Кениялық жазушы Нгуги ва Тхионго әдебиетке ағылшын тілінде келді.
1960-жылдары оның алғашқы романдары жарық көріп, жас қаламгердің өз Отанынан тыс жерде де танымалдығы арта бастады. Ол өз дәуірінің, өз ұлтының патриоты ретінде британдық отарлау дәуірін, Кенияның тәуелсіздік жолындағы күресін, жаңа қоғамның қайшылықтарын жазды. Ағылшын тілі оған үлкен аудиторияға шығуға мүмкіндік берді. Бірақ жылдар өте келе жазушыны басқа мәселе мазалай бастайды: ол өзі кім үшін жазып жүр?
Бұл сұрақтың Нгуги өзіне-өзі тектен-тек қойған жоқ. Оның анасы ағылшын тілінде оқи да, жаза да алмайтын. Баласын мектепке жіберген, оның лайықты білім алуы үшін жансебіл еңбек еткен анасы кейін ұлының белгілі жазушы болғанын көрді. Бірақ өкінішке орай оның кітаптарын оқи алмады. Нгуги кейін осы қайшылықты өзі де еске алған: алғашқы кітабын анасы үшін түсініксіз тілде жазғанын өкінішпен айтқан. Біздің ойымызға осы жерде өзінен-өзі Расул Ғамзатовтың айтқан әңгімесі орала ма, қалай өзі?..
Бұл оның тілге көзқарасын бір күнде өзгерткен жоқ. Оған Кенияның отарлық тарихы, білім беру жүйесі және өзінің бала кезіндегі тәжірибесі де әсер етті. Нгуги мектепте оқыған кезде жергілікті гикуйю тілінде сөйлеу құпталмайтын. Кей мектептерде ана тілінде сөйлеген балалар жазаланатын. Ағылшын тілі білім мен әлеуметтік мүмкіндіктің тілі болса, жергілікті тілдердің орны басқа еді. Кейін жазушы осы тәжірибені тіл мен биліктің арасындағы байланысты түсіндіру үшін қайта-қайта еске алды.
1977 жылы жағдай күрт өзгерді. Нгуги жергілікті тұрғындармен бірге әлеуметтік теңсіздік пен билікті сынаған пьеса жазып, оны ауыл театрының сахнасына шығарды. Көп ұзамай жазушы тұтқындалып, бір жылға жуық түрмеде отырды. Сол жерде ол «Крестке керілген шайтан» Devil on the Cross романын жаза бастады. Ерекшелігі – роман ағылшынша емес, гикуйю тілінде жазылды. Қолжазбаның бір бөлігі түрмеде қолда бар дәретхана қағазына түскен еді. Бұл оның бүкіл шығармашылық жолын жаңа арнаға салды.
Кейін Нгуги көркем шығармаларын негізінен гикуйю тілінде жазуға көшті. 1986 жылы шыққан «Сананы отарсыздандыру» Decolonising the Mind еңбегінде ол тілдің жай ғана қарым-қатынас құралы емес екенін, оның адамның дүниені қабылдауына, мәдени жадына және өзін кім ретінде сезінуіне қатысы бар екенін терең талдайды. Нгугидің көзқарасымен келісу міндетті емесшығар... Өйткені, Африка жазушыларының өздері де бұл мәселеде бір пікірде болған жоқ. Кейбір қаламгерлер ағылшын, француз секілді кең таралған тілдерді Африка әдебиетін әлемге жеткізетін құрал деп санады. Нгуги болса, мәселені басқа жағынан қойды: егер жергілікті тілде күрделі әдебиет пен білім жасалмаса, сол тілдің қоғамдық кеңістігі біртіндеп тарыла бермей ме? Бұл сұрақ бір ғана Африкамен шектелмейді.
Мысалы, Ирландияда ирланд тілі мемлекеттік мәртебеге ие, мектепте оқытылады. 2022 жылғы халық санағында 1,87 миллионға жуық адам ирланд тілінде сөйлей алатынын көрсеткен. Бірақ олардың шамамен 72 мыңы ғана бұл тілді білім беру жүйесінен тыс күнделікті қолданатынын айтқан. Ал 473 мыңға жуығы ирланд тілін білетінін көрсеткенімен, оны мүлдем қолданбайтынын мәлімдеген. Бұл жерде қызық айырмашылық бар: тілді білу мен сол тілде өмір сүру – екі түрлі нәрсе.
Осы тұста әңгіменің ауанын қазақ тіліне қарай бұрсақ болатын шығар... Қазақстанда қазақ тілінің жағдайы, әрине, Кенияның немесе Ирландияның тарихын толық қайталайды деуден аулақпыз. Бізде тарихи жағдай да, демография да, тіл саясаты да бөлек. Сондықтан оларды тікелей салыстыру дұрыс болмас еді. Бірақ Нгуги қойған бір сұрақ бізге де таныс. Тілді білу жеткілікті ме? Қазақша үйде сөйлесуге болады. Дос-жаранмен әзілдесуге, тойда тілек айтуға, әлеуметтік желіде жазба қалдыруға болады. Мұның бәрінде қазақ тілінің орны бар.
Ал адам кәсіби ортаға кіргенде не болады? Экономика туралы күрделі пікірталасқа қатысқанда ше? Психология, медицина, философия, технология немесе жасанды интеллект туралы сөйлескенде? Жаңа ғылыми еңбекті талқылағанда? Ірі компанияда жоба қорғағанда? Үкімет үйінің қабырғаларында ше?.. Мәселе қазақ тілінде мұндай әңгімені жүргізуге «бола ма, болмай ма?» дегенде емес. Әрине, болады. Қызығы – адам қай тілді автоматты түрде таңдайды? Кейде адам қазақ тілін жақсы біледі, бірақ кәсіби тақырыпқа келгенде басқа тілге ауысады. Мұның себебі әртүрлі болуы мүмкін: білімді қай тілде алғаны, терминологияға үйренуі, жұмыс ортасы, қажетті әдебиеттің қай тілде көбірек болуы немесе айналасындағы адамдардың тілдік әдеті. Сондықтан бұл жағдайды бірден «ана тілінен ұялу» деп түсіндіру де бір қарағанда қиынға соқпайтын секілді...
Тілдің қоғамдық салмағы адамның ниетімен ғана өлшенбейді. Оған сол тілде қанша кітап шығатыны, қандай университеттік оқулықтар жазылатыны, интернетте қандай контент бар екені, бизнестің қай тілде сөйлейтіні, балалар қандай мультфильм көретіні, мамандар өз саласындағы жаңа білімді қай тілден алатыны да әсер етеді. Осы тұрғыдан қарағанда, тіл мәселесі кейде филологиядан гөрі инфрақұрылым мәселесіне көбірек ұқсайды. Тілге жаңа сөз қосу жеткіліксіз. Сол сөз қолданылатын орта керек. Жаңа технология туралы қазақша термин жасауға болады. Бірақ ол термин университетте, зертханада, кеңседе, YouTube-та, подкастта, оқулықта қолданылмаса, сөздіктегі сөз күйінде қала береді. Көркем әдебиетте де солай.
Нгуги гикуйю тілінде роман жазғанда тек бір тілден екіншісіне ауысқан жоқ. Ол сол тілге бұрын ағылшын тілі атқарып келген міндеттердің бірін – үлкен әдебиеттің тілі қылуға тырысып бақты. Оның тәжірибесіндегі ең қызық тұс та осында шығар. Тілді сақтаудың бір жолы – оны қорғау. Екінші жолы – оған жұмыс беру. Роман жазу. Ғылым тілінде сөйлету. Бизнес жүргізу. Бағдарлама жасау. Балаларға арналған дүние шығару. Кино түсіру. Күрделі тақырыпта дауласу. Қалжыңдау. Қателесу. Жаңа сөз ойлап табу. Яғни тілді ерекше жағдайда ғана қолданылатын құндылық емес, кәдімгі өмірдің құралына айналдыру.
Нгуги ва Тхионго 2025 жылы 87 жасында өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін ол тіл туралы пікірінен бас тартқан жоқ. Бірақ оның мұрасы бізге дайын жауаптан гөрі бір сұрақ қалдырған сияқты: Тілдің болашағын оны қанша адамның білетіні анықтай ма, әлде сол тілде не жасауға болатыны ма? Қазақ тіліне қатысты әңгімені де, бәлкім, осы сұрақтан бастаған қызығырақ шығар...





