Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Толқын Забирова: «Атақ сенің артыңнан жүгіруі керек»

    Классикалық вокал мен эстраданы қатар алып жүрген белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, профессор  Толқын Забирова «Сарайшық» порталына өнерге адалдық, ұлттық ән мектебі, Бибігүл Төлегеновамен рухани жақындығы, ана тәрбиесі және өмірлік бақыты туралы әңгімелеп берді.


— Сіз классикалық вокал мектебінен өтіп, эстрадада да өзіндік қолтаңба қалыптастырдыңыз. Бүгінде кәсіби шеберліктен гөрі танымалдық алға шығып кеткендей көрінетін кездер бар. Сіз үшін көпшілікке ұнау маңызды ма, әлде өз талғамыңызға адал қалу ма? Осы екеуінің бірін таңдауға тура келген сәттер болды ма?
— Мен ешқашан атақтың артынан жүгірген адам емеспін. Мұны өзімнің шәкірттеріме де талай рет айттым: «Атақ сендердің арттарыңнан жүгірсін», – деймін. Өйткені менің ойымша, адам өнерге келгеннен кейін ең алдымен өнерге адал болып, аянбай еңбек етуі керек. Менің өмірлік ұстанымым – адал еңбек ету.
     Бұл ұстанымның қалыптасуына ең алдымен әжем, одан кейін анам, сондай-ақ үлкен ұстазым Бибігүл Ахметқызы Төлегенова ықпал етті. Бала кезімнен бойыма сіңген осы қасиетті кейін ұстаздарымның өнегесі арқылы тереңдете түстім. Бибігүл Ахметқызының да өнердегі өмірлік ұстанымы – адал еңбек ету. Ол кісі қай жағынан қарасаңыз да, маған үлгі болған, осы уақытқа дейін ұстаз болып келе жатқан тұлға.
     Меніңше, адам өз жұмысына адалдықпен, шынайы ықыласпен қарайтын болса, оның атағы да, танымалдығы да, көпшіліктің ықыласы да өзінен-өзі келеді. Әрине, бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Бірақ мен мұны аса маңызды нәрсе деп есептемеймін. Ең бастысы – өз ісіңе адал болу, жұмысыңды шынайы ниетпен атқару. Ал өзіңнің көрерменің, тыңдарманың, өнеріңді бағалайтын, оған шын ықыласымен табынатын адамдар қашанда табылады. Сондықтан мен ешқашан «Қалай танымал боламын?», «Атақты болу үшін не істеуім керек?» деген сұрақтарды алдыма қойған емеспін.
    Мен әр қадамымды асықпай, сатылап, музыка саласындағы кәсіби жолмен жүріп өттім. Алдымен музыкалық мектепте оқыдым, одан кейін консерваторияны, аспирантураны тәмамдадым. Кандидаттық диссертация қорғадым, профессор атағын алдым. Отыз жыл бойы сабақ бердім. Мен үшін шәкірт тәрбиелеудің де орны ерекше. Кішкентай болса да, қарадомалақ балалардың бойындағы өнерге деген қабілетті дамыту, оларды тәрбиелеу, өзімнің жинаған тәжірибеммен, тапқаныммен, білгеніммен бөлісу – үлкен жауапкершілік. Мұны мен әншілік өнерімнің де, ұстаздық қызметімнің де ажырамас бөлігі, өзімнің борышым деп санадым.
— Әншінің дауысы табиғаттан берілген сый десек, талғамы — оның ішкі мәдениетінің көрінісі шығар. Сіздіңше, жақсы дауыс иесі мен үлкен әншінің айырмасы неде? Әншіні шын мәнінде биікке көтеретін дауыс па, шеберлік пе, әлде оның тұлғалық болмысы ма?
— Бұл жерде бәрі маңызды деп ойлаймын. Тарихта бұған қатысты мысалдар өте көп. Мәселен, мықты әнші болғанымен, жақсы ұстаз бола алмайтын адамдар бар. Керісінше, керемет ұстаз бола тұра, мықты әнші бола алмайтындар да кездеседі. Меніңше, бұл да – Алланың адамға берген ерекше сыйы, өзіндік қасиеті. Сондықтан өнер адамы үшін бәрі маңызды: табиғат берген дауыс та, алға қойған мақсат та, талғам да. Әсіресе, талғам деген – өте керемет нәрсе. Өйткені сен өз талғамың арқылы тек өзіңді ғана емес, концертіңе келген көрерменді де тәрбиелейсің. Бұл мәселе әсіресе қазіргі заманда өте өзекті. Өздеріңіз білетіндей, эстраданың бүгінгі жағдайына қарап, біз көп нәрсені жоғалтып жатқанымызды байқаймыз. Ұлттық өнеріміздің кейбір әдемі ерекшеліктерінен алыстап бара жатқандаймыз.
     Ал көрерменге не керек? Халық әдемі дауысты тыңдағысы келеді, жүректен шыққан сазды естігісі келеді, шынайы өнерді қабылдағысы келеді. Сондықтан менің ойымша, Алла берген дауысқа ғана сүйеніп, соған мәз болып жүруге болмайды. Өйткені ол – сенің өз еңбегіңмен тапқан нәрсең емес, табиғаттың берген сыйы. Ал сол дауысты кәсіби шеберлік деңгейіне жеткізу – сенің міндетің. Әйтпесе, бойыңдағы талант жер астында көмулі жатқан алтынмен бірдей болып қалады. Бұл ретте де менің ұстанымым Бибігүл Ахметқызының өмірлік қағидасымен үндеседі: еңбек, еңбек және еңбек! Инемен құдық қазғандай, тынымсыз еңбектену керек.
     Әрине, қазіргі заманда мұндай талаптың қажеттілігі бұрынғыдай айқын сезілмеуі мүмкін. Өйткені бүгін кәсіби өнер мен әуесқойлықтың арасындағы шекара көмескіленіп барады. Көп адам бұл екеуінің айырмашылығын аңғара бермейді. Сондықтан «Консерватория не үшін керек?», «Өнер академиясы не үшін қажет?», «Музыкалық училищелерде сонша жыл оқудың қандай мәні бар?» деген сұрақтар туындайды. Өйткені қазір арнайы білім алмай-ақ түрлі жүлделерге ие болып, танымал болып жүрген адамдар бар. Бірақ мен мұның бәрін уақытша құбылыс деп ойлаймын.
    Классика деген ұғым тек музыкаға ғана қатысты емес. Ол – әлдеқайда кең түсінік. Классика – негіз, іргетас. Мысалы, ағашты алайық. Оның тамыры неғұрлым тереңге жайылса, өзі де соғұрлым биік өседі. Үй де дәл солай. Іргетасы қаншалықты берік болса, ғимарат та соншалықты мықты болады. Өнерде де осы заңдылық сақталады. Мұның бәрі адамның түсінігіне, санасына, өмірлік ұстанымына байланысты.
     Егер сен бір күндік атақ пен уақытша қошеметке ғана ұмтылсаң, онда терең білім алудың, үздіксіз ізденудің қажеттілігін сезінбеуің мүмкін. Ал егер артыңда кішкентай болса да із қалдырғың келсе, өзіңнің айтарыңды өзгелермен бөліскің келсе, онда өнерге деген көзқарасың да басқаша болады. Сенің өнерің бір адамның жүрегінде мәңгі сақталып қалуы мүмкін. Біреудің өмірін өзгертіп, біреуге рух беріп, енді біреуге алға ұмтылуға жігер сыйлауы мүмкін. Меніңше, адам өмірінің мәні де осында. Егер сенің еңбегің біреуге рухани күш беріп, өміріне жақсы өзгеріс әкелсе, сол үшін өмір сүруге болады екен.
— Сіз қазақ вокал өнерін ғылыми тұрғыдан зерттеген мамансыз. Бүгінде әлемдік музыкаға жол ашық, жанрлар араласып жатыр. Осындай заманда қазақ әнінің өзіне ғана тән табиғатын қалай сақтап қаламыз? Біз жоғалтып алмауға тиіс қандай орындаушылық дәстүр бар?
— Бұл сұрақтың өзі үлкен мәселені қозғайды деп ойлаймын. Өйткені қазір жастардың көбі өз өнерін ағылшын тілінде немесе басқа шет тілдерінде насихаттап жүр. Меніңше, бұл мәселе тікелей өнер оқу орындарының құзырында. Сондықтан олардың бұл бағытта нақты әрі берік ұстанымы болуы керек.
     Әрбір музыкалық факультет, музыка және вокал кафедрасы, әсіресе ән өнерін оқытатын ұстаздар осы ұстанымнан айнымауы тиіс. Емтихан тапсырғанда да, аралық бақылау кезінде де, жалпы оқу үдерісінде де қазақ әні бірінші орында тұруы керек.  
     Мен Жүргенов атындағы Өнер академиясында жұмыс істеген жылдары бірнеше жыл декан болдым. Сол кезде жүзеге асыра алмай кеткен бір бастамам бар. Біз оқу бағдарламаларын жасағанда әр сыныптың өз ұстазы, әр ұстаздың он-он бес шақты шәкірті болатын. Емтихандарға арнайы бағдарламалар дайындап, кейін оны бітіруші кафедра ретінде бекітетінбіз. Мен декан болып келгенде ең алдымен студенттеріміз қазақтың халық әндерінен бастауы керек деген талап қойдым. Мейлі, акапелла болсын, мейлі сүйемелдеумен орындалсын, ең алдымен қазақтың халық әні айтылуы тиіс дедім. Өйткені студенттер ағылшынша, французша, итальянша әндерді бар даусымен шырқап, шетелдік әншілерге еліктейді. Ал өзіміздің әндерімізге келгенде қиналып қалады. Кейде тіпті орындай алмай жатады.
     Осы тұста мен бір нәрсені байқадым. Біз консерваторияда оқып жүрген кезімізде Бибігүл Ахметқызы Төлегенова бірінші курстан бастап вокалистерге міндетті түрде вокализ айтқызатын. Вокализ дегеніміз – жай ғана «до, ре, ми, фа, соль, ля, си» деп ноталарды қайталау емес. Оның өзіндік заңдылықтары, талаптары бар. Өте күрделі музыкалық материал. Оны меңгеру үлкен арияны орындаумен бірдей. Кейін көп жылдар өткен соң мен бір нәрсені түсіндім: қазақтың халық әні мен итальяндық вокализдің арасына теңдік белгісін қоюға болады екен. Неге десеңіз, қазақтың халық әнін орындау үшін де дұрыс тыныс алу, фразаны сауатты жүргізу, дыбысты қалыптастыру, тембрді меңгеру, ырғақты сезіну қажет. Мұнда вокалдық техниканың барлық талаптары бар. Қазақтың халық әнін орындау оңай емес. Оны кез келген әнші бірден игеріп кете алмайды. Өйткені оған арнайы үйрену, вокалдық мектептен өту керек. Сондықтан да көпшілік халық әндерін орындаудан қашқақтайды. Шын мәнінде, қазақтың халық әнін айту өте қиын.
    Осы себепті мен өз сыныбымда студенттердің ең алдымен қазақтың халық әнінен бастауын талап еттім. Заманауи әннен де, авторлық әннен де емес, дәл халық әнінен. Өйткені халық әнін тыңдаған сәттен-ақ әншінің қандай вокалист екенін, оның мүмкіндігі мен кәсіби деңгейін бірден байқауға болады.
    Екінші мәселе – патриоттық сезімді тәрбиелеу. Меніңше, мұны тек жоғары оқу орындарына немесе мектептерге жүктеп қоюға болмайды. Тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Үйде де осындай әңгімелер айтылуы керек. Ата-ана балаларымен еліміз, жеріміз, тәуелсіздігіміз, ұлттық өнеріміз, жырымыз бен ән-күйіміз туралы көбірек сөйлесуі қажет. Өз өнерімізді насихаттап, оның қадір-қасиетін түсіндіріп, зерттеп, келесі ұрпаққа жеткізуіміз керек. Жалпы, баланың қазақ екенін сезініп, ұлттық болмысын танып өсуіне ең алдымен отбасы ықпал етеді. Тал бесіктен басталатын тәрбие дегеніміз – осы. Әрине, бұл бағытта жоғары деңгейде де нақты жұмыстар жүргізілуі керек. Мәдениет пен білім саласына жауапты министрліктер тарапынан ұлттық өнерге ерекше мән беріліп, тиісті ұстаным қалыптасқаны дұрыс. Өйткені мұндай мәселені бір күнде немесе бір ғана шешіммен өзгерте алмаймыз. Ол үшін қоғамның көзқарасы өзгеруі қажет.
    Отбасында бала тек шетелдік музыканы ғана тыңдамай, өзіміздің ән-күйімізді де естіп өссе, қазақша кітап оқыса, ұлттық өнер туралы әңгімелер айтылса, соның өзі үлкен тәрбие болар еді. Ал мектепке немесе жоғары оқу орнына келгенде сол тәрбие жалғасын табуы керек. Оқу орындарында да осы бағыттағы көзқарас пен тәрбие жүйелі түрде жүргізілсе, баланың санасына әсер етіп, дұрыс бағыт-бағдар береді деп ойлаймын. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық өнерге деген құрметті қалыптастыру үшін тұтас қоғамның көзқарасын өзгерту қажет.
— Бибігүл Төлегенованың шәкірті болу үлкен мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік те шығар. Ұстазыңыздың Сізге айтқан, сол кезде аса мән бермегенмен, жылдар өткен соң терең түсінген бір сөзі бар ма? Жалпы, осындай үлкен өнер иесімен жақын араласу Сіздің мінезіңізге, өмірлік ұстанымыңызға қалай әсер етті?
— Әрине, Бибігүл Ахметқызы мен үшін өте үлкен тұлға. Біреулер «Атақты адамды сыйлау, құрметтеу оңай» деп жатады. Бірақ біздің арамыздағы қарым-қатынас мүлде басқаша. Ол кісіні мен кішкентай жасымнан білемін.
     Алты-жеті жасымда жазғы демалыс кезінде әжем бізді Аягөзден Алматыға алып келетін. Жалғыз мені емес, барлық немерелерін ертіп келетін. Алматыдағы Қарашаңырағымызда демалатынбыз. Үйдің жанында тау, өзен бар. Сол өзенге шомылып, күнге күйіп, балалық шағымыздың қызықты күндерін өткізетінбіз. Сол кезде теледидардан Бибігүл Ахметқызы ән айтып тұрса, әжем барлық немерелерінің арасынан мені шақырып алып, қасына отырғызатын. «Әй, балам, осы апаңды тыңда!» – дейтін.
    Әжемнің екі сүйікті әншісі болды. Бірі – Нұрғали Нүсіпжанов, екіншісі – Бибігүл Төлегенова. Әсіресе Бибігүл апамыз ән шырқаған кезде мені жанына отырғызып, мұқият тыңдататын. Сөйтіп, бала кезімнен Бибігүл Ахметқызының дауысы, ән салу мәнері, әдемі келбеті менің санамда, жүрегімде сақталып қалды. Арада он жыл өткен соң Жұбанов атындағы музыкалық мектепті бітіріп, консерваторияға түскен кезімде дәл сол Бибігүл Ахметқызы алдымнан шықты. Ол кісіні көргенде қатты толқығаным соншалық, «Бибігүл Төлегеновна, здравствуйте!» деп қана айта алдым. Одан кейін «Вы меня послушайте» деген сөзді әрең жеткіздім.
   Міне, он жеті жасымнан бастап Бибігүл Ахметқызын жақыннан білемін. Содан бері бірге қаншама жақсы күндерді де, қиын кезеңдерді де бастан өткердік. Күлдік те, жыладық та, күйзелдік те. Түрлі сыннан өттім. Әжем өмірден өткеннен кейін Бибігүл Ахметқызы мен үшін сол әжемнің орнын басты. Қазір гастрольге аттанар алдында міндетті түрде Бибігүл Ахметқызына барып, батасын аламын. Осы уақытқа дейін ол кісі менің кеңесшім, досым, сырласым, серігім, жанашырым болып келеді. Тіпті ұлымның кіндік шешесі де – Бибігүл Ахметқызы. Екі-үш күн сөйлеспей қалсақ, бір ай, бір жыл көріспегендей боламыз. Кейде өзі телефон соғып: «Әй, неге жоғалып кеттің? Қайда жүрсің, қызым?» – деп іздейді. Әрине, әнші, ұстаз ретінде ол кісінің орны бір бөлек. Ал адами қасиеті, адам ретіндегі болмысы тіпті ерекше.
    Жаңа айтып кеткенімдей, Бибігүл Ахметқызының өмірлік ұстанымы – еңбек ету. «Еңбектен, жаным! Еңбектен, балам! Еңбектен басқа саған ешкім ештеңені дайын күйінде алып келмейді. Өмірдің өзі сондай. Ал өнер – тіптен қиын, өте тайғақ жол. Егер дұрыс жолмен жүрмесең, сүрініп қаласың», – деп үнемі айтып отыратын. Бұл – ол кісінің өмірлік ұстанымы. Ал өнерде инемен құдық қазғандай еңбектену керек деген қағидасы бар. Шынында да, осы асыл сөздер менің жүрегімде мәңгі сақталып қалды. Білмеймін, мүмкін екеуміздің бір өңірден шыққанымыздан болар, мүмкін түсінігіміз ұқсас шығар, әйтеуір, арамызда ерекше рухани жақындық бар.
     Бибігүл Ахметқызының өзі де өте қарапайым адам. Тоқсан жеті жасқа келсе де, осы уақытқа дейін өнеріне деген көзқарасы өзгерген емес. Әрине, бүгінгі заманда эстрада да, әншілер де, жалпы эстрадалық бағыт та өзгерді. Ол кісі мені эстрададан қимайды. Бірақ қазіргі жағдайды түсінеді, онсыз да болмайтынын біледі. Соған қарамастан: «Сен классикалық жолдан тайма. Оны ұмытпа. Бұл – сенің мәңгілік жинаған қазынаң, сенің мектебің», – деп айтып отырады. Әрине, бізді өмірге әкелген әке-шешеміз болса, ұстаздарымыз бізге екінші өмір береді. Олар бізге бағыт-бағдар көрсетіп, мамандық таңдауға үлкен септігін тигізеді. Сондықтан мен ұстазды екінші ата-ана деп түсінемін. Өйткені олар бізге өмір бойы қажет болатын, қарапайым тілмен айтқанда, нанымызды табуға мүмкіндік беретін мамандықтың негізін қалайды. Ал сол мамандықты кәсіби деңгейге жеткізу – шәкірттің өз міндеті. Әрине, шәкіртінің биікке көтерілгені – әр ұстаздың арманы, бақыты, жеткен жетістігі әрі еңбегінің жемісі. Сондықтан ұстаздың адам өміріндегі орны ерекше.
— Қазір өнер адамы сахнада ғана емес, әлеуметтік желіде де үнемі көрініп отыруы керек сияқты. Тіпті кейде шығармашылығынан гөрі жеке өмірі көбірек талқыланады. Сіз осы өзгеріске қалай қарайсыз? Өнер адамының көпшілікке көрсетпей, тек өзіне қалдыратын жеке әлемі болуы керек пе?
— Біз – кеңес дәуірінде туып-өскен ұрпақпыз. Ол кезде жақсы жағыңды асырып, жаман жағыңды жасырып, көпшілікпен көбіне жақсы жаңалықтарыңды ғана бөлісетін едік. Мысалы, концертіміз өтсе немесе өнерімізде қандай да бір жаңалық болса, ол туралы теледидар, радио арқылы хабарланатын. Концерттің жарнамасы жасалып, афишалары ілінетін. Яғни өнер адамы жұртшылықпен негізінен өзінің шығармашылығына қатысты жаңалықтарымен бөлісетін.
     Қазір, өкінішке қарай, жағдай өзгерді. Теледидар екінші орынға ығысқандай. Оның орнын әлеуметтік желілер басты. Тіпті адамның қадірі мен бағасы да әлеуметтік желідегі жазылушылардың санымен өлшенетін болды. Мен мұны ұзақ уақыт түсіне алмадым. Мысалы, кітап жазып, диссертация қорғап, монография шығарып, сол жаңалықтарыммен бөліссем, оны үш жүз, төрт жүз адам ғана қарайды. Ал, Құдай сақтасын, құрбымның үйіндегі жайылып жатқан төсек-жаймасын көрсетсем, жарты сағаттың ішінде отыз-қырық мың қаралым жиналуы мүмкін.
    Бұл қалай? Адамдарға қайсысы қызық? Шынымды айтсам, мен үшін бұл – ақылға сыймайтын құбылыс. Мұны түсіну маған өте қиын. Бірақ біз де осы дәуірдің бір бөлшегіміз ғой. Амал жоқ, заманның талабымен санасуға тура келеді. Әсіресе өнер адамдарына бұл қажет. Өйткені біз – көпшілікке танымал адамдармыз. Шығармашылығымызды насихаттау, атқарып жатқан жұмысымызды халыққа жеткізу үшін әлеуметтік желілерге жүгінуге мәжбүрміз. 
     Мен бұрын Instagram дегеннің не екенін де білмейтінмін. «Лайк», «хейт» деген сөздердің өзі маған мүлде жат болатын. Әрине, әлеуметтік желінің кемшіліктері де, жетістіктері де бар шығар. Бір жағынан, оның кейбір көріністеріне қынжыласың. Екінші жағынан, мүмкіндіктерін де жоққа шығара алмайсың. Өйткені заманмен бірге жүру керек. Уақыттан қалмауымыз қажет. Біз әлі қартайған жоқпыз, әлі жаспыз, өнерде айтарымыз бар. Алдымызда көптеген жоспарларымыз тұр. Соларды халыққа таныстыру, шығармашылығымызды насихаттау үшін еріксіз әлеуметтік желілерге жүгінеміз.
     Кейде әлеуметтік желісіз өмір сүретін адамдарды бақытты деп ойлаймын. Олар қандай еркін! Ешкімге жалынбайды, ешкімнің қаралымына қарамайды, ешкімге тәуелді емес. Сондай адамдарға кейде тіпті қызыға қараймын. Ешкімнің ықыласына, бағасына мұқтаж болмай, өз өміріңмен еркін жүру – қандай бақыт! Бәрін бірдей айтып, жұртқа жариялай берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Адамның өзіне ғана тиесілі, өзгелерге көрсетпейтін дүниелері болуы керек. Әрине, бұл – мәдениетке, адамның ішкі тәрбиесіне байланысты мәселе.
    Қазір әлеуметтік желіде адамдар үйінде не болып жатқанын, не ішіп-жегенін, қайда барғанын, тіпті ұсақ-түйекке дейін көрсететін болды. Кейбіреулер үйіндегі берекесіздікті, тұрмыстағы келеңсіз жағдайларды да жариялап жатады. Меніңше, мұндай нәрселер өте ерсі көрінеді. Әжем бізді кішкентайымыздан: «Жаманыңды жасыр, жақсыңды асыр», – деп тәрбиеледі. Мен әлі күнге дейін осы қағиданы ұстанамын. Қазір жағымсыз ақпарат онсыз да көп. Оның бәрін қайта-қайта көрсетудің қажеті қанша? Әрине, бұл мәселенің де әртүрлі қыры бар. Бірақ мен мұны қоғамдағы жағымсыз құбылыстардың бірі деп есептеймін.
     Кеңес дәуірінде де түрлі адамдар, түрлі жағдайлар болды. Қоғамда жағымсыз оқиғалар мүлде болған жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ сол кездегі идеология жастардың тәрбиесіне, олардың әлі қалыптасып үлгермеген санасы мен психикасына кері әсер ететін дүниелерді ашық көрсетпеуге тырысатын. Біз бала кезімізде бүгінгідей зорлық-зомбылық көріністерін күн сайын көріп өскен жоқпыз. Әрине, анда-санда сондай оқиғалар туралы еститінбіз. Бірақ қазіргідей жаппай сипат алған жағымсыз ақпараттың ортасында өмір сүрген емеспіз. Сондықтан бұл мәселеге кеңірек қарау керек деп ойлаймын. Саясатқа көз салсаңыз да, жан-жағыңызда не болып жатқанын байқасаңыз да, түрлі келеңсіз жағдайларды көресіз.
    Ал әр отбасы – өзінше бір кішкентай әлем, кішкентай Отан. Сол отбасының ішінде де әртүрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ оның бәрін жұртқа жариялау шарт емес, міндет те емес. Менің ойымша, адам көпшілікке өзін жақсы жағынан көрсетуге тырысуы керек. Бұл өтірік өмір сүру немесе шындықты жасыру деген сөз емес. Әңгіме адамның ішкі мәдениетінде, ненің көпшілікке айтылуы керек, ненің жеке өмірінде қалуы тиіс екенін ажырата білуінде. Өз басым айналама әдемілік сыйлағым келеді. Адам осы әлемді өзінің жақсы ісімен, жақсы сөзімен, әдемі өнерімен көркейтуі керек деп ойлаймын.
— Уақыт адамның талғамын ғана емес, мінезін де өзгертеді ғой. Жас Толқын мен бүгінгі Толқынның арасында қандай айырмашылық бар? Бұрын қызу қорғайтын, ал қазір күлімсіреп қана қарайтын ұстанымдарыңыз кездесе ме?
— Менің ойымша, мен қатты өзгерген жоқпын. Өйткені менің мінезімнің, өмірге деген көзқарасымның қалыптасуына бала кезімдегі тәрбием үлкен әсер етті.
     Мені негізінен әжем тәрбиеледі. Анам көп жұмыс істейтін, сондықтан уақытымның басым бөлігін әжемнің қасында өткіздім. Әжем өте қатал, сонымен бірге білімді, ақылды, парасатты адам болатын. Өзі де өлең жазатын, суырыпсалмалық қасиеті бар еді. Кітапты өте көп оқитын. Үш тілді – латын, араб және қазақ тілдерін меңгерген. Орысша да аздап сөйлейтін. Орыс тілін Алматыға келген кезінде үйренген сияқты. Әрине, жас кезімізде бәріміз де бір нәрсеге талпынамыз, ұмтыламыз, армандаймыз. Биікке көтерілгіміз келеді, үлкен жетістіктерге жетуді қиялдаймыз. Мен де солай болдым. Кішкентай кезімнен үлкен әнші болуды армандадым.
     Тоғыз жасымда Аягөзде жалпы білім беретін мектепте оқып жүрген кезімде әжеме: «Апажан, менің мұндай мектепте оқығым келмейді. Мені музыкалық мектепке апарыңыз», – деп айттым. Сөйтіп, тоғыз жасымда әжем мені Аягөзден Алматыға біржола көшіріп алып келді. Осылайша өнер жолындағы алғашқы қадамдарым басталды.
     Кішкентай кезімнен радио мен телевидениеде көп жұмыс істедім. Алғашқы қаламақымды төртінші сыныпта оқып жүргенімде алдым. Үш сом болатын. Ол мен үшін үлкен қуаныш еді. Геннадий Сирота мен Кеңес Дүйсекеевтің камералық оркестрімен қаншама ән шырқадым! Осының бәрі мен үшін үлкен мектеп болды. Сол кезеңдегі ұстазым Мамизеров Владимир Никифоровичке шексіз алғысымды айтамын. Ол кісі бұл дүниеден өтсе де, мен оны ешқашан ұмытпаймын. Өйткені өнер жолымның қалыптасуына үлкен үлес қосты. Оркестрмен қалай жұмыс істеу керектігін, микрофонды қалай пайдалану қажеттігін үйретті. Көптеген кәсіби дағдыларды меңгеруіме көмектесті. Хор дирижерлығынан сабақ берді. Менің алғашқы мамандығым да – хор дирижері. Осылайша кішкентай жасымнан өнер баспалдақтарымен біртіндеп көтеріле бастадым. Әжем, анам, туған-туыстарым менің жетістіктерімді көріп, қуанып отырды. Олардың қолдауы мен үшін өте маңызды болды.
     Мен бала кезімнен эстрадалық әндерді орындап келемін. Бірақ кейін тек эстрадамен шектеліп қалғым келмеді. Консерваторияға түсіп, дауысымды дамытып, классикалық бағытты да меңгердім. Сөйтіп, екі жанрда қатар өнер көрсете бастадым. Классикалық музыка мен эстраданың тоғысқан тұсын кроссовер деп атайды. Бұл бағытты Қазақстанға алғаш алып келген өзім болдым. Ал Ресейде оны Басков бастаған еді. Сондықтан концерттерімде халық әндерін де, классикалық шығармаларды да, кроссовер бағытындағы туындыларды да, заманауи әндерді де орындаймын. Менің шығармашылық жолым осы бағыттардың барлығын қамтиды.
     Көптеген әншілер маған: «Сен қалай классикалық шығармаларды орындап жүріп, эстрадаға ауыса аласың? Немесе эстрададан классикаға қалай еркін көшесің?» – деп сұрақ қояды. Шынымды айтсам, бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Өйткені ол менің табиғатымнан, ішкі жан дүниемнен шығып жатқан қасиет сияқты. Мұны маған берілген ерекше қабілет деп ойлаймын. Әрине, сол қабілетті дамыту үшін қаншама еңбек қажет болды.
    Ал бүгінгі Толқынға келетін болсақ, мен жетістіктерім өте көп деп айта алмаймын. Бірақ қолымнан келгенше аянбай еңбек еттім деп айта аламын. Өйткені адам «Мен бәріне жеттім, өстім, барлық биікті бағындырдым» деген күні оның рухани дамуы тоқтайтын шығар деп ойлаймын. Адам ретінде де, тұлға ретінде де әлі үйренерім көп. Өмірде бәрін білу мүмкін емес. Адамның талғамы да үнемі дамып, жетіліп отыруы керек. Ол ешқашан тоқтамайтын үдеріс. Әрине, бүгінгі Толқын бұрынғыдан сәл есейген, өмірге байыппен қарайтын, ақыл тоқтатқан адам шығар.
    Оның үстіне үш азаматым өсіп келеді. Енді олардың болашақ өміріне қызығушылықпен қараймын. Қалай азамат болып қалыптасады, қандай жолды таңдайды, отбасын құрып, шаңырақ көтерсе екен деп армандаймын. Балалы-шағалы болып, мен де әже атансам деймін. Немерелерімнің тәрбиесіне өз үлесімді қоссам деген тілегім бар. Сонымен бірге өнердегі жоспарларым да аз емес. Жаңа әндер жазу, жаңа концерттер беру, шығармашылығымды әрі қарай дамыту ойымда бар. Өнердегі ұстанымым өзгерген жоқ. Баяғы Толқын сол қалпында: еңбек ету, үнемі іздену, шәкірт тәрбиелеу, өнер жолын жалғастыру.
     Ал өмірлік тұрғыдан қарағанда, балаларым өсіп, енді менің де мәртебем өзгеретін уақыт жақындап келе жатқан сияқты. Әже атансам, өмірімнің тағы бір жаңа кезеңі басталар еді. Қазір сондай жақсы жаңалықтарды күтіп, болашаққа үмітпен қарап жүрген жайым бар.
— Өнер адамының өмірі сырт көзге әдемі көрінеді: сахна, гүл, қошемет... Ал сол әдемі әлемнің ар жағында көпшілік біле бермейтін қандай қиындықтар бар? Өзіңізді ең көп шыңдаған өмірлік сабақ қандай болды?
— Осы ретте мен өзімді өте бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені өнер жолында қатты қиналдым деп айта алмаймын. Әрине, түрлі жағдайлар болды. Мені концерттен шеттеткен кездер де, еңбегіме лайықты атақ уақытында берілмеген сәттер де кездесті. Мәселен, мен жиырма жыл еңбек еткеннен кейін ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алдым. Ал қазір мұндай атаққа екі-үш жылдың ішінде ие болып жатқандар бар. Мұны салыстыру үшін ғана айтып отырмын.
    Дегенмен мен ешқашан ештеңе аспаннан салбырап түсті деп айта алмаймын. Бәріне өз еңбегіммен жеттім. Бірақ өмірде қатты күйзеліп, бір жағдайдан үлкен соққы алып, құлап, қайта тұрып, содан мықты сабақ алдым деп те айта алмаймын. Мүмкін, бұл жағынан мен қызықсыз адам шығармын.
     Өміріме көз жүгіртсем, өзімді бақытты жан деп есептеуіме тағы бір үлкен себеп бар. Үш ұлым бірінен соң бірі дүниеге келген кезде қасымда әрдайым анашым мен жолдасым болды. Олар менің жоқтығымды білдірмеуге тырысып, балаларға қарап, көп еңбек етті. Әсіресе, ең үлкен жауапкершілік анамның мойнына түсті. Сондықтан гастрольге, концерттерге шыққан кезде үйде не болып жатыр деп ешқашан қатты уайымдаған емеспін. Бар ойымды өнерге арнап, жұмысымды алаңсыз атқардым. Үйдегі жағдайға байланысты қатты қобалжыған кезім болған жоқ. Мұның бәрі анам мен жолдасымның қолдауының арқасы деп білемін. 
     Ал әншілердің ортасындағы қарым-қатынасқа келсек, мен ешкіммен шектен тыс жақындаспаймын да, ешкімнен алыстамаймын да. Әріптестеріммен әрдайым сыйластыққа негізделген қарым-қатынасты сақтауға тырысамын. Барлық әріптесіме құрметпен қараймын. Ешкімге жамандық жасаған емеспін. Әрине, өзім де кейбір жағымсыз жағдайларды көрдім. Бірақ олар туралы айтқым келмейді. Өнер адамдарының өмірінде мұндай жағдайлар кездесетін шығар. Мен үшін ең бастысы – арымның таза, жүрегімнің тыныш болуы. Ешкімге қиянат жасап, жамандық істеп көрген емеспін.
      Менің ойымша, адамның ары таза, көңілі тыныш болса, Алла да оны сақтайды. Сондықтан ешкімге жамандық ойламау керек. Ойласаң – жақсылықты ойла, істесең – жақсылық жаса. Менің өмірлік ұстанымым осы. Әрине, бұл сұраққа жауап бергенде көпшілік менің басымнан өткен бір ерекше оқиғаны немесе біреумен арадағы келіспеушілікті айтатын шығармын деп күтетін болар. Бірақ бұл жағынан мен қызықсыз сұхбаттас шығармын. (Күледі.)
— Толқын Қалиқызы, өнердегі биіктеріңізге жетуіңізде анаңыздың еңбегі ерекше екенін білеміз. Бүгін өзіңіз шәкірт тәрбиелеп, ұрпақ өсіріп отырған шақта анаңыздан алған ең үлкен өмірлік сабағыңыз не деп ойлайсыз? Оның бойындағы қандай қасиетті өзіңізден, балаларыңыздан көргіңіз келеді?
— Менің анам өте мейірімді адам болды. Оның мейірімінде шек жоқ еді. Жүрегі тұнып тұрған мейірім болатын. Балаларым анамның аузынан бірде-бір қатты сөз естімей, қабақ шытқанын көрмей өсті. Үш ұлымды тәрбиелеп, аяққа тұрғызған – менің анам десем болады.
    Анам өмір бойы көп еңбек етті. Мен кішкентай кезімде оны өте сирек көретінмін. Өйткені ол теміржолда жолсерік болып жұмыс істеді. Алыс сапарларға кетіп, кейде бірнеше күн, тіпті апталап үйге оралмайтын. Сондықтан мен интернатта жатып өстім. Әрине, қолы босаған кезде интернатқа келіп тұратын. Әр келгенінде қолына міндетті түрде тәттілерін ала келетін. Біз, қыздар, бәріміз жиналып, анам әкелген дәмнен ауыз тиетінбіз. Бірде құлпынай, бірде таңқурай, бірде шие әкелетін. Сол тәттілердің дәмі әлі күнге дейін есімізде. Құрбыларыммен кездескенде олар да: «Есіңде ме, есіңде ме?» – деп сол күндерді еске алады.
    Өкінішке қарай, былтыр анамнан айырылып қалдым. Бұл маған өте ауыр тиді. Бірақ Аллаға шүкір деймін. Осы елу бес жасыма дейін анам қасымда болды. Үш ұлымды өсіріп, аяққа тұрғызды. Олардың тойын көрсем деп армандады. Өкінішке қарай, ол күнге жете алмады. Дегенмен мен анам өмірден өтті деп ойламаймын. Ол қашанда біздің қасымызда. Бәрін көріп, бәрін сезіп тұрғандай. Тек біз оны көре алмаймыз, ол бізге ештеңе айта алмайды. Бірақ оның жанымызда екенін сеземіз. Мен ешқашан анам сияқты бола алмайтын шығармын. Өйткені оның жүрегі сондай нәзік, мейірімге толы еді. Өзі өте қарапайым адам болатын. Кейде мен үлкен атақ алып, үлкен концерт өткізген кездерімде де соны мақтанып айта алмайтын. Ұялатын. Соншалықты қарапайым жан еді.
     Өзі нәзік, кіп-кішкентай болатын. Аяқкиімінің өлшемі отыз үш қана еді. Сондай иілгіш, сымбатты болатын. Кішкентай кезінде Ленинградтағы Ваганов атындағы хореографиялық училищеден Аягөзге бір топ профессор келіп, өз оқу орындарына балалар таңдайды. Сонда анам бірден олардың көзіне түсіпті. «Осы қыз бізге лайық, алып кеткіміз келеді», – деп әкесінен рұқсат сұраған екен. Бірақ атам жібермей қойыпты. «Менің сүйікті қызым ғой, онсыз қалай тұрамын?» – деген екен. Сөйтіп, анам Аягөзде қалып қойған. Кейін уақыт өтіп, мен дүниеге келіп, есейген соң, екеуміз осы оқиғаны еске алып, қалжыңдасатынбыз. «Мама, қандай жақсы болған Ленинградқа кетпегенің! Әйтпесе, Толқынның орнына Тоня, Лариса немесе Ольга дүниеге келер ме еді?» – деп күлетінбіз. Қазір ойласам, анамның мінезі маған жұқпағанда, мүмкін, мен өмірде осындай жетістіктерге жете алмас па едім. Өйткені өнерде кейде қаталдау болу керек, мінез көрсету қажет. Ал анамның мінезі өте жұмсақ, мақтадай еді. Ол ерекше жан болатын.
    Менің ойымша, дәл осындай адамдар – Алланың сүйікті құлдары. Өйткені адам намаз оқымаса да, ораза ұстамаса да, жүрегінде Аллаға деген сенімі болуы мүмкін. Алла бізге қандай адам болуды үйретеді? Қандай қасиеттерді бойымызға сіңіруіміз керек? Сол асыл қасиеттердің барлығы анамның бойында болды. Міне, осындай еді менің анам... Сондықтан мен кейде біздің отбасымызда енді анамдай адам болмайтын шығар деп ойлаймын. Мүмкін, немерелеріміздің, кейінгі ұрпағымыздың арасынан сондай жан дүниесі сұлу адам шығар. Бірақ анамдай болу қайда...
— Бір сәтке сахнаны, атақ-абыройды, кәсіби жетістіктерді ысырып қойсақ, бүгінгі Толқын Забированы шын бақытты ететін не? Әлі де орындалуын күтіп жүрген, көпшілік біле бермейтін бір арманыңыз бар ма?
— Менің әжем: «Адам армансыз тұрмайды», – деп айтатын. Расында, адам тірі болғанша армандайды. Тіпті өмірден өткенше арманы таусылмайтын шығар. Менің ең үлкен арманым – бала-шағамның бақытты болғанын көру.
     Өнердегі барлық арманым орындалды деп айта алмаймын. Әлі де айтарым көп, шығармашылық жолымды жалғастырғым келеді. Көрермендерімді жаңа туындыларыммен таңғалдырғым келеді. Өзім де өскім, өзгергім, заманға сай дамығым келеді. Осы уақытқа дейін жинаған білімім мен тәжірибемді бүгінгі заманның талабымен ұштастырғым келеді. Өнерім жастарға да қызықты, түсінікті болса деймін. Сонымен бірге мені бұрыннан тыңдап келе жатқан өз буынымның өкілдерін де жоғалтқым келмейді. Бұл – өнердің ерекше қасиеті.
    Қазір жан-жағымызға қарасақ, әлемге танымал өнерпаздардың да заманмен бірге өзгеріп жатқанын көреміз. Мысалы, жетпістен асқан Ажда Пекканның өзі жастармен бірлескен шығармашылық жобалар жасап, әдемі әндер орындап жүр. Өйткені біз бұрынғы өнерді тек өткен шақта қалып қойған дүние деп қабылдаймыз. Ал шын мәнінде, ол – мәңгілік классика.
    Бүгінгі жастардың көбі классикалық шығармаларды түсінбеуі мүмкін. Бірақ сол өнерді оларға жақындатып, түсінікті тілде жеткізуге болады. Мысалы, бұрынғы әндерді жаңаша өңдеп, кавер жасап, заманауи бағытта ұсынуға мүмкіндік бар. Сонда жастар да оны қызығушылықпен тыңдайды. Мен де осы мақсатпен классикалық шығармаларды заманауи ырғақпен үйлестіріп, жаңа интерпретация жасадым. Классиканы жастарға жақындатқым келді.
    2004 жылы ма, әлде 2006 жылы ма, алғашқы концертімді өткізген кезде бір нәрсеге қатты таңғалдым. Гайднның, Моцарттың, Россинидің шығармаларын орындағанымда жастар орындарынан тұрып, билеп, ерекше көңіл күйге бөленді. Мұны көргенде өзім де таңғалдым. Сонда жастарға өнерді түсінікті әрі қызықты етіп жеткізудің жолын табу керек екенін түсіндім.
     Біз олардың музыкасын тыңдауымыз керек, олар біздің музыкамызды тыңдауы керек. Әрине, қазіргі музыканың ішінде сапалысы да, арзан дүниелер де бар. Бірақ біз сол деңгейге түсіп кетпей, қандай жұмыс жасасақ та, оны кәсіби биікте орындауға тиіспіз. Сондықтан шығармашылық ізденісімді тоқтатқым келмейді. Жаңа дүниелер жасап, өз өнерімді әрі қарай дамытқым келеді.
     Ал бүгінгі өміріме келсем, мен өзімді өте бақытты адаммын деп есептеймін. Қазіргі жағдайыма, өмірден тапқан бақытыма ризамын. Мен елу бес жыл бойы бақытты қыз болдым. Бірақ мұны өткен шақта айтқым келмейді. Өйткені анам әрқашан менімен бірге. Сондықтан мен әлі де бақытты қызбын. Мен – бақытты жармын. Сүйікті жолдасымның «гауһарымын» десем, артық айтқаным емес. Ол мені солай атайды. «Гауһартасым» дейді. Сондықтан мен де сол сөзді айтып отырмын. (Күледі.)
     Мен – сыйлы, құрметті анамын. Балаларымның бойына анамнан сіңірген мейірімділік пен сүйіспеншілікті дарытуға тырыстым. Қазір сол тәрбиенің жемісін көріп келемін. Сондықтан өміріме ризамын. Аллаға шүкір деймін. Тәубе деймін.


Сұхбатты «Сарайшық» порталы редакциясы әзірледі.

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді