Әсем қоңыр үнімен әлденеше ұрпақтың жүрегін тербеп келе жатқан белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаевпен өнердің қадірі, сахна мәдениеті, ұлттық әннің болашағы, қызмет пен адамдық болмыс, уақыт пен ұрпақ сабақтастығы туралы әңгімелестік.
– Нұрлан аға, ең алдымен, «Сарайшық» порталына сұхбат беруге келісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін алғыс айтамыз. Өнерде қырық жылдан астам уақыт жүру – бір адамның ғана емес, бірнеше дәуірдің куәсі болу деген сөз. Бүгінгі биіктен сол жолға қарағанда, өнер туралы түсінігіңізде ең қатты өзгерген нәрсе не?
– Ең алдымен, өзімді соншалықты биікке шықтым деп айтқым келмейді. Өйткені біздің алдымызда әлі де сахнада жүрген, өнерге қызмет етіп келе жатқан аға буын өкілдері бар. Менің де мақсатым – сол кісілердің биігіне жету, солардың өнердегі өнегесін жалғастыру.
Мен өнерге 1978 жылы келдім ғой. Ауылда мектеп бітіріп, Алматыға келген кезім. Қазақ өнерінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың табалдырығын аттадым. Сол театрдың қабырғасында білім алдым, тәжірибе жинадым. Оқуды бітіргеннен кейін министрліктің жолдамасымен сол театрға актер болып қабылдандым.
Ол кезде біздің алдымызда кімдер жүрді дейсіз ғой? Қазақ кәсіби театрының іргесін қалаған, өнер тарихында «Жеті арыс» атанған алыптарымыз бар еді. Мен солардың бірнешеуінің көзін көрдім десем, артық айтқандық емес. Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов сынды ағалармен бір театрда қызметтес болдық. Бұлар – сонау Қоянды жәрмеңкесі кезінен бастау алған қазақ сахна өнерінің кәсіби театр дәрежесіне көтерілуіне үлес қосқан, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Шәкен Аймановтармен қатар қазақ театрының тұтас бір дәуірін жасаған тұлғалар. Біз сол кісілердің жанында жүрдік, сахнаға бірге шықтық. Сахнаның тылсымын, қасиеті мен киесін соларға қарап түсіндік. Өнердің қадірін ұғындық. Сөзді қалай айту керек, кейіпкерді қалай сомдау керек, көрерменмен қарым-қатынасты қалай қалыптастыру қажет – осының бәрін сол кісілерден үйрендік. Біздің өнердегі мектебіміз сол болды.
Ал енді бүгінгі күнге қарасақ, заман өзгерді, өнерге келудің жолы да өзгерді. Қазіргі жастардың үлкен сахнаға біз жүріп өткен жолмен келмейтіні анық. Қазір түрлі кастингтер, телевизиялық шоулар, жастардың талантын саралайтын байқаулар көп. Оның бәрі керек те шығар. Бірақ кейде сондай байқауларда сарапшы болып, қазылық етіп отырғандардың өзінің өнерге қалай келгеніне қарап ойланасың. Арасында кәсіби өнердің мектебінен өтпеген адамдар да бар. Міне, өзгеріс дегеніміздің бір көрінісі осы.
Тағы бір үлкен өзгеріс – өнерге деген көзқараста.
Біз өнер жолын бастағанда, тіпті мен театрда жүріп ән айта бастаған кезімде де, өнер арқылы табыс табуды, байлық жинауды мақсат еткен жоқпыз. Кейін біржола әншілікке бет бұрғанымда да солай болды. Біз үшін ең алдымен ән айту, өнер көрсету, халыққа жақсы шығарма жеткізу маңызды еді. Ал қазір екі ән айтып, соны бірден табыс көзіне айналдыруға ұмтылатындар бар. Бұл мен ашып отырған жаңалық емес, бәріміз көріп жүрген жағдай. Менің байқаған өзгерісім, міне, осы.
– Бір сұхбатыңызда «Өнерпаздың сахнаға шығып, халықпен амандасуға да моральдық құқығы болуы керек» деген ой айтыпсыз. Қазір сол моральдық құқықты не анықтайды деп ойлайсыз: талант па, кәсіби шеберлік пе, әлде адамның сахна сыртындағы болмысы ма?
– Өте орынды сұрақ. Шынын айтсам, бұл – өзімнен кейін өнерде жүрген інілеріме, қарындастарыма талай жерде айтып жүрген әңгімем. Расында да, сахнаға шығудың моральдық құқығы болуы керек. Өнерге қалай келдің? Өнерді қалай бағалайсың? Өзің жасап жүрген өнеріңе қаншалықты адалсың? Елдің алдына шыққанда оған не ұсынасың? Айтқан әнің арқылы қандай ой, қандай мағына жеткізесің? Сенің өнер кешіңнен тыңдарман өзіне не алып қайтады? Міне, меніңше, өнерпаздың сахнаға шығуға моральдық құқығы осы сұрақтарға бере алатын жауабымен өлшенеді.
Бұл жерде адамның бойындағы талант қана немесе оқыған жеріндегі жетістігі, тіпті қызыл дипломы да шешуші нәрсе емес. Әрине, талант та керек, білім де керек. Бірақ соның бәрінен бұрын өнерге деген адалдық, халық алдындағы жауапкершілік болуы тиіс. Мысалы, сахнаға шықтыңыз делік. Залда мың адам отыр. Мың адам сізге екі көзімен қарағанда, екі мың көз қадалып отыр деген сөз ғой. Сол екі мың көздің алдында пәлсапа айтып, өтірік мүләйімсіп, өзіңді басқаша көрсетудің қажеті жоқ. Ол өтпейді. Сахнада шынайы болу керек. Мен жастарға үнемі: «Өмірде қандайсыңдар, сахнада да сондай болыңдар», – деп айтамын.
Содан кейін тағы бір айтатын ақылым бар: «Сахнаға шығып келе жатқандағы абыройыңа емес, сахнадан кетіп бара жатқандағы абыройыңа жұмыс істе». Осы сөздің астарына үңіліп көріңізші. Сізді концерт жүргізушісі жер-көкке сыйғызбай мақтап, атақ-дәрежеңізді тізіп, абыройыңызды асырып сахнаға шақыруы мүмкін. Ал сіз шықтыңыз да, үш-төрт минут ән айттыңыз. Сол үш-төрт минутта халыққа не бердіңіз? Көрерменге қандай әсер қалдырдыңыз? Сахнадан кетіп бара жатқанда ел сізді қалай шығарып салды? Міне, өнерпаздың шын абыройын айқындайтын нәрсе – осы. Өйткені бүгін сахнадан қалай шығарып салса, ертең сізді сахнаға хабарлаған кезде сол ықыласпен қарсы алады. Бүгінгі өнеріңіз ертеңгі абыройыңызға жұмыс істейді. Сондықтан мен жастарға осыны үнемі айтып жүремін.
– Өнерге әлеуметтік желі де, түрлі музыкалық жобалар да жоқ кезеңде келдіңіз. Егер отыз жастағы Нұрлан Өнербаев бүгін сахнаға алғаш қадам басса, қазіргі шоу-бизнес оны танып, бағалай алар ма еді?
– Мен осы уақытқа дейін, нақты санын есептеп, тізіп жүргенім жоқ, қателеспесем, үш жүзден астам ән орындаппын. Әрине, олардың бәрін қай кезде, қай сахнада орындағанымды түгел есімде сақтап жүрмін деп айта алмаймын. Бірақ сол әндердің жүзге жуығын арагідік қайталап айтып келемін. Олардың ішінде менің «қанатты әндерім» бар. Өзім солай атаймын. Өйткені олар – елге жеткен, халықтың көңілінен орын алған, жұрт жаттап алған әндер. Сол әндер арқылы мен Нұрлан Өнербаев болдым ғой. Әнші, орындаушы ретінде атым шықты, ел таныды. «Ауылым» болсын, «Сағыныш», «Қарағым-ай», «Сұлулық», «Қазақ қыздары» болсын – осы әндердің қай-қайсысы да халыққа жетті. Қай жерге барсам да, әсіресе жеке концерттерімде көрермен міндетті түрде сұрайтын әндерім бар.
Бір қызығы, осы әндердің ешқайсысына мен күні бүгінге дейін клип түсірген емеспін. Ол кезде қазіргідей әлеуметтік желі де болған жоқ. Бірақ соған қарамастан әндерім тыңдарманын тапты, елдің жүрегіне жетті. Демек, әннің халыққа жетуі үшін міндетті түрде бейнебаян немесе үлкен жарнама қажет емес екен.
Ал енді отыз жастағы Нұрлан Өнербаев бүгінгі шоу-бизнеске келсе, қалай қабылданар еді деген сұраққа келейік. Құдайға шүкір, мені әлі күнге дейін түрлі концерттерге, өнер кештеріне шақырып тұрады. Қатысып та жүрмін. Сонда сахнаға атымды хабарлаған кезде көрерменнің қарсы алуы, ән айтып тұрғанымдағы қошеметі отыз жасымдағыдан бірде-бір кеміген жоқ десем, артық айтқандық емес. Сондықтан мен үшін ең маңыздысы – әннің елге жетуі, тыңдарманның ықыласы. Ал оның қандай жолмен жететіні заманға қарай өзгере беретін шығар.
– Бұрын әншіні халық алдымен дауысынан танитын. Қазір кейде әнін естімей тұрып түрін, әлеуметтік желідегі өмірін, тіпті отбасындағы оқиғаларын біліп отырамыз. Қазақ эстрадасы «тыңдайтын өнерден» біртіндеп «қызықтайтын өнерге» айналып бара жатқан жоқ па?
– Қазір өнердің «қызықтайтын» салаға айналып бара жатқанымен келісемін. Жаңа айттым ғой, менің тыңдармандарымның жас ерекшелігі әртүрлі. Бірақ көбіне аға буын, өзімнің замандастарым. Мені жас күнімнен тыңдап келе жатқан көрермендер әлі күнге дейін іздейді, көрсек, тыңдасақ дейді. Қазір үлкен концерттер көп қой. Мен өзім ондайларды «жиын-концерт» деп атаймын. Мен ондайларға көп қатыса бермеймін. Сонда тыңдармандарым мені іздейді екен. Қазір мен де әлеуметтік желіні пайдаланамын, жеке парақшаларым бар. Жаңа әндерімді салып отырамын. Солардың астына жазылған пікірлерді оқысам: «Неге көрінбей кеттіңіз?», «Ана концертте неге болмадыңыз?», «Сізді мынадай кештерден көргіміз келеді», – деп жатады.
Ал менің ерекше риза болатын бір нәрсем бар. Кейде көшеде кетіп бара жатамын немесе ұшақта біреумен сөйлесіп тұрамын. Сонда жанымыздағы адамдар елең етіп, мойнын бұрып: «Сіз Нұрлан Өнербаевсыз ғой, даусыңыздан таныдық», – дейді. Міне, осы сөзді естігенде кәдімгідей қуанып қаламын. Өйткені мен талай жыл радиода диктор болдым. Одан кейін «Қазақфильм» студиясында он жылдай дубляж саласында жұмыс істеп, фильмдерді қазақша дыбыстадым. Сонда менің үнімнің ғана жұрттың жадында, құлағында сақталып қалғанына қуанамын.
Ертеректе жеке концерттеріммен бүкіл өңірді аралап жүрген кезімізде ауылдық жерлерге де жиі баратынбыз. Ауылға концерт сирек келеді ғой. Сондықтан жұрт тайлы-тұяғымен жиналатын. Үлкендер де, жастар да, балалар да келеді. Сонда қызық бір жағдай болатын. Концерт жүріп жатады, ал залдың ішінде кішкентай балалар жүгіріп ойнап жүреді. Үлкен кісілер ән тыңдап отырып, балаларды тоқтатқысы келіп: «Тәйт, тыныш отырыңдар!» – деп ескерту жасайды. Мен сонда: «Оларға тимеңіздер, жүгіріп жүре берсін. Олар солай жүріп-ақ тыңдайды», – дейтінмін. Неге дейсіз ғой? Өйткені мен сол кішкентай балалардың концертіме келгенін қалайтынмын. Бүгін өзінің ауылына келген өнерпазды көрген бала ертең есейеді, қалаға барады. Сонда бала күнінде ауыл клубының сахнасынан көрген әншісін міндетті түрде іздейді деп ойлайтынмын. «Бұлар – менің ертеңгі көрермендерім», – дейтінмін. Расында да, бүгін мені даусымнан танып жататын жас буынның арасында сол кезде кішкентай бала болып концертіме келгендер де бар шығар. Мен соған қуанамын.
– Актерлік, әншілік, тележүргізушілік, мемлекеттік қызмет, депутаттық – өмір жолыңызда бір-біріне ұқсамайтын бірнеше орта болды. Осылардың қайсысы адам табиғатын көбірек танытты? Сахна ма, билік пе, әлде халықпен тікелей араласқан сәттер ме?
– Меніңше, қай салада жұмыс жасама, қандай ортада жүрме, ең бастысы – адам болып қалу. Өзіңнің адамдық болмысыңды жоғалтпау. Адамдармен қарым-қатынасың, сыйластығың, достығың – осының бәрі адам үшін ең жоғары құндылық болуы керек деп ойлаймын.
Менің бірінші мамандығым – актер. Одан кейін әншілікке келдім. Теледидар мен радиоға жиі шақырып, хабар жүргіздім. Кейін біржола радиода диктор болып жұмыс істедім, одан соң сол радионың басшысы болдым. Мемлекеттік қызметте де жүрдік, депутат та болдық. Осы салалардың қай-қайсысында жүрсем де, өзімді адам ретінде жоғалтпауға тырыстым. Мысалы, театрдағы қызметімді алайық. Мен Әуезов театрына актер болып қабылданғаныммен, сол жылдардың бір бөлігінде труппа меңгерушісі болып жұмыс істедім. Бұл – бас режиссердің көмекшісі ретінде актерлердің жұмысын ұйымдастыратын, кімнің қандай спектакльге қатысатынын, кімнің қай рөлді ойнайтынын қадағалап, реттеп отыратын қызмет. Әрине, жұмыс болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Кейде түсініспеушілік болады, кейде қызмет барысында біреудің көңіліне тиіп кететін кездер де болады. Бірақ мен сол театрдан кеткеннен кейін «Нұрлан сондай еді, мұндай еді» деген теріс сөз естіген емеспін. Мен үшін мұның өзі үлкен нәрсе.
Радиода басшылық қызмет атқарған кезім де есімде. Ол тоқсаныншы жылдардың басы, FM радиоларының жаңадан қалыптасып жатқан кезеңі болатын. Қазақ радиосының жұмыс жүйесі өзгеріп, «Шалқар» радиосы жабылған, қаншама жыл өмірін радиоға арнаған, зейнеткерлікке аз ғана уақыты қалған адамдар жұмыстан босатылған уақыт еді. «Енді біз басқаша форматта жұмыс істейміз, сіздер кешегінің адамдарысыздар» деген көзқарастың салдарынан талай тәжірибелі маман қызметсіз қалған екен. Мен сол жағдайдың үстіне басшылыққа келдім. Содан не істедім дейсіз ғой? Жұмыстан әділетсіз босатылған кісілердің бәрін қайтадан жұмысқа қабылдадым.
Өйткені мен оларды танитынмын. Бұрын сол редакторлармен, журналистермен, операторлармен, техникалық қызметкерлермен бірге жұмыс істегенмін. Олардың әрқайсысының еңбегін, радиоға сіңірген жылдарын білетінмін. Енді сол адамдарға «сіздер бізге керек емессіздер» деп қалай айтамын? Біз олармен адам ретінде сөйлестік, келістік. «Сіздердің кейбіріңіз жарты жылдан кейін, енді біріңіз бір жылдан кейін зейнет жасына жетесіздер. Сол уақытқа дейін жұмыс істеңіздер. Содан кейін өз қолдарыңызбен арыз жазып, құрметті демалысқа шығасыздар. Біз де қолымыздан келгенше алғысымызды айтып, сый-сияпатымызды көрсетіп шығарып саламыз», – дедік. Сөйтіп, сол айтқанымызды орындадық.
Мұны неге айтып отырмын? Өйткені қызметте отырғанда адамның тағдырына немқұрайды қарамау керек. Әсіресе бүкіл ғұмырын бір салаға арнаған, сол еңбегімен абырой тапқан адамдарға құрметпен қарау – біздің міндетіміз. Сондықтан болар, әлі күнге дейін радиодағы сол жылдарды ерекше ықыласпен еске алатын адамдар бар. «Нұрлан Өнербаев басқарған кез радионың бір дәуірлеген шағы еді» деген сөздерді естіп қаламын. Әрине, мұндай пікірді есту мен үшін үлкен мақтаныш.
Кейін мемлекеттік қызметке бардым. Әкімшілікте мәдениет саласын басқардым. Енді менің әнші екенімді бәрі біледі ғой. Жаңа қызметке келген алғашқы күні ұжыммен танысып жатқанымызда маған бір қызық сұрақтар қойылды. «Сіз өзіңіздің жеке концертіңізді өткізуді жоспарлап жүрсіз бе? Отбасыңызда ән айтатын адамдар бар ма?» – дейді. Бір қарағанда, кәдімгі сұрақ сияқты. Бірақ оның астарында не жатқанын түсіндім. «Енді біз сіздің жеке шығармашылығыңызға қызмет етеміз бе? Отбасыңыздағы әншілердің концерттерін ұйымдастырамыз ба?» деген күдік қой бұл. Өйткені маған дейін сондай жағдайлар болған екен. Мен бірден: «Жоқ, ондай нәрсеге жол бермеймін», – дедім.
Сол қызметте екі жыл жұмыс істедім. Екі жылдың ішінде бұрын өткізіп жүрген жеке концерттерімнің бәрін тоқтаттым. Тіпті облыстарда алдын ала келісіп қойған кейбір концерттерімді де кейінге қалдырдым. Өйткені мен ол жерге әнші Нұрлан Өнербаев ретінде емес, белгілі бір қызметтің жауапкершілігін арқалап барғанымды түсіндім. Ал депутаттық қызметке келсек, Парламентте үш жылдай отырдым. Өнер саласынан барғаннан кейін мәдениеттің, өнердің, руханияттың мәселелерін көтеруге тырыстық. Өзім көріп жүрген, көптен бері көңілімде жүрген мәселелерді ортаға салдым. «Мәдениет туралы» заңның қабылдануына да депутат ретінде өз үлесімді қостым. Бірнеше ұсынысым болды. Олардың көбі өтпей қалды. Ол енді өз алдына бөлек әңгіме. Парламенттің архивінде сол талқылаулардың стенограммалары сақтаулы болуы керек. Бірақ сол жерде де депутаттық мәртебемді жеке басымның пайдасына пайдаланған емеспін. Елдің сенімін ақтауға тырыстым.
Жалпы, мені кейде бір нәрсе ойландырады. Кейбір адамдар үлкен қызметтен кеткеннен кейін өз орнын таба алмай қалады ғой. Өйткені қызметке соншалықты үйреніп алған, өзін сол лауазымнан бөлек елестете алмайды. Біз Парламентте жүргенде бірнеше шақырылым бойы депутат болған, бір шақырылымнан екіншісіне өтіп жүретін өзіммен шамалас жігіттер болды. Тіпті кейбірі төрт шақырылымда да жүрді. Сонда мен кейде қалжыңдап: «Осы сендер Парламентке келгенге дейін кім болғандарыңды ұмытып қалған жоқсыңдар ма?» – дейтінмін. Әзіл болғанымен, астарында үлкен әңгіме жатыр.
Меніңше, үлкен қызметте жүрген әр азамат өзіне осы сұрақты қойып отыруы керек. Сен бұл қызметке келгенге дейін кім едің? Қандай адам едің? Қызметтен кеткеннен кейін кім болып қаласың? «Қызмет – қолдың кірі» дейді ғой. Қолыңды жуған кезде сол кір сумен бірге ағып кетеді. Ал сол кезде өзіңнің кім екеніңді, қайда қалғаныңды білмей қалмасаң болғаны. Менің айтпағым – осы. Қандай қызметте жүрсең де, ең бастысы, өзіңді жоғалтпау керек.
– Өнер адамына «заманға ілесу керек» деген сөз жиі айтылады. Бірақ заманға ілесемін деп жүріп өзіңді жоғалтып алу да оңай. Жаңару мен өз болмысыңа адал қалудың арасындағы шекара қай жерде?
– Мен 1978 жылы өнерге қадам бастым деп айттым ғой. Сол кезде үлкен өнерге облыстық, одан кейін республикалық байқаулар арқылы келдім. Сонда қазылар алқасына ұнаған бір ерекшелігім – халық әндерін орындағаным. Раушан есімді ұстазымыз бар. Қазір жасы тоқсанға жақындап қалды. Сол кісі бізге ән сабағын берді. Мені әнге баулыған да сол апайым еді. Бізге халық әндерін айтқызатын, үйрететін. Кейін театрға келгенде музыкалық спектакльдерге жиі қатыстым. Сөйтіп жүріп қолыма гитара алып, жеке ән айта бастадым. Бірте-бірте әншілікке біржола бет бұрдым. Жеке концерттерімді өткіздім. Біраз уақыт Президент оркестрінің әншісі болдым. Ол оркестрдің құрамында халық аспаптар ансамблі болатын. Сол жерде халық әндерінен үлкен репертуар жасадым. Кейін Алматыдағы «Сазген сазы» халық аспаптар ансамблімен бірнеше халық әнін жаздым.
Менің жеке концерттерімде бір қалыптасқан дәстүр болды. Бірінші бөлімде міндетті түрде халық әндерін орындайтынмын, ал екінші бөлім эстрадалық әндерге арналатын. Осы дәстүрді әлі күнге дейін сақтап келемін. Қазір де жеке концерттерімде халық әндерін міндетті түрде айтамын. Өйткені ол әндер менен бұрын да халыққа жеткен, елдің жүрегінен орын алған шығармалар ғой. Менің орындауымда да тыңдарманның ықыласына бөленіп жатқанын сезген соң, олардан ешқашан қол үзген емеспін.
Қазір өзімнен кейінгі іні буынмен жиі араласамын. Ақыл сұрайтын, ән үйренгісі келетін жастар бар. Соларға үнемі: «Халық әндерін айтып үйреніңдер», – деймін. Неге дейсіз ғой? Өйткені халық әндері арқылы ең алдымен қазақ әнінің, қазақ үнінің ерекшелігін танисың. Оның бояуы, болмысы, өзіне ғана тән табиғаты бойыңа сіңеді. Даусың да сол арқылы қалыптасады. «Халық әні» деп бекер айтылмайды ғой. Ол – халықтың өзі айтатын, халыққа жақын ән. Әрине, кезінде оның да авторы болған. Бір өнерлі жан шығарған. Бірақ уақыт өте келе сол адамның аты ұмытылып, әні бізге жетті. Халықтың жүрегінде сақталып қалды.
Ал енді бүгінгі айтылып жүрген әндерге қараңызшы. Егер сол әннің табиғатында қазақтың үні болмаса, қазақы бояуы сезілмесе, халықтың өзі қосылып айта алатын ән болмаса, ертең арада талай заман өткенде оны тыңдаған адам «мынау қазақтың әні екен» деп айта ала ма? Меніңше, бұл – ойланатын мәселе. Біз қандай ән айтсақ та, оның қазақы болмысын, ұлттық бояуын сақтауға тиіспіз. Сонда ғана заманнан заман озса да, әніміздің тамыры жоғалмайды.
Бір кездері біздің эстрадада сондай бір үрдіс болды. Қазір де бар шығар. Қазақ ән өнеріне келген кейбір жігіттер әндерінің аранжировкасын жасату үшін Өзбекстанға барып жүрді. Бейнебаяндарын да сол жақта түсірді. Бәлкім, қаржы жағынан тиімді болған шығар, оны білмеймін. Бірақ сол әндерді қазір тыңдап көріңізші. Табиғаты қазақша емес. Бірден танисың. Шығыстық әуен, басқа музыкалық бояу басым. Қазақтың өзіне тән үні сезілмейді. Әрине, заманмен бірге өзгеру керек. Жаңалықтан қашып құтыла алмайсың, оның қажеті де жоқ. Бірақ сол жаңалықтың ішінде өзіміздің ұлттық болмысымыз, әніміздің табиғаты сақталуы керек.
Менің айтпағым – қанша заман өзгерсе де, өзіміздің ұлттық бояуымызды жоғалтпауымыз керек.
– Әннің ғұмыры ұзақ болуы үшін оның әуені ғана емес, айтар ойы да маңызды шығар. Өзіңіз жаңа ән таңдағанда ең алдымен неге мән бересіз? Бүгінгі әндердің арасынан көңіліңізге ерекше әсер еткен шығармалар бар ма?
– Мен сізге бір өлең оқып берейін...
Махаббатқа ұқсайды мына көктем,
Мәңгілікке келмеді ол, бірақ әттең.
Оны саған кім айтты, дейді жүрек,
Жаңбыр айтты, деймін мен жылап өткен.
Сағынышқа ұқсайды осы көктем,
Сағыныш та тұрады қасіреттен.
Оны саған кім айтты, дейді жүрек,
Сезім айтты, деймін мен ғашық еткен...
Кеудемді ұрып тұратын кейде ақырын,
Неге бүгін жүрегім бей мақұрым.
Өтіріктен жалығып кетті-ау, сірә
Оны саған кім айтты дейді ақылым.
Бұл – жақында ғана менің репертуарыма қосылған әннің сөзі. Өлеңнің авторы – Қалқаман Сарин, музыкасын жазған – белгілі композитор Ахмет Молдағұлов. Жақында сол азаматтың шығармашылық кеші өтті. Сонда осы әнді орындадым.
Енді қараңызшы, өлеңнің сөзіне үңілсеңіз, бір қарағанда жастарға арналған махаббат әні сияқты. Бірақ мен бұл өлеңнен басқа мән, басқа мағына таптым. Менің ұғымымда мұнда адам өмірінің үлкен философиясы жатқан секілді. Бәріміз де жас болдық қой. Албырттық шақты бастан өткердік. Жас кезде адам көбіне сезімнің еркінде жүреді. Жүрегі нені қаласа, соған қол жеткізгісі келеді. Ал оның арты қалай болады, қандай салдарға әкеледі, ертең не күтіп тұр – оған көп ойлана бермейсің. Жас ұлғайған сайын мұның бәріне басқаша қарай бастайды екенсің. Әр нәрсені ақылға саласың. «Бұл маған не береді? Ертең қалай болады? Соңы неге апаруы мүмкін?» деген сұрақтарды көбірек қоясың.
Міне, осы әннің маған ұнағаны да сондықтан. Сырттай қарағанда махаббат туралы айтылғанымен, оның астарынан адам ғұмырының әр кезеңіне тән сезімді, толғанысты көрдім. Сол себепті әнді өзім қалап, репертуарыма алдым.
– Халықтың махаббаты – өнер адамы үшін үлкен бақыт. Бірақ сол махаббат кейде өнерпазды өзі қалыптастырған образдың тұтқынына айналдырмай ма? Жұрт баяғы Нұрлан Өнербаевты күтеді, ал адамның өзі жылдар өте өзгереді. Осындай қайшылықты сезінген кезіңіз болды ма?
– Кез келген өнерпаз үшін халықтың махаббаты мен қошеметі, өнеріңе деген ықыласы мен құрметі – үлкен баға. Одан артық қандай баға керек? Бірақ сол құрметті сақтай білу, қадірлей білу адамның өзіне, оның бойындағы адамшылық қасиетіне байланысты.
Бізде «жұлдыз ауруы» деген теңеу бар ғой. Кейбір жастар елдің қошеметін, қол шапалағын басқаша түсініп қалады. Содан астамшылыққа салынып, сахнада өзін тым еркін ұстап, дандайсып сөйлейтіндер де кездеседі.
Ал шын мәнінде, сен өзіңді қаншалықты жоғары қойсаң да, ешқашан халықтан биік бола алмайсың. «Ел іші – өнер кеніші» дейді ғой. Өнер – халықтікі. Біз сол халықтың өнерін өзімізше боямалап, түрлендіріп, орындаушылық шеберлігімізбен байытып, қайтадан халықтың өзіне жеткізетін дәнекерміз. Осыны ұмытпау керек. Ал егер кішкене астамшылық таныттың ба, халықтың алдында орынсыз сөйлеп қойдың ба, оның салдары болмай қалмайды. Ондай мысалдар жетіп артылады. Бір кезде елдің қошеметіне бөленіп жүріп, кейін сахнадан өз орнын таба алмай қалған өнерпаздар да бар. Сондықтан мен ең алдымен көрерменге деген құрмет болуы керек деп есептеймін.
Ойланып қараңызшы, бір адам сіздің концертіңізге келу үшін қалтасындағы соңғы тиынына билет алуы мүмкін. Сізді тыңдағысы келеді, өнеріңізді құрметтейді. Ендеше, сол адамның ықыласына лайық болу керек қой. Сахнада шынайы болу керек дейтінім де сондықтан. Жалғандық өтпейді. Залдан қадалған мыңдаған көз сенің өтірігіңді айна-қатесіз таниды. Мен жастарға үнемі: «Өмірде қандайсыңдар, сахнада да сондай болыңдар. Өтірік сөйлемеңдер. Өздерің орындап тұрған әнге адал болыңдар», – деп айтып жүремін. Өзім де осы қағиданы ұстануға тырысамын.
Мысалы, маған бір ән ұсынды делік. Әуені жақсы екен деп оны бірден орындай салмаймын. Әуелі мәтініне қараймын. Не айтылып тұр? Қандай ой бар? Мен осы ән арқылы халыққа не жеткізгім келеді? Тыңдарман оны қалай қабылдайды? Осының бәрін ой елегінен өткіземін. Оның үстіне мен қазір бұрынғы отыздағы Нұрлан емеспін ғой. Алпыстың үстіне шыққан аға Нұрланмын. Жас ұлғайған сайын адамның өмірге көзқарасы да, айтқысы келетін ойы да өзгереді екен. Сондықтан кейінгі кезде ән таңдағанда оның қазіргі жасыма қаншалықты жарасатынына да назар аударамын. Бұл әнді бүгінгі Нұрлан Өнербаев айтса, қалай қабылданады? Ән арқылы қандай ой тастай аламын? Не айтқым келеді?
Осыған байланысты соңғы жылдары репертуарымның мазмұны да біртіндеп өзгеріп келеді. Елдік мәселелерге, тарихқа, адамгершілікке, жастарға өнеге беретін шығармаларға көбірек көңіл бөліп жүрмін. Кейде маған бұрынғы әндеріме ұқсас, сол стильдегі шығармаларды ұсынады. Әннің өзі жақсы болуы мүмкін. Дауысыма да келетін шығар. Бірақ мен ойланып қаламын: «Бұл ән бүгінгі жасыма жараса ма? Жұрт қалай қабылдайды?»
Мысалы, жас кезімде «Ай да, күн де жақсы ғой, бірін-бірі білмеген» деген әнді орындадым. Ол кезде отыздың ортасындағы Нұрланға жарасатын ән еді. Ал қазір оны орындамаймын. Жастарға бердім. Енді солар айтсын. Оның үстіне бұл әннің өзі алғаш орындалған кезде біраз талас тудырған. «Бұл әннің мағынасы не? Айы кім, күні кім?» деген сияқты сұрақтар қойылғаны есімде.
Ал қазір сол әнді менің жасымдағы адам орындап тұрса, көрермен қалай қабылдар еді? Мұны да ойлау керек қой. Сондықтан мен үшін ән таңдау – тек дауысқа лайық шығарма табу емес. Ол сенің қазіргі болмысыңа, өмірден түйген ойыңа, халыққа айтқың келетін сөзіңе де байланысты.
– Соңғы сұрақты сәл тосын қойғымыз келеді. Егер бүгінгі Нұрлан Өнербаев отыз жастағы Нұрлан Өнербаевпен бір дастарқан басында ұзақ әңгімелессе, екеуі қай мәселе жөнінде келісе алмай қалар еді?
– Шынымды айтсам, отыз жастағы Нұрланмен бүгінгі Нұрланның кейбір мәселеде келісе алмай қалуы әбден мүмкін. Мысалы, отыздағы Нұрлан: «Мен қазір барамын, тауды қопарамын, қалағанымды алып келемін!» – деуі мүмкін. Ал бүгінгі Нұрлан оған: «Әй, тоқта! Алдымен ойланайық. Ақылдың тезіне салып көрейік. Осы дұрыс бола ма? Ертең өкініп қалмаймыз ба? Артында қандай жағдай болуы мүмкін?» – дер еді. Бірақ отыздағы Нұрлан оны тыңдамас еді ғой. (Күледі.)
Өйткені ол жаста адамның албырттығы басым болады. Бір нәрсеге құлшынсаң, соған жетпей тынғың келмейді. Ал уақыт өте келе көп нәрсеге басқаша қарай бастайды екенсің. Жас кезде сезімге ерік беріп шешетін мәселелерді енді ақылға саласың, салдарын ойлайсың.
Бәлкім, екеуміздің келісе алмайтын жеріміз де осы болар еді.
Сұхбаттасқан Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА





