Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

        Дүйсенәлі Әлімақын

 

   Джеймс Джойс Дублинді соншалықты қатты сүйді, ақыры өмірінің қалған бөлігін одан жырақ өткізді. Бала күнінен-ақ зерек табиғатынан тынымсыз әрі еркін ойлы болып өскен ол жазушылықты жан қалауы ретінде сезінді. Уақыт өте келе ХХ ғасыр басындағы Ирландияның қоғамдық, діни және мәдени талаптары оның жанын барған сайын қыса түсті. Ол өз өмірінің бүкіл бағытын айқындайтын шешім қабылдап,  жиырма екі жасында Дублиннен кетті.
   Сөмкесін жинап, небәрі бірнеше ай бұрын ғана танысып, көңіл қосқан Нора Барнакл есімді жас әйелдің – қонақүйде қызмет ететін қарапайым даяшы қыздың қолынан ұстап, Ирландиядан біржола аттанды. Бұл өз еркімен таңдаған эмиграциясы еді және ол өмірінің соңына дейін созылды.
    Ол Дублинге мәңгі қайтып оралмады. Бірақ ғажабы сол -  өмір бойы Дублин туралы жазды. Джойс пен Нора Еуропаның әр түкпірін паналады: Триест, Цюрих, Париж. Ұзақ жылдар бойы жоқшылық құрсауында өмір сүрді. Тар пәтерлерде бала өсірді, достарынан қарыз алды. Ешкім әлі мойындай қоймаған данышпанның көрмегені жоқ.  Кейін келе Джойстың көзі бірте-бірте нашарлай бастады. Көп өтпей жағдайы соншалық күрделеніп, ол қайта-қайта ота жасатуға мәжбүр болды. Соған қарамастан жазуын тоқтатпады. Көзі көрмей қалса да, мәтінді диктовкамен жаздырды, өзі әрең көретін қағазға шимайлап белгі түсірді. Қандай қиындыққа тап болса да, қаламын тастамады. 
    Ол өз жадында сақталған Дублинді мәңгілік тақырып етіп алды.  Сол үшін де 1914 жылы «Дублиндіктер» (Dubliners) атты он бес әңгімеден тұратын жинағы жарық көрді. Бұл – өзі әлдеқашан алыстап кеткен қаланың адамдары туралы хикаялар еді. Джойс Дублинді сондай дәлдікпен, сондай терең психологиялық сезімталдықпен суреттеді, оқырман өзгенің ойдан шығарылған өмірін емес, өзінің ешкімге айтпаған сырларын оқып отырғандай күй кешті.
    1916 жылы «Жас суретшінің портреті» (A Portrait of the Artist as a Young Man) атты кітабы жарық көрді. Бұл – ирландиялық католик жас жігіттің өнер адамы ретінде қалыптасу жолындағы жан азабы мен рухани ізденісін суреттейтін жартылай автобиографиялық шығарма еді. Джойс әдебиетке тағы бір жаңалық әкелді, оның көзқарасынша,  оқырман кейіпкерді сырттай бақыламайды, оның санасының ішіне енеді.
    1922 жылы жарық көрген «Улисс» (Ulysses) – адамзат шығармашылығы тарихындағы ең батыл әрі өте ауқымды әдеби тәжірибелердің бірі. Роман бір ғана қарапайым күнді – 1904 жылдың 16 маусымын баяндайды. Яғни Дублинде өмір сүретін орта жастағы жарнама агенті Леопольд Блумның, оның көзіне шөп салып жүрген әйелі Моллидің және жас жазушы Стивен Дедалустың бір күнін әңгіме етеді. 
    Зерделеп көрсек, дәл сол күні әлемдік тарихқа енердей ештеңе болмапты. Соғыс, революция, Ұлы саяси мәлімдемелер де атымен жоқ. Бар болғаны – өз қаласында өмір сүріп келе жатқан бір адамның өмірі, оның ойлары. 
    Бірақ Джойс сол бір сейсенбідегі Дублинді таңғаларлық тереңдікпен қағазға түсірді. Ол Блумның санасындағы ой ағысын – аштық пен қайғыны, құштарлық пен естелікті, әзіл мен сағынышты бірінен екіншісіне табиғи түрде жалғап отырды. Сөйтіп, бір ғана күннің ішіне адам болудың тұтас тәжірибесін сыйғызды. Осылайша «Улисс» адам баласының күнделікті өмірде өзін қалай сезінетінін суреттеген ең толық әдеби портреттердің біріне айналды.  
     Шыны керек, алғаш шыққан кезде әдеби орта бұл кітаппен не істерін білмей қалды. Америка билігі оны «әдепсіз» деп танып, тыйым салды. Пошта инспекторлары кітап даналарын тәркіледі. Баспа үйлері оны шығарудан бас тартты. Ақыры кітап Парижде жарық көрді. Оны шығаруға батылы жеткен адам – Сильвия Бич, америкалық кітап сатушы әрі Париждегі атақты Shakespeare and Company дүкенінің иесі еді. Басқалар бас тартқан шығармадан ол өзгеше сарын тапты.     Өйткені оның қолында әдебиет тарихын өзгертетін шығарма тұрғанын түсінді. Тек 1933 жылы АҚШ федералдық соты «Улисске» салынған тыйымды алып тастады. Сот шығарманың даусыз көркемдік маңызын мойындады. Бұл шешім кейін әдеби еркіндіктің кеңеюіне жол ашқан тарихи қадамдардың біріне айналды.
     1941 жылдың 13 қаңтарында Джеймс Джойс Цюрихте қайтыс болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде өзін паналатқан сол қалада, он екі елі ішегіндегі тесілген жараға жасалған операциядан кейін көз жұмды.  Ол сол шақта небәрі 58 жаста еді. Сөйтіп ол Дублинге ешқашан оралмады. Оған қайтудың қажеті де болмағаны шындық еді.  Өйткені Дублин оның кітаптарының ішінде әлдеқашан мәңгілікке айналып кеткен еді.  
     Ойлап көрсек, кәдімгі көшеде кетіп бара жатқан әр адамның ішінде бір «Улисс» бар сияқты сезіледі. Ал Джеймс Джойстың өзгелерден айырмашылығы – сол «Улиссті» қағазға түсіруге жетерлік батылы, табандылығы және көзінің жарығы сөне бастағанына қарамастан жазуын тоқтатпаған ғажайып, тынымсыз данышпандығы болды.

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді