Қазақтың күй өнері ғасырлар бойы үзілмей келе жатқанымен, әр дәуір оған өз сауалын қояды. Бүгін дәстүрлі күйдің табиғаты қалай өзгеріп жатыр? Домбыраны құрметтейтін қоғам күйді қаншалықты түсінеді? Техникалық шеберлік пен күйшілік тереңдіктің арасы қай жерде ажырайды? Дәстүрді жаңарту мен оның өзегінен алыстап кетудің шекарасы қандай?
Осы сауалдар төңірегінде дәулескер күйші, Қазақстанның халық әртісі Айгүл Үлкенбаевамен әңгімелестік.
– Айгүл ханым, Құрманғазының күйлерінен замана арпалысын, Динаның күйлерінен тұтас бір дәуірдің үнін естиміз. Ал бүгінгі уақыттың үні күйге түсіп жатыр ма? Жүз жылдан кейін біздің дәуірімізді қандай күйлер арқылы тануы мүмкін?
– Бүгінгі уақыттың үні де күйге түсіп жатыр. Тек оның табиғаты өзгерді. Құрманғазының күйлерінде еркіндікке ұмтылған халықтың арпалысы болса, Динаның күйлерінде тарихтың ізі, елдің тағдыры, әйелдің тағдыры бар. Біздің заманымыздың тақырыптары да басқа: тәуелсіздік, ұлттық сана, жаһандану, технология, адамның жалғыздығы, рухани ізденіс. Мұның бәрі – бүгінгі өнер үшін өзекті тақырыптар.
Бір ғасырдан кейін біздің дәуірімізді тану үшін бүгін жазылған күйлердің өзі ғана емес, олардың халық жадында қалай сақталғаны да маңызды болатын шығар. Бәлкім, болашақ ұрпақ қазіргі кезеңді дәстүрлі домбыра тілін жаңа музыкалық ізденістермен ұштастырған шығармалар арқылы таныр. Құрманғазы өз дәуірінің рухын күйге айналдырса, біздің буын да өз заманының қуанышын, қайшылығын, қорқынышы мен үмітін домбыраның көмейінен сөйлете алса, жүз жылдан кейін сол күйлер бүгінгі тарихымыздың көркем шежіресіне айналады.
– Бұрын күйдің артында орта, оқиға, тұтас бір заман тұрды. Бүгін сол табиғи орта өзгерді. Осындай жағдайда дәстүрлі күй өзінің бастапқы қуатын жоғалтпай қалай өмір сүре алады?
– Меніңше, дәстүрлі күйдің қуаты оның заманнан тәуелсіздігінде емес, адамның рухани болмысын жеткізе алатын тереңдігінде. Бұрын күйдің артында нақты орта – көшпелі өмір, ел басынан өткен оқиғалар тұрса, бүгінде сол орта өзгерді. Бірақ адамның қуанышы, мұңы, сағынышы, туған жерге деген сезімі секілді мәңгілік дүниелер өзгерген жоқ.
Сондықтан дәстүрлі күйді сақтаудың ең дұрыс жолы – оны ұрпақтан ұрпаққа тірі өнер ретінде жеткізу. Күйдің табиғи тілін, орындаушылық мектебін бұзбай сақтай отырып, бүгінгі тыңдарманға жаңа сахналарда, жаңа ортада ұсыну керек. Ең маңыздысы – дәстүрді сыртқы формасы арқылы ғана емес, ішкі рухымен қабылдау. Дәстүрлі күй бүгінгі адамның жүрегіне жол тапса, оның бастапқы қуаты жоғалмайды. Керісінше, әр дәуірден жаңа мағына тауып, қайта жаңғырады.
– Қазір домбыраны өте шебер, өте жылдам тартатын жастар көп. Бірақ техникалық шеберлік пен күйшілік тереңдік бір нәрсе емес шығар. Сіз үшін нағыз күйшіні виртуоздан ажырататын не?
– Техникалық шеберлік пен күйшілік тереңдік – екі түрлі нәрсе. Виртуоз домбыраны таңғаларлық шеберлікпен тартады. Ал нағыз күйші домбыра арқылы сөйлейді.
Мен үшін екеуінің арасын ажырататын ең басты нәрсе – күйдің ішкі мағынасын, мінезін, тынысын жеткізе білу. Күйші күйдің нотасын емес, тағдырын орындайды. Ол күйді орындаған кезде оның тарихын, мінезін, қуанышы мен қасіретін сезінуі керек. Кейде техникалық жағынан өте күрделі шығарманы мінсіз орындаған адамнан гөрі қарапайым ғана бір күйді жүрекке жеткізіп тартқан домбырашы тыңдарманға әлдеқайда қатты әсер етеді.
Өйткені виртуоздық құлақты таңғалдырса, күйшілік жүрекке жетеді.
– Сіз Қаршыға Ахмедияров мектебінен өттіңіз. Ұлы ұстаздан нотаға да, кітапқа да түспейтін қандай сабақ алдыңыз? Өзіңіз шәкірт тәрбиелегенде соның қайсысын жеткізуге тырысасыз?
– Қаршыға ағаның қолынан көп күй үйрендім. Біз нотаны қанша жерден дәл түсіруге тырысқанымызбен, шеберліктің бәрін нота арқылы беру мүмкін емес. Шебер орындаушының алдында отырып, оның орындауын тыңдау, дыбыс алу тәсілін көру, күйді көзбе-көз, құймақұлақтық жолмен үйрену – мүлде басқа мектеп.
Біздің күйлеріміздің өзі ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа осылай жеткен ғой: құлақпен тыңдап, жүрекке тоқу арқылы. Сондықтан біз бүгін нотамен сабақ бергенімізбен, күйдің шеберлігін, мінезін, орындаушылық сырын бәрібір ұстаз бен шәкірттің тікелей қарым-қатынасы арқылы береміз. Мен де өз шәкірттеріме осы дәстүрді жеткізуге тырысамын.
– Біз ұлттық өнерді сақтау туралы көп айтамыз. Бірақ «сақтау» деген сөздің өзі кейде өнерді қатырып қою сияқты естіледі. Дәстүрді бұзбай жаңарту мен дәстүрден алыстап кетудің шекарасы қай жерде?
– Дәстүр дегеніміз – ұрпақтан ұрпаққа берілетін рух пен тіл. Сондықтан ол өмір сүрсе, міндетті түрде өзгереді, жаңғырады. Бірақ жаңарудың негізі оның өзегінде болуы керек. Егер жаңалық күйдің табиғатын, домбыраның үнін, орындаушылық мәдениетін, шығарманың ішкі мінезін тереңдете түссе, бұл – дәстүрдің дамуы. Ал дәстүрдің сыртқы белгілерін ғана пайдаланып, оның мазмұны мен табиғи тінінен ажырап қалсақ, онда дәстүрді жаңартудың орнына одан алыстаймыз.
Ең маңызды өлшем осы: тамыр сақталса – дәстүр өмір сүріп жатыр. Тамыр үзілсе, қанша әдемі форма жасағаныңмен, ол дәстүрдің жалғасы бола алмайды.
– Қазақ қоғамында домбыраның беделі жоғары. Бірақ күйді шын мәнінде тыңдайтын, мектептерін, күйшілерін ажырататын тыңдарманымыз қаншалықты қалыптасты? Домбыраны құрметтеу мен күйді түсінудің арасында алшақтық жоқ па?
– Алшақтық, әрине, бар. Домбыраны құрметтеу – ұлттық сана болса, күйді түсіну – музыкалық мәдениет. Екеуі бір нәрсе емес. Бүгінде домбыраның беделі өте жоғары. Бұл, әрине, қуантатын құбылыс. Бірақ домбыраны қолға ұстау мен күйдің тілін түсіну – екі бөлек деңгей.
Күйді шын тыңдау үшін оның тарихын, мектебін, орындаушылық ерекшелігін білу керек. Сондықтан бізге домбыраны құрметтейтін қоғаммен қатар, күйді тыңдай алатын қоғам қалыптастыру маңызды. Қазір күйді терең түсініп тыңдайтын тыңдарман азайып барады. Өйткені бұрынғы үлкендер кетіп жатыр, ал жастар арасында бұл мәдениет әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ.
Күйді тек мерекелік іс-шарадағы музыкалық нөмір ретінде емес, ой тыңдайтын, тарих тыңдайтын, мінез тыңдайтын өнер ретінде ұсынуымыз керек. Жастар күйді жақсы көреді. Ендігі міндет – сол қызығушылықты терең талғамға, таным мен білімге айналдыру.
– Батыс Қазақстанның күйшілік дәстүрінде мінез, еркіндік, тіпті қарсылық рухы ерекше сезіледі. Сіздіңше, сол күй мінезінің бүгінгі қазаққа айтары не?
– Батыс күй мектебінің бүгінгі қазаққа айтары өте маңызды. Өйткені оның мінезі жай ғана ерлік емес. Оның бойында еркіндікке ұмтылыс, қайсарлық, намыс бар. Бірақ оны тек бұрынғы заманның мінезі деп қабылдау дұрыс емес. Оның бүгінгі адамға да айтары бар. Меніңше, Батыс күйінің мінезі бүгінгі қазаққа: «Өзіңді жоғалтпа. Өз тамырыңнан ажырама. Бірақ заманыңнан да қалма», – дейді.
Заман өзгереді. Бірақ адамның намысы мен еркіндікке деген қажеттілігі өзгермейді.
– Сіз талай сахнадан өттіңіз, шәкірт тәрбиеледіңіз. Бүгін өнердегі өз жолыңызға қарап, «мен әлі айта алмай жүрген бір күй, бір ой бар» деген сезім бола ма? Айгүл Үлкенбаеваның өнердегі әлі орындалмаған арманы қандай?
– Біз өз уақытымызда үнемі жаңалық жасауға, домбыраның мүмкіндігін, амплуасын кеңейтуге, оны тыңдарманға қызықты етіп ұсынуға ұмтылдық. Әр концертте жаңа дүние жасауға тырыстық. Домбыраны түрлі аспаптармен үндестіріп, көптеген эксперимент жасадық. Эстрадалық бағытта тірі музыканттармен жұмыс істеген үлкен концерттік бағдарламам болды. Сол кезде бірге жұмыс істеген гитарист жігіттер: «Айгүл, бұл бағдарламаны үш-төрт концертпен жауып тастаудың өзі қиянат. Мұны әлемдік сахналарға шығару керек», – деп айтатын. Ол концертке Қазақстандағы маңдайалды музыканттарды жинадым. Бағдарламаның дискісі де жарық көрді. Әлі күнге дейін сол музыканттармен кездескенде, сол кезеңді ризашылықпен еске алып, тыңдайтындарын айтады.
Сондықтан кейде сол мүмкіндік толық пайдаланылмай қалғанына өкінемін. Біздің буынның ресурсы, шығармашылық әлеуеті дер кезінде дұрыс пайдаланылмады деп ойлаймын. Егер сол кезде бізді әлемдік сахналарға алып шығатын мықты промоутерлер кездескенде, қандай талап, қандай шығармашылық міндет қойылса да, оны орындауға біздің шеберлігіміз де, мүмкіндігіміз де жететін еді.
Бәлкім, өнердегі орындалмай қалған арманымның бірі – сол. Қазақтың домбырасын өзіміз жасаған жаңа бағдарламалармен үлкен әлемдік сахналарға алып шығуға мүмкіндік толық болған еді.
– Айгүл ханым, уақыт бөліп, күй өнерінің өткені мен бүгіні, ұстаздық дәстүр, тыңдарман мәдениеті және өз шығармашылық жолыңыз туралы ойларыңызды ортаға салғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Күйдің тілін тек сақтап қана қоймай, оны келесі ұрпақтың жүрегіне тірі қалпында жеткізіп жүрген еңбегіңізге табыс тілейміз. Әңгімеңізге рақмет!





