Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

«Желқайық»: бір оқырманның толғанысы

Мейрамгүл Дәулетқалиева


     Жақында жазушы Тұрысбек Сәукетаевтың «Қилы тағдыр» романдар циклінің үшінші кітабы - «Желқайық» романын оқып бітірдім. 
«Желқайық» - көп салалы, күрделі роман. Азаттық қарсаңындағы қазақ қоғамының әлеуметтік халі, рухани болмысы психологиялық кең ауқымда көркемдік қуатпен шебер суреттелген. Кейіпкерлердің қым-қиғаш тағдыры арқылы автор өмірдің небір шытырман қалтарыстарына терең барлау жасап, бүгінгі қайшылыққа толы болмысымыздың шынайы бейнесін айшықтап береді.
     Романды оқи отырып, қазақты неге Жұбан ақын  «мың өліп, мың тірілген» деп сипаттағанын тереңірек ұғынғандай болдым. Тағдырдың бұралаң жолдарынан өткен шығарма кейіпкерлерінің басынан кешкен ауыр, тіпті адам төзгісіз оқиғалары көз алдыңа келіп, жан-дүниең төңкеріліп кеткендей күй кешесің.
Жас ғалым Бахтияр мен Зухраның бақытсыз балалық шағы, өскеннен кейінгі жоқшылық пен баспана зардабын тартып, көшіп-қонуы,  сүйгенін соғыс жалмап, қатты күйіктен есінен адасқан, ел ішінде «Пәрижан» атанған Бахтиярдың анасы... Оның әркімге қолжаулық болып, дүниеге бірнеше бала әкелуі немесе жазықсыз жапа шеккен, отыз жетінің зұлматын, ұлы Отан соғысын басынан өткерген, бейнетқор Шәуәли, ядролық сынақтың құрбаны Биназар, Чернобыль апаты зардабынан тірі өлікке айналып, алқаш атанған  Тұрар, тұла бойы өмірге деген ыза мен кекке толы, соңында жеңіл жүріске салынған сорлы Роза, сүйген жігітінен тірілей айырылған, құсалы, қасіретті тағдырлы Сәбира-Соня, бар өмірін ғылымға арнаған фанатик Ахметов, оның  нашақор ұлы Ришат, арабқа күйеуге тиіп, алтын басы қор болған, бауыр еті баласынан айырылып, психикалық  ауруға ұшыраған қызы - Салтанат. 
Бір кезде партия, заң органдарында қызмет етіп, кейіннен ғылымға келген, қылмыс әлемімен астыртын жалғасқан жымысқы Аманбаев, туғаннан бақытсыз боп жаралған аянышты Мотя тәтей, өткен өмірінің өкініші өзегін өртеп, жан азабы маза бермей, ақыры өзін-өзі атып өлтірген Базарғұл - «Сыған», жалғыз баласының «қамқорлығы» арқасында басынан бағы тайып, өз үйінің «жалшысына» айналып, пұшайман болған Айша апай... 
Басқа да кейіпкерлердің ешбірінің тағдыры маңдайынан сипамаған.
Бір ғана кейіпкер-Бахтиярдың нағашысы Шәуәлидің басынан заманның бірнеше зұлматы өткен. 
«Қара шалдың бауырында бірде аш, бірде тоқ болғанымен мейіріне мелдектей жүріп ер жеткен. Орталау мектепті бітіріп, қалада екі жылдық мұғалімдер семинариясында оқыды. Елге келіп, мұғалім болды. Ол да бір дәурен еді-ау. Алғы күннен тек жақсылық күтіп, алып-ұшқан албырт көңіл. Сөйтіп жүргенде отыз жетінің қара дауылы ұйтқыды. Сұрапылдың шет-жағасы мұны да шарпыды. Шет-жағасы емес ау, тұп-тура қара құйынның өзі шырқ үйіріп шыңыраудың түбіне бір-ақ атқан»
Жұмыстас екі жігітке еріп, мектеп директоры Қабылбайдың үстінен жалған жала жауып үндеместің мекемесіне арыз жазады. Ол жазған арыз өздеріне сор боп, барлығы да сотталады. Атылған жоқ. «Сейфуллиннің құйыршығын әшкерелеуде саналылық танытты» деп жеңілдік жасап, жиырма жылға кеседі. Итжеккенге айдалады. Ауыр еңбек, аяз бен аштық, шықпа, жаным шықпамен екі жыл өтеді. Үшінші жылын орталағанда екінші дүниежүзілік соғыс басталып, өзі сұранып арыз жазып, соғысқа кетеді. Кезекті бір сұрапыл шайқаста өлімші боп жараланып, бір аяғынан айырылады. Өліп, қайта тіріледі. Итжеккенде де, соғыста да көрмеген құқайы  жоқ, бірақ «періштесі қағып» өлімнен аман қалады. Елге оралған соң қартайған шағына дейін колхоздың қойын бағады. 
Басынан кешкен оқиғаларын тыңдап отырып, Бахтияр нағашысынан сұрайды:
    -  Осынша азап, қорлық көрсеңіз де өмірге ризасыз ба?
- Неге риза емеспін? Тәуба, тәуба! Менің сендей кезімде құс қана ұшатын қазақтың аспанында міне, самолет ұшып жүр. Қазақ бұрын болған-толған дегенде, балалардың ана кітабындағы бес-алты ескі моланың сүгіретінен басқа не бар еді? Енді, міне, аңылжыған тып-типыл далада көз жауын алатын қаншама шаһар орнады. Өскенің, өркендегенің осы емес пе!
     Өмір болған соң ондай-ондай болмай тұра ма? Ойыңдағының бәрі орындала берсе, ол да қызық емес. Құс қос қанаты болмаса, жалғыз қанатымен ұша ала ма? Қуаныш пен өкініш те сол қос қанат сияқты. Бір қалықтап,бір құлдилап өмір көшіне ілесесің. Әр нәрсенің жылт еткен жақсылығын көріп, қуана білген адам ғана бақытты. ( Шіркін, біздің қазіргі өмірімізде осы Шәуәли сияқты адамдар көп болса ғой)
    «Желқайық» романы арқылы автор бізге мынаны ұқтырғысы келеді: өмірде бәрі дәл біздің ойлағанымыздай бола бермейді. Өмір кейде күліп қараса, кейде жалт бұрылып, сені бұралаң жолға лақтырып жібереді. Сондықтан  адам өмірдің кез-келген сынағына дайын болу керек. Осыны кітап кейіпкері Әзиз-Сұлтанның әкесінің аузынан шыққан мына сөзбен түйіндеп береді: «Әлбетте, таңғы асы тәңірден бұйырар-бұйырмасын кім кесіп айта алады? Біздің тек үміттенуге ғана хақымыз бар. Бәріміз – желқайық үстіндегі жолаушымыз. Қайығың-қалтылдақ, алдың-белгісіздік. Ұшы-қиыры жоқ ұлы сапарда ұйтқыған дауылға ұрынып құрдымға кетесің бе, жоқ болмаса, жел оңынан тұрып, желкеңді кеулей ме - бәрі сәтіне байланысты. Сенікі тек тырбынып алға ұмтылу. Көз ұшында жылт-жыт жанған бір жарыққа жетсем дейсің. Жақындаған сайын жырақтай түскендей, жеткізіп бермейді. Өмір деген, әне сол...»
Романды оқи отырып, менің түйсінгенім мынау: біз қазір пендешілікпен анау жоқ, мынау қымбат, ақша жетпейді т.б. деп жатамыз. Ең бастысы, соғыс жоқ, аштық жоқ, ашық аспан астында бейбіт өмір кешіп жатқанымызға тәубе деуіміз керек. Барға риза болып, шүкір айтудан жалықпайықшы...

 

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді