Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Бір адамның ішіндегі жетпіс ақын

      Ертеде адамның бойынан өзіне жат біреудің дауысы шықса, жұрт оны жын иектеген деп түсінген. Ал бір адамның бойында жетпіс түрлі ақын өмір сүріп, әрқайсысы өз мінезімен, өз дүниетанымымен, өз тілімен сөйлесе ше? Мұндай құбылыс мистикалық хикаяның желісі сияқты көрінгенімен, ХХ ғасыр әдебиетінде шынымен болған.
     Әлем әдебиетінде өзге біреудің атын жамылып шығарма жазған қаламгерлер аз емес. Бірақ өзі ойлап тапқан ақындарға өмірбаян жазып, мінез беріп, әдеби талғам қалыптастырып, тіпті оларды бір-бірімен айтыстырған жазушы некен-саяқ. Португал ақыны Фернанду Пессоа әдебиет тарихында дәл осындай таңғаларлық құбылыс қалдырды. Оның шығармашылық әлемінде бір адамның бойына бірнеше ақынның ғана емес, бір-біріне мүлде ұқсамайтын бірнеше адамның ғұмыры сыйып кеткендей еді.

Өзіне ұстаз ойлап тапқан ақын
     
     1935 жылы Лиссабонда 47 жасында Фернанду Пессоа қайтыс болды. Артында кітапқа айналып үлгермеген өлеңдер, эсселер, философиялық жазбалар, әдеби жоспарлар мен хаттар қалды. Солардың едәуір бөлігі сандықта сақталған еді. Бұл сандықтың ішінен кейін әдебиет зерттеушілері мыңдаған қолжазба парағын тапты. Бірақ оларды жүйелеп, авторларын анықтау оңайға соқпады. Өйткені бір жазушының мұрасынан әртүрлі адамдардың атынан жазылған шығармалар шықты. Бірі сабырлы, екіншісі асау, үшіншісі суыққанды. Бірі табиғатты жырласа, енді бірі техникалық өркениеттің екпініне елітеді. Бірінің дүниетанымын екіншісі қабылдамайды.    
     Бәрін жазған бір адам — Фернанду Пессоа. Бірақ ол бұл шығармалардың бәрін өзінікі деп қарастырмаған. Әрқайсысының авторы бар деп есептеген. Ең қызығы, сол авторлардың бірі оның өзіне ұстаз болған. 1914 жылдың 8 наурызын  Пессоа шығармашылық өміріндегі ерекше күн ретінде сипаттайды. Кейін досы Адолфу Казайш Монтейруға жазған әйгілі хатында ол сол күні кенеттен бірінен соң бірі өлеңдер жазып, бойында өзінен бөлек бір ақынның пайда болғанын айтады. Ол ақынның аты — Алберту Каэйру. Пессоа оны өзінің ұстазы деп таныған.
     Ойлап қараңызшы: жазушы өзі дүниеге әкелген ақыннан өзі тәлім алады. Өзі жасаған кейіпкердің алдында өзін шәкірт санайды. Бұл әдеби ойын ғана ма? Әлде шығармашылық сананың біз әлі толық түсінбеген бір мүмкіндігі ме?

Бірі — табиғатты сүйді, бірі — өркениетке ғашық болды

    Алберту Каэйру — Пессоа ойлап тапқан ақындардың ішіндегі ең жұмбағы.
Оның ойдан құрастырылған өмірбаяны да қарапайым. 1889 жылы Лиссабонда туған, өмірінің басым бөлігін ауылда өткізген, жүйелі білім алмаған. 1915 жылы дүниеден өткен. Ешқандай әдеби мектептің өкілі емес, ешбір философиялық ағымның соңынан ермейді. Ол үшін ағаш — ағаш қана. Гүл — гүл. Өзен — өзен.
    Адамдар табиғаттан үнемі астар, символ, құпия мағына іздейді. Ал Каэйру мұның бәрін артық көреді. Оның түсінігінде дүниені танудың ең дұрыс жолы — оны түсіндіруге тырыспай, сол күйінде қабылдау. Бір қарағанда, қарапайым ой. Бірақ адамзаттың ғасырлар бойы дүниенің мәнін іздеумен айналысқанын ескерсек, бұл тұтас философиялық дәстүрге қарсы қойылған көзқарас еді.
     Ал Рикарду Рейш мүлде басқа. Пессоа оған дәрігер мамандығын берген. Латын мәдениетін, антикалық философияны жақсы білетін, ұстамды, тәртіпті адам етіп елестеткен. Оның өлеңдерінде ежелгі грек-рим дүниесінің сарыны, тағдырға мойынсұну, өмірдің өткіншілігін сабырмен қабылдау басым. Рейш үшін сезімге ерік беру — әлсіздік. Ол адамның ең үлкен жеңісі өзін-өзі билей алуында деп түсінеді.
      Ал үшінші ақын — Алвару де Кампуш. Ол — инженер. Шотландияда білім алған, теңіз сапарларын бастан өткерген, машиналар мен алып қалалардың дәуіріне тән адам. Кампуштың поэзиясында зауыттардың дауысы, кемелердің қозғалысы, өркениеттің жылдамдығы, адамның ішкі мазасыздығы қатар жүреді. Ол дүниені Каэйру сияқты жай ғана бақылап отырғысы келмейді. Рейш сияқты сабыр сақтағысы да келмейді. Керісінше, өмірдің барлық әсерін бірден сезінгісі келеді.
     Осылайша бір адамның қаламынан туған үш ақын дүниеге үш түрлі көзқарас ұсынады. Бірі — табиғатпен үйлесімділікті, екіншісі — парасат пен ұстамдылықты, үшіншісі — сезім мен өркениеттің алапат қозғалысын таңдайды. Егер олардың өлеңдерін авторларының есімін білмей оқысаңыз, бір адамның жазғанына сену қиын. Ал ең қызығы, осы үш ақынның дүниетанымын қалыптастырған Пессоаның өзі олардың ешқайсысына толық ұқсамайды.

Өмірде болмаған адамдардың әдеби ортасы

    Пессоа мұнымен шектелмеген. Мына қызықты қараңыз, ол ойдан шығарған ақындардың өзара қарым-қатынасын да қалыптастырған.
    Каэйру — ұстаз. Рейш пен Кампуш — оның шәкірттері. Бірақ шәкірттер ұстазының көзқарасын бірдей түсінбейді. Бірі оның табиғилығын классикалық тәртіппен ұштастырса, екіншісі өз сезімінің тасқынына айналдырады. Пессоа олардың атынан әдеби пікірлер, түсініктемелер, бір-бірінің шығармашылығы туралы ойлар жазған. Бұл жерде әдебиет тарихында сирек кездесетін қызық жағдай туады: бір автор өзі ойлап тапқан ақынның шығармасын екінші бір ойдан шығарылған ақынның атынан талдайды. Ол тіпті кейбір әдеби тұлғаларының туған күні мен сағатын, сыртқы келбетін, бойын, мамандығын, өмір жолын белгілеген.
     1935 жылғы 13 қаңтарда әдебиет сыншысы Адолфу Казайш Монтейруға жазған хатында Пессоа өз гетеронимдерінің қалай пайда болғанын егжей-тегжейлі баяндайды. Ол осы қиялдағы әдеби ортаның ішкі байланыстарын, достықтарын, пікір қайшылықтарын қалыптастырғанын айтады. Бір қызығы, өзі жаратқан адамдардың арасында өзінің қатысуы бәрінен аз болғандай сезінген
     Бұл тұста маңызды сұрақ туады. Жазушы кейіпкер ойлап тапқанда, әдетте оның тағдырын өзі шешеді. Қайда баратынын, кіммен кездесетінін, не айтатынын біледі. Ал Пессоа өз кейіпкерлеріне авторлық құқық бергендей болды. Олар тек шығарма ішінде өмір сүрмейді, өздері шығарма жазады. Демек, Пессоа бір ғана әдеби әлем жасаған жоқ. Ол сол әлемнің ішінде өз әдебиетін тудырған бірнеше сананы қатар өмір сүргізді.
      Осы тәжірибені драматургиямен салыстыруға болады. Театрда бір актер бірнеше рөл ойнай алады. Бірақ көрермен оның актер екенін біледі. Ал Пессоаның әдебиетінде актер сахнадан жоғалып, әр рөл дербес авторға айналғандай әсер қалдырады.

Адам неге басқа біреу болғысы келеді?

    Фернанду Пессоаның жеке өмірі сырттай қарағанда аса бір тағдырлы деуге келмейді. 1888 жылы Лиссабонда дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы екінші рет тұрмысқа шыққаннан кейін балалық шағының бір бөлігі Оңтүстік Африкадағы Дурбан қаласында өтті. Ағылшын тілінде білім алды. Кейін Португалияға оралып, өмірінің көп бөлігін Лиссабонда өткізді. Коммерциялық мекемелерге шет тілдерінде хат жазып, аудармамен айналысып күн көрді. Әдеби журналдарға қатысты, өлеңдер мен мақалалар жариялады. Бірақ тіршілігінің негізгі бөлігі қарапайым кеңселер мен жалдамалы бөлмелерде өтті. Күнделікті өмірі біршама қалыпты болған адамның қиялында соншама күрделі әдеби әлемнің қалыптасуы таңғаларлық.
     Пессоаның шығармашылық тәжірибесін кейде тұлғаның бөлшектенуімен түсіндіруге тырысады. Алайда оны медициналық құбылысқа телу әдебиетті тым қарапайым түсіндіру болар еді. Өйткені гетеронимдер — ең алдымен көркемдік ізденістің нәтижесі. Пессоа оларды кездейсоқ пайда болған елестер ретінде ғана емес, өзіндік эстетикасы, тілі, ойлау жүйесі бар әдеби тұлғалар ретінде қалыптастырған. Оның тәжірибесі адам санасының бір қызық ерекшелігін көрсетеді: біз өзіміз қабылдамайтын көзқарасты да терең түсіне аламыз. Өзіміз бастан кешпеген сезімді елестетеміз. Өзімізге мүлде ұқсамайтын адамның атынан сөйлей аламыз. Әдебиеттің өзі осы қабілетке сүйенеді емес пе?
   Толстой Анна Каренина болып өмір сүрген жоқ. Достоевский Раскольников жасаған қылмысты жасаған жоқ. Флобер Эмма Бовари болған жоқ. Бірақ олардың әрқайсысы өз кейіпкерлерінің ішкі дүниесіне ене алды. Пессоа бұл мүмкіндікті өзгеше бағытта дамытты. Ол өзге адамның жан дүниесін бейнелеп қана қойған жоқ, сол адамның атынан дербес әдебиет жазды. Сөйтіп, жазушы мен кейіпкер арасындағы шекараны бұрынғыдан да көмескілендіріп жіберді.

Жетпіс ақын ба, әлде жүзден астам автор ма?

     Пессоаның әдеби тұлғаларының саны жөнінде әртүрлі дерек кездеседі. Кейбір зерттеулерде жетпістен астам есім аталады, кейінгі архивтік еңбектерде жүзден асатын ойдан шығарылған авторлық тұлғалар көрсетіледі.
Дегенмен мұнда бір маңызды ерекшелік бар. Олардың бәрі бірдей толық қалыптасқан ақын емес. Пессоа негізгі үш гетеронимін — Алберту Каэйру, Рикарду Рейш және Алвару де Кампушты  дербес шығармашылық тұлғалар ретінде айқындаған. Ал Бернарду Суарешті жартылай гетероним деп атаған. Оның әйгілі «Мазасыздық кітабы» осы тұлғамен байланысты. Қалғандарының арасында жазушылар, сыншылар, философтар, аудармашылар, әртүрлі шығармашылық жоспарлар үшін ойластырылған есімдер бар. Пессоа музейінің деректері бойынша, оның мұрасында жүзден астам осындай авторлық тұлға кездеседі. 
     Сондықтан «жетпіс ақын» деген тіркесті дәл сандық анықтама емес, Пессоа феноменін бейнелейтін шартты атау ретінде түсінген жөн. Бірақ мәселе санда емес. Бір адамның үш түрлі дүниетаныммен, үш түрлі поэтикалық тілмен, үш түрлі өмірлік тәжірибемен жаза алуының өзі әдебиет тарихындағы ерекше құбылыс. Пессоаның өз атымен жазылған өлеңдері де бар. Демек, осы қиялдағы авторлардың арасында Фернанду Пессоа деген ақынның өзі де өмір сүрген. Сонда шынайы Пессоа қайсысы? Оның өзі ме? Әлде Каэйру, Рейш, Кампуш және басқа да әдеби тұлғалардың барлығы бірігіп құраған күрделі шығармашылық әлем бе?

Сандықта қалған әдебиет

    Пессоа тірі кезінде бүгінгідей даңққа ие болған жоқ. Ол әдеби ортаға біршама белгілі болғанымен, шығармашылық мұрасының басым бөлігі жарияланбаған күйінде қалды. 1934 жылы португал тіліндегі «Mensagem» («Жолдау») атты кітабы жарық көрді. Бұған дейін ағылшын тілінде бірнеше шағын жинақ шығарған еді. Бір жылдан кейін ақын қайтыс болды. Оның артында 25 мыңнан астам қолжазба парағы сақталған. Оларды зерттеу, жүйелеу, жариялау ондаған жылға созылды. Пессоаның көптеген шығармалары оқырманға автор қайтыс болғаннан кейін ғана жетті. 
     Пессоа өзінің ойдан шығарған ақындарына туған күн, өмірбаян, мінез бергенімен, олардың болашақ тағдырын толық билей алмады. Олар авторынан кейін де әдебиетте өмір сүріп қалды. Тіпті ХХ ғасыр әдебиетінің тарихын Пессоасыз елестету қиынға айналды. Бір кездері Лиссабондағы шағын бөлмелерде отырып жазылған мәтіндер бүгінде әлемнің көптеген тіліне аударылған. Өмірде болмаған ақындардың өлеңдері шынайы оқырмандарын тапты.

Ақынның бір ғана "Мені" бола ма?

    Пессоа феномені туралы ойланғанда қазақ әдебиетіндегі ақындық «мен» мәселесін айналып өту қиын. Әрине, біздің әдебиетімізде Пессоа сияқты ондаған дербес автор ойлап тауып, солардың атынан тұтас шығармашылық әлем қалыптастыру дәстүрі болған жоқ. Бірақ бір ақынның бойынан бірнеше түрлі дауыс естілуі қазақ поэзиясына да жат емес.
     Мәселен, Абайдың бір өлеңінде адамзаттың мінезін әшкерелейтін қатал сыншы сөйлесе, келесі бір өлеңінде дүниенің сырын ұғынуға ұмтылған ойшыл көрінеді. Ал махаббат лирикасында мүлде басқа сезім иесі бой көрсетеді. Оның үстіне Абай өз атынан ғана емес, кейіпкерлердің атынан да сөйлейді. «Қыз сөзі», «Жігіт сөзі» сияқты өлеңдер — соның айғағы. Бірақ бұл Пессоаның гетеронимдерімен бірдей құбылыс емес. Абай әртүрлі поэтикалық дауысты біртұтас авторлық әлемнің ішінде ұстайды. Пессоа болса сол дауыстардың әрқайсысын жеке авторға айналдырған. Айырмашылық осы жерде.
     Қазақ поэзиясында ақынның өзімен сырласуы, өзіне сұрақ қойып, өзімен дауласуы ерекше орын алады. Шәкәрімнің ар-ұждан туралы толғаныстарынан да, Мағжанның жан дүниесіндегі қарама-қайшылықтардан да, Мұқағалидың өзімен-өзі бетпе-бет келетін өлеңдерінен де осы ішкі сұхбатты көреміз. Жұмекен Нәжімеденов поэзиясында да ақынның сыртқы әлеммен ғана емес, өз ойымен, өз танымымен үздіксіз күресі бар. Оның өлеңдеріндегі лирикалық тұлға бірде қарапайым тіршіліктің ұсақ көрінісіне үңілсе, бірде сол көріністен адам болмысының күрделі қайшылығын ашады.
Бұлар Пессоаға ұқсауға ұмтылған ақындар емес. Әрқайсысы ұлттық әдебиеттің өз топырағында қалыптасқан дара тұлғалар. Дегенмен бәрін байланыстыратын бір мәселе бар: ақынның «мені» оның өмірбаяндық тұлғасымен ғана шектеле ме?
     Әдебиетте «мен» деген сөзді әрдайым автордың жеке басымен теңестіруге болмайды. Өлеңдегі мұң ақынның өмірде бастан кешкен қайғысы болмауы мүмкін. Кейіпкердің ашуы автордың ашуы емес. Лирикалық тұлғаның дүниетанымы да қаламгердің күнделікті өмірдегі көзқарасымен сәйкес келе бермейді. Біз кейде өлеңді оқи отырып, ондағы әр сөзден ақынның жеке тағдырын іздейміз. Оның кімге ғашық болғанын, кімге ренжігенін, қандай оқиғаны бастан кешкенін білгіміз келеді. Тіпті көркем мәтінді өмірбаянның дәлелі ретінде қабылдаймыз. Оған мысал, Фариза Оңғарсынованың отты лирикаларын оқыған оқырмандар ондаған жылдар бойы автордың өмірінен аңыз іздеді.
    Ал Пессоа бізге әдебиетті басқаша оқудың мүмкіндігін көрсетеді. Ақын өзі болмаған адамның атынан да шынайы сөйлей алады. Өзі сенбейтін ойды да көркемдік тұрғыдан сенімді жеткізе алады. Өзі өмір сүрмеген тағдырды да оқырманға бастан кешірте алады. Мұның бәрі шығармашылықтың жалғандығын емес, керісінше, оның мүмкіндігінің кеңдігін көрсетеді. Бәлкім, әдебиеттің құдіреті де осында шығар. Адамға бір ғана ғұмыр беріледі. Ол бір жерде туып, белгілі бір ортада өседі, белгілі бір тағдырды бастан кешеді. Бірақ әдебиет сол жалғыз ғұмырдың шекарасынан шығуға мүмкіндік береді.
Оқырман кітап арқылы өзгенің өміріне енсе, жазушы сол өмірді сөз арқылы жаратады.
    Пессоа бұл мүмкіндікті шегіне жеткізді. Ол бір адамның атынан бірнеше тағдырды сөйлетті.
Ал қазақтың ұлы ақындары бір ғана авторлық дауыстың өзіне тұтас халықтың мұңын, қуанышын, қайшылығын, сан алуан мінезін сыйғыза алды.
Екі түрлі шығармашылық жол. Бірақ екеуінің де түпкі мәні адам болмысының шексіз күрделілігіне барып тіреледі. Өйткені әдебиеттегі ең үлкен жұмбақ — жазушының қанша адам болып сөйлей алатынында емес, сол сансыз дауыстың арасынан адамға ортақ бір шындықты таба алуында.

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді