Жусан иісі бұрқырағандай жұпарлана, шалғын шөптің шашасындағы таңғы шықтай мөлдірлене, сол мөлдірі көздің жауын алып, кірпігіңе келіп қона қалып, тебіреніп отырғаныңды өзің де білмей қаласың. Маңғыстаудың ақар-шақар тауларының тылсымы әнге айналып кеткен бе деп, әлде шыңыраулардың шым батқан құпияларындағы құбылыстары өз әйкелін айнала, дөңгеленіп жарыққа шыққан ба деп, әлде өзіңнің жан түкпіріңдегі жанға айтпаған немесе айта алмаған, немесе айтуға дәрменің жетпеген жан сырың, өзіңнен адасып кеткен, таптырмай кеткен жан сырың, бір кездері өзіңнің жәй бір пенде емес, жүрегі жырға, нұрға толы ғажайып адам екеніңді сездірген сезімдердің өзіңді тауып, иесін тапқан ботадай, желісін тапқан жүйріктей, келісін тапқан кербездей болып, әнге айналып келіп тұрғанын сезініп, көзіңе үйірілген әлгі таңғы шықтың тамшысының мәнін енді түсінесің. Осындай сарын, осындай дарын, осындай кеңдік Күріш әншідей кереметтердің көмейінде ұлттық байлық болып, адами азық болып бапталып, сақталып келгендігіне тағы әсерлене толқисың.
Әншілік – Құдайдан келер несібе. Ол қолдан жасалмайды. Ол еріккеннің ермегі де бола алмайды. Ол тек өз иесінің қолында ғана, соның көмейінде ғана өзін еркін сезініп, жақұттана, гауһарлана, аспан мен жердің арасын шарлап жүрген періште-құстай самғайды.
Әннің әрбір нотасындағы тұтас өмір тек Күріш Тасболатов сияқты құдыретті әншінің көмейінде ғана өмір сүре алады. Оның ырғағының құздары мен шыңыраулары тыңдарманды біресе тербетеді, біресе шөлдетеді. Яғни, тыңдаушы да сол әнді тыңдап отырып, басқаша өмір сүріп отырады. Оны өзі сезбеуі де мүмкін. Тек ән біткенде ғана жан-жағына қарап, мына қара жердің бетіндегі өміріне қайтып келеді. Ол әннің өзіңе қалай әсер еткендігін сөзбен жеткізіп те бере алмай әлекке қаласың. Жеткізгің-ақ келеді. Бірақ, сөзге сиятын сезім болса, сөзбен жететіндей болса, онда ол ән бола ма? Ән – сөзден тыс басқаша әлем. Ол сонысымен ән! Әйтпесе, бәрін қара сөзге сыйғызып, сөзбен айтып жүре бермейміз бе? Әннің адам баласына қажет болғаны да сондықтан шығар. Күріш аға Тастемірдің «Маңғыстауына» салғанда, сол Маңғыстауда жүріп-ақ Маңғыстауды сағынып отырасың. «Маңғыстау, ойың терең, тауың биік, Айналып кете алмадым көзім қиып. Маңғыстау, сені тастап кеткеннен соң, көзімнің жүре алмадым жасын тыйып» деп манағы таңғы мөлдір шық қайта айналып, сені тауып келіп тұрады.
Жаратушы иеміз қара жердегі қаптаған пенделерінің ішінен тек біреуін таңдап, соның көмекейіне әннің сазын олай-бұлай ойната алатын ерекше қасиет береді де, қалғанын әншісінің өз еркіне тастайды. Жаратқанның бұйрығы мүлт кетпесі тағы анық. Жаратқанның сол бұйрығы мүлт кетпей, Күріш аға Тасболатовтың осындай өнер иесі екендігін танытты. Ол сондай әнші еді ғой. Оның дауысы, бүгінгінің тілімен айтқанда, көмекейдегі қайталанбас бренд. Ол ән салғанда, армандап келіп, ақыры арманда кетер адам баласының мына өмірге аққұла құштарлығы, кербездіктің ескірмейтін ежелгі сазы көз алдыңда жапырақтай жайылып жүре берер еді. Оның «Ақбөбекке» салған кездегі дауысы ұшқан құстай шарықтап, көшкен киіктей көсіле шығып, жаралы аңдай жансырап және қансырап, балағы мұз бүркіттей бұрыла қарағанда бұлың-бұлың тіршіліктің бәрін ұмытасың. Қайып болып қаңғырып кеткің келеді. Ақбөбекке ғашық болып, сағыныштан «өліп» қала жаздайсың. Қайыптың махаббат қайғысын өзіңе жанторсық қып байлап алғың келеді. Ақбөбек болғың келетіні – сірә ғой.
Әдетте, әр әнді дайындап шығаруға әнші балет бишісі сияқты көп уақыт жұмсамайды. Өйткені әншілік табиғи, тәңірдің келетін құбылыс. Жаңбыр жауатыны сияқты, өсімдіктердің шешек ататыны сияқты. Ол қолдан жасалмайды. Қолдан жасалған – ол ән емес, ол еліктеу ғана. Еліктеуге болады, еліктеп әнші болуға да болады. Бірақ оның тозуы тез, озуы күмәнді. Ал Күріш-дауыс – ол тозбайтын алтын, кемел көш, базары тарқамас байлық.
Күріш Тасболатов туралы айтқанда Маңғыстаудың өзі туралы айтылмаса, бұл әншінің әншілік табиғаты туралы толыққанды айту мүмкін болмайды. Маңғыстау – қара жердің бетіндегі маңып жүрген тауларымен, тағдыры тас пен шөл болып кеуіп қалғандай көрінетін, бірақ сол кепкен даласымен-ақ адамға ой салып, өзіне телміртіп қоятын қасиетті мекен. Қасиетті деп айта салғанда, оның арғы жағында не тұр деген сұрақтың шыға келері анық. Оны Меңдекеш ақыннан асырып айтқан ешкім жоқ: «Шаңырағы шалқақ, керегесі кең түбек, Қаншама ойлар кештірдің маған сен түлеп. Бабаның сенен қиямет-қайым күнде де, түсінем неге кетпегендігін тентіреп». Шынында да, мынадай қу даланы тастап, желегі желпілдеген жасыл аймаққа қарай неге көшіп кетпеген екен? Бір жұмбақ бар! Маңғыстауда туғандар бұл жерден кете алмайды. Кетуі мүмкін. Бірақ ол да уақытша. Бұл жаққа қайтып келмеуі де мүмкін. Бірақ, өмір бойы Маңғыстауға бір барармын-ау деген арманы өшпей де, көшпей де көкірегінде тұрары анық. Неге? Оны Жаратқан иеміз өзі ғана біледі. Меніңше, бір аймақтарды желекке толтырып, ол жердің адамдарын сол жердің суы мен нуына қызықтырып, рахат өмірімен байлайды. Ал Маңғыстау сияқты сырттай қарағанда тоз-тоз болып жатқан далаға басқа қасиет береді. Бұл даладан кетсең де, артыңа қарайлаумен боласың. Қарайлаудан арыла алмайсың. Оған асыға жетесің. Құныға келесің. Өзің көшіп кеткеніңмен, көңілің көшпейді. Сол жұрт өзіңнің жұртың болып, сені магниттей тартады да тұрады. Маңғыстаудан кетіп, «көзінің жасын тия алмай» жүргендер және тия алмай кеткендер – тек Тастемір емес. Күріш әнші салатын әрбір әнде Маңғыстаудың осы қасиеті жатыр. Оны сөзбен айтып жеткізбек болғанымызбен, орта жолда болдырып, сөзіміз таусылып, тек іштей ғана егіле сағынып отырасың. Күріш әнші салған қай-қай әнді тыңдасаңыз да сол сағыныштың сапарына ілесіп жүре бересің. Өйткені оның дауысы сағынышты айтуға жаралғандай. Сағыныштың өзін терең философияға айналдырып, айдай жарқыратып, күндей күмістеп, жұлдыздай жұтындырып, құс жолындай аңыратып, теңіздей толқындатып жеткізеді. Ол әр әнді айтқан сайын, өзінен өзі асып түсуге ұмтылатындай еді. Әндегі трагедия оның көмейінен кербездене шыққанда, тыңдаушының өз трагедиясына айналып жүре берер еді. Тыңдаушының басында трагедия жоқ шығар, бірақ мына ән тыңдаушыны өзіне айналдырып алады. «Бос мойын» болып ырғалып, «Бір әнді құнан нарға сатып алғың» келді. Оның айтқан әндеріндегі этика, ән айту мәдениеті, ән айту тәрбиесі, дауысындағы мінез, дауыс психологиясы – бәрі қосылып, бір әнді бір оркестрмен орындағандай биікке көтеретін еді.
Дауыстың да ғұлама бола алатындығын осындайда сезінесің. Ғұламалық дегеніміз не? Ол – терең ой, тылсым ұғым мен басқалар түсіндіре алмас мән, тылсым сөз. Дәл осындай ғұлама дауысты тыңдап отырып, сол тылсым ой мен тылсым ырғақтағы мән арқылы о дүния мен бұ дүнияның бір тұтас әлем екендігін, біз, яғни, адам сол екі ортада әрі-бері келіп-кетіп жүрген ерекше жаратылыс екендігімізді түсінеміз. Бірақ, Күріш сияқты әншіні осы аса күрделі қалыбында тыңдай алу үшін де талант керек. Халық әнінің ұмытылмайтын себебі – тыңдаушысының сол әншіден де асып түсер таланттылығында. Оның айтып отырғанын ғана емес, айтпай қалғанын да тап басып ұға алатын қасиетінде. Дарынды тыңдаушы болмаса, ән өмір сүре алмайды. Әнші, сірә, «өледі» ғой. Қасқырды аяғы асырайды дейді ғой, дәл сол сияқты балеринаны да аяғы асырайды деп жазыпты бір көрермен. Дәл сол сияқты әнді де әнші «асырайды». Ән әншіні асырайды-асырамайды, оны білмеймін, бірақ әнді әншінің асырайтыны ып-ырас! Бұл – өнер философиясы. Әннің тағдыр-философиясы. Дауыс философиясы. Дауыс психологиясы мен генетикасы – әннің қан тамырлары сияқты. Әннің жүрек, бауыр, өкпесі басқа жақта емес, әншінің көмекейіне орналасқан. Орналастырылған. Бағзы жырдың жөргегіне оранып бізге жеткен халық әндері әншісін өзі іздеп табады. Бұл өмірде әнін таппай жүрген әнші де көп, әншісін таппай жүрген ән де көп. Күріш Тасболатов – өз әнін тапқан бақытты әнші. Маңғыстау әндерінің бағын жандырған да осындай әншілер.
Маңғыстау әндерінің мақамы өзіндік бояуымен, ырғағымен ерекше ғой. Ол әндердің ырғағы Маңғыстаудың таулары сияқты. Ол тауларды тау дегеннен гөрі осы даланың стихиясы деп қабылдасақ, түсініктірек болар еді. Ол таулар шашылып жатыр. Бірақ беталды шашылып жатқан жоқ. Олардың шашылуының өзінің өзі ғана ұнататын, өзі ғана түсінетін заңдылықтары бар. Олар бөлек-бөлек тұрып-ақ бір-бірімен тілдесіп, байланысып, бір-бірінің жағдайын «білісіп» тұр. Әр жерге қонған ауыл сияқты. Өйткені дала кең. Сол даланы олар иесіз тастамай, әрқайсысы өз тұрған жерін қорғап, сақтап, мұның Маңғыстау екендігін айғақтап, жасыл-желегінің жоқтығы басқаларды шошытпасын деп, жасыл-желегінің жоқтығы жалаңаш адам сияқты әсер етпесін деп, жасыл-желегінің жоқтығы жасыл желектен басқаны көрмегендерге өлі дала сияқты көрінбесін деп, тіршіліктің осындай да ғажайыптары болатындығын білсін деп, әдейі шашырай, бөлектене орналасқан. Тек шөп көре бермей, топырақ пен таудың қандай болатындығын да көрсін дегендей ниеттегі дала бұл. Әнші Күріштің ән ырғағында сол тақыр даланың, тақырбас таулардың дауысы бар. Тақырдың да ән болып төгілетінін тек Күріш сияқты кереметтер ғана түсіндіре алады. Сонда әлгі ештеңесі жоқ тақыр далаға қайта айналып келіп, қайта үңіліп қарап, тіпті сағынып, сарғайып, осы далада байланып қалғандай күй кешесің. Әннің міндеті тек ән болып тұру емес екен-ау деген ойдың желісінде жүресің. Жәй жүрмейсің, тағы да тыңдағың келіп, құмарлана жүресің. «Ит дауыс бұрынғыдай аңқымайды, Жас келіп қартайған соң амал бар ма?». Бұл не? Ол Күріш әншінің дауыс ырғағында өз бояуын барынша қанықтыра естілетін өмір философиясы. Адамның той-думанға құмар екені рас. Бірақ, неге мұңды әнді тыңдағысы келеді? Өйткені мұң да адамның жан азығы. Оны баяғыда Асан қайғы айтқан. Махамбет те айтқан. Доспамбет жырау да айтқан. «Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығатындығын» білдік. Бірақ, мәселе тек мұңданып отыруда ғана ма? Мәселе – тіршіліктің, жаратқан иеміз бұйыртқан мына өмірдің бағасын білуде. Сөзге ырғақ қоссаң, ол қара жердің ырғағындай болып тербеліп, тыңдаушының жүрек тербелісінің желісіне қосылады. Ал, енді ол құдыретті әншінің дауысымен естілгенде, әлгі жүректегі ырғақ мына жарық дүниеде не бітіріп жүрміз деген ойға алып келеді. Не бітіріп жүргеніңді ойлайсың, бітірмесең, әлі бітіру керек мақсат-міндеттеріңе өзіңді жұмылдыра бастайсың. Өте шығар өмірдің тек сауық-сайран емес екендігін былай да түсінесің ғой, бірақ Күріш сияқты әншілерді тыңдаған кезде, әлгі түсінігің іс-қиымлға айналып, құдай берген өмірдің бағасына үстеме баға қосылып, тіршілігіңнің асты-үстін қарай бастайсың да, босқа уақыт өткізу дегеннің құдайдың алдындағы күнә екендігін мойындайсың. Сөйтіп, жаңа қадамдар алдыңнан ашыла бастағандығын сезінесің. Әннің адамға не үшін керектігін тағы да ұғына түсіп, ән мен әншінің дауысындағы пәлсапа деген де осы екен-ау деген ой түйесің. Әншіге алғыс айтып, алға адымдап бара жатасың. «Қолыма ұстағаным қу қарағай» сияқтанған тіршіліктің ішінде «дауысым, саған не болды сырғанамай» деп, өзіңе өзің көңілің толмай бара жатасың. Сосын «күлмейін, ойнамайын десем-дағы, дүние өтіп барады бір қарамай» деп, уақыттың ала қашқан асаулығына бұрынғыдан да терең мән бере бастайсың. Сол мәнді санаңа жеткізіп берген әншінің әншілігіне тамсанасың келіп.
Күріш аға салатын «Талкемені» тыңдап па едіңіз? Шолтаманның әні ғой. «Қара бұлақ қайнаған тастан шығар, Айқын жүйрік жұлқынған жастан шығар. Аяғыңды, жігіттер, аңдап басың, Алыс емес, дұшпаның достан шығар» деп шырқай салғанда, әннің сөзі әуеннен асып түскісі келіп, әуен сөзден асып-түскісі келген асаулықтың, уайымның уысына түсірмес тереңдікті бастан кешесің. Соның ішінде жүре бергің келеді. Міне, Күріш әнші осындай еді ғой. Оның дауысы аспандай, аспаннан төмен құлдилай, оңға-солға тербеле бастағанда, әндегі мінезді, әндегі серілік пен ақсүйектікті тап басасың. Әншінің домбыраны қағысы әннің ағысына қосылып, әулиелердің әлқиссасына айналғандай болып, бойына ән сіңген, әуен жұтқан, қаныққан қос ішегі саусақтардың талғамын дәл тауып, ішек емес, домбыраның күре тамыры сынды, бүлкілдеп, дірілдеп, дүбірлеп, күлімдеп, сырғанап, екі ішек бір-біріне тамырласа бұлақтанып, ара-тұра жылап қалып, өзіндік дәурен кешеді. Әуен, әнші, домбыра, құдыретті сөз – бәрі қосылып, баптана төгіледі.
Сіз Күріш әншінің «Құнан нарға» салғанын тыңдап па едіңіз? Әрине, тыңдадыңыз. Ән мәтінінде айтылатын бір әнді құнан нарға сатып алатын не деген серілік деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Бірақ бұл серілік дегеннен гөрі, әннің баға жетпес бағасын айғақтап тұрғандығына да көз жеткізесіз. Ал, сол бір өзі бір құнан нардай болатын әнді айтатын әнші қайда? Ол әншінің дауысының кеңдігі дәл сондай бағаны көтеріп тұрмаса, әлгі баға жетпес әнің, қара жетпес жүйрікке айнала алмас еді. Күріш аға – қара жетпес ән жүйрігі еді ғой. Оның дауысындағы ән ырғағы жоғары көтеріліп бара жатып, құдайдың құбылысындай әр тыңдарманын да өзімен бірге көтеріп бара жатады. Ал төмендеп келе жатып, әр тыңдарманының жанына келіп, жібек орамалдай желпіп, құшағына алғандай әсерге бөлейді. Әннің құшағы қандай жылы, әннің құшағы – жұмақ қой. Басыңды сүйеп, бабыңа келіп, бақыт жайлы ойлана бастайсың. Жоқ, дұрысында, бақыттың өзіне айналасың. Бақыт дегеніміз – мына әнді тыңдап отырған сен сияқты. Бұл Күріш әнші салған әннің әсері. Сол сұлулықты санамызға құйған әнші, сол бақытты маңдаймызға бұйыртқан әнші де бұрынғылар кеткен қайтпас сапарға кетті. Бірақ, әуені біздің аспанымызда әлі де қалықтап жүр. Өйткені Күріш аға – қара жетпес ән жүйрігі еді ғой.




