Психологиялық драма - көбіне кейіпкерлер характерін жан-жақты танытуға ұмтылған режиссердің суреткерлік шеберлігі. Адам психологиясының сан түрлі қырларын көрермен назарына ұсынуда тосын шешім, күрделі композиция ұсыну - кез-келген сценаристің, режиссер мен драматургтің маңдайына жазылмаған бақ. Өмірдің өзі эмоция мен жан күйзелісіне негізделген. Біз күткен тосын жәйттар да соның төңірегінде жүреді. Қостанай қаласына жуырда «Құрманбек Жандарбек атындағы Жетісай драма театры» гастрольдік сапармен келген болатын. Театр — көрермендерге өмір мен өнердің аражігін ашып көрсететін шекара десек, сол шекарамыздың өзі мәдениеттің негізі десек, қателеспеспіз.

Қостанай жұртшылығы І. Омаров атындағы қазақ драматеатрында «Құрманбек Жандарбек» атындағы Жетісай драма театры әртістерінің өнерін тамашалады. Жоба жетекшісі - театр директоры, «Дара» төсбелгісінің иегері Орал Камал. Театр басшылығының инициативасымен қойылған «Менің досым» спектаклі - қазіргі қоғамның ішкі үніне айналғандай бірегей туынды.

Өмір мен өлімнің арасында сенделген тіршілік иесі көп-ақ. Жалғыздықтан шаршаған адамды алыстан өлім ғана қызықтыруы да - ішкі күйзелістің нәтижесі. Өмірден түңіліп, ішкілікке салынған, өнердің отына күйген Батырдың тағдырын суреттейтін бұл драмалық қойылым неліктен психологиялық драма аталды?
Қоғам тепкісін жанымен қабылдаған оның бар сенері де, тіпті тілдесер досы — Ақтөс қана. Режиссердің тосын шешімі елді елең еткізгені рас, Ақтөстің бейнесін Батырдың ішкі әлемімен ұштастыру арқылы көрсетуі көрерменге ой салады. Қаумалаған ойдың ішінде қамалған Батырдың тіршілікке оралуы — Ақтөстің иесіне шын берілген үнсіз адалдығы еді. Ал, белгісіз журналист кейіпкердің өнердегі болмысын тірілткен ұшқын десек, артық айтқанымыз емес. Психологиялық драманың құпиясын оны көрген көзіқарақты көрермен ұғатыны кәміл. Пьесаның тиісті бағасын да беретін көрермен. Көзге көрінбейтін сәуле іште тұншықса, ол еркіндікті іздейді. Ал, біз күткен еркіндік немен өлшенеді? Оны ұғу үшін де уақыттың аяқ алысына ілесу керек болар.
Спектакльді көріп отырған әр адам: "Мен осы кіммін? Досыма адалмын ба?" деген ойға қалары даусыз. Қорыта келе «Менің досым...» спектаклі жан дүниеге сапар шеккен әр адамның бір болмысына айналған драмалық қойылым деп тұжырымдауға негіз бар. Сөз соңын «Аrs longa, vita brevis» фразасымен аяқтау керек секілді. Оның мағынасы «Өнер-ұзақ, өмір-қысқа....»





