Қазақтың сөз өнері қай заманда да ұлт рухының темірқазығы болып келді. Алаштың арманын аманаттап, халықтың мұңын жырлаған ақындар ұлттың рухани жадын сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізді. Бүгін сол асыл дәстүрді жаңаша форматта жалғастыруды мақсат еткен ерекше жоба өмірге келді. Ол – ақын, қоғам белсендісі Мөлдір Айтбайдың бастамасымен жүзеге асып жүрген «Мөлдір Өлең» ұлттық поэзиялық жобасы.
«Мөлдір Өлең» – жай ғана әдеби байқау емес. Бұл – қазақ поэзиясының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған ұлттық деңгейдегі мәдени қозғалыс. Өлеңді өмірінің өзегіне айналдырған таланттарды бір арнаға тоғыстырып, сөз өнерінің қадірін арттыруды көздейтін рухани алаң.
Жоба аясында еліміздің 17 облысы мен 3 мегаполисінен іріктелген 60 ақын Алматы төрінде бас қосады. Әр өңірдің намысын қорғайтын үш ақыннан құралған командалар бірнеше айға созылатын шығармашылық додада бақ сынап, көрермен ықыласы мен халық сенімі үшін күреседі.
Жобаның басты ерекшелігі – ақынның тек жазу шеберлігі ғана емес, ой ұшқырлығы, сахна мәдениеті, суырыпсалмалық қабілеті мен шығармашылық қарымы сынға түседі. Қатысушылар тақырыптық кезеңде берілген бағыт бойынша жыр толғаса, келесі кезеңде бес тірек сөздің негізінде жиырма минут ішінде жаңа туынды жазуы тиіс. Ал дуэль кезеңінде қарсылас өңірлердің ақындары еркін тақырыптағы өлеңдері арқылы көрермен жүрегіне жол табуға тырысады.
Поэзия мерекесі 2026 жылдың 20 мамыры мен 16 қыркүйегі аралығында Алматы қаласындағы «Ажурь» мейрамханасының ашық аспан астындағы террасасында әр сәрсенбі сайын өтеді. Он сегіз аптаға жалғасатын бұл жоба қазақ әдебиеті тарихындағы тың форматтағы ең ауқымды поэзиялық алаңдардың біріне айналмақ.
Сайыстың тағы бір өзгешелігі – жеңімпазды халықтың өзі анықтайды. Қатысушыларға берілетін дауыс кәсіби қазылар алқасының емес, поэзияны сүйетін көпшіліктің таңдауы арқылы шешіледі. Осылайша көрермен тек бақылаушы емес, жобаның тікелей қатысушысына айналады.
Жоба жеңімпаздарына да ерекше марапат қарастырылған. Бас жүлде иегеріне 100 грамм алтын мен 3 карат бриллиант таспен безендірілген, құны 10 миллион теңгеге бағаланған арнайы ауыспалы статуэтка және 3 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық табысталады. Сонымен қатар жобаға қатысқан әрбір ақынға қаржылай қолдау көрсетіледі.
Жоба авторы Мөлдір Айтбай бұл бастаманың басты мақсаты ақындарды жарыстыру емес, қазақ поэзиясының беделін көтеру екенін айтады.
– Біз кейде поэзияны кітап сөрелерінде ғана қалып қойған өнер ретінде қабылдаймыз. Алайда өлең – халықтың жүрегінен туған тірі құбылыс. «Мөлдір Өлең» арқылы сол жүрек үнін қайта жаңғыртып, ақын мен оқырманның арасын жақындатқымыз келеді. Бұл жоба – таланттарды танытатын сахна ғана емес, қазақ руханиятының мерекесі. Әр өңірдің үні естіліп, әр ақынның сөзі халыққа жетсе, біздің мақсатымыздың орындалғаны, – дейді Мөлдір Айтбай.
Расымен де, бүгінгі қоғамға рухани серпіліс қажет. Ал поэзия – адам жанын тәрбиелейтін ең асыл өнердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда «Мөлдір Өлең» ұлттық жобасы жас ақындарға мүмкіндік сыйлап қана қоймай, қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтетін, сөз өнерінің салмағын арттыратын маңызды мәдени бастама болғалы тұр.
Өлеңді қадірлеген халықтың рухы қашанда биік. Ал сол рухты асқақтататын «Мөлдір Өлең» жобасы қазақ поэзиясының жаңа дәуіріне жол ашатын айтулы әдеби оқиға болары сөзсіз.




