Сүйікті жазушым Иван Буниннің замандастары туралы естеліктерін оқығанда кейде әдеби мемуар емес, әлдебір мейрімсіз соттың хаттамасын оқып отырғандай күй кешемін. Ол ешкімнің атағына қызғана қараған емес. Бірақ неге екенін, бір кезде араласқан, дастархандас болған, хат жазысып, шығармашылық байланыста жүрген адамдарын кейін аяусыз мысқылмен әжуалады. Максим Горький де, Владимир Маяковский де, Сергей Есенин де, Александр Блок та, Александр Куприн де оның өткір тілінен аман қалған жоқ. Қарап отырсаң, барлығы да бір-бір шың, сүйекті қаламгерлер. Демек, Буниннің ащы мысқыл, қатал сынының барлығы бірдей нысанаға дөп тиді деуден аулақпыз, әрине...
Бірақ мәселе оның кім туралы дұрыс, кім туралы қате айтқанында ғана емес. Басқа бір нәрсе қызығырақ: неге сол дәуірдің ірі қаламгерлері бір-біріне осыншалық ашық пікір айта алды? Ал біз бүгін бір-бірімізді неге сынай алмаймыз? Әдеби киллер деген мен ақиқати сынның атасы бір ме?
Бунин үшін әдебиетте «бедел» деген ұғым шығарманың сапасынан жоғары тұрған жоқ. Мәселен, Куприннің прозасын қайта оқып отырып, күнделігіне: «Қандай тұрпайы жеңілдік, қандай арзан, жүрдек тіл...» деген мағынада аса қатал баға қалдырады. Оның айтуынша, Горький, Андреев, Шаляпин секілді замандастары атақ-даңқтың буына мастанып жүргенде, Куприн өзіне қонған даңқты ештеңе болмағандай, табиғи әрі сабырмен қабылдаған. Яғни Бунин адамды бір ғана бояумен суреттемейді. Бір жерде шығармасын түйреп өтсе, екінші жерде мінезінің жақсы қасиетін мойындайды.
Ал Чеховқа келгенде үні мүлде өзгереді. Бунин оны ерекше биік қояды. Чеховтың Сахалинге сапарын, аштық пен оба кезіндегі еңбегін, дәрігерлік қызметін, мектеп салдыруын, кітапханаға қамқорлығын тізе келе, оның жазушылығымен қатар адамдық еңбегіне таңданады. «Мұндай Чеховтай жазушы бұрын болған емес» деген пікір айтады. Аса мәртебелі Антон Павелұлын бәріміз де алғаусызсүйеміз. Демек, Бунин бәрін жамандап өткен адам емес. Оның өз таразысы болған. Бірақ, жасыратын несі бар, сол таразы кейде тым қатал, кейде тым субъективті еді.
Бунин ең аяусыз мінездемелерінің бірін Маяковскийге берді. Ол ақынды революциядан кейінгі әдебиеттің ең зиянды тұлғаларының бірі деп қабылдап, оның шығармашылығын саясатпен тұтас қарастырады. Буниннің Маяковский туралы сөздерінің кейбірін бүгін оқудың өзі ауыр. Бір кездесуде Маяковский одан:
— Сіз мені қатты жек көресіз бе? — деп сұрағанда, Бунин:
— Жоқ. Сізге соншалық құрмет көрсетудің қажеті жоқ, — деген мағынада жауап қайтарады. Бұл эпизод Буниннің мемуарларында сақталған. Бүгін біз Маяковскийдің орыс поэзиясының тілін өзгерткен ірі ақындардың бірі екенін білеміз. Әлде Нобель сыйлығының лауреаты Бунин асау ақынды күндеді ме екен?.. Олай деуге де асықпау керек.
Өйткені Бунин әдебиетті тек эстетикалық құбылыс ретінде бағалап отырған жоқ еді. Революцияны қабылдамаған адамның саяси дүниетанымы оның кеңестік жүйені қолдаған қаламгерлерге көзқарасына деген ымырасыздығымен астасып жатты. Әдебиет зерттеушілері де Буниннің кейінгі мемуарларындағы Горький, Маяковский, Блок, Есенинге берілген бағаларға оның революцияға деген жеке көзқарасы араласқанын атап көрсетеді. Сондықтан Буниннің пікірі — үкім емес. Бұл — бір үлкен суреткердің екінші суреткер туралы пікірі. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.
Бунин Сергей Есенинге келгенде тіпті аяусыз. Бұл жерде әдеби сын мен жеке адамның мінезіне берілген бағаның арасы мүлде жойылып кететіндей. Есениннің бір өлеңін оқығаннан кейін Бунин: «Мұның несіне таңдануға болады?» деп сұрап, тіпті оның поэзиясын «өзінің бұзақылығын табыс көзіне айналдырған алаяқтың лирикасы» дегенге дейін барады.Бунинге әсіресе Есениннің «ауылдан шыққан қарапайым ақын» бейнесі жасанды көрінген. Оның ойынша, көнетоз ауылдың баласындай көріну, бұйра шаш, «хулиган», «скандалист» бейнесі — табиғи мінез ғана емес, әдеби ортада өзін танытудың тәсілі. Сондықтан Бунин Есениннің өлеңін оның өмір салтынан бөліп қарамайды. Бүгінгі сын өлшемімен қарасақ, дәл осы тұста Бунин шығарманы талдаудан автордың жеке басын әжуалауға өтіп кетеді. Бірақ ең қызығы да осында. Бунин Есенинді қабылдамады. Оның ақындық бейнесіне де, мінезіне де, өзі шыққан революциялық дәуірге де күмәнмен қарады. Ал Уақыт ше? Уақыт Буниннің үкімін бекіткен жоқ. Есенин қалды. Оның өлеңдері қалды. Бір ғасыр өткенде біз Буниннің Есенин туралы пікірін Есенинге шығарылған соңғы үкім ретінде емес, керісінше, ұлы жазушының өзі де субъективті болатынын көрсететін әдеби құжат ретінде оқимыз. Сонда еріксіз бір сұрақ туады: Бунин Есениннің талантын көре алмады ма, әлде Есениннің артында тұрған жаңа Ресейді қабылдай алмағандықтан, ақынның өзін де жерге тықты ма?
Бунин кәсіби әдеби сыншы болған жоқ. Бұл жерде бізді қызықтыратыны да оның сыншылық қызметі емес, қаламгердің басқа қаламгер туралы ашық, кейде шектен шыққан пікір айту құбылысы. Осы жерден әдебиеттің ғажайып бір заңдылығы көрінеді: бір ұлы жазушының екінші ұлы жазушы туралы теріс пікірі соңғы үкім бола алмайды. Уақыттың өз редакциясы бар. Ол кейде Буниннің де қолжазбасын түзетеді. Бірақ Буниннен үйренетін бір нәрсе бар екенін ұмытпау керек шығар. Оның қаталдығын емес, пікір айту еркіндігін айтып отырмыз. Буниннің әдеби ортасында қаламгерлер бір-бірінің шығармасын талқылады, сынады, келіспеді, айтысты. Кейде шектен шықты. Кейде әділетсіздік жасады. Кейде қызғаныш та, жеке араздық та араласты. Бірақ әдебиет туралы әңгіме болды.
Осы тұста әңгімені өзімізге бұрып көрейік. Қазақтың қазіргі әдеби ортасында бір жазушы екінші жазушының жаңа кітабы туралы:«Бұл әлсіз шығарма» деп ашық айта ала ма? Айтса, ертең не болады? Оның пікірі шығарма туралы пікір болып қала ма, әлде екі адамның жеке араздығына айнала ма? Мәселе осында. Бізде неге бәрі «көрнекті»? Қазақ әдеби баспасөзін, кітаптардың алғысөздерін, мерейтойлық мақалаларды қарап отырсаңыз, қызық бір лексика қалыптасқанын байқайсыз. «Көрнекті қаламгер». «Қарымды жазушы». «Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік өкілі». «Өзіндік қолтаңбасы бар суреткер». «Оқырманын мойындатқан талант». Осы сөздердің ешқайсысы жаман емес. Әрине, егер талғаммен, қатаң байыппен айтылса... Мәселе — олардың тым көптігінде. Бір күні әдебиетте бәрі талантты болып кетсе, таланттың өзін қалай ажыратамыз? Бәрі «шоқтығы биік» болса, биіктікті немен өлшейміз? Нашар кітап туралы кім айтады? Сәтсіз роман туралы ше? Жасанды өлеңді кім көрсетеді? Әлсіз шығарманы мақтай берген сайын біз авторға жақсылық жасап жатырмыз ба, әлде әдебиетке қиянат жасап жатырмыз ба?
Біздіңше, Сын мен қорлау — екі бөлек нәрсе. Әрине, бұл жерде Буниннің өзі де бізге мысал бола алады. Өткір пікір айту деген — адамды қорлау емес. Сынның нысанасы адамның түрі, мінезі, отбасы, өмір салты емес, ең алдымен шығарма болуы керек. Бунин осы шекараны кейде сақтамады. Оның мемуарларында қаламдастарының сырт келбетіне, жүріс-тұрысына, жеке қасиеттеріне дейін ащы мысқылға айналатын тұстар бар. Сондықтан оның барлық сөзін «әдеби батылдықтың үлгісі» деп қабылдау да дұрыс емес. Зерттеулер оның мемуарларында авторлық «меннің», жеке әсер мен субъективті бағалаудың шешуші рөл атқаратынын көрсетеді. Бірақ таразының екінші басы одан да қауіпті. Ешкімді сынамау. Ешкімді ренжітпеу. Бір-біріміздің кітаптарымызға жылы пікір жазып, тұсаукесерде мақтап, мерейтойда мадақтап, әдебиетті үнсіз келісім қоғамына айналдыру. Бұл сырттай өте мәдениетті көрінуі мүмкін. Ал әдебиет үшін қауіпті.
Нағыз әдеби сынның мақсаты — жазушыны жарға жығу емес. Шығарманың қалай жасалғанын түсіну, несі сәтті, несі сәтсіз екенін тайға таңба басқандай көрсету, неге үдеден шықпағанын дәлелдеу. Осы мәдениет қалыптасқанда ғана «маған ұнамады» деген сөз жаулық болып қабылданбайды. Бір сыншы романға теріс баға берсе, ертең сол жазушымен бір үстелде отыра алады. Бір ақын екінші ақынның өлеңін әлсіз десе, бұл олардың өмір бойғы дұшпандығын білдірмеуі тиіс. Әдебиет адамның көңілін сақтау үшін жазылмайды. Әдебиеттің алдында автордың да, сыншының да жеке өкпе-назы кішіреюі керек.
Айнаалып келгенде соңғы сөзді айтатын мәртебелі Уақыт, кемталанттар үшін қатігез, дарындылар үшін мейірімді Уақыт. Буниннің қаталдығында парадокс бар. Ол Маяковскийді қабылдамады. Есенинді аяусыз сынады. Горькиймен рухани және саяси тұрғыдан алшақтады. Әсіресе , Горкийдің оны қанша баурағанына,жақсылық жасағанына қарамастан... Бірақ ХХ ғасырдың әдебиет тарихында бәрі қатар тұр. Бәлкім, әдеби сынның ең үлкен сабағы да осы шығар.
Өйткені әдебиет мақтаудан ғана өспейді. Оған қарсылық та, талас та керек. Ең бастысы, біреудің «мына шығарма маған ұнамады, себебі...» деп дәлелмен айта алатын еркіндігі керек. Буниннің әріптестеріне берген мінездемелерін оқып отырып, оның ащы сөздерінің бәріне қосылу міндет емес. Тіпті көп тұсында онымен келіспеуге болады. Бірақ оның замандастары туралы пікірлерінен кейін бір сұрақ еріксіз қалады: Біз осы соңғы рет бір кітап туралы оның авторын ренжітіп аламын деп қорықпай, шын пікірімізді қашан айттық? Әдебиет үшін қауіпті нәрсе — жаман сын ғана емес. Кейде одан да қауіпті бір нәрсе бар, ол - сынның мүлде болмауы.
Лия Бекежан





