Әлем әдебиетінің тарихы талай бұзылған серт, орындалмаған антты білетін шығар-ау... Бірақ мына бір оқиға, мына бір уәде ерекше назар аудартады. Егер ол орындалғанда, ХХ ғасыр әдебиетінің салтанатты керуені бүгінгіден әлдеқайда жұтаң тартар ма еді?..
1921–1922 жылдары Франц Кафка ең жақын досы Макс Бродқа өзінің әдеби мұрасына қатысты екі жазба қалдырады. Соның бірінде күнделіктерін, қолжазбаларын, хаттары мен суреттерін түгелдей дерлік «оқылмастан» өртеп жіберуді сұрайды. 1924 жылдың 3 маусымында Кафка қырық жасында қайтыс болды. Ендігі шешім Макс Бродтың қолында еді. Алайда миллиондардың бақытына орай ол досының соңғы тілегін орындаған жоқ.
Бір адамның «опасыздығы»
Бүгін біз Кафканы «Процесс», «Қамал» секілді шығармалары арқылы танимыз. Бірақ бұл романдар жазушының көзі тірісінде кітап болып жарық көрген жоқ. Кафка қайтыс болғаннан кейін Брод оның қолжазбаларын сақтап, жариялауға кірісті. Егер ол досының талабын бұлжытпай орындағанда, «Процесс» пен «Қамал» бізге жетпес еді. Сондықтан әдебиет тарихындағы ең қызық моральдық сұрақтардың бірі осы оқиғамен байланысты: Макс Брод досына опасыздық жасады ма, әлде адамзат алдындағы мәртебелі миссияны орындады ма? Бір жағынан, Кафканың өтініші анық еді. Екінші жағынан, Брод оның шығармаларының құнын Кафканың өзінен де жоғары бағалады. Брод кейін Кафканың көзі тірісінде-ақ мұндай өтінішті орындамайтынын оған айтқанын мәлімдеген. Сондықтан әдебиеттануда тағы бір қызық сауал бар: Кафка қолжазбаларын дәл Бродқа тапсыру арқылы олардың бәрібір сақталып қалатынын іштей білді ме? Бұған нақты жауап жоқ.
Кафка өзіне неге соншалық қатал болды?
Мұның жауабын тек өлім алдындағы көңіл күйден іздеу жеткіліксіз. Кафка шығармаларына аса жоғары талап қойған жазушы еді. Оның әдеби мұрасында көптеген аяқталмаған әңгімелер мен фрагменттер қалды. Үш романы да аяқталмаған. Көзі тірісінде шығармаларының аз ғана бөлігін жариялауға келісім берген, оның өзінде достарының табандылығы әсер еткен. Ол тіпті кейбір қолжазбаларын өзі өртеген. Демек, мәселе өз шығармаларын «жек көру» ғана емес. Мәселе — кемелдікке деген аяусыз талапта.
Кафка өзі аяқталмаған, жетілмеген деп санаған мәтіндердің оқырман қолына түсуін қаламады. Оның әдеби мұрасына қатысты өсиетін зерттеушілер жеке хаттары мен күнделіктерін бөтен көзден қорғау ниетімен және аяқталмаған шығармаларын жариялатпау талабымен де байланыстырады. Бірақ дәл осы жерде әдебиеттің үлкен парадоксы басталады. Автор өзі шығармасының құнын әрдайым дұрыс бағалай ала ма? Қаламгер қауым қасиетті сөз жауапкершілігін қаншалықты сезінеді?
Авторға тиесілі ме, адамзатқа ма?
Туынды суреткердің – жеке зияткерлік меншігі. Демек, оны жоюға да құқығы бар сияқты. Бірақ шығарма белгілі бір биік деңгейге жеткенде тек автордың жеке дүниесі болып қала ма, міне, әңгіме осы жерден басталады. Кафка оқиғасы осы сұрақты жүз жылдан бері ашық қалдырып келеді. Автор: «Бұл жетілмеген», — дейді. Досы: «Бұл - ұлы шығарма», — дейді. Уақыт болса, екіншісінің сөзін растағандай. Бүгінде Кафканың қолжазбалары әлемнің ірі архивтері мен кітапханаларында сақтаулы. Оның шығармалары көптеген тілдерге аударылды. Ал адамның өзі түсіне алмайтын, бірақ одан құтыла да алмайтын жүйенің алдында дәрменсіз қалуын сипаттау үшін тіпті «кафкалық» деген ұғым қалыптасты. Бір кездері автордың өзі отқа тастағысы келген мәтіндер әлемдік мәдениеттің бір бөлігіне айналды.
Ал біз нені жоғалтып алдық?
Кафка мен Макс Бродтың оқиғасы бізге де бөтен емес. Біз белгілі қаламгерлердің жарық көрген кітаптарын сақтаймыз. Бірақ олардың қолжазбалары ше? Хаттары, күнделіктері, шимай дәптерлері, аяқталмай қалған шығармалары ше? Бір адамның ескі сандығында жатқан дәптер бүгін түкке тұрғысыз қағаз болып көрінуі мүмкін. Ал елу жылдан кейін ол тұтас бір дәуірдің әдеби тарихын қалпына келтіретін жалғыз дерекке айналуы ықтимал. Қазақ әдебиеті тарихы балаларын орыс мектебінде оқытқан, перзенттері әкесінің кітабын оқи алмайтындығының кесірінен іздеусіз, жоқтаусыз қалған қанша қаламгерді біледі?
Әдеби мұра тек жарияланған кітаптан тұрмайды. Жазушының бір сөйлемді үш рет сызып, төртінші рет қалай жазғаны да кейде шығармашылықтың тарихын көрсетеді. Жеке хаттары сол дәуірдің мінезін сақтайды. Күнделіктері кітапқа кірмеген ойдың тағдырын жеткізеді. Сондықтан Кафканың оқиғасы бір жазушы туралы қызық дерек қана емес. Ол бізге әлдеқайда маңызды сұрақ қалдырды: бүгін құнсыз деп отырған қандай қолжазбамызды ертең іздеп қалуымыз мүмкін?
Макс Брод досының соңғы тілегін орындамады. Бірақ кейде әлем әдебиетінің тағдырын дәл осындай орындалмаған өтініштер де өзгертеді.
Франц Кафканың әдеби мұрасын жою туралы өз қолымен жазған нұсқауы. 1921 жыл. Фото: Ardon Bar-Hama / The National Library of Israel, Max Brod Archive.





