Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

ОРАҚ ЖАУЫРОВ: «Әр домбырашының тартылмаған бір күйі бар»

    «Әу» демейтін қазақ жоқ және нағыз қазақ – домбыра екенін түсіну қиын емес. Бұл үшін Құрманғазы не Динаның бір күйін тыңдасаңыз да жеткілікті. Әсіресе, оны оркестр орындаса, әсері бөлек болмақ. Ендеше, сол оркестрді «ашса алақанында, жұмса жұдырығында», түшкірсе таяғында ұстап қана қоймай, халқымыздың ұлттық музыкасын әлемге әйгілеп келе жатқан бір жан бар. Ол – еліміздің Білім беру ісінің үздігі, «Құрманғазы Сағырбайұлы», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілері және «Құрмет» орденінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры, даңқты дирижер, дарынды домбырашы, керемет күйші Орақ Жауыров. Жақында ағамызбен жолығып, әсерлі әңгімесін тыңдап едік. Сол сәті түскен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз...

Томарлыда туған талант
– Аға, оқырман үшін арнайы уақыт бөлгеніңізге алғыс айтамыз. Алдымен, өзіңіз туралы қысқаша баяндап берсеңіз...
– Сізге де рахмет. Мен Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған жылы 26 қазанда бұрынғы Теңдік кеңшары, қазіргі Томарлы ауылында туып, кейін төрт жасымда қалаға отбасымызбен көшіп кеттік. Тұрғындар «Первый участок» деп атап кеткен жерде бұрынғы Надежда Крупская, қазіргі Хиуаз Доспанова атындағы мектепте білім алдым. Мәңгілік алау маңында Пионерлер үйі деген болды, сонда барып тұратынбыз. Одан шығып, бір қатарлы Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебіне сырттай қызығатынмын. Ішінде біреу баянда, енді біреу кларнетте, тағы бірі пианинода ойнап жататын...
– Сонда, ол мектеп қашан ашылған?
– Оның ашылуы да тегін емес. Сол кездегі Гурьевке сонау Мәскеуден 1949 жылы балығы тайдай тулаған Жайыққа қызығып ерлі-зайыпты бір жұп келген екен. Армандары – мектеп ашып, бала оқыту. Бірақ, білікті кадр жоқ. Үрмелі аспапта ойнайтын Абылаев деген бір ғана маман болған. Сол кезде ұлты мен саяси көзқарасына байланысты Мәскеудегі атақты Гнесиндер атындағы музыка академиясын аяқтай алмаған Таисия Герлах деген әйел жер аударып келген екен. Сол кісі музыка мектебіне жұмысқа алынады. Кейін Абылаевқа күйеуге шығып, Александр деген бала дүниеге келеді. Мен онымен бір училищеде оқыдым. Ол Президент аппаратында көпке дейін дирижер боп жүрді. Ал, оның келіншегі – Нағима Есқалиева. Сол Нағиманың әкесі Ойылдан, анасы Индерден болатын, оны да көре қалдым. 
– Яғни, нағыз кадр дайындау ісі осы мектептен басталған десеңізші...
– Бір қарағанда, бұл қосымша білім беру орны болса да, зор жетістіктерге жетіп жатты. Артынан Сейілхан Құсайынов аға келіп, ұстаздар қатары толыға түсті. Өзім де осында 1975-жылдары директор болдым. 
Қателеспесем, қазіргі облыс әкімі Болат Ақшолақовтың апасы болса керек, бізде білім алды. О заманда музыка мектебіне оқуға түсу бүгінгі университет сияқты қиын болатын. Мектеп сыртында  горком мен обком хатшыларының шөпірлері басшыларының балаларын көлікпен күтіп тұратын. Әлі есімде, сол кезде «Шалқыма» дүкеніне қарама-қарсы беттегі екі қабатты үйде тұратын қазіргі әкімнің әкесі Орал Ақшолақов «Ореке, үйге жүріңіз, шай ішіп кетіңіз» дейтін. Содан араға екі-үш жыл салып, мен музыкалық училищеге директор боп кеттім, ал, ол кісі Алматыға барып, геолог, экономист, ғалым болды, білдей министрлікте экономикалық бөлімді басқарды. Біздің оқу орныызм сол министрлікке қарады. Бүгінде баласы келіп, өзі туған өңірге әкім боп жатқаны қуантады. 

Ағайынды бесеу
– Отбасында өнер жолын қуған тек өзіңіз бе?
– Әкеміз 1896 жылы туған, өзі де, інілері де екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Соғыстың бас кезінде жараланып, ауырған. Ол домбыра шертпегенімен, небір жырларды жатқа соғатын. Әсіресе, Кердері атанып кеткен Әбубәкір Боранқұлұлының жырларын жиі айтушы еді. Айтпақшы, майдан даласынан оралмайған күйі жоғалып кеткен әкеміздің бір інісін кейін біздер тауып, жер қойнына тапсырдық. 
Ал, анамыз колхозда тары екті. Соғыстан кейінгі жылдары күріш егу, теміржол төсеу секілді жұмыстар қауырт жүріп жатты ғой. Сөйтіп жүргенде 1957 жылы Теңдік ағам Ұлытаудың қызын алып, үш күн той болды. Сонда жырдан маржан терген әкемнің немере бауырлары өнер көрсетті. Яғни, біздің тұқымымызда жыраулар болған екен. Теңдік ағамның өзі де мандолинде жақсы ойнады. Ол 1952 жылы университетке оқуға түскенде, мен бірінші сыныпқа бардым.  
Жалпы, біз бес ағайындымыз. Үлкен ағам Малдыбай өмір бойы мұнай саласында шөпір болып, айлап үй көрмеді. Сөйтіп, бәрімізді асырады. Апам Қапиза Жаманбай – 13 баланың анасы. Бір қызы Сара Қабиева қобызшы, қазір зейнет жасында. Тағы бір қызы пианистка, енді бірі – атақты Рахымжан Отарбаевтың жары Сәуле. Бір баласы Жайықбай – суретші, «Дина» базарында өзінің «бутигі» бар. Сосын қарындасым Қансұлу – бүгінде немере-шөберелерінің сүйікті әжесі. 

Қалқанқұлақ радио
– Домбыраның дыбысын алғаш қай кезде естідіңіз?
– О заманда теледидар жоқ, қалқанқұлақ радио ғана бар. Содан ән әуелеп, күй күмбірлейтін еді ғой! Әсіресе, Сейілхан Құсайыновтың «Мерекесі», Тоқсанбай Құлтумиевтің «Комсомолы», Серік Дәулетияровтың «Балықшы» деген күйлері жиі берілетін. Мен соларды домбырада ойнағым кеп тұратын. Бір күні музыкалық училище ашылып жатыр дегенді естідік. Сөйтіп, Ғизат Әдепқалиев деген 3-курс студенті біздің мектепке келіп, талантты балаларды таңдап жатыр екен. Солардың қатарынан мен де табыла кеттім. Әрі, ата-анам да қарсы бола қоймады. Осылайша, төрт жыл сонда оқып шықтым. 

Домбырашы ма, күйші ме?
– Аға, айтыңызшы, осы домбырашы да, күйші де бір адам ба?
– Меніңше, анау айтқандай айырмашылық жоқ секілді. Екеуі де домбырада ойнайды. Екеуі де қаласа, күй шығара алады деп ойлаймын.
– Демек, кез келген домбырашыдан күйші шығуы мүмкін бе?
– Әлбетте солай. Бірақ, домбыра тарта білу ғана аздық етеді. Домбырашыға кәсіби бағыт-бағдар керек. Күйді де жеңіл-желпі шығара салуға болмайды. Оңай шыққан дүниелер ұзаққа бармайды. 
Бұрын өнер ұяларындағы ұстаздардың білім-білігі өте жоғары болды. Ал, қазір ше? Көбісі тезірек үйірме ашып, табыс тапқысы келеді. Олай болмайды ғой. Мысалы, мен немеремнің домбыраны қалай ұстағанын көріп шошығаным бар. Саусақтары өте ыңғайсыз орналасқан. Сөйтсем, оған домбырада емес, басқа аспапта ойнайтын мұғалім сабақ берген боп шықты. Кейбір балалар күй орындағанда, отырысының өзі оғаш көрініп жатады. Осының бәрі бала оқытуға жіті көңіл бөлмегеннен шығады. 
Дегенмен, шүкір дейтін де жайттар баршылық. Бүгінде музыка мектебіндегі оқушылар консерватория бағдарламасындағы шығармаларды орындап жүр. Бұл – үлкен жетістік!

Ахаңның ақ батасы
– Өміріңізге үлкен өзгеріс әкелген немесе  ерекше әсер еткен естен кетпес сәт болды ма?
– Мен үшін атақты академик Ахмет Жұбановпен кездесіп, оның ақ батасын алу – өте сирек құбылыс болды. Онымен бірге түскен суреттің өзі – үлкен тарихи оқиға. 1965 жылы Гурьевтің музыкалық училищесін бітіре салысымен арман қуып Алматыға аттанғаным әлі есімде. Сөйтіп, Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түстім. Сол жылы оқу бітірген жерлесіміз Бақыт Қарабалина ұстазым болды. Ол маған бірінші семестрден соң ұлы күйші атындағы оркестрге баруға кеңес берді. Себебі, онда көптеген шығармалар орындалатынын, түрлі әншілер мен дирижерлар болатынын айтты. 
...Бір күні сәуір айында Ахаң (Ахмет Жұбанов. Авт.) келеді деп аяқ астынан апыл-ғұпыл дайындықтың басталып кетпесі бар ма! Артынан өзі де оркестрмен жұмыс жасады. Ол кісінің өзі де, сөзі де бөлек болатын. Тіпті, жүріс-тұрысы мен қимыл-қозғалысының өзі ерекше еді. Күй туралы әңгіме айтқанда, «шырақтарым, әр күйді өзінің мәнерімен және ырғағымен асықпай орындаңдар» дейтін. 
Ал, қазір қалай? Күй тез орындалады. Тыңдарман түсініп те, түйсініп те үлгермейді. Біз болсақ, әрбір шығарманы Ахаңның айтуымен орындадық. Мысалы, домбыраға тек прима, бас домбыра және арасында ғана қылқобыз қосылып отырады. Яғни, домбыраның дыбысы басымырақ болуы керек. Сонда күйдің күйі келіп, күмбірлей жөнеледі. Міне, ағамыздың осындай ақыл-кеңестері кейін өмір бойына азық болды.  

«Қарындарың ашып жүрген жоқ па?»
    Айтпақшы, тағы бір сәт ойға оралып отыр. Ахаңмен бір концерттен соң банкетте кездестік. Ол өзі құрған оркестрдегі шәкірттеріне «қыздар, жігіттер» деп сөйлейтін. Сол кеште ол бізді байқап қалып, жанымызға келді. Біз деп отырғаным – Өтепберген, Мұхтар деген примашылар және мен. Содан ағамыз оймақтың көлеміндей ғана рюмканы әкеліп менімен соғыстырды. Ал, ондай ұлы тұлғамен рюмка түйістірмек түгілі, жанында тұрып шарап ішудің өзі мен үшін мүмкін емес нәрсе ғой. Соның өзі ол кісінің маған берген батасындай болды. 
Тағы бірде біздің ұлт аспаптар кафедрасын басқаратын атақты ұстазымыз, әдістемеші Хабидолла Тастанов мені шақырып алып: «Сен бүгін Ахаңның алдында «Би» күйін тартасың, дайындалып кел» деді. Зал адамға лық толы болды. Мен айтылған шығарманы мүдірмей орындап шықтым. Ахаң қолымды алып, алғысын айтты. Аялы алақаны сондай жұмсақ, құшағы оттай ыстық болатын. Ол бізге әркез: «Сабақтан қалмаңдар, себебі, қазақ мәдениетінің болашағы сендердің қолдарыңда» деп айтып жүретін. Арасында «қарындарың ашып жүрген жоқ па?» деп те сұрап тұрады. Сол кезде алпыс жаста екен. Ал, биыл 120 жылдығы тойланып жатыр. 

«Қуырдақтың көкесі»
Қызықтың көбі, «қуырдақтың көкесі» демекші, әдетте шетелге шыққанда болып жатады ғой. Бір қызық айтайын, шетелде концерт беріп жүрген алғашқы жылдары бізден «Құрманғазы қай консерваторияны бітірген?», тіпті, кейде «Құрманғазы қазір бар ма?» деп те сұрайтындар болды. Сонда «ол дала консерваториясын бітірген» деп жауап беретінбіз.
Бірде Вьетнамға баратын болдық. Соған байланысты бір ән тауып, Шамғон Қажығалиев аға дирижерлап, Бибігүл апа әнін салып, өзімізше дайындалып жаттық. Бір кезде әннің ырғағы тез боп кетті. Сонда әнші апамыз: «Шәке, әннің темпін азайтып айтайықшы. Әйтпесе, менің айтып жатқаным біртүрлі жаман сөзге ұқсап бара жатыр...» демесі бар ма! Бәріміз күлкіге қарық болдық. Сол сияқты, әйгілі Роза Бағланова, Кәукен Кенжетаев, Ришат Абдуллин секілді бірегей жандармен де біраз сапарда бірге болғанбыз.

Күмбір күй мен көңіл-күй
– Өзіңіз күй шығарасыз ба?
– Менің атақты дирижер досым Айтқали Жайымов деген жерлесім бар. Мен жетпісінші жылдары консерватория тәмамдаған соң Дина Нұрпейісова атындағы оркестрге келіп еңбек еттім әрі училищеде сабақ бердім. Сол кезде Айтқали 3-курста оқып жүрді. Әлі күнге дейін мені «ұстазым» деп айтып отырады. Айтқым келгені, ол маған «әрбір домбырашының тартылмаған бір күйі бар» дегенді жиі айтатын. Сондай-ақ, осындағы филармонияда Асқар Харесов деген директор болды. Ол да маған: «Ореке, қашан күй жазасың?» деп отыратын. 
Міне, осы кісілердің айтуымен болар, осы уақытқа дейін оннан астам күй жазыппын. Солардың бірі немере-шөберелеріме арналған (Әңгіме барысында орындап та берді. Авт.). Бір қызығы, соны орындаған кезде бесікте жатқан бала билегісі келгендей бұлқынып шыға келеді. Енді бір шөбереме қайғылы күй тартып көрдім. Сонда ол қасыма келіп: «Ата, мұңаймаңызшы» деп айтқаны бар. Көрдіңіз бе, кішкентай балаға дейін күйдің табиғатын жан-тәнімен түсініп тұр. 


– Күйдің күмбірін кейде бала тұрмақ, ересектердің өзі түсінбей жатады ғой...
– Айтуыңыз орынды. Мәселен, неге бұрын жыраулық дәстүр жақсы дамыды, ал, қазір жоқ? Себебі, ол кездің жиын-тойларында қазіргідей арақ-шарап болмады, іріген ауыздан шіріген сөз шықпады. Халық таңға дейін жыр тыңдады, ұлттық өнерді өлтірмей, қастерлеп-қадірлей білді, құрметтей алды. Ал, бүгін ше? Араққа сылқия тойып алған адам күй тыңдап, шығарманың шын бағасын бере ала ма? 
Айтпақшы, былтыр менің 80 жылдық мерейтойыма орай арнайы кітап жарық көрді. Онда мен дирижерлық жасаған оркестрдің орындауындағы күйлер келтіріліп, ноталарымен көрсетілген. Күй тартып үйренемін деушілерге таптырмас құрал деп ойлаймын. Әрі, әрбір күйге түсініктеме берілген, яғни, мазмұны жазылған.  

Күйге сөз жазуға бола ма?
– Әдетте әннің әуенін сазгер кездейсоқ жазып қалады. Кейде жаңа әндер тапсырыстан туып жатады. Ал, күй қалай жазылады?
– Күй белгілі бір тақырыпта жазылады. Айталық, менің «Өмір сайраны-ай» деген күйім немере-шөберелерге арналған. Онда мен баланың бал қылығы мен шат күлкісін келтіруге тырыстым. Ал, керісінше, «Бойтұмарым – Томарлым» деген күй елден шыққан батыр бабалар мен ақын-жыраулардың өмірінен өшпес өнеге береді. 
– Күй жазғанда немесе маңызды бір шешім қабылдағанда кіммен ақылдасасыз?
– Жалпы, оркестрді алатын болсақ, ол – үлкен ұжым. Оның бас дирижеры әрі көркемдік жетекшісі ретінде бағдарламасын жасаған кезде қасымдағы концертмейстер көмекшілерімнен ақыл-кеңес сұраймын. 
Ал, баяғыда әр жаңа бағдарлама мен тың туындыны талқылап, сүзгіден өткізетін көркемдік кеңес болды. Соған мүше болған атақты академиктер мен майталман мамандар рұқсат бермесе, ешбір шығарма радиодан не теледидардан берілмейтін еді. Әттең, қазір сол ұйым жетіспейді. Сондықтан да болар, өнер саласы қадағалаусыз қалды, әркім ойына келгенін жасап жатыр. Тыңдармандар мен көрермендерге толық пісіп-жетілмеген шала дүниелер шикі күйде ұсынылуда. Бұл өнер мен әдебиеттегі сын саласының да ақсап жатқанын көрсетеді.
Өзіме келсем, әрбір жазған шығармамды Астананың атақты дирижерлары Нұрлан Бекенов пен Айтқали Жайымов деген достарыма тыңдатып, ақылдасамын. Олар өз тарапынан жанашырлық танытып, ұсыныстарын айтады. Сайып келгенде, мақсат бәрімізге де ортақ – халықтың жүрегіне жол табу, ұлттық өнермен шөлін қандыру. 
– Күйге сөз жазу дұрыс па, қалай ойлайсыз? 
– Ондай нәрсе практикада кездеседі. Тек сөзді талантты ақын жазу керек. Мысалы, кезінде ақын Хамит Ерғалиев «Айжан қыз» деген күйге сөз жазып, онысын сахнада оркестрмен бірге өзі де оқып берді. 
Сол секілді, күйді драма, опера секілді өзге жанрларға да пайдалануға болады. Өйткені, домбыраның дыбысы ерекше естіледі, ол адамға ой салады, қиялға қанат бітіреді.
Шатаспасам, Дулат Исабеков айтқан болу керек, жазушылар том-томдап кітап жазады. Ал, домбырашылар соның барлығын айналдырған алты-жеті минутта күй арқылы жеткізіп береді. Ендеше, домбыра мен күйдің құдыреті де осында емес пе?! 

Димаштан артық дәріптеуші жоқ! 
– Сіздіңше, ұлттық өнерді қалай дәріптеу керек?
– Меніңше, Құрманғазы күйлерінен лекция-концерт беру қажет, оның әсері зор болмақ. Сонда халық күйдің тап-таза табиғатын түсініп, ұлы өнерден шынайы ләззат ала бастайды. Өзіңіз де білесіз, қазір оркестерлерді танымал кинофильмдердің саундтректері орындалатын концертке пайдаланып жатады. Бұның бәрі коммерциялық мақсатта жасалып жатқан дүние деп ойлаймын. Себебі, халық бұны интернеттен де іздеп таба алады ғой. Ал, күйді дәріптеу дегеніміз бұл – ең алдымен көрерменді күй тыңдап, табиғатын түсінуге тәрбиелеу.  
Осы орайда, айта кететін жайт, бүгінде ұлттық өнерді Димаш Құдайбергеннен (Тегі айтып тұрғандай, Құдайдың өзі берген бақ. Авт.) артық дәріптеуші жоқ сияқты! Соның арқасында бүкіл әлем қазақ деген ұлттың, домбыра деген аспаптың, жыр мен терменің бар екенін біліп жатыр емес пе? Одан басқа не керек? 

Қазақ болып тумағанда...
– Егер Қазақстанда дүниеге келмесеңіз, домбырадан басқа қай аспапта ойнар едіңіз?
– Сұрағыңыз маған ой салып отыр. Негізі, домбыраға екі ішекті қылқобыз жақын ғой. Сондықтан сол аспапты кәсіби тұрғыда үйреніп алуым керек шығар. Мүмкін, әлі де болса жаңа қырымыз ашылып қалар (жымиып күлді). 
– Өнерден жалығып, өмірден баз кешкен кездеріңіз болды ма? 
– Менің мамандығымда жалығуға мүмкіндік болмайтын секілді. Ертеректе профессор Шамғон ағамызбен бірге Кеңес одағының біраз елін аралап, талай қызыққа куә болғанбыз. Қай елге барсақ, сол жердің бір-екі ғана шедевр шығармасын міндетті түрде орындауға талпынып, тырысатынбыз. Мәселен, Польшаға барғанда, Шопеннің вальстерін әдеттегідей скрипка, виолончель, контрабаста емес, домбыра мен қобызда орындаймыз. Сөйтіп, әлемге әйгілі шығармалар тыңдарман құлағына мүлде басқа формада жетеді. Келген көрермендер біраз уақыт бойы тік тұрып қошемет көрсетіп жатады. Сол кезде кеудемізді ерекше мақтаныш сезімі кернейді! Мұны жай сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... 
Тағы бірде Ресейде ай жарымдай уақыт өнер көрсетіп жүрдік. Сонда әйгілі Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйін орындадық. Ол орыс тіліне «Размышление» деп аударылды. Жиналған жұрт тып-тыныш тыңдап шықты. Біткен бойда қол соғып, «есть о чем размышлять» деген сөздермен тарқасып жатты.  

Бір тойдан – бір миллион!
– Бір тойда бір шығарма орындап бір миллион теңге арқалап кеткен екенсіз. Сол рас па?
– Иә, бұл – қасиетті қара домбыраның қоңыр үнінің құдіреті. 1996 жылы құдамыздың баласы үйленіп, Ақтауда той жасады. Соған барып қатыстым. Тілегімді айтып болған соң, қолыма домбыра берді. Күмбірлетіп күй тарттым. Бірақ, естір құлақ, тыңдар ешкім болмады. Мұнайшылар мен шетелдік меймандар жиналып алып, әңгімені судай сапырып жатыр. Содан аяқ астынан «Огинскийдің Полонезі» атты шығарманы орындай бастадым. Сол сәтте зал іші сілтідей тына қалды... 
Артынан бір кәсіпкер қасыма келіп: «Мен әлемге әйгілі шығарманы домбыраның орындауында бірінші рет естіп тұрмын» деп таңданысын жасырмады. Сол кезде басқа біреу тұрып: «Біздің жақтың дәстүрі бойынша өнер көрсеткен адамға ақша береді» деді. Сонда әлгі бизнесмен «қанша?» деп сұрады. Оған ортадан тағы біреу шығып «миллион» деп қойып қалмасы бар ма! Кәсіпкер сол бойда қарамағындағы бір қызметкерге бұрылып, «МаңғыстауМұнайГаздың» президентіне 22 миллион теңге алажағының 1 миллионын Орақ Жауыровқа аударсын деп жазуға пәрмен берді. Сөйтіп, сондағы музыкалық училище директоры Аманбек Сүндетовпен бірге президент мырзадан айтылған ақшаны алдық. Осылайша, күйдің құдіретті күшіне куә болғанымыз бар. 

Мысық та күй тыңдай ма?
– Сіздің оркестрдің орындауындағы күйлерге жануарлар да қызығушылық білдірген екен...
– Иә, менің 70 жасқа толуыма орай өткен концертте бір қызық болды. Әдетте дирижердің назары оркестрде болады да, көрерменге теріс қарап тұрады ғой. Мен де солай, артымда не боп жатқанын білмеймін. Бірде халық аяқ астынан шулап шыға келді. Ал, сол сәтте ән салып тұрған Салтанат Ахметова маған қарап бірдеңе айтқысы келгендей кейіп танытты. Мен ештеңе түсіне алар емеспін. Артыма да қарай алмаймын. Мәселенің мәнісін кейін барып бір түсіндім ғой. Сөйтсем, күй орындалып жатқан кезде сахнадан мысық өтіп бара жатқан екен. Ол күй тыңдағандай боп асықпай жүрген, жиналған халық соған күлген. 

Жауыровтың жиғаны
– Енді жиған-терген байлығыңызбен бөліссеңіз...
– Менің бар байлығым – балаларым, немерелерім мен шөберелерім. Солар күндіз сағат 11-де маған «Ата, фруктайм!» дейді. Оны бастапқыда қайдан білейін, бұл – олардың жеміс-жидек жейтін уақыты екен. Міне, бұрын маған көп нәрсені немерем үйретсе, қазір шөберемнен үйреніп жатырмын. Қарап тұрсақ, үлкен-кішінің бір-бірінен алары көп қой. Тек арада шынайы сыйластық пен құрмет болсын. Әттең, бүгінгі қоғамда сол жағы жетіспейді. Көпшілік жиналатын орындарда жастар үлкендердің көзін бақырайтып қойып аузына келгенін айтып жатады... 

«Директор кешікпейді ғой!..»
– Бүгінгі баланы өнерге баулу ісіне көңіліңіз тола ма?
– Шамғон ағаны көп айттық қой, сол кісінің 70 жылдығына арналған мерейтойлық концерт өткен болатын. Соның алдында біз оны құттықтап кетуге барған едік. Ол дайындықтан қолы тимей жатқанын айтып, жанына жуытпады. Бір қарағанда, осы іспен жарты ғасыр айналысып жүрген адамға не дайындық керек болуы мүмкін? Жоқ, ол кісі ештеңеге қарамастан әр концертке тыңғылықты дайындалады, жауапкершілік жүгін жақсы түсінеді. Тек шығармашылық қана емес, психологиялық репетицияның да керек екенін біледі. Міне, музыка мектебіндегі мұғалімдер де солай жұмыс жасаса, бәрі ойдағыдай болары анық! 
Екіншіден, балаға домбырада ойнауды үйреткенде еркіндік қағидатын ұстанған дұрыс. Сабақ пікірталаспен өтуі қажет. Ұстаз бен шәкірт өзара ақылдасып, кеңесе білуі керек. Екеуі бір-бірін дос ретінде көрсе, жақсы нәтиже шығады. Өзім осы әдісті қолданамын. 
Сабақ беріп жүрген кезімде асықпайтын бір шәкіртім болды. Үнемі кешігіп келеді. Сөйтіп, оған «директор» деп ат қойдым. «Директорлар жұмысқа өздері қалаған уақытта келеді ғой, оларға қалай ұрсамын?» деп әзілдеп қоямын. Содан ол кешікпейтін болды. Жақында оны такси шақырған кезде жолықтырдым. «Ағай, мені танымай қалдыңыз ба, мен директормын ғой» дегенде ғана есіме түсті (қарқылдап күлді). Қалай болғанда да, менің аузымнан қанша ашулансам да «иттің баласы» немесе «оңбаған» деген сөздер шығып көрмепті. 

Жан серігім – домбыра...
– Өмірдің қиын сәттерімен қалай күресесіз?
– Ата-ана үшін ең қиыны – өз баласынан айырылу. Одан асқан қасірет жоқ... (көзіне еріксіз жас алды). Мен ондай кезде қолыма домбырамды алып, алдымен мұңды, сосын көңілді күйлерді шертемін. Сондай сәттерде жаңа күйлер де шығып жатады. Менің жан серігім – домбыра... 
– Басқа да айтар ақыл-кеңесіңіз бен тілегіңіз болса...
– Қандай керемет дарын иесі не атақты адам болсаңыз да, ең бастысы – адамгершілік қасиеттерді сақтап қалу маңызды. Марқұм Рахымжан Отарбаев «сенің кімің бар?» дегендерге «туған жерім, өнерлі елім бар» деп айтып жүретін еді. Сол секілді, мен де қанша жерге сапар шексем де, өзімнің Атырауыма асығып отырамын. Мұнайлы мекен, өнерлі өлкенің ең үлкен байлығы – осындағы екі бірдей оркестр деп білемін. Соның бірі Дина апамыздың атындағы ұжымның халықтық атағы болғанымен, өзінің ғимараты жоқ... Сондықтан көп кешікпей жоғарыда айтқандай, «первый участок» аталып кеткен аумақтан (Салтанат сарайының бұрынғы орны. Авт.) 300 орындық нысан бой көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді! 
– Әдемі де әсерлі әңгімеңізге рахмет! Көлеңкелі күндеріңізден шуақты шақтарыңыз бен сәулелі сәттеріңіз көбірек болғай, аға!


Әңгімелескен: 
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ, 
Журналистер одағының лауреаты

Соңғы жарияланған

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

Атырауда «Бұлбұл домбыра» республикалық күйшілер байқауы қорытындыланды

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

«Өз отыңды өшірме»: инженерге әдебиет не үшін керек?

Арнайы жобалар

Сен жазуың керек еді,  бұл жырды...

Сен жазуың керек еді, бұл жырды...

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

ЖҰМЕКЕННІҢ ТОПЫРАҒЫ

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Жаңбыр жауса, қататындай Алматы үн

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді