Тарих. Әдебиет. Мәдениет. Бір кеңістікте.

Атырау айдынындағы алпыс жыл

      Алпыс жыл – өнер ордасының ғұмырында аз уақыт емес. Бұл – бірнеше буын өнерпаздың қолтаңбасы қалған, талай таланттың тұсауы кесіліп, тұтас өңірдің мәдени жадын қалыптастырған кезең. Осы жылдар ішінде Нұрмұхан Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясы Жайық бойындағы өнердің қара шаңырағына айналып, ұлттық музыка мен кәсіби сахна өнерінің сабақтастығын жалғап келеді.
      Бүгінде мерейлі белеске көтерілген өнер ордасы өткенін таразылап қана қоймай, жаңа шығармашылық кезеңге қадам басып отыр. Алпыс жылдық тарих, бүгінгі филармонияның тынысы, ұлттық өнердің жаңа буыны мен алдағы мақсаттар туралы Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының басшысы Бақытбек Мырзағалиұлы Сартбаевпен әңгімелестік. 


— Бақытбек Мырзағалиұлы, алпыс жылдық мерейтой құтты болсын! Филармонияның 60 жылдық тарихына бүгінгі күннің биігінен қарағанда, осы алты онжылдықта мекеменің өңірдің мәдени өміріндегі орны қалай қалыптасты деп бағалайсыз? Оның тарихындағы шешуші кезеңдер қандай? 
– Алпыс жыл – бір мекеме үшін ғана емес, тұтас өнер өлкесі үшін үлкен белес. Осы уақыт ішінде филармония Атырау өңірінің мәдени өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, кәсіби музыкалық өнерді елге танытатын негізгі шығармашылық ордалардың біріне айналды.
Филармонияның тарихы 1964 жылдан басталады. Алғашқыда ол республикалық «Қазақконцерт» жанындағы концерттік бюро ретінде жұмысын бастап, 1966 жылы облыстық филармония ретінде негізі қаланды. Мекеменің қалыптасуында алғашқы ұйымдастырушысы, жиырма жылға жуық уақыт басшылық қызмет атқарған өнер қайраткері Ғинаят Үмбетовтің еңбегі айрықша. Одан кейінгі кезеңдерде филармонияны Қазихан Қабдел, Мереке Ғұмаров, Асқар Харесов, Ғаділ Дүйсенғалиев, Хамил Сүйекбаев сынды мәдениет саласының азаматтары басқарды. Әр басшы өз кезеңінің талабына сай мекеменің дамуына өзіндік үлесін қосты. Бірі шығармашылық бағыттарды нығайтса, енді бірі ұжымдардың кәсіби деңгейін көтеруге, материалдық-техникалық мүмкіндіктерді кеңейтуге, өнер ордасының беделін арттыруға еңбек етті. Тарихтағы маңызды белестердің бірі – 1992 жылы филармонияға актер, режиссер, Қазақ КСР-ның Халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің есімінің берілуі. Бұл – өнер ордасының тарихи әрі рухани мәртебесін айқындаған шешімдердің бірі.
Ал филармонияның жеке ғимаратқа ие болуы – ұзақ жылдар бойы күткен үлкен мәселенің шешімі болды. 2000 жылға дейін мекеменің өз ғимараты болған жоқ. Әртістер түрлі мекемелердің сахналарын пайдаланып, концерттерін сол жерлерде өткізуге мәжбүр болды. 2000 жылы бұрынғы «Радио үйінің» ғимараты филармонияға беріліп, ұжымның тұрақты шығармашылық кеңістігі қалыптасты. Бұл ретте сол кездегі басшы Асқар Харесовтің еңбегін ерекше атап өткен жөн.
Сондықтан филармонияның алпыс жылдық тарихын жеке кезеңдерге бөліп қарағаннан гөрі, оны бір-бірімен сабақтасқан шығармашылық жол деп бағалаған дұрыс. Бүгінгі жетістіктеріміздің ар жағында осы мекемеде еңбек еткен басшылардың, музыканттардың, әншілердің, бишілердің, техникалық және әкімшілік қызметкерлердің маңдай тері жатыр.
 
-    60 жыл – мерейтой ғана емес, белгілі бір қорытынды жасайтын меже. Бүгінгі Атырау облыстық филармониясының шығармашылық әлеуетін, кәсіби деңгейін қалай бағалайсыз? Қай бағыттарды оның басты жетістігі деп айтар едіңіз? 

– Меніңше, алпыс жылдық межеде ең алдымен филармонияның шығармашылық мүмкіндіктерінің кеңейгенін айтуымыз керек. Бүгінде филармония – өңір тұрғындарының мәдени сұранысын қамтамасыз етіп отырған, бірнеше кәсіби өнер ұжымын біріктіретін бірден-бір концерттік мекеме.
Біздің басты ерекшелігіміздің бірі – шығармашылық бағыттардың саналуандығы. Қазір филармония құрамында жеті кәсіби өнер ұжымы және 40-қа жуық жеке солист қызмет етеді. Олар – Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі, эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі, «Мұрагер» фольклорлық ансамблі, «Сарайшық» этно-фольклорлық ансамблі, «Інжу-Маржан» би ансамблі, камералық-ішекті аспаптар ансамблі және «Дарын» ер балалар хоры.
Бұл ұжымдардың әрқайсысының өзіндік бағыты, қалыптасқан тарихы, көрермені бар. Мәселен, келер жылы құрылғанына 40 жыл толатын «Нарын» оркестрінің репертуарында бүгінде мыңға жуық шығарма бар. 2021 жылы оған дәулескер күйші, Қазақстанның Халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың есімі берілді. Оркестрдің алғашқы дирижері Орақ Жауыровтан басталған шығармашылық дәстүрді бүгінде Мәдениет саласының үздіктері Ержан Қитаров пен Сая Жұмашева жалғастырып келеді.
«Мұрагер» фольклорлық ансамблі де ұлттық музыканы халықаралық деңгейде танытып жүрген ұжымдардың бірі. Соңғы жылдары ансамбль Швейцарияның Женева, Латвияның Рига, Австрияның Вена қалаларында өнер көрсетті.
«Інжу-Маржан» би ансамблінің де шығармашылық географиясы кең. Ұжым Ресейден бастап Италия, Франция, Оңтүстік Корея, Португалия, Малайзия, Катар, Түркия, Швейцария, Австрия секілді елдердегі халықаралық фестивальдерге қатысып, қазақ биін әлемдік сахналарда танытып келеді.
Ал «Дарын» ер балалар хоры 25 жылдық тарихында жүздеген балаға музыкалық тәрбие беріп, үлкен сахнаға жол ашты. Камералық-ішекті аспаптар ансамблі классикалық музыканы насихаттауда өзіндік орны бар ұжымға айналды. «Сарайшық» болса – филармонияның ең жас шығармашылық ұжымы. 2025 жылдың аяғында құрылған ансамбль аз уақыт ішінде А.Жұбанов атындағы республикалық байқауда жүлделі орынға ие болды.
Сондықтан басты жетістік – тек ұжымдардың саны емес. Басты жетістік – әр бағыт бойынша кәсіби шығармашылық орта қалыптасып келе жатқаны.

-  Филармонияның репертуарлық саясаты қалай қалыптасады? Ұлттық музыкалық мұраны сақтау мен қазіргі көрерменнің сұранысына жауап беру арасында тепе-теңдікті қалай ұстап отырсыздар? 

– Филармония үшін репертуар мәселесі өте маңызды. Өйткені біздің негізгі міндетіміздің бірі – ұлттық музыкалық мұраны сақтау, оны сахнада орындап қана қоймай, келесі буынға жеткізу.
Сондықтан репертуарлық саясатта классикалық ұлттық музыкаға басымдық береміз. Қазақ композиторларының шығармаларын орындау, олардың өміршеңдігін қамтамасыз ету – кәсіби өнер мекемесі ретінде біздің тікелей міндетіміз.
Сонымен бірге уақыт талабын да ескеру қажет. Бүгінгі көрерменнің талғамы өзгеріп келеді. Сондықтан жақсы шығармаға жаңа тыныс беру, оны заманауи аранжировка арқылы ұсыну, концерттің жаңа форматтарын қалыптастыру бағытында тұрақты жұмыс жүргіземіз.
Бұл жерде мәселе ұлттық музыканы өзгерту емес, оны бүгінгі көрерменге жақын тілмен жеткізуде деп ойлаймын. Сонымен қатар жаңа әншілерді, композиторларды анықтап, олардың шығармашылығына мүмкіндік беру де репертуарлық саясатымыздың бір бағыты.

-  Атырау – Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей бастаған күйшілік дәстүрі терең аймақ. Осы үлкен музыкалық мектептің бүгінгі филармония қызметіндегі орны қандай? Дәстүрді тек орындау емес, оны жаңа буынға жеткізу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

– Өзіңіз атап өткендей, Атырау – күй өнерінің қара шаңырақтарының бірі. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей сынды ұлы күйшілер қалыптастырған дәстүр – біздің тарихи жауапкершілігіміз. Сондықтан күй өнерін сақтау мен жалғастыру филармония қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Бұл сабақтастықты бірнеше буын арқылы көруге болады. Филармонияда ұзақ жылдар еңбек еткен Қадыржан Түсіпқалиев, Жәнібек Дүйсенәлиев сынды аға буын өкілдері ұлттық орындаушылық дәстүрдің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Бүгінде бұл жолды Құттыгерей Дүйсеев, Шәрипа Жаменова, Айнур Сакупова секілді өнерпаздар жалғастырып келеді. Ал кейінгі буыннан Әнуар Зинеденов, Санжар Қатапов сынды күйшілердің қалыптасып келе жатқаны көңіл қуантады.
Біз үшін маңыздысы – осы тізбектің үзілмеуі. Сол себепті филармония ұжымдары мектептер мен балаларға арналған білім беру ұйымдарында танымдық концерттер өткізеді. «Мұрагер» фольклорлық ансамблі, «Інжу-Маржан» би ансамблі, Қ.Ахмедияров атындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрі Атырау облыстық дарынды балаларға арналған интернаттық мекемесі бар ұлттық гимназиясында, №27 И.Тайманов, №42 Н.Балғымбаев атындағы мектептерде, №34 мектеп-гимназиясында, «Happy Choice» мектебінде және басқа да оқу орындарында өнер көрсетіп келеді.
Балаға күйді түсіндіру – бір бөлек, оны тірі орындауда тыңдату  – бір бөлек әсер. Біз осы мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысамыз.

- Кез келген өнер ұжымының деңгейін талантты орындаушылар мен кәсіби мамандар анықтайды. Бүгінде филармония үшін кадр мәселесі қаншалықты өзекті? Жас музыканттарды тарту, олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау бағытында қандай жүйе қалыптасқан?

– Кадр мәселесі – кез келген шығармашылық мекеме үшін үнемі назарда болатын бағыт. Қазір филармонияда 201 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде шығармашылық ұжымдардың әртістері ғана емес, сахна, әкімшілік және техникалық қызмет көрсететін мамандар да бар.
Биыл шығармашылық құрамды толықтыру мақсатында бірқатар жаңа мамандар жұмысқа қабылданды. 
Біздегі жас мамандарды тартудың қалыптасқан тетіктерінің бірі – жыл сайын өткізілетін арнайы тыңдалым, яғни кастинг. Үміткерлер дәстүрлі ән, эстрадалық ән және классикалық ән бағыттары бойынша өз өнерін көрсетеді. Іріктеу барысында олардың вокалдық-орындаушылық шеберлігі, музыкалық сауаттылығы, сахна мәдениеті, дауыс мүмкіндігі, орындау мәнері мен шығармашылық әлеуеті бағаланады.
Мұндағы мақсатымыз – жай ғана бос орынды толтыру емес. Филармонияға кәсіби деңгейі жоғары, ізденісі бар, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра алатын өнерпаздарды тарту.

- Соңғы жылдары көрерменнің мәдени өнімді тұтыну тәсілі қатты өзгерді: цифрлық платформалар, әлеуметтік желілер, қысқа форматтар алдыңғы қатарға шықты. Филармония осы өзгерістерге қалай бейімделіп келеді? Бүгін концерт залына жаңа көрерменді қалай әкелуге болады? 

– Қазіргі көрерменмен жұмыс істеудің тәсілі бұрынғыдан мүлде өзгеше. Бұрын афиша мен ақпарат жеткілікті болса, бүгінде көрерменге концерт туралы айтып қана қоймай, оның назарын аударып, қызығушылығын қалыптастыру қажет.
Осы бағытта әлеуметтік желілермен жұмысты күшейттік. Филармонияның Instagram, Facebook, TikTok платформаларындағы парақшалары тұрақты жүргізіледі. Бұл жұмыспен негізінен бас редактор мен SMM маманы айналысады. Концерттер туралы дәстүрлі ақпаратпен қатар қысқа бейнероликтер, reels, шығармашылық үдерістен үзінділер жарияланады.
Билет сату жүйесін де цифрлық форматқа бейімдеп, Ticketon платформасымен жұмыс істеп отырмыз. Сонымен қатар жергілікті пабликтермен әріптестік орнату арқылы ақпараттың таралу аясын кеңейтудеміз.
Дегенмен жаңа көрерменді тек әлеуметтік желі арқылы әкелу мүмкін емес. Көрерменді ұстап қалатын нәрсе – ең алдымен сахнадағы өнердің сапасы. Сондықтан ақпараттық жұмыс пен шығармашылық сапа қатар жүруі керек.

-     Филармонияның қызметі облыс орталығымен шектелмеуі керек екені анық. Аудан, ауыл тұрғындарының кәсіби өнерге қолжетімділігін арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіледі? Гастрольдік саясатта өзгерістер бар ма? 

– Филармонияның өнері Атырау қаласының шеңберінде қалып қоймауы керек. Өйткені облыстың әр ауданында кәсіби өнерді тамашалауға лайықты көрермен бар. Сондықтан гастрольдік бағыт біз үшін қашан да маңызды.
Сандарды сөйлетсек, өткен жылы филармония орта есеппен барлығы 150 іс-шара өткізді. Оның 105-і тікелей филармонияның ұйымдастыруымен, 45-і өнерпаздардың түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысуымен өтті. Соның ішінде 20 гастрольдік сапар ұйымдастырылды, оның 15-і ауылдық жерлер мен аудандарды қамтыды.
Ал  биыл бұл көрсеткішті бірінші жартыжылдықта орындап үлгердік. Дәлірек жыл ішінде 20-дан астам гастрольдік сапар ауылдық жерлерге бағытталды. Мәселен, биыл Индер ауданындағы Өрлік, Көктоғай, Жарсуат, Елтай ауылдарында, Махамбет ауданындағы Сарытоғай, Таңдай, Сарайшық ауылдарында, Мақат ауданындағы Мақат пен Доссор кенттерінде, Қызылқоға ауданындағы бірқатар ауылдық округтерде, Құрманғазы, Исатай аудандарында концерттер өткізілді.
Біз гастрольді жай ғана концерт өткізу деп қарамаймыз. Бұл – өңірдегі мәдени қолжетімділікті қамтамасыз етудің бір тетігі. Алдағы уақытта да осы бағытты жалғастыру жоспарымызда бар.

-     Атыраулық өнер ұжымдарының республикалық және халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын қалай бағалайсыз? Алдағы уақытта филармония ұжымдарын шетелдік сахналарға тұрақты шығару немесе халықаралық шығармашылық жобаларды Атырауға әкелу жоспарда бар ма? 

– Бүгінде филармония ұжымдарының шығармашылық географиясы жылдан жылға кеңейіп келеді. Бұл – ең алдымен әртістеріміздің кәсіби деңгейінің көрсеткіші.
Мәселен, «Мұрагер» фольклорлық ансамблі 2024 жылы Қазақстанның Латвиядағы Елшілігінің бастамасымен Рига қаласында Республика күніне арналған «Ұлы Дала әуендері» концертін өткізді. 2025 жылы ансамбль Венада Наурыз мерекесіне арналған концертте өнер көрсетіп, Ресейдің Астрахань облысындағы «Жайлаутой – 2025» этно-мерекесіне қатысты. «Інжу-Маржан» би ансамблі сол жылы Түрікменстанның Ашхабад қаласында Абайдың 180 жылдығына арналған гастрольдік концертке қатысты.
«Нарын» оркестрі де халықаралық мәдени кеңістікте өзін танытып келеді. Бұған дейін Ресей, Оңтүстік Корея, Венгрия, Моңғолия және басқа елдерде өнер көрсетті.
Әртістеріміз республикалық және халықаралық байқауларда да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. 2025 жылы халықаралық, республикалық және аймақтық конкурс-фестивальдерде филармонияның 13 өнерпазы жүлделі орындар мен арнайы марапаттарға ие болды. Биылғы жартыжылдықта 8 солист республикалық өнер додаларында жүлделі орындарды иеленді. Бұл көрсеткіштер бізге шығармашылық әлеуетімізді сыртқы ортада да сынауға мүмкіндік береді.

-      Алпыс жылдық тарихтың артында бірнеше буын өнерпаздарының еңбегі тұр. Филармония тарихында ерекше із қалдырған тұлғалардың мұрасын сақтау, архивті жүйелеу, аудио-бейне қор қалыптастыру мәселесі қалай жолға қойылған? 

– Бұл – алпыс жылдық тарихы бар мекеме үшін өте маңызды мәселе. Өйткені сахнадағы әр концерт, әр өнер иесінің шығармашылығы, әр ұжымның қалыптасу кезеңі – кейінгі ұрпақ үшін тарихи дерек.
Осы бағытта мемлекеттік архивпен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Филармонияның негізгі әрі ауқымды іс-шараларынан жинақталған фото, аудио және бейнематериалдар мемлекеттік архивке тапсырылып отырады.
Сонымен бірге маңызды концерттерді тікелей эфирде жазып, мекеменің жеке архивінде сақтау да жолға қойылған.
Филармонияның типографиясы да осы жұмыстың бір бөлігіне айналып отыр. Оның негізгі қызметі – афиша, баннер, алғыс хат, диплом, буклет секілді жарнамалық-ақпараттық материалдар әзірлеу. Сонымен бірге мұнда филармонияның фото, аудио, бейне қорына қатысты дүниелер де жинақталады. Қажетті тарихи материалдарды сол жерден іздеп, пайдалануға мүмкіндік бар.
Алдағы уақытта осы қорды жүйелеу, цифрландыру және филармонияның алпыс жылдық тарихын бір жерге топтастыру мәселесіне де мән беруіміз қажет. Себебі архив – өткенді сақтау ғана емес, болашақ ұрпаққа бүгінгі өнердің ізін қалдыру.

- 60 жылдық мерейтой филармония үшін жаңа кезеңнің бастауы бола ала ма? Алдағы бес-он жылда Н. Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясын қандай деңгейде көргіңіз келеді және оған жету үшін бүгін қандай нақты өзгерістер қажет?

– Әрине, 60 жылдық – өткенге есеп беретін ғана емес, алдағы бағытты айқындайтын меже. Біз бұл мерейтойды белгілі бір кезеңнің қорытындысы ретінде ғана емес, жаңа шығармашылық белестің бастауы ретінде қабылдап отырмыз.
Алдағы бес-он жылда филармонияны республикалық деңгейде ғана емес, халықаралық мәдени кеңістікте де өз орны бар, кәсіби өнердің заманауи талаптарына жауап беретін шығармашылық мекеме ретінде көргім келеді.
Ол үшін бірнеше бағытқа қатар мән беруіміз керек. Біріншісі – шығармашылық сапа. Ұжымдардың кәсіби деңгейін одан әрі көтеріп, жаңа есімдерге жол ашуымыз қажет. Екіншісі – репертуарлық жаңару. Ұлттық музыкалық мұраны сақтай отырып, оны қазіргі көрерменге жаңа форматта ұсынуымыз керек. Үшіншісі – жас мамандарды тарту және тәрбиелеу. Өнердің ертеңі бүгінгі кадрға байланысты.
Әрине, мұның барлығы үшін материалдық-техникалық база да заман талабына сай болуы тиіс. Өйткені кәсіби өнердің сапасы сахна, дыбыс, жарық, аспаптар, репетициялық және концерттік кеңістік секілді көптеген факторға байланысты.
Ең бастысы – филармонияны тек концерт өткізетін мекеме ретінде емес, Атыраудың мәдени келбетін қалыптастыратын шығармашылық орталық ретінде дамыту.
Алпыс жылдық тарих бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы жылдар ішінде қалыптасқан дәстүрді сақтай отырып, жаңа буынның талабына жауап беретін өзгерістерге ашық болуымыз керек. Біздің мақсатымыз – өткенмен мақтану ғана емес, сол тарихқа лайықты жаңа белестерді қалыптастыру. 60-концерттік маусым – осы жаңа кезеңнің алғашқы қадамы.

Соңғы жарияланған

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Құм жұтқан құдықтар немесе Нарынның жер астындағы тарихы

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Бір шабадан, екі Нобель сыйлығы және құтқарылған өмір

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Энн Карсонға берілді

 ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР

ӘР АДАМНЫҢ ІШІНДЕ БІР "УЛИСС" БАР

                      СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

СУРЕТКЕРДІҢ СЕРТІ МЕН ДЕРТІ

Сарайшық байқауы

Маусым сайын өтетін дәстүрлі байқау
  • Үздік өлең
  • Үздік әңгіме
  • Үздік эссе
  • Үздік фото
  • Үздік материал

Дауыс беру ашық және әділ өтеді