- Сара Салахединқызы! Сәуір айында өтетін кең ауқымды кітап мерекесінің қарсаңында Атырау өңіріндегі жүз елуге жуық кітапхананың жұмысын ұйымдастыратын мекеменің басшысы ретінде өзіңізден сұхбат алуды жөн көрдік.Бүгінгі цифрлық дәуірде кітапхана тек кітап сақтайтын орын емес. Сіздің ойыңызша, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана қандай әлеуметтік немесе мәдени миссия атқарып отыр?
- Жалпы адамдардың көпшілігі кітапхананы кітап алып оқитын орын деп қана қабылдайды. Әрине, кітапхананың ең басты бағыты – кітап қоры мен оқырманға қызмет көрсету. Себебі барлық қажетті дереккөз кітапхана қорында сақталған. Десе де, қазіргі таңда кітапхананың бірнеше миссиясы бар деп ойлаймын.
Біріншіден, ол – білім мен ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ететін ашық алаң. Кітапхана заманауи технологияларды пайдалана отырып, электронды ресурстарды ұсынады, сол арқылы әртүрлі жастағы оқырмандардың білімін арттыруға ықпал етеді.
Екіншіден, кітапхана – мәдени мұраны сақтап, насихаттайтын орын. Мұнда жергілікті авторлардың шығармалары, тарихи деректер жинақталып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік беріледі. Әртүрлі көрмелер, әдеби кештер мен кездесулер арқылы қоғамның мәдени өмірі жанданады.
Үшіншіден, кітапхана әлеуметтік байланыс орнататын маңызды кеңістік, нетворкинг алаңы. Яғни кітапхана, жастар мен ересектерге арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, адамдардың қарым-қатынасын нығайтады, шығармашылық дамуына жағдай жасайды.
Қорыта айтқанда, Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана – білім беру, мәдениетті дамыту және қоғамды біріктіру миссиясын қатар алып жүрген заманауи орталық. Кітап оқудың өзі – қоғамдық, әлеуметтік, саяси процестерге әсер ететін басты фактор деп есептеймін.
- Бүгінгі жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру үшін сіздер қандай тиімді тәсілдерді қолданып жүрсіздер?
- Жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыру негізінен отбасынан қалыптасады. Үйінде бір кітап оқып көрмеген балаға мектепте мұғалім, болмаса кітапханашы әсер етеді деп отыра бермеуіміз керек. Кітап оқу адамның күнделікті дағдысына айналуы тиіс. Мысалы спорт – адамның физикалық күйіне қалай әсер етсе, кітап оқу да – жай-күйімізді реттейтін, рухани азық. Сондықтан адам кітапты өз бетінше оқуы тиіс. Сол үшін де кітап оқу – отбасылық бұлжымас қағидаға айналса құба-құп. Отбасында қалыптасқан құндылық қоғамда пайдасын тигізбесе, кері әсерін бермейді. Баланы бос уақытта кітап оқуға емес, арнайы уақыт бөліп кітап оқуға үйреткен жөн.
Ал, біздер кітапханашылар өз тарапымыздан түрлі іс-шаралар, жобалар ұйымдастырып келеміз. Облыстағы оқу орындарымен тығыз байланыстамыз. Мәселен, кітапханада үш жоба, бір оқырман қыздар клубы жұмыс істейді. Ай сайын осы клубта жоқ дегенде бір кітап оқып, соны клуб мүшелері өздері талдап, рухани әсерін талқылайды. Неге қыздар клубы деген сұрақ туындайтын болса, бала тәрбиесіне, оның тұлға ретінде қалыптасуына әсер ететін бірден-бір тұлға – ана. Сондықтан да әр әйел адам жеке рухани дамитын ортада болса, балаға да ісімен үлгі бола алады деп есептеймін.
- Соңғы жылдары оқырмандардың сұранысында қандай өзгерістер байқалады?
- Бүгінгі оқырман кітапхананың заманауи кейпіне мән береді. Жастарға жаңа технология, ыңғайлылық, қолжетімділік, жарық, әдемілік маңызды. Оқырманның тақырыптық қызығушылықтары да кеңейді. Бұрын негізінен көркем әдебиет оқылса, қазір оқырмандар трендтегі кітаптар, аудармалар, бестселлерлер, психология, медицина, өзін-өзі дамыту, жаңа технологиялар сияқты практикалық және заманауи бағыттағы кітаптарға көбірек қызыға бастады. Сонымен қатар детектив, роман, тарихи шығармалар да сұраныстан түскен жоқ.
Сондай-ақ, кітапханаға келуші жастардың үлесі артты. Қазіргі кітапханалардың негізгі оқырмандарының көпшілігі жастар мен жасөспірімдер. Цифрлық ресурстарға сұраныс өсті. Оқырмандар тек қағаз кітаппен шектелмей, электронды кітаптар мен цифрлық қызметтерді белсенді қолдана бастады. Уақыттың тығыздығына байланысты көп адам ақпаратты тез алу үшін интернет пен электронды форматты да таңдайды.
- Сәуір айының соңында өтетін Ұлттық кітап күні аясында кітапханаңызда қандай ерекше іс-шаралар жоспарланып отыр?
- Ұлттық кітап күні мерекесі 16-23 сәуір аралығында апталық ретінде қазақстанның түкпір-түкпірінде аталып өтеді. Ең алдымен, кітап көрмелері ұйымдастырылып, онда жаңа әдебиеттер, отандық авторлардың шығармалары және сирек қордағы кітаптар көпшілікке таныстырылады. Сонымен қатар, әдеби кештер, авторлармен кездесулер, кітап талқылар, кітап тұсаукесерлері өткізу жоспарланған.
Жастарды тарту мақсатында зияткерлік ойындар, викториналар, Quiz интеллектуалды сайысы ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, OPEN AIR, Кітапхана түні өткізіліп, кітапхана қызметтері таныстырылады. Келушілерге экскурсиялар ұйымдастырылып, кітапхананың жұмысымен кеңінен танысуға жағдай жасалады.
23 сәуір күні Бейбарыс алаңында үлкен мерекелік іс-шара өткізу жоспарлануда. Бұл іс-шара облыс көлемінде көпшілік кітапханалардың, елімізге белгілі кітап баспаларының және ақын-жазушылардың қатысуымен өтеді. Бұл жерде оқушылар мен студент жастар қаламгерлермен кездесіп, пікірлесіп, қолтаңбалы кітап алу мүмкіндігіне де ие бола алады.
- Кітап фестивалінің басты ерекшелігі неде болады? Оқырмандар үшін қандай қызықты бағдарламалар күтілуде?
- Фестиваль аясында оқырмандар үшін әртүрлі мазмұндағы бағдарламалар күтіледі. Атап айтсақ, кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілер жаңа кітаптармен танысып, оларды тиімді бағамен сатып ала алады. Сонымен қатар, авторлармен кездесулер, автограф-сессиялар өткізіліп, оқырмандар сүйікті жазушыларымен жүздесуге мүмкіндік алады.
Ерекше назар аударатын бағыттардың бірі – интерактивті алаңдар. Мұнда әдеби викториналар, ойындар, шеберлік сабақтары (мастер-класстар), иллюстрация жасау сияқты бағыттар қамтылады. Ал балаларға ертегі сағаттары, ойын-сауық бағдарламалары да қарастырылады.
- Сіздің ойыңызша, мұндай мерекелер мен фестивальдер адамдардың кітапқа деген қызығушылығын арттыра ала ма?
- Әрине, мұндай іс-шаралардың барлығы жалпы алғанда кітап оқуды дәріптеу, оқырман санын арттыру және қоғамда рухани мәдениетті дамытуға бағытталады.
Ұлттық кітап күніне орайластырылған бұл іс-шара да Қазақстанның кітап мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенемін. Бұл мерекенің аясында өткізілетін кештер, кездесулер мен кітап көрмелері науқаншылық емес, шынайы мақсаттарды көздеп, қоғамның кітапқа деген қызығушылығын арттыруы тиіс.
- Кітапханаға сирек келетін адамдарды тарту үшін тағы қандай идеялар бар?
- Кітапханаға сирек келетін адамдарды тарту үшін дәстүрлі тәсілдерден бөлек, қазіргі аудиторияның қызығушылығына сай жаңа, креативті, ресми емес форматтарды енгізу маңызды. Мысалы, тақырыптық клубтар (кітап клубы, кино клуб, т.б) ашу да қызығушылықты арттырады. Адамдар ортақ қызығушылық арқылы кітапханаға жиі келе бастайды.
Жастар үшін интерактивті форматтар маңызды. Мысалы, кітап квесттері, интеллектуалдық ойындар, «book challenge», TikTok немесе Instagram форматындағы байқаулар ұйымдастыру арқылы жаңа аудиторияны тартуға болады.
Тағы бір тиімді әдіс – танымал тұлғалармен кездесулер. Оның ішінде блогерлер, жазушылар, саяхатшылар, спикерлер шақырылса, олардың аудиториясы да кітапханаға назар аударады деп ойлаймын.
- Алдағы уақытта кітапхана қызметін дамыту бойынша қандай жоспарларыңызбен бөлісе аласыз?
- Алдағы уақытта кітапханада жасанды интеллект негізіндегі қызметтерді енгізу жоспарланып отыр. Яғни қазіргі таңда кітапхана сайтын заманауи бағытта жаңарту сондай-ақ сайтқа виртуалды көмекші (чат-бот) енгізу жұмысы жүргізілуде. Ол 24/7 режимінде кітапхана қызметтері туралы ақпарат беріп, кітап іздеуге немесе тапсырыс беруге көмектеседі. AR маркер технологиясымен 3Д дизайнда жасалған интернет желісіндегі кітапхана парақшаларын жарнамалайтын инновациялық визиткалар дайындалуда.
Сонымен қатар, «Кітапханадағы эфир» алаңы пилоттық жобасын жүргізуді де жоспарлап отырмыз. Бұл алаңда «BOOK REVIEW» айдарын ашып, әлемдегі кітап жаңалықтарынан оқырмандарды хабардар етіп, түрлі кітап насихаттарын жүргізетін подкасттар жасауды ойластырудамыз. Және де осы алаңда оқырмандар да стримдер, подкасттар, видеоларды тегін түсіруге мүмкіндік ала алады. Қазіргі таңда осы алаңды жасақтауға смета құрастырып, қаржы бөлінуін күтудеміз.
- Сұхбатыңыз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан: Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА




