Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

«Неге?» деп сұрамайтын адам немесе Несіпбек Дәутайұлының "Тілалшақ" әңгімесінен кейінгі ой

 

    Адамды құл ету үшін оның қолына кісен салу міндетті ме? Кейде адамның санасы бұйдаланатын жағдайлар болады ғой... Ол кісеннің мықтылығы соншалық, адам ғайыптан тайып босап кетсе, одан әрі не істерін білмей қалады. Біреу бұйырмаса не жол көрсетпесе, қайда барарын, нені қалайтынын, тіпті өзінің кім екенін ажырата алмайды.


    Несіпбек Дәутайұлының «Тілалшақ» әңгімесіндегі Құлболдының қасіреті де осында. Бір қарағанда, ол жаман адам емес. Ұры емес, қылмыскер ме, жо-жоқ, атамаңыз, біреудің ала жібін аттамайды. Керісінше, өлердей елгезек. Кім жұмсаса да алды-артына қарамай шаба жөнеледі. Біреудің жүгін көтереді, біреудің шаруасын бітіреді. «Анда бар» десе барады, «мынаны әкел» десе әкеледі. Шаршадым демейді. Ешқашан қарсы келмейді. Томырық тоң мінезден жұрдай. Бірақ әңгімені оқып отырғанда осы «жақсы қасиеттердің» ар жағынан қорқынышты бір құбылыс көріне бастайды: Құлболды - өз еркінен бірте-бірте айрылған, пікір айту еркіндігінен жұрдай біреу.
     Ол өз мұратына өмір сүрмейді, оны жұмсайды. Оның таңдау құқығы бола тұра, оған біреу таңдап береді. Ол тіпті өзінің не қалайтынын білмейді. Осы тұрғыдан қарағанда, «Тілалшақ» әлдебір аңғал пенденің тағдыры туралы әңгіме ғана емес. Бұл — адамның бойындағы еркіндіктің қалай жоғалатыны туралы шығарма. Құлболды болып тумайды.  Әңгіменің ең маңызды ерекшелігінің бірі сол,  автор кейіпкерін дайын күйінде алдымызға әкелмейді. Құлболдының қалай Құлболды болғанын көрсетеді. Оның «көшеге үстіне жақсы киім киіп шығуға ұялатын» әкесі колхозда кісі шақырушы болып жұмыс істеген. Біреу жұмсаса, елпілдеп тұратын сол бейшараның ұлына да айтатыны: «Тілалшақ болған өзіңе жақсы». Сөйтіп Құлболды бала кезінен бір қарапайым қағиданы меңгереді: біреуге керек болу үшін оның айтқанын орындау керек. Ауыл да оны азан шақырып қойған Құлболды атымен емес, «Тілалшақ» деп атап кетеді.
    Бірақ отбасында басталған тәрбие мектепте тоқтамайды. Керісінше, мектеп оның бойындағы осы «қызық» қасиетін одан әрмен шыңдайды. Мұғалімі Құлболдыны сабақ оқыту орнына қоймаға, дүкенге, фермаға жұмсайды. Өзінің жеке шаруасына пайдаланады. Кейін басқа мұғалімдер де солай істейді. Біреуі шөп шаптырады, екіншісі қора тазалатады. Ал Құлболдының алатын рахметі — жақсы баға.
    Осы жерде жазушы әңгіменің ең маңызды психологиялық механизмдерінің бірін дәл ұстайды. Баланың санасында: «Біреудің жұмысын істеп берсең, жаның қиналмайды екен» деген түсінік қалыптасады. Бұл — жай ғана күлкілі эпизод емес. Бұл — тұлғаның ішкі «менінен» айрылуына бастайтын жол.  Құлболдыға білімнің орнына бағыну, қабілеттің орнына елпілдеу, еңбектің орнына қызмет көрсету ұсынылады. Ең қауіптісі, осы мінезі үшін ол жазаланбайды, қайта марапатталады. Демек, Тілалшақты тек отбасы тәрбиелеген жоқ.Оны орта тәрбиеледі.
    «Қатырамыз!» Дәутайұлы кейіпкер психологиясын ұзақ түсіндіріп жатпайды. Бір ғана сөз арқылы ашады. Құлболдының жауабы үнемі дайын: «Қатырамыз!» Не істеу керек? Неге істеу керек? Бұл дұрыс па? Бұл маған қаншалықты қажет? Кейіпкерге мұның түкке керегі жоқ. Декан орынасары оны сапарға шақырғанда да қайда баратынын сұрамай: «Қатырамыз», — дейді. Бұл сөз алғашында күлдіреді. Бірақ әңгіме ұзарған сайын күлкің күмән тати бастайды. Өйткені «Қатырамыз!» бірте-бірте адамның тілдік әдеті емес, оның бүкіл өмірлік философиясына айналады. Ол өзінің «менін» осы жалғыз ауыз сөзге мәңгі - бақи айырбастаған.
     Құлболдының мінезін қазіргі психология ұғымдарымен қарастырғанда, оның бойынан тәуелді-бағынышты тұлғалық паттернге ұқсас белгілерді байқауға болады. Мұндай мінез үлгісінде адам дербес шешім қабылдауға қиналады, өзгенің мақұлдауына ерекше мұқтаж болады, келіспеушілігін білдіруден қорқады, жауапкершілікті басқаға тапсыруға бейім келеді. Кей жағдайда ол қолдаудан айырылып қалмау үшін өзіне жағымсыз талаптарды да орындауға даяр болады. Алайда Құлболдыны клиникалық диагнозы бар кейіпкер деп қарастыру дұрыс емес. Оның әдеби-қоғамдық мағынасы әлдеқайда кең. Өйткені жазушы Құлболдының мінезін жеке адамның табиғи әлсіздігі ретінде ғана көрсетпейді.
     Оны солай болуға орта үйретеді. Әкесі үйретеді. Мұғалімдері үйретеді. Институт үйретеді. Бастықтар үйретеді. Қоғам үйретеді. Сөйтіп адамның бойында бір психологиялық тәуелділік пайда болады: мені жұмсаса, демек, мен керекпін. Сондықтан Құлболды үшін бұйрық  қорлыққа әсте саналмайды. Бұйрық - ол үшін өзінің бар екенін сезінудің тәсілі. Әңгіменің ең ауыр көріністерінің бірі сырттай қарағанда түкке тұрмайтын эпизодтан басталады.
     Құлболды қызмет көрсетіп жүрген ардагер бір күні: «Барып кел, алып кел» дейтін дым қалмай тұр», — дейді. Басқа адам болса қуанар ма еді?.. Ал Құлболдыны үрей билейді. «Ұнамай қалдым ба?» деп қипақтайды. Бір жерден қателестім бе деп мазасызданады. Тіпті түнгі ұйқысы бұзылады. Осы тұста кейіпкер трагедиясының ең терең қабаты ашылады. Оған енді қожайынның зорлығы қажет емес. Қожайын оның ішіне түбегейлі көшіп алған. Сыртқы бұйрық ішкі қажеттілікке айналған. Осы сәттен бастап Құлболдыны ешкім босата алмайды. Өйткені оның проблемасы енді сырттан бұйрық берушіде ғана емес, өзінің ішінде.
     Әлем әдебиетіндегі осы типтің ең жақын туыстарының бірі — Антон Чеховтың «Шенеуніктің өлімі» әңгімесіндегі Червяков. Червяков генералдың алдында кішірейгені сонша, әлденеше рет кешірім сұрап барады. Генералдың өзі мәселені әлдеқашан ұмытып кетсе де, Червяков ұмыта алмайды. Екі кейіпкерді туыстыратын нәрсе — билік иесінің өзі туралы пікіріне шексіз тәуелділік. Бірақ олардың арасында маңызды айырма бар.Червяков лауазымды тұлға атаулыдан өлердей қорқады. Ал Құлболды бастықсыз өмір сүре алмайды. Червяков билігі бардың алдында бүгежектеп үйренген. Құлболды өзінің кім екенін билікке қызмет ету арқылы ғана сезінеді. Сондықтан Дәутайұлының кейіпкері белгілі мағынада одан да қасіретті.
    Құлболдыны Гогольдің «Шинеліндегі» Акакий Акакиевичпен де қатар қарастыруға болады. Орыс әдебиетіндегі әйгілі «кішкентай адам» типі қоғамның төменгі сатысында қалып қойған, әлеуметтік механизмнің арасында жаншылған адамның трагедиясын көрсетті. Акакий Акакиевичтің әлемі тар. Оның тіршілігі қағаз көшірумен ғана шектелген. Құлболдының әлемі де сондай тарылған. Бірақ айырмашылық тағы бар. Акакий Акакиевичті жүйе жаншиды. Құлболдыны жүйе өзіне ыңғайлы етіп жасап алған. Сол себепті «Тілалшақтағы» әлеуметтік сын өткірірек басқа бір сұраққа әкеледі: Қоғамға қандай адам тиімді? Ой еркіндігі бар тұлға ма? Жағымсыз сұрақ қоятын адам ба? «Неге?» деуден қорықпайтын адам ба? Әлде: «Қатырамыз!» — деп алдына түсіп жүгіре жөнелетін адам ба?
     Дәутайұлының ащы әжуасының ең биік тұстарының бірі — Құлболдының бастығы мен оның досының әңгімесі. Бастық Құлболдыны сипаттайды: бар деген жаққа барады, тап дегенді табады, ештеңе сұрамайды, жұмсамасаң көңілсіз жүреді. Сосын үкім шығарады: «Тек айтқаныңды орындауға ғана жарайды». Бірақ досы оған өте маңызды сұрақ қояды: мұндай адамдарды көбейтіп жатқан өздерің емес пе? Өздеріңе пайдалы болғандықтан, оларды осындай етіп тәрбиелеп жатқан жоқсыңдар ма? Осы диалог шығарманың әлеуметтік айыптау актісі сынды емес пе?.. Жүйе алдымен адамға: ойлама, орында дейді. Сосын сол адамға: сен ойлай алмайсың деп айып тағады. Алдымен: сұрама дейді. Сосын: «неге сенің өз ойың жоқ?» деп сын айтады. Алдымен оны Тілалшақ етіп жасап алады. Сосын оны Тілалшақ болғаны үшін менсінбейді. Міне, Дәутайұлының әжуасы дәл осы жерде күлкіден трагедияға ауысады.
     Несіпбек Дәутайұлының суреткерлік табиғатында жуас мысқылдан гөрі ащы әжуа, гротеск, аяусыз ирония басым. Ол кейіпкерін сырттан қарап жазаламайды. Құлболдының әр қимылын сондай шегіне жеткізе суреттейтіні сонша, кейіпкер өзін-өзі әшкерелей бастайды. Біреудің шалбарын шешеді. Шұлығын алады. Жастығын түзейді. Аяғының тырнағын алады. Арқасын езеді. Көзіне дәрі тамызады. Бірақ осының бәрін қорлыққа санамайды. Керісінше, жұмсаған сайын «қимылы үдеп, тынысы кеңи түседі», көңілі көтеріліп, жаны жадырайды. Мұнда күлкі бар. Бірақ оқырман күлген сайын ыңғайсызданады. Өйткені автордың нысанасы жалғыз Құлболды емес екенін сеземіз. Оның артында — адамдарды пайдаланатын бастықтар, жеке шаруасына жүгіртетін мұғалімдер, білімнің орнына тамыр-таныстықты ұсынатын орта, атақ пен лауазымның алдында құрақ ұшатын қоғамдық психология тұр.
     Дәутайұлының асау мінезі де осындай тұстарда көрінеді. Ол бедел деп танылған нәрсенің алдында именіп қалмайды. Атақты адамды атағы үшін аяп тұрмайды, мұғалімді мамандығы үшін ақтамайды, бастықты қызметі үшін құрмет тұғырына шығарып қоймайды. Қоғам қасиетті санап үйренген мәртебелердің сыртқы  терісін сыпырып, оның астындағы пенделік әлсіздікті көрсетеді. Суреткердің қаталдығы да сонда. Ол кейіпкерлеріне мораль оқымайды. Оларды сөйлетеді, жүргізеді, жүгіртеді — сөйтіп өздерін өздеріне әшкерелетеді.
     Шығарманың философиялық кілті — Мұса пайғамбар туралы эпизод. Қарт Құлболдыға Мысырдағы құлдықтан шыққан халықтың шөлде қырық жыл жүруі туралы әңгімелейді. Оның түсіндіруінше, құлдықта өмір сүрген ұрпақтың санасына құлдық сіңіп қалған; жаңа өмірге басқа санадағы ұрпақ жетуі керек. Әңгіменің тарихи-діни дәлдігінен гөрі мұнда оның көркемдік қызметі маңызды. Шал Құлболдыға өзі туралы айтып отыр. Бірақ Құлболды өзін танымайды. Ол қырық жылдық құлдықтың философиялық астарын емес, шөлде өлген адамдарды аяйды: «Солай еткен, онда Мойсейдің несі жақсы?» Осы реакция — кейіпкердің бүкіл трагедиясының формуласы. Адам өзінің құл екенін білмесе, оған еркіндікті қалай түсіндіресің?
     Дәутайұлы композицияны шеңбер тәрізді құрады. Әңгіме қараңғы түнде жаңбыр астында сенделіп келе жатқан Құлболдыдан басталады. Ол бет алған бағытын білмейді. Тек бәрінен безіп кеткісі келеді. Содан кейін автор кейіпкердің бүкіл өмірін кері шегініп баяндайды. Ақырында біз бастапқы нүктеге қайта ораламыз. Жұмыс та, баспана, да, отбасы да, қыл аяғы жұмсайтын да адам жоқ. Бәрінен қиыны, бағдар нұсқайтын ешкім жоқ.  Бүкіл ғұмырында өзгенің жолымен жүрген адам алғаш рет жалғыз қалған. Сонда ғана оның алдынан ең үлкен сұрақ шығады: Енді қайда барамын?
     Финалда Құлболды аспанға қарап: «А, Құдай! Ешқайда алып бармайтын жолың қане? Бар ма? Бар болса, мені соған сал», — деп айқайлайды. Бұл — ғажап әрі парадоксты финал. Құлболды бүкіл өмірінде бір жерге бара жатты. Қоймаға, дүкенге, фермаға, бастыққа, пойызға, базарға. Біреуді күтіп алуға. Бірдеңені алып келуге. Ол үнемі бір жаққа шауып бара жататын, бірақ ешқашан өз жолымен жүрмеген. Сондықтан өмірінің соңында «ешқайда алып бармайтын жолды» сұрауы — оның алғаш рет мақсаттан емес, бұйрықтан құтылғысы келгеніндей әсер қалдырады. Сол сәтте көз алдына шөлдегі қырық жылдық көш келеді. Әңгіменің басында түсінбеген Мұса туралы хикая финалда қайта оралады. Енді оқырман алдында басқа сұрақ қалады: Құлболды сол топқа қосыла ала ма? Яғни ол құлдық шырмауынан шыға ала ма? Автор бұған жауап бермейді. Өйткені одан арғысы — Құлболдының таңдауы. Ал Құлболды өмір бойы жасамаған жалғыз нәрсе болса, ол — таңдау.
     Осы тұста шығарма бір дәуірдің сатирасы болудан қалады. Кеңес өкіметі кетіп, мекемелер жабылады. Бұйрық бергіш басшылар да ауысады. Бірақ Тілалшақ жоғала ма? Әңгіменің мазасыз сұрағы - осы. Өйткені тілалшақтық белгілі бір саяси жүйенің ғана жемісі емес. Ол отбасында, мектепте, мекемеде, кез келген иерархиялық ортада пайда болуы мүмкін. Балаға үнемі: «Сұрама», «Айтқанды істе», «Үлкенге қарсы сөйлеме», «Сенен сұрап тұрған жоқ» деп қағумен өсіріп, кейін есейгенде: «Неге өз ойың жоқ?» деп сұрауымыз қаншалықты қисынды? Адамның мойынсұнуын жылдар бойы марапаттап, кейін одан бастамашылдық күтуіміз қаншалықты абсурд? Сол себепті Дәутайұлының әңгімесі бір Құлболдының өмірбаянынан әлдеқайда кең. Ол қоғамға ыңғайлы адам мен еркін адамның арасындағы шекараны көрсетеді. тілалғыш адам жақсы мен жаманды ажыратып, саналы түрде келісуі мүмкін. Ал Тілалшақ үшін кім айтқаны маңызды. Ол «неге?» деп сұрамайды.
    Чеховтың Червяковы биліктен қорықты. Гогольдің Акакий Акакиевичі жүйенің табанына жаншылды. Ал Дәутайұлының Құлболдысы сол жүйенің талабын өзінің ішкі табиғатына айналдырып алды. Сондықтан оның трагедиясы сыртқы еркіндіктің жоқтығында ғана емес. Оның ішінде еркін адам қалыптасып үлгермеді. Мүмкін, «Тілалшақтың» ең ащы тұсы да осы шығар. Несіпбек Дәутайұлы Құлболдыны мысқылдап отырып, бір кезде оқырманын оны аяуға мәжбүрлейді. Өйткені әңгіменің соңына жеткенде біз оның анадан осындай болып туғанын емес, осындай болып жасалғанын көреміз. Бірақ жазушы оны толық ақтап та алмайды. Өйткені белгілі бір кезеңдерде адам өзінің таңдау жасай алмағаны  үшін де жауап бере бастайды. Сондықтан «Тілалшақ» оқырманға жай ғана «Құлболдыға күл» демейді. Одан әлдеқайда жайсыз сұрақ қояды: Біз Құлболдыларды жасап жатқан жоқпыз ба осы? Ал одан да жайсыз сұрақ: Құлболдының азды-көпті белгісі өзіміздің бойымызда жоқ па? Әңгіменің құны да осында.
     Жазушы Құлболдыны аяуды да, айыптауды да оқырманның өзіне қалдырады. Өйткені оның тағдырына қарап отырып, айыптыны анық тану қиын-ақ. Әке ме? Орта ма? Әлде өмірінің бір сәтінде тоқтап, «Неге?» деп сұрамаған Құлболдының өзі ме? Мүмкін, әңгіменің ең мазасыз тұсы да осында шығар. Құлболды сияқты адамдарды қоғам қажет етеді. Олар дауласпайды, қарсы келмейді, артық сұрақ қоймайды. Тек бір күні оны жұмсайтын ешкім қалмайды.Сонда адамның алдында Құлболдының алдынан шыққан баяғы сұрақ қалады: енді қайда барамын?
Өйткені өзгенің айтқанымен жүруге үйренген адам үшін ең қиын нәрсе — өз жолын таңдау.


Лия БЕКЕЖАН

 

Соңғы жарияланған

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

ЕРТЕҢ ДЕ ӨМІР СҮРУІМ КЕРЕК

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...»   (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

«ҮРЗАДА ЖЫРЫ ЖАНЫМНЫҢ...» (Е.Раушанов поэзиясы хақында)

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Айткеш Толғанбаев. Үзілмеген әуен

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді