Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Махамбеттен Высоцкийге жеткен ән

     Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында Олжас Сүлейменов досы, орыстың әйгілі ақыны Андрей Вознесенскийге Махамбет өлеңдерін аударуды ұсынады. Махамбетті аудару — қиынның қиыны. Оның жырларындағы шамырқанған кек пен өрттей ыстық ызаны, ащы үн мен қасіретті жалғыздықты басқа тілге сол қуатымен көшіру оңай емес.


      Олжас Сүлейменов кейін осы оқиғаны еске ала отырып, Вознесенскийдің аудармаларынан Махамбетті емес, Вознесенскийдің өзін көргенін жазады. Олжас Омарұлының пайымынша, Вознесенский Шекспир мен Дантені аударса да, бәрібір өзі болып шығар еді. Өйткені үлкен ақын өзгенің өлеңіне кіргенде де өз дауысын, өз мінезін жоғалтпайды. Бірақ Махамбетпен бұл шығармашылық жүздесу ізсіз кеткен жоқ. Олжас Сүлейменовтің естелігіне қарағанда, Махамбет жырлары Вознесенскийге қатты әсер етеді. Кейін сол әсерден бірнеше өлең туады. Солардың бірі — «Песнь акына» («Ақын жыры»).
Өлеңнің алғашқы жолдарының өзі тосын:

«Ни славы, и ни коровы,
Ни шаткой короны земной —
Пошли мне, Господь — второго,
Чтоб вытянул петь со мной...»-


Атағың да, дәулетің де,
Тәж көтерген сәулетің де,
Керек емес, жібер, Құдай
маған сыңар бір дауысты,
бірге әуен тербетуге.

   Ақынға атақ та, дәулет те, «жердегі тәж» де керек емес. Оның тілейтіні — жанына  серік болар бір ғана адам. Өзімен бірге ән сала алатын, даусына дауыс қосатын, тым болмаса бір рет шын түсінетін екінші адам.


«Для сердца — не для оваций! —
На два голоса спеть...»


Мадақ емес, жүрек үшін
Қос дауыспен шырқағанға...

      Мұнда даңқтан гөрі түсінісуге деген зәрулік бар. Тіпті өлеңнің соңында сол серігі бақталасына айналып, өзіне қол көтерсе де, ақын оны кешіруге дайын. Өйткені ол да жалғыз. Ол да өзінің «екінші адамын» іздейді. Ал енді осы өлеңнің тағдырындағы ең қызық бұрылысқа келейік. Вознесенскийдің аталмыш жырын Владимир Высоцкий әнге айналдырды. «Песнь акына» Мәскеудегі Таганка театрының әйгілі «Антимиры» спектаклінде Высоцкийдің орындауында шырқалады. Высоцкийдің өзі концерттерінің бірінде Вознесенскийдің бұл өлеңді арнайы әкелгенін, оған өзі музыка жазғанын айтып кеткен. 
     Осы әнге байланысты менің де есімде қалған бір оқиға бар.Ертеректе Атыраудағы Шаймардан Сариев музейіне Семейден келген бір орыс суретшісі маған картинасын таныстырған еді. Шығарма осы әннің әсерімен салынған екен. Сонда суретші Высоцкийдің бұл әні Махамбетке арналған деген болатын. Әрине, «Ақын жыры» тікелей Махамбетке арналған деп кесіп айту дәл болмас еді. Дұрысы, бұл - Махамбетке де, жалпы ақын атаулыға тән жалғыздық, ұлы Жалғыздық туралы жыр. Бірақ әлгі суретшінің сөзінің астарында қызық бір байланыс бар. Өйткені бұл әнге апаратын жолдың бір басында шынымен Махамбет тұр. Олжас Сүлейменов Махамбетті Вознесенскийге ұсынды. Вознесенский Махамбет әлеміне үңілді. Сол әсер оның өз өлеңдеріне көшті. Ал сол өлеңдердің бірі Высоцкийдің даусымен әнге айналды.
     Осылайша бір шығарманың тағдырында қазақтың екі ұлы перзенті — Махамбет пен Олжас, орыстың екі үлкен өнер иесі — Вознесенский мен Высоцкий тоғысты.
 

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді