Кейде кәдімгі кітаптың тағдыры да адам тағдырына ұқсайды. Түсінікті де түсініксіз, кейде тасада қалады, аяқ астынан ауыр үкімге ілініп кетуі де ғажап емес. Ал арада жылдар өткенде сол шығарма тұтас дәуірдің ойын дәл басқан кітап болып шығады.
Нобель сыйлығының иегері Уильям Голдингтің «Шыбындар әміршісі» романының тағдыры – соның бір мысалы.
1954 жылы жарық көрген бұл кітап кейін ХХ ғасыр әдебиетінің ең танымал шығармаларының біріне айналды. Миллиондаған данамен тарады, ондаған тілге аударылды, бірнеше рет экрандалды. Бірақ оның басылып шығуының өзі үлкен қиындықтармен есте қалған еді. Голдинг дайын болған қолжазбасын бірнеше ірі баспаға ұсынып, жауап ала алмайды немесе кері қайтарылады. Ақырында ол мәтінді Faber & Faber баспасына жібереді. Бірақ мұнда да қолжазбаны ешкім бірден құшақ жая қарсы алған жоқ. Баспаның алғашқы оқырманы оған өте қатал баға беріп, жариялауға жарамсыз деп тапқан. Қолжазба қабылданбаған дүниелердің арасына кетеді. Оны жас редактор Чарльз Монтейт байқап қалмағанда, бәлкім, әдебиет тарихы басқаша жазылар ма еді.
Монтейт өзгелер көрмеген нәрсені көрді. Ол Голдингке шығарманы едәуір өңдеуді ұсынады. Автор мен редактор ұзақ жұмыс істейді, мәтін қысқарады, өзгереді, тіпті шығарманың бастапқы атауы да ауыстырылады. Сөйтіп «Шыбындар әміршісі» дүниеге келеді.
Бұл оқиғаның өзі әдебиет туралы қызық сұрақ тудырады: жақсы шығарманы бірден тануға бола ма?
Әдебиет тарихында кейін классикаға айналған шығармалардың алғашында өзгелер үшін түсініксіз болуы аз кездескен жоқ. Себебі көркем туындының құнын анықтайтын бұлжымас өлшем ешқашан болған емес. Редактор да, сыншы да, оқырман да өз дәуірінің талғамымен қарайды. Бүгін тосын көрінген ой ертең қалыпты болуы, бүгін оғаш саналған форма кейін жаңалыққа айналуы мүмкін.
Бірақ Голдингтің оқиғасын «баспалар қателесті, автор данышпан еді» деген қарапайым қисынға сыйғызу да дұрыс болмас еді. Өйткені біз білетін «Шыбындар әміршісі» алғашқы қолжазбаның дәл өзі емес. Чарльз Монтейт авторға өзгерістер ұсынды, Голдинг олармен жұмыс істеді. Демек, бұл оқиға тағы бір нәрсені көрсетеді: талантқа кейде оны таныған көз ғана емес, оған қарсы сұрақ қоя алатын жақсы редактор да қажет. Ал кітаптың өзінде айтылатын мәселе бұдан да күрделі.
Ұшақ апатынан кейін бір топ ағылшындық жасөспірім адам аяғы баспайтын аралда қалады. Ересектердің қадағалауынсыз, мектепсіз, полициясыз, заң талаптарынсыз елсізде өз бетімен қалған балалар не істейді?.. Алғашында балалар өз қоғамын құруға тырысады. Жиналыс өткізеді, басшы сайлайды, міндеттерді бөліседі. Ұжымдық тәртіп пен келісімнің белгісі ретінде теңіз қабыршағын пайдаланады: кімнің қолында қабыршақ болса, сөз соныкі. Бәрі ақылға қонымды басталады. Бірақ бірте-бірте қорқыныш пайда болады.
Балалар аралда әлдебір «құбыжық» бар деп сенеді. Әрі-беріден кейін оның нақты бар-жоғы маңызды болмай қалады. Қорқыныштың өзі шындыққа айналады. Ал қорқыныш бар жерде оны өз пайдасына жарататын айлакер адам да табылады. Джек балаларды өзінің айналасына жинайды. Ереже әлсірейді. Ақылдың орнын күш, пікірталастың орнын айқай, жауапкершіліктің орнын топтық елігу басады. Кеше ғана тәртіпті мектеп оқушылары болған балалар қатыгез тобырға айналады.
Голдингтің ең мазасыз сұрағы осы жерден басталады: адамды өркениетті ететін не? Біз өзімізді білімді, мәдениетті, саналы адам деп есептейміз. Бірақ біздің сабырлылығымыздың қанша бөлігі ішкі мәдениетімізден, қанша бөлігі сыртқы тәртіптен туындайды? Заң, қоғамдық пікір, жауапкершілік жоғалған жерде адам бұрынғы қалпында қала ала ма?
Голдинг бұл сұрақты соғыстан кейін қойды. Оның өзі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлыбританияның әскери-теңіз күштерінде қызмет етіп, соғысты көзімен көрген адам еді. Кейін мектепте мұғалім болды. Сондықтан романдағы балалар – жай ғана әдеби қиялдың кейіпкерлері емес. Олардың әрекеті арқылы жазушы адам табиғатының ең ыңғайсыз тұстарына үңілді. Арада жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де, романның сұрағы ескірген жоқ. Тек арал өзгерді.
Бүгін адамды тобырға айналдыру үшін оны иен аралға апарудың қажеті жоқ. Соғыстың да керегі шамалы. Бұл күндері оған әлеуметтік желідегі бір жазба жеткілікті. Бір адамның аты аталып, бір видео жарыққа шығып, екі-үш адам айыптаса , мәселе шешілді дей беріңіз... Оның рас-өтірігін анықтауға ешкім асықпайды. Алғашқы пікірдің соңынан екіншісі, оның соңынан жүздеген пікір ереді. Бірнеше сағаттың ішінде үкім де шығып қояды. Кеше ешкім танымаған адам бүгін көпшіліктің ортақ «жауына» айналуы мүмкін.
Осындай сәтте Голдингтің аралындағы балалардан біздің айырмашылығымыз қанша? Әрине, әлеуметтік желідегі пікірталасты романдағы қантөгіспен теңестіруге болмайды. Бірақ олардың психологиялық тетіктерінде ұқсастық бар: қорқыныш, ашу, қандайма бір топқа қосылу қажеттілігі, өзгелердің пікірін қайталау, жауапкершіліктің көпшілік арасына сіңіп жоғалуы.
Жеке отырған адам айтпайтын сөзін тобыр ішінде айтуы мүмкін. Өйткені «мен» бірте-бірте «бізге» айналады. Ал «бәрі айтып жатыр» деген сөз кейде адамды дәлел іздеу міндетінен босатып жібереді. Осы тұста романның баспа тарихы мен оның мазмұны күтпеген жерден түйіседі. Кезінде бірнеше адамның «жарамсыз» деп тапқаны шығарманың шын мәнінде жарамсыз екенін білдірген жоқ. Бір редактор өзгелердің үкіміне тоқтамай, қолжазбаға тағы бір рет қарады. Сол сияқты көпшіліктің бір пікірді қайталауы да оның автоматты түрде ақиқат екенін білдірмейді.
Бұл әдебиетке ғана қатысты емес.
Бүгін біз кітапты оқымай тұрып рейтингіне қараймыз. Фильмді көрместен бұрын пікірлерін оқимыз. Адамды танымай тұрып, ол туралы әлеуметтік желі не айтып жатқанын көреміз. Кейде өз пікірімізді қалыптастырмай жатып, көпшіліктің дайындап қойған бағасын бас шұлғып қабылдай саламыз.
Ал өркениеттің ең маңызды белгілерінің бірі, бәлкім, дәл осы жерде басталатын шығар: көпшілікпен бірге айқайлау емес, бір сәт тоқтап, өзіңнен «Бұл рас па?» деп сұрай алу.
«Шыбындар әміршісі» Голдингтің алғашқы романы еді. Оны жазушы қырықтан асқан шағында жариялады. Кітап жарты жаһанға тарады. Ал 1983 жылы Уильям Голдинг әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Нобель комитеті оның шығармалары адам болмысының бүгінгі дүниедегі жағдайын ашатынын атап көрсетті. Бір кезде баспа атаулы бас тартқан қолжазбаның авторы әлем әдебиетінің ең беделді марапатына ие болды. Бірақ «Шыбындар әміршісінің» ең үлкен жеңісі Нобель де, миллиондаған таралым да емес шығар. Оның күші – жетпіс жылдан кейін де оқырманын жайсыз, бірақ ақиқат сұрақтың алдына әкелуінде.
Арал алыста емес. «Құбыжық» та міндетті түрде сырттан келмейді. Ал көпшілік бір жаққа қарай жүгірген кезде, солармен бірге жүгіру немесе бір сәт тоқтап, «Неге?» деп сұрау – әлі де әр адамның өз таңдауы.
Әлия Дәулетбаева





