Атырау қаласы, Жұбан Молдағалиев көшесі, 29 «а» үй +77757206599 +77786810499 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Берікқан ТӨКЕНОВ: «Ұлт алдындағы парыз»

Заман талабы солай ма, әлде басқалай себебі барма, әйтеуір “академия” ашу сәнге айналғандай. Атауы айғайлап тұрғанымен, бағыты мен мазмұны күмән тудыратын жобалар да аз емес. Көп жағдайда мұндай бастамалар өнерден гөрі коммерцияға жақын тұрады. Осындай кезде нақты мамандардан кеңес алған дұрыс. Берікқан Рақымжанұлы негізін қалаған Almaty Film Academy – жай атақ үшін емес, кәсіби бағыт пен шығармашылық орта қалыптастыруды көздеген жобаға айналған. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл академия киноға жүйелі көзқараспен келетін жастарға мүмкіндік ұсынып келеді. Осы орайда біз Берікқан Рақымжанұлын әңгімеге тартып, академияның бүгінгі беталысы мен бағыт-бағдары жайында пікірін білген едік.

-    Берікқан аға, алғашқы қызметіңіз І. Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрынан басталған екен. Тұлғалар туған ұлы мекеннің тынысы сіздің сан қырлы тұлғаларды танудан басталады. Алғашқы жұмысыңыз туралы сөз етсек?

— Менің өнердегі жолым 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түскен сәттен басталды. Актерлік шеберліктің қыр-сырын Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасында меңгердім. Ол кісі бізге тек мамандық емес, сахнаға деген жауапкершілік пен ішкі мәдениеттің негізін үйретті. Төртінші курсқа келгенде шығармашылық тағдырымның шешуші сәті дипломдық жұмыс болды. Дипломдық жұмысқа дайындалып жүргенде Қостанайдан режиссер Жамбылбек Есенбеков келіп, жаңадан ашылатын театрға жас актерлер қажет екенін айтты. Бұл біз үшін жай ұсыныс емес, өмір жолындағы үлкен мүмкіндік еді. Жиырма екі түлек бір бағытпен Қостанайға аттандықта, дипломдық жұмысымызды сол жаңа сахнада қорғадық. Осылайша, жаңа театрдың алғашқы құрамын қалыптастырдық
Мен сол І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында он төрт жыл бойы табан аудармай еңбек етіп өмірімнің ең тамаша естелігім сол қара шаңырақта өтті. Бұл кезең мен үшін шыңдалу, қалыптасу, нағыз өнердің дәмін сезінген алтын уақыт болды деп айта аламын.

-    Берікқан Рақымжанұлы, Almaty Film Academy-ның негізін қалаған өзіңіз. Бұл бастаманың негізгі идеясы қандай?

— Он төрт жыл бойы І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры сахнасында актер ретінде қызмет еттім. Бұл менің шығармашылық тұрғыдан қалыптасқан, өнердің шынайы табиғатын терең түсінген кезеңім болды. Алайда уақыт өте келе ішкі ізденіс мені жаңа бағыттарға жетеледі. Театр — менің негізім, бірақ өнер тек бір сахнамен шектелмеуі керек деген ой келді. Сол себепті режиссураға, жалпы кино өнеріне бет бұруға бел будым.
2014 жылдан кейін Қостанайдан Астанаға қоныс аударып, 2015 жылы алғашқы «NAI Production» киностудиясын құрдым. Бұл тек студия ашу емес, өзімді жаңа қырынан сынау, шығармашылық еркіндікке ұмтылу, әрі ұстаздық жолға қадам басу еді. Сол ортада жас шәкірттерге бағыт-бағдар беріп, өнерге деген көзқарасты қалыптастыруды мақсат еттім. Ұстазым Тұңғышбай Жаманқұловқа деген құрметімнің белгісі ретінде оның атындағы актерлік шеберлік мектебін аштым.
Кейін әріптесім, сценарист Жандос Құсайыновпен бірлесіп, шығармашылық ауқымды кеңейттік. Осылайша киностудиямыз «Astana Film Academy» атауына ие болып, ірі жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бұл тек атаудың өзгеруі емес, кәсіби деңгейдің жаңа сатыға көтерілуі еді. Сол кезеңде біз кино өндірісі мен білім беру жүйесін қатар алып жүрдік.
2017 жылы «Astana Film Academy» жанынан «Gasyr Theatre» театрын ашып, театр мен киноны ұштастыратын бірегей алаң қалыптастырдық. Астанада 2019 жылға дейін нәтижелі еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледік. Ал 2019 жылы шығармашылық жолымды Алматыда жалғастыру туралы шешім қабылдадым. Осылайша «Almaty Film Academy» дүниеге келді. Бұл — жай ғана оқу орталығы емес, өнерге шын ниетімен келген жандардың мүмкіндігін ашатын шығармашылық кеңістік. Біз Астана мен Алматы арасында рухани әрі кәсіби көпір орнатып, екі қалада да жүйелі жұмыс жүргіздік.
Бүгінде «Almaty Film Academy» — жан-жақты шығармашылық платформаға айналды. Оның құрамында актерлік шеберлік курстары, театр, радио және каскадерлік бағыттағы мектептер жұмыс істейді. Соның ішінде «Орбұлақ» каскадерлік мектебі де өз орнын қалыптастырып келеді.
Сіз қойған сұраққа келсем — бұл бастаманың негізгі идеясы өте қарапайым, бірақ терең: өнерге келемін деген адамның жолын ашу. Себебі менің тәжірибемде өнерге барғысы келіп, түрлі себеппен сол арманынан алыстап кеткен адамдар көп кездесті. «Almaty Film Academy» — сол үзіліп қалған арманды қайта жалғайтын мүмкіндік алаңы. Біз жасқа қарамаймыз, шектеу қоймаймыз. Өнерге адалдық пен еңбек болса, қалғанының бәрі үйретіледі. Мен үшін бұл жоба — жай кәсіп емес. Бұл — өнерге қызмет ету, тәжірибені келесі буынға аманаттау. Өйткені шынайы өнер — сабақтастық арқылы ғана өмір сүреді.

-    Қостанай өңірі дегенде, Өзбекәлі тұлғасы еске түседі. Біз білеміз, биыл Өзбекәлі Жәнібекұлының туғанына 95 жыл. Осы орайда,  республикалық спектакль масштабты түрде тур ұйымдастырды. Сіз, режиссеры болдыңыз иә? Бұл ой сізге қайдан келді, осы бір ұлы тұлғаны ашу барысымен бөліссеңіз...

— Иә, Қостанай өңірі десе, ең алдымен Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасы ойға оралады. Оның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ал Торғай–Қостанай өңіріндегі қызметі — тұтас бір дәуірдің мәдени келбетін айқындаған кезеңдердің бірі.
Өзбекәлі Жәнібеков Торғай өңірінде басшылық қызмет атқара жүріп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға айрықша көңіл бөлді. Ол кезде ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді қайта тірілтіп, этнографиялық мұраны жүйелеуге, халықтың тарихи жадын сақтауға зор еңбек сіңірді. Аймақтарда музей ісін дамытуға, мәдениет үйлерінің жұмысын жандандыруға, ұлттық өнер ұжымдарының қалыптасуына тікелей ықпал етті. Торғайдағы мәдени серпіліс — сол кісінің бастамаларының нақты жемісі.
Биыл 95 жылдығы аталып өтіп жатқан осындай ірі тұлғаны кеңінен таныту — заңды қажеттілік. Алайда бұл жобаның бастамасы тікелей маған тиесілі емес. Идея жас кәсіпкер Қайрат Кенжебекұлынан шықты. Ол Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектерімен танысып, «осындай тұлғаны неге ел толық білмейді?» деген ойға келеді. Осыдан кейін сценарист Жандос Құсайыновқа жүгініп, пьеса жаздыруға ұсыныс білдіреді. Жандос бұл тақырыпты театр арқылы жеткізу тиімді болатынын айтып, арнайы шығарма жазып береді. Кейін жобаға режиссер ретінде мені шақырды. Біз бірлесе отырып, тарихи тұлғаның болмысын сахна тілінде ашуға кірістік. Дайындық барысында ең басты мақсат Өзбекәлі Жәнібековтің тек қызметін емес, оның ішкі жан дүниесін, ұлтқа деген жанашырлығын көрсету болды. Актерлік құрамды іріктеу, сахналық шешім, музыка — барлығы осы идеяға қызмет етті.
Нәтижесінде қойылым республикалық деңгейде гастрольдік сапарға шығып, елдің әр өңірінде көрерменге жол тартты. Бұл — жай спектакль емес, тарихи тұлғаны қайта танытуға бағытталған рухани жоба. Мен үшін бұл жұмыс — үлкен жауапкершілік. Себебі Өзбекәлі Жәнібеков сынды тұлғаның сахналық бейнесін жасау — тек режиссерлік міндет емес, ұлт алдындағы парыз деп қабылдаймын.

-Алматыдан алыс жүрген таланттарды қалай көріп жүрсіздер? Алматы Фильм академиясында жастарға арналған бағыт қандай. Тыныс-тіршілігіне тоқталсақ?

— Өте орынды сұрақ. Бүгінде Almaty Film Academy тек актерлік курс емес, өнерге бағыт-бағдар беретін кешенді шығармашылық алаңға айналды. Біз үшін таланттың географиясы жоқ — дарын кез келген өңірде туады. Сондықтан Алматыдан шалғайдағы жастармен де байланысымыз үзілген емес. Ауыл-аймақтан келіп, өз жолын тауып жатқан шәкірттеріміз аз емес.
Академияның басты бағыты — өнерге шынайы ықыласы бар жандарға дұрыс бағдар беру. Біз 6 жастан 60 жасқа дейінгі аралықты қамтимыз. Себебі орындалмай қалған арманның жасы болмайды. Біреу бала күнгі арманына енді қадам басса, енді бірі кәсіби сахнаға шығуға дайындалып жатады. Біздің міндет — сол ниетті шыңдау, бағыт көрсету.
Сабақ беретін ұстаздар — Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен тығыз байланыстағы тәжірибелі мамандар. Сондықтан шәкірттер тек білім алып қана қоймай, нақты тәжірибеге де қадам жасайды. Кино, жарнама, түрлі шығармашылық жобаларға қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап көреді. Академия жанында «Gasyr Theatre» жұмыс істейді. Театр ұжымы халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, Қырғызстан мен Өзбекстан сахналарында да өз шеберлігін дәлелдеп келеді.
Қазіргі таңда академия жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Осы ретте басқару ісі жаңарып, директор қызметіне Атырау өңірінің тумасы Альбина Қабдісәлім тағайындалды. Ол — өнерге жанашыр, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жастармен тіл табыса білетін маман. Өңірден шыққан таланттарды қолдауға ерекше мән беріп, академияның аясын кеңейтуді мақсат етеді. Алдағы жоспарымыз — оқу жүйесін жетілдіріп, актерлік мектепті кәсіби деңгейі жоғары білім ордасына айналдыру. Өйткені біздің ұстаным — өнерге келген әр адамның ішкі мүмкіндігін ашып, өз жолын табуына жағдай жасау.

-    Бүгінгі кино білім беру жүйесінде нарық талабына қаншалықты сай?

— Бүгінгі кино білім беру жүйесі нарықтың талабына біртіндеп бейімделіп келе жатыр. Бірақ оны толыққанды қалыптасқан жүйе деп айтуға әлі ерте. Бізде көбіне қысқа мерзімді курстар арқылы бағыт беріледі, ал терең, іргелі дайындыққа келгенде белгілі бір олқылықтар бар. Негізінде, киноға апарар жол театрдан басталады. Сахнаның тынысын сезінбеген, оның тәртібі мен заңдылығын меңгермеген актер камера алдында толық ашыла алмайды. Сондықтан нағыз кино маманы — ең алдымен театр мектебінен өткен тұлға.Ал нарық өз заңын ұсынады. Қазір көрерменге өтімді, кассалық жобалар көбейіп жатыр. Бұл — заңды құбылыс. Кино өндірісінде санның артуы — тәжірибенің көбеюі деген сөз. Ізденіс көп болған сайын, іріктеу жүреді, соның ішінен шынайы мықты мамандар қалыптасады. Бірақ бір нәрсені естен шығармау керек: кино тек табыс табудың құралына айналып кетпеуі тиіс. Өнердің өзегі — ой мен мазмұн. Егер біз тек жеңіл күлкіге немесе бір сәттік эмоцияға ғана жұмыс істесек, онда кино өзінің тереңдігін жоғалтады.
Сондықтан бүгінгі кино білім беру жүйесінің басты міндеті — нарықты түсінетін, бірақ сонымен қатар көркем ойы бар, айтары бар тұлғаны тәрбиелеу. Осы екі бағыттың тепе-теңдігі сақталғанда ғана кино шын мәнінде дамиды.

  • Кино саласындағы коммерция мен өнердің арақатынасына сіздің көзқарасыңыз қандай?
    Академия болашақ мамандарды касса ойлайтын нарық адамы ретінде тәрбиелей ме, әлде көркем ойды бірінші орынға қоя ма?

— Кино саласында коммерция мен өнерді бір-біріне қарсы қою дұрыс емес деп ойлаймын. Екеуі қатар жүруі керек. Көрермені жоқ, тек идея үшін түсірілген дүние де, керісінше тек касса үшін жасалған жеңіл жоба да ұзаққа бармайды. Нағыз кино — ойы бар, бірақ көрерменге де жол таба алатын туынды. Негізі бәрі театрдан басталады. театр — актердің мектебі. Театрдың заңдылығын меңгерген адам ғана камера алдында шынайы өмір сүре алады. Сондықтан киноға келетін маман ең алдымен сахнаның тәртібін, актерлік табиғатты түсінуі керек деп есептеймін.
Қазір нарық талабына сай кассалық жобалар көбейді. Бұл — заңды құбылыс. Бірақ тек жеңіл күлкі не тек эмоцияға құрылған дүниемен шектеліп қалу қауіпті. Өнердің миссиясы — тек көңіл көтеру емес, ой салу, қоғаммен сөйлесу. Ал Almaty Film Academyнда біз жастарды тек «касса ойлайтын» маман ретінде емес, ең алдымен көркем ойы қалыптасқан, талғамы бар шығармашылық тұлға ретінде тәрбиелеуге басымдық береміз. Нарықты түсіну маңызды, бірақ ол өнердің өзегін алмастырмауы керек. Біз үшін бірінші орында — мазмұн мен сапа, ал табыс — соның табиғи нәтижесі.
-     V құрылтайда Қасым-Жомарт Кемелұлы тарихи тұлғалардың болмысын ашуды тапсырды. Сіз, режиссер ретінде қай ұлы тұлғаның болмысын ашар едіңіз?

— Біздің ұлы тұлғалар жетерлік. Оларды бір ғана спектакль немесе кино арқылы танытуға болмайды. Әрқайсысына көңіл бөліп, олардың өмірі мен еңбегін жас ұрпаққа жеткізу керек. Мұны тек шығармашылық деңгейде емес, мемлекеттік деңгейде, мектептер мен білім орталықтарының бағдарламасында да жүйелі түрде көрсету қажет. Әр тұлғаны әр бала білуі тиіс, әр кейіпкерді ел тануы керек. Сол себепті біз тоқтамай, еңбек етеміз, жұмыс жасаймыз.
Өнерді ешқашан сатуға болмайды, оны ақшаға өлшей алмайсың. Қазіргі кино нарығында кассалық жобалар басым, жеңіл күлкі мен қарапайым эмоцияға негізделген фильмдер көбейіп кетті. Әр фильмге қарап, кейде қорқыныш туындайды: жастар да, балалар да, үлкен кәрілер де бәрі көріп жатыр. Сол себепті шығармашылық пен жауапкершілікті қатар ұстау керек. Коммерция маңызды, бірақ ол өнердің өзегін алмастырмауы тиіс.
Режиссер ретінде мен тарихи тұлғаның болмысын ашсам, оның тек фактілерін көрсету емес, ішкі әлемін, идеясы мен рухын көрсетуге тырысар едім. Тарих — бұл тек оқиғалар емес, адамның жүрегі, ерік-жігері мен арманы. Мақсатым — көрерменге өткенді көрсету ғана емес, сол арқылы бүгінгі ұрпаққа ой салу, патриоттық сезім мен адамгершілік құндылықтарды жеткізу. Нағыз тарихи кино — халыққа арналған айна, оның рухы мен арманы көрініс табатын көрініс. Сондықтан менің таңдаған тұлғам — қоғамға үлгі болатын, бойына ерлік пен парасатты сіңірген адам болар еді.
Мен режиссер ретінде әр тұлғаның болмысын ашқым келеді. Мысалы, менің үлкен арманым — Қонаев атамыздың өмірі мен еңбегін сахнаға немесе экранға шығару. Оның жасаған істері, ерліктері, ой-пікірлері барынша көрініс табуы керек. Бұл тек бір адамға қатысты емес — алаш қайраткерлерінен бастап, Тәшенов, Жетіп тұрған басқа да ұлы тұлғалар бар. Олардың әрқайсысына көңіл бөлу — біздің парызымыз.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы тарихи тұлғалардың болмысын ашу тапсырмасын бергенде, мен оның елге деген махаббатын, тарихқа берілген көзқарасын түсіндім. Сол себепті тарихи кейіпкерлерді көрсету тек театр немесе кино шеңберімен шектелмеуі тиіс. Бұл — ұрпаққа арналған сабақ, елдің өткенін тануға арналған айна. Біз осыны тоқтатпай, әр деңгейде, әр форматта жалғастыруымыз керек.

— Берікқан аға, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Нұрай НҰРБОЛАТҚЫЗЫ
Алматы қаласы
Суреттер Б. Төкеновтың жеке мұрағатынан алынды