. Кейін оны толыққанды білім ордасына айналдырдық. 


— Қазіргі композиторлардан кімді ерекше бағалайсыз? 
— Сәкен Шынынов пен Талғат Нағашыбайды атап өткім келеді. Олардың балаларға арналған шығармалары еліміздің көптеген мектептері мен балабақшаларында кеңінен орындалып жүр.
 — Ән жазу барысында ақындармен жұмыс қалай жүреді? 
— Көбіне әуен алдымен дүниеге келеді. Содан кейін соған лайық мәтін іздеймін. Ақындармен байланыс осылай қалыптасады. Әуен мен сөз үйлескенде ғана шығарма толық мазмұнға ие болады. 
— Жастарға қандай кеңес берер едіңіз? 
— Қазіргі жастардың өнерге қызығушылығы жоғары, бұл қуантады. Дегенмен фонограммаға тәуелділік азайса екен деймін. Табиғи дауыс әрдайым әсерлі. 
Сонымен қатар, мамандықты жүрек қалауымен таңдау маңызды. Тек атақ үшін келген адам ұзаққа бармайды. Өз ісіне адал жан ғана биікке жетеді. 


— Өзіңіз үшін ең жақын шығарма қайсы? 
— «Жастық шақ вальсі». Әуенін өзім жаздым, сөзін нағашым Айбосын Елеусінов жазған. 
— Сізді толғандыратын мәселе бар ма? 
— Кейде ән орындалғанда тек орындаушының аты аталады. Ал, шығарманың авторлары ескерусіз қалады. Әннің дүниеге келуіне үлес қосқан жандардың еңбегі де бірге аталғаны дұрыс. 
-    Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет! 

Сұхбаттасқан: Нұрай ЗИНЕЛОВА, 
Сымбат САЯСАТҚЫЗЫ.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының
 4-ші курс студенттері